Маңызды

ТОҚАЕВТЫҢ ҮМІТІ АҚТАЛМАДЫ…

«Бәріне қарсымын» таңдауы неге бұрын қабылданбады?

Ендігі сайлауда бұл межені 5 пайыға дейін төмендету керек. Сонымен қатар сайлау бюллетендерінде «Бәріне қарсымын» деген графа жазылуы тиіс. Сайлаушылардың науқанға қатысып жатқан саяси ұйымдардың ешбірін таңдамайтынын сайлау учаскелеріне келіп, білдіруіне жағдай жасау сайлау құқығын қорғаудың тағы бір жолы. Таңдауы жоқтығын ресми түрде көрсетудің өзі таңдау емес пе?

Мұндай мәлімдемені мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 15-қаңтарда Парламенттің бірлескен отырысында айтты.
Президенттің бұл мәлімдемесі қоғамда қызу талқыға түсті. Билік мінберінде жүрген көптеген азаматтар Президенттің бұл мәлімдемесін нағыз демократиялық қадам деп бағалады. Олар өз сөздерінде көптеген елдер сайлау бюллетендеріне «Бәріне қарсымын» деген жазуды енгізуге батылы бара қоймағанын да келтіре кетеді. Мәселен, саясаттанушы Нұртаза Самат Skif News порталына берген комментариесінде «Бәріне қарсы дауыс беру ұғымы қалыпты жағдайға айналуы керек. Сайлау бюллетендеріне «Бәріне қарсымын» деген жазу енгізу дауыс берушілердің құқығын қорғауға жасалған жағдай. Ал 7 пайыздық межені 5 пайызға төмендету елде тіркелген саяси партияларды алдағы сайлауға қатысуға ынталандырады»,-деп ой тастайды. Десе де, көптеген азаматтар әлеуметтік желі арқылы пікір айтып, мұны мезгілінен сәл кеш қабылданған шешім деп санайтындарын білдіреді. Яғни, Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай мәлімдемені сайлау мерзімі белгілі болғаннан кейін жариялап, 10-қаңтар Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау қарсаңында іске асыруы тиістігін жазады. Бұл сарындағы пікірлерден «Тоқаевтың темірді қызған кезде соқпаған» деген тұжырым жасауға болады.
10-қаңтардағы сайлау туралы біраз тәуелсіз ұйымдар көптеген өрескел қателіктер орын алғанын ашық айтуда. Мәселен, «Таза сайлау» ұйымының 5 мың белсендісі сайлау күні 3138 сайлау учаскелерінде бақылаушы болған. Нәтижесінде олар 500 заң бұзу деректерін анықтағанын мәлімдеп, сөздеріне негіз болатын фактілерді жиып, құқық қорғау органдарына өткізгенін жеткізген. Сонымен қатар ұйым өкілдері біраз бақылаушылардың сайлау учаскесіне кіре алмағанын да тілге тиек етеді. Соған қарамастан билік сайлауда өрескел заңсыздықтар тіркелмегені туралы кесім сөзінен таймаған.
Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл жолғы сайлау саяси бәсекені арттыруға оң ықпал еткенін, «Ауыл» мен «Аdal» партияларының өкілдері Парламентте болғанда Мәжілістегі талқылаулар қыза түсетінін, бұл үшін аталған ұйымдардың тиісті межені бағындыруына аз ғана дауыс жетпей қалғанын жеткізеді.
Президенттің «Аdal» мен «Ауыл» партиясының өкілдеріне Төменгі палатадан мандат берілгенін қалайтыны туралы сөзін бұған дейін де айтқан болатын. Президент дәл сайлау күні елордадағы №58 сайлау учаскесіне келіп өз таңдауын жасап болған соң, журналистер сұрағына жауап беру кезінде «Парламентке неғұрлым көп партия кірсе, бұл біздің еліміздің болашағы үшін соғұрлым жақсы болады деп үмітенемін» деген-тін.
Бірақ мемлекет басшысының еліміздің жарқын болашағына қатысты бұл үміті ақталмай, Мәжіліс құрамы алтыншы шақырылымдағыдай үш партия өкілдерінен ғана жасақталды.
Қ.ҚАЛИЕВ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру