ЕКПЕ ҚАБЫЛДАУДЫҢ ЕКІНШІ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ

Елімізде жаппай вакцинациялаудың екінші кезеңі басталды. Ағымдағы жылдың 1-наурызынан бастап мұғалімдер, балабақша тәрбиешілері мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері коронавирусқа қарсы жаппай екпе қабылдайтыны бұған дейін де хабарланған.

Осыған орай Шымкентте коронавирусқа қарсы вакцинациялау жұмыстары басталды. Бұл мақсатта қалаға І-компонентті 4800 доза және ІІ-компонентті 3800 доза «Гам-Ковид-Вак» вакцинасы жеткізілген. Коронавирусқа қарсы препаратты мұғалімдер, балабақша тәрбиешілері, жоғары оқу орындарының қызметкерлері алады. Бұл топқа 15 мыңнан астам адам кіреді.
Осы санаттағыларды вакцинациялау үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмек мекемелерінде 21 егу кабинеті дайындалған. Мұғалімдерге екпе егу шарасы жергілікті жерде өздері тіркелген емханаларда жүргізіледі. Егу науқанын сапалы өткізу үшін мыңнан аса медицина қызметкері дайындық курсынан өткен. Айта өтейік, вакцинация ерікті түрде жүргізіледі. Коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау осы жылдың 1-ақпанында басталған болатын.
Шымкент қаласында коронавирусты жұқтыру дерегі 2020 жылдың 24-наурызында тіркелген. Сол уақыттан бастап 2021 жылдың 3 наурызына дейінгі аралықта қалада COVID-19 ауруын жұқтырудың 6183 жағдайы тіркелген. Оның 3151-і симптомды болса, 3032-і симптомсыз. Бүгінге дейін індет ілмегіне іліккен азаматтардың 5577-сі емделіп шыққан.
Коронавирусқа қарсы емдеу шаралары үшін қалада 1060 төсек-орны қамтылған. Оның ішінде 560 төсек-орны жұқпалы науқастар үшін, 500-і карантинге жатқызылған азаматтар үшін қамтылған. Бүгінде 871 төсек-орны бос. Ал, жұқпалы және карантиндік ауруханаларда 189 науқас ем қабылдауда.
Қазіргі таңда Шымкент коронавирустың таралу қаупі бойынша «жасыл аймақта». Дегенмен де сала мамандары қала тұрғындары карантин уақытында сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады. Бетперде тағып, көп адам шоғырланған жерге бармай, қоғамдық жерлерде арақашықтық сақтап жүруді ескертеді.