Маңызды

ПРЕЗИДЕНТ АЙТПАСА ШӨКЕЕВ ТАПСЫРМА БЕРМЕС ПЕ ЕДІ…

Ағымдағы жылдың 26-қаңтарында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше өзекті мәселенің бетін ашып, тиісті органдар мен өңір әкімдеріне оны реттеуді тапсырды. Президент жұмсақ креслода отырған ақ жағалылардың жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыруда жымысқы тірліктердің орын алуына жол бергенін, отандық өнімдердің саудасын жүргізуге қырын қарағанын, жайылым жерлердің көп бөлігі жұрттың игілігіне жаратылмауына көз жұмып келгенін сын тезіне алды. Президент айтқан сынның бір емес бірнешеуі Түркістан облысына қарата айтылды.

Осыған байланысты Түркістан облысының әкімдігі бірқатар шараларды қолға алды. Соның бірі тұрғын үй мен құрылыс материалдары бағасының өсуіне жол бермеу. Өңірде құрылыс өнімдерін шығаратын 50-ден астам кәсіпорынның көпшілігі өз өнімдерін бірнеше есеге негізсіз қымбаттатқан. Бұған тосқауыл қою үшін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев жергілікті әкімдік өкілдері, құрылыс материалдарын өндірушілерді, құрылыс компаниялары басшыларының басын қосып жиын өткізді. Жиынға қатысқан Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Данабек Махатов цемент 0,8 пайызға, құрғақ құрылыс қоспасы 2,7 пайызға, түсқағаздар 4,2 пайызға, су-эмульсиялық бояу 5,4 пайызға, кірпіш бағасы 30 пайызға өскенін атап өтті. Өз кезегінде М. Мырзалиев Түркістан облысында құрылыс қарқын алғанын, соған сәйкес, құрылыс материалдарына деген сұраныс арта түскенін, бірақ бағаның одан әрі өсуіне жол берілмейтінін атап өтті.
Бұдан кейін бірер күн өткен соң облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қызметкерлерін жинап алып жиналыс өткізіп, бірқатар басқарма басшыларын сынап тастады.
Естеріңізге сала кетсек, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың 9 айында тауарға, жұмысқа және қызмет көрсетуге қатысты сатып алуларды реттеудің жалпы көлемі 12,5 триллион теңгені құрағанын, бірақ жергілікті тауарлар мен қызмет көрсетуге бар болғаны 6,4 триллион теңге немесе қаржының 52 пайызы бөлінгенін, экономикаға аталған қаражаттың жартысына жуығы жұмсалмағанын айтып, бюджеттің триллиондаған қаржысын импортқа жұмсауға қақымыз жоқ екенін ескерткен.
Отандық өнімдерге «көңілі құламаған» өңірлер тізімінде Түркістан облысы да бар. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша облыстағы құрылыс алаңдарының отандық тауарлармен қамтылуы 64%-ды құрап, сатып алудағы жергілікті қамтуды ұлғайту жөніндегі жұмыстар бойынша Президент пәрмені қанағаттанарлықсыз орындалған. Осыған сәйкес, облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев бақылау, қадағалау жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмегені үшін облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиевке сөгіс жариялады
Сондай-ақ, Өмірзақ Естайұлы пайдаланылмайтын жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары аудан, қала әкімдіктерінде ұзаққа созылып, тиісті деңгейде жүргізілмейтінін айтты. Жарылуға шақ тұрған сыздаған жара іспетті бұл мәселені Шөкеев тиісті басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдері айналасы екі аптада шешу қажеттігін ескертті. Осыншалықты қысқа мерзімде әкімдер жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселенің түйінін тарқата қояры неғайбыл.
Айтпақшы, пайдаланылмай жатқан жер туралы мәселені Шөкеевтен бұрын Президент «Жайылымдар мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Бұл жерлер, ең алдымен, ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек. Жергілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отыр. Соның салдарынан, ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Әсіресе, Алматы, Түркістан облыстарынан арыз-шағымдар көп түсуде. Жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда, оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 миллион гектар жайылымдық жер бос жатыр. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, жыл соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын. Оны ауыл тұрғындарының игілігіне берген жөн»,-деп айтқан.
Осылайша 17 өңірдің ішінен Түркістан облысына қарата сын айтылған соң, сең қозғалды. Өмірзақ Естайұлы Президент айтқан сыннан нақты нәтиже шығару үшін пайдаланылмай жатқан жайылым жерлерді мемлекеттік меншікке қайтарудың қадамдық алгоритмін әзірлеуді тапсырды. Аймақ басшысы ауыл шаруашылығы жерлеріне ғарыштық мониторинг жүйесін негізгі тетік ретінде қарастыру керектігін айтты. Сондай-ақ Өмірзақ Естайұлы бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруды жыл соңына дейін толық орындауды тапсырды.
Сонымен қатар Президент мемлекет ақшасы есебінен қағаз жүзінде ғана жұмыспен қамтылғандардың саны жағынан Түркістан облысы бәрінен «озып» отырғанын алға тартты. Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыруға 1 триллион теңге бөлінгенін, соның есебінен жұмыс орындарының ашылғаны туралы мәліметтерді тексеру кезінде қағаз жүзінде жұмысқа орналасу белең алып бара жатқанын тілге тиек еткен. Яғни, бірыңғай ақпаратты жүйеге бір адам туралы мәлімет бірнеше рет енгізілген. Дәл осындай 15 мың жағдай тіркелген. Жұмысқа орналасқан деген азаматтардың үштен біріне зейнетақы қорына қаржы аударылмағаны әшкереленген.
Соған сәйкес, облыс әкімі облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваға облыстық кірістер департаментімен бірлесіп, тексеру жүргізуді тапсырды. Тексеру қорытындысы бір апта ішінде дайын болуы тиістігін, олай болмаған жағдайда, жауапты мамандарға тиісті шаралар қолданылатынын ескертті.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру