«ДОМАЛАҚ АНА» ОПЕРАСЫ НАУРЫЗДА КӨРСЕТІЛЕДІ

Жуырда ғана Шымкент қалалық опера және балет театры директорының міндетін атқарушы қызметіне тағайындалған Майра Мұхамедқызы журналистерге алдағы жоспарларын бөлісу үшін баспасөз брифингін өткізді.

Театрда өткен жиында Майра Мұхамедқызы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай дарынды жас композитор Тасқын Жармұхамедтің «Домалақ ана» операсы қойылымы сахналатынын айта келе,
– Шымкент қаласының опера және балет театры репертуарында 16 опера, 1 мюзикл, 1 оперетта және 3 балалар балеті бар. Театр әртістері Польша, Германия, Италия мемлекеттерінде өткен халықаралық және республикалық байқаулар мен фестивальдерге қатысып, өңіріміздің абыройын асқақтатып келеді. Биыл Италия мемлекетіндегі, әлемге әйгілі «Карло Феличе» опера театрының директоры, маэстро Джузеппе Аквавивомен шығармашылық-әріптестік байланыс орнатпақшымыз. Мақсат еліміздегі үшінші опера және балет театрының мәртебесін әлемдік деңгейге жеткізу болып отыр, -деді.
Сондай-ақ Майра Мұхамедқызы осы жылы көрерменге 76 іс-шара ұсынылатынын мәлімдеді. Оның ішінде қойылым-40 болса, 36 шара концерттік бағдарлама мен фестиваль болып табылады.
Бұдан бөлек театр басшысы үшінші мегаполисте опера және балет өнерін жаңғырту мақсатында Италия мемлекеті Милан қаласының опера әншісі, тенор, опера орындаушылар маэстросы, ән айту техникасының профессоры, Италия опера мектебінің негізін қалаушы Анатолий Гусев эксперт-маман ретінде шақырылғанын атап өтті. Бекзат өнер иесі әртістердің техникалық мүмкіндіктерін реттеуге көмектесуде екен.
Айта кетейік, қалалық Опера және балет театрының 330 көрерменді сыйдыра алатын үлкен және 80 көрермендік кіші залы бар.