ЖЫЛДЫҢ 30 КІТАБЫ

«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында 2021 жылдың драматургия жанры бойынша Сая Қасымбектің «Жанталас» атты туындысы жыл кітабы болып таңдалған. Осыған орай Шымкентте белгілі жазушы, драматург, Сая Қасымбектің «Жыл кітабы – «Жанталас» атты шығармашылық кеші өтті. Әдеби кешке өңірдің бірқатар зиялы қауым өкілдері, оқырмандар және БАҚ өкілдері қатысты.

Туынды авторымен кездесу кеші «Томирис» пъесасының үзіндісін сахналау қойылымынан басталды. Сонымен қатар кітапхананың кішкентай бүлдіршін оқырмандары «Батыл көжектер» пъесасынан үзінді көрсетті. Шымкент мәдениет үйінің әншісі Сафура Абдразақова Сая Қасымбектің сөзіне жазылған Қанат Жұмабаевтың «Тәтті елес» әнін әсерлі орындады. Осылайша кеш барысында «Жанталас» авторы драматург Сая Қасымбек ақындық қырымен де таныла түсті. Кештің қадірлі қонақтары айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов жырдан шашу шашты. Кинорежиссер Батырхан Дәуренбеков кинодраматургия бойынша авторға өзінің тың ұсыныстарын жеткізді. Ал кеш қонағы Қайрат Мәуленов қаламгердің бала кезі туралы қызықты естеліктер айтты.
Кешке онлайн форматта қатысқан оқырмандар көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Жиында кітап авторы Сая Қасымбек «Біздің тарих әлі толық зерттелген жоқ. Бізден бұрын жазылған тарихты кеңес жүйесі комбайнмен орып кеткендей жоқ қылды. Жанталасып тарихқа үңілсек, тек хандық дәуірі ғана сөйлейді. Ал орта ғасыр опырылып тұр. Бұл менің жаныма қатты батады. Бізді кейінгі тарих көшпенділер дейді. Бұл дұрыс емес», — деп пікір білдіреді.
Естеріңізге сала кетсек, «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясын еліміздің Ұлттық академиялық кітапханасы осымен 15 жыл қатарынан ұйымдастырып келеді. Акция аясында үздік деп таңдалған кітаптар республикалық, облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық және мектеп кітапханаларында кеңінен насихатталатын болады. Өткен жылдың аяғында 2021 жылдың «Жыл кітаптарын» таңдау бойынша «Бір ел – бір кітап» акциясы комиссиясының кезекті отырысы өткізілген. Сол жиында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, жалпыхалықтық оқуға «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» таңдалған. Таңдалған кітаптар поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті мен аударма сынды бағыттарды қамтиды. Жыл басында кітаптардың тізімі жарияланды.
Ендеше «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітаптың» атаулары қандай? Біліп жүрейік. Олар «Өмірдастан» (М. Мақатаев), «Менің Қазақстаным» (Ж. Нәжімеденов), «Киіз кітап» (Ұ. Есдәулет), «Көкейімде Күлтегіннің жазуы» (С. Ақсұңқарұлы), «Түн парақтары» (Т. Таңжарық), «Достояние души» (Б. Қанапиянов), «Періштелердің өлімі» (Т. Нұрмағамбетов), «Отамалы» (Т. Жармағамбетов), «Қасірет пен тағдыр» (С. Досжан), «Дәмді де пайдалы қазақстандық әдебиет» (Ю. Серебрянский), «Бөрісоқпақ» (Д. Қуат), «Желқайық» (Т. Сәукетай), «Айна ғұмыр» (Р. Отарбаев), «Жеті желкен» (Д. Исабеков), «Көмбе нанның дәмі» (М. Омарова), «Қорқыттың көрі» (Иран-Ғайып), «Пешене» (Д.Рамазан), «Жанталас» (С. Қасымбек), «Өнер-білім бар жұрттар» (Ы. Алтынсарин), «Жекпе-жек» (Б.Соқпақбаев), «Жиһангез Тити» (М. Қабанбаев), «Алабұға аулаған күн» (Т. Әбдірайым), «Алтын тостағанды іздеу» (З. Наурызбаева, Л. Калаус), «Бар болғаны он төрт жас» (М. Айымбетов), «Жүз жылдық жалғыздық» (К. Юсупов, Г. Г. Маркес), «Аманат өмір» (Әдетов Бекболат, Эрих Мария Ремарк), «Ғайып болған миллион» (Ахметов Әділ, Агата Кристи), «Жарқыраған мың күн» (Меллат Төлеген, Халид Хусейн), «Хәрри Поттер мен жасырын бөлме» (Мәзен Динара, Ж.К. Роулинг), «Менің атым – Қырмызы» (Құрметұлы Амангелді, Орхан Памук) туындылары.