ЖҰМЫРТҚАНЫҢ 10 ДАНАСЫ 322 ТЕҢГЕ

әкімдік азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін қандай шаралар жасауда?

Алты айдан бері қазақстандықтар тапқан табысының жартысынан көбін тамаққа жұмсап келеді. Кейбір әлеуметтік мәні бар азық түлік өнімдерінің күрт қымбаттап бара жатқанын ескерсек, қолда қозғамай ұстап тұратын қаржы қалмайтын сияқты. Халық артық ақша жинау былай тұрсын, ас-ауқатқа теңге жеткізе алмайтын күйге түссе оның соңы жақсылыққа апармасы анық. 

Сол үшін де ақпан айының басында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметік маңыздағы азық-түлік бағаларын тежеу бойынша тиісті министрлік пен әкімдерге тапсырма берген. Президент «Әкімдіктер бұл мәселені қатаң бақылауда ұстап, олардың өсуі кезінде шекті бағаларды енгізу бойынша дереу шаралар қабылдауы керек. Импортқа тәуелді және экспортқа бағдарланған тауарлар бойынша тұрақтандыру қорларын барынша қалыптастыруды қамтамасыз ету керек. Біздің елімізде өндірілетін тауарлар бойынша қаржыландыру көлемін 50 млр.д теңгеге дейін ұлғайта отырып, «айналым схемасы» шеңберінде форвардтық келісім шарттарды басым қаржыландыруды қамтамасыз ету қажет»,-деп атап өткен.
Соның негізінде Шымкентте қандай жұмыстар қолға алынғанын қала әкімі Мұрат Әйтенов 12-ақпанда инстаграм желісіндегі тікелей эфир кезінде тұрғындарға түсіндіріп берді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Шымкент еліміздегі азық-түлік бағасы ең арзан өңір болып танылған. Бұл әкімдіктің бағаны тұрақтандыру бойынша атқарылған шаралары тиімді нәтиже бергенін көрсетіп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл қалай орындалатынын Мұрат Дүйсенбекұлы былай деп баяндады.
– Бағаны тұрақтандыру үшін өңірлік тұрақтандыру қорынан 4,2 млрд қаражат бөлінді. Бұл қаржылар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімін өндірушілерге айналым қарыз ретінде беріледі. Соған сәйкес түзілген келісім шартқа сәйкес, тауар өндірушілер тауарды біз ұсынған баға бойынша босатады. Осындай мақсатта бюджеттен «Фиркан» сауда желісіне 300 млн. теңге, «Turar» ЖШС-не 505 млн. теңге, «Шымкент құс» ЖШС-не 200 млн. теңге, «Грамад» сауда желісіне 800 млн. теңге, «Юпекс» ЖШС-не 500 млн. теңге, «Hermes» ЖШС-не 28 млн. теңге қарыз қаражаты берілген,-деген қала әкімі сөзін төмендегіше сабақтай түсті.
– Тауықтарға қажетті жем бағасы өскен. Және де құс тұмауына қарсы екпелердің құны да шаруалар қалтасына салмақ салған. Осы себептен жұмыртқа бағасы 40 пайызға бір-ақ көтерілді. Осыған байланысты нақты шаралар жасау үшін біз «Шымкент құс» серіктестігіне 200 млн. ға жуық айналым ақша бөлдік. Соның есебінен өнім өндіруші «Фиркан» және «Грамад» дүкендеріне жұмыртқаның он данасын біз бекіткен 322 теңгемен сату туралы келісімге келді. Қазір аталған дүкендерде жұмыртқаның он данасы 322 теңгеден сатылуда,-деп сөзін бір түйді.
Қалада құны өскен азық-түліктердің қатарында күнбағыс майы да бар. Өнім тек Шымкентте емес республиканың барлық аумағында қымбаттаған. Майдың бағасын тұрақтандыру үшін қалалық әкімдік өнім өндіруші кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізген. Оларға айналым қаражат үшін 130 млн. теңге қаржы бөлу туралы келісім жасалған. Нәтижесінде аталған дүкендерде күнбағыс майы 600 теңгеден сатылымға шығатын болады.
Әкімдік «Юпекс» ЖШС-не 500 млн. теңге айналым қаржы қаралғанын, соның есебінен 2000 тоннаға жуық құмшекер тұрақты бағамен сатылатынын айтты.
Әкімдіктің бағаны тұрақтандыру мақсатында атқарылған жұмыстарының нәтижесінде Шымкентте әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік бағалары айтарлықтай реттеліп отыр. Атап айтқанда, тазартылған күріш-264 теңге. Өткен жылдың бірінші тоқсанында өнімнің бағасы-324 теңге болған. Ал бірінші сұрыпты ұнның бір келісі-163 теңге (184) болса, қарақұмық жармасы-391 (334), бөлке нан- 74 (80), макарон-192 (313), сиыр еті-1935 (2000), тауық еті-727 (879), сүт 1 литрі-236 (234), айран 1 литрі -245(263), сүзбе-1754 (2154), 72,5 пайыздық сары май 1 келісі -2259 (2460), бір литр күнбағыс майы 600 (514), қырыққабат-84 (101), пияз -81 (88), сәбіз -124 (130), картоп -131(146), құмшекер -264(153), тұз -52(55) теңгені құрап отыр.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына қатысты қала басшысы бағалар әр жерде әртүрлі екенін атап өтті. Мәселен, «Айна» базары қаладағы ең қымбат базардың бірі. Ал біз жоғарыда атап өткен «Грамад» пен «Фиркан» дүкендерінде әлеуметтік маңыздағы азық-түлік арналары бар болса, одан басқа өздерінің нарықтық экономика талабына сай белгіленген сауда қатары бар. Сол үшін де аталған дүкенге барғанда тұрғындар сатушылардан әлеуметтік бағада сатылатын азық-түліктер қатары қайда екенін сұрауы тиістігін ескертті. Сонымен қатар ол: «Бұдан басқа біз қазір аптаның сенбі және жексенбі күндері бұрынғы «Фосфоршылар» сарайы аумағында, «Қажымұқан» стадионы жанында, «Рахима плаза» сауда үйінің жаны мен «Мың бір ұсақ түйек» сауда қатарында азық-түлік жәрмеңкесін өткізудеміз. Жәрмеңкеге басқа өңірлердің диқандары шақыртылады. Олар өз өнімдерін өндіруші бағасымен сатады»-деді.
Бұдан бөлек Мұрат Әйтенов сәуір айына дейін көпқабатты үйлердің жанынан әлеуметтік дүкендер ашу жоспарланып отырғанын хабарлады. Бұл дүкендерде азық-түліктер өндіруші бағасымен сатылатын болады. Қазіргі таңда дүкендердің орнын белгілеу жұмыстары пысықталуда екен. Бұдан бөлек Мұрат Дүйсенбекұлы қаладағы логистикалық орталықтардың жанынан азық- түліктерді сақтау және тарату қоймаларын салу бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірлену үстінде екенін айтты. Аталған қоймалар іске қосылса шаруалар өндірген өнімдер бастапқы бағамен сатып алынады. Қоймада сақталған өнімдер қажет кезінде тұрғындарға тиімді бағада өткізіледі.