ҚАЛЫҢ ЕЛДІҢ ТАҢДАУЫ ТАҒЫ ДА NUR OTAN ПАРТИЯСЫ БОЛДЫ

Қазақстан елі үшін осы жылдың 10-қаңтары  елеулі күннің бірі болды. Қаңтардың екінші жексенбісіне түскен бұл датада жұрт Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауына қатысты. Соңғы он алты жылдан бері алғаш рет конституциялық  мерзімінде өтіп жатқан жетінші шақырылымдағы Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы күнінде еліміздің 14 өңірі мен республикалық маңыздағы үш қалада азаматтардың дауыс беруі қалай өткізілді?  

 

Дауыс беру дер кезінде басталды

Ағымдағы жылдың 10-қаңтарына белгіленген Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарының сайлауына дауыс беру елорда уақыты бойынша таңғы сағат 07:00-де басталды. Уақыт айырмашылығына байланысты бес аймақ, атап айтқанда, Ақтөбе, БҚО, Атырау, Маңғыстау мен Қызыл-орда облыстарындағы сайлау учаскелері жұмысқа елорда уақыты бойынша бір сағаттан соң яғни, таңғы сағат 08:00-де кірісті. Еліміздің барлық сайлау учаскелерінің жұмысы Әнұранның орындалуынан соң бастау алды. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы таратқан деректерге сүйенсек, барлық сайлау учаскелеріне тіркелген сайлаушылардың жалпы саны 12 млн.ға жуық.
Сайлау учаскелерінде дауыс беру барлық жерде жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 07:00-ден бастап, кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасты. Тұрғындар өз таңдауын жасауы үшін 10060 сайлау учаскесі жасақталды. Өңірлер бойынша сайлау учаскелерінің саны да әртүрлі. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында -505 сайлау учаскесі бар болса, Атырау облысында -265, Маңғыстау облысында -231, Ақтөбе облысында -517, Қызылорда облысында — 376, Қостанай облысында -747, СҚО — 650, Ақмола облысында -722, Павлодар облысында -532, Қарағанды облысында — 778, ШҚО -1039, Түркістан облысында -911, Жамбыл облысында -492, Алматы облысында -1053 сайлау учаскесі тіркелді. Ал еліміздің үш ірі қалалары Нұр-Сұлтанда — 283, Алматыда -581, Шымкентте — 312 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Науқанда әрбір адам өзінің тіркелген жері бойынша тіркелген сайлау учаскесінде ғана дауыс берді. Ал басқа елді мекендегі сайлау учаскелерінде дауыс беру үшін азаматтардың қолында есептен шығару куәлігі болуы тиістігі алдын ала ескертілді. Сол ережеге сүйене отырып, сайлау комиссиялары сайлаушылардың өтініштері бойынша азаматтарға дауыс беру құқығын беретін 10599 есептен шығару куәлігін табыстады. Осы куәліктер негізінде азаматтар кез келген учаскеде дауыс бере алатын мүмкіндікке ие болды.

Өзге елдегілер де
өз таңдауын жасады

Жалпы осы сайлауда жасақталған 10 мыңнан астам сайлау учаскелерінің 66-сы әлемнің 53 елінде орналасқанын айта кетейік. Олардың барлығы сол мемлекеттердің ішіндегі Қазақстан елшілігінде орналасқан. Өзге елдерде ең бірінші болып азаматтық міндетін Жапония мен Кореядағы қазақстандықтар орындағанын айта кетейік. Елорда уақыты бойынша таңғы сағат 08:00-де өзге елдегі сайлау учаскелерінің 12-сі іске кірісті. Ал Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 09:00-де шетелде өз жұмысына кіріскен сайлау учаскелерінің саны 17, сағат 12:00-дегі жағдай бойынша 20-дан астам сайлау учаскесі ашық болды. Осылайша уақыт белдеуіне байланысты бірқатар елдердегі сайлау учаскелерінің жұмысы бірнеше сағат кейін іске кірісті. Ал дауыс беру уақыты ең соңынан аяқталатын мемлекет АҚШ пен Канада болды. Онда жерлестеріміздің дауыс беру уақыты елорда уақытымен 11-қаңтарда таңғы сағат 07:00-де аяқталды. Шетелдегі сайлау учаскелерінде сол мемлекетте оқитын, мекендейтін, жұмыс істейтін отандастарымыз дауыс бере алды. Сондай-ақ, жұмыс бабымен немесе қыдырып барған жерлестеріміз де осы учаскелерде дауыс берді. Жалпы консулдық есепте 11 мың азаматымыз тұр.

Аламан бәйгеге
бес партия ат қосты

Бұл саяси додаға елімізде тіркелген алты партияның бесеуі қатысқаны барлығына мәлім. Олар Nur Otan, Қазақстан халық партиясы, «Ауыл», «Ақ жол», «Adal» партиялары.
Жалпы осы бес партияның атынан Мәжіліс депутаттығына ұсынылған кандидаттар саны 312-ні құрады. Оның 222-сі ер адам, 90 әйел. Соның ішінде Қазақстан халық партиясы Мәжіліске 113 кандидат ұсынды. Оның 41-і әйелдер мен жастар. Ал «Ауыл» партиясы 19 кандидат ұсынған. Олардың 31,5 пайызы әйелдер мен жастар. «Ақ жол» партиясы 38 үміткерін Мәжіліске лайық деп санаған. Олардың алтауы алтыншы шақырылым депутаттары. «Adal» партиясынан 16 кандидат тіркелген. 2013 жылы «Бірлік» болып тіркелген саяси ұйым бұған дейінгі сайлауда қажетті дауысты жинай алмай Мәжіліске өтпей қалған. Саяси ұйым былтыр қараша айында атауларын «Adal» деп ауыстырған.

Бұл дода бұрынғы
додадан өзгерек…

Расымен де биылғы доданың бұған дейінгі сайлаудан ерекшеліктері бірнеше. Сайлау әдеттегідей мезгілінен бұрын емес, өз уақытында өткізілді. Және бұл тартыста бәсеке жеке кандидаттар арасында емес, партиялар арасында болды. Сонымен қатар, әйелдер мен жастарға 30-проценттік квота енгізілді.
Пандемия жағдайында ұйымдастырылғандықтан сайлау учаскелерінде тиісті сақтық шаралары қарастырылып, санитарлық талаптар қатаң сақталды. Дауыс берушілердің барлығы өз учаскелеріне бетпердемен кірді. Сақтық шаралары үшін сайлау учаскелеріндегі дауыс беру кабиналарына перде ілінбеді.

Шетелдік байқаушылар шағым айтпады

Ел назарындағы сайлаудың әділ өтуін шет мемлекеттермен халықаралық ұйымдардан келген 398 байқаушы келді. Шетелдік байқаушылардың 200-ден астамы бір ғана Нұр-Сұлтан қаласында болғанын айта кетейік. Өз кезегінде шетелдік байқаушылар елдегі сайлаудың өтуіне таң тамаша болғандығы туралы лебіздерін айтып тарқасты. Олардың сайлау барысы туралы ойлары «Сайлау учаскелерінде санитарлық талаптарда мін жоқ. Дауыс берушілердің белсенділігі жоғары. Демократиялық көрініс айқын көрініп тұр. Сайлау барысы өте жақсы өтуде. Бұл Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Үгіт-насихат жақсы өткізілгендіктен, сайлаушылар қай партияға дауыс беретіндерін жақсы біледі. Жасы да, жасамысы да таңертең ерте келіп жатқаны бізді қуантты. Халықтың шағымы жоқ. Барлығы байыппен, сабырмен өтуде» деген пікірлермен өрілді.
Ал елде сайлау барысын назарда ұстайтын ҮЕҰ-дан 19700-ге жуық бақылаушы болды.

Дауыс беру белсенді
болды ма?

Ел аумағындағы сайлау учаскелеріне дауыс берушілердің келу легі елімізде таңертеңгі уақыттарда белсенді болды. Орталық сайлау комиссиясының сағат 10:00-дегі дерегі бойынша ел аумағында дауыс беру құқына ие барлық электораттың 11,6 пайызы дауыс беріп үлгерген. Ал сағат 12:00-дегі дерек бойынша сайлаушылардың 28,8 пайызы дауыс берсе, 14:00-де бұл көрсеткіш 43,9 пайыз болды. Түс ауа адамдардың легі саябырсығаны айтыла келе, сағат 16:00-дегі мәлімет бойынша сайлаушылардың жартысынан астамы яғни, 52,5 пайызы дауыс беріп үлгергені хабарланды.
Ал 18:00-дегі мәлімет бойынша сайлаушылардың 58,2 пайызы дауыс берді. Ал сайлау учаскелеріне сайлаушылардың келуі туралы ұсынылған қорытынды ақпаратта өз таңдауын жасағандардың үлесі 63,3 пайызды құрайтыны мәлімделді. Онда саяси белсенділігі жағынан ең жоғары аймақтар СҚО, Алматы, Ақмола облыстары екені аталып өтті. Сонымен қатар ШҚО, Жамбыл мен Қызылорда облыстарында да сайлаушылардың сайлау учаскесіне келу көрсеткіші жоғары екені айтылды.
Ал Маңғыстау облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында сайлаушылардың сайлауға қатысуы төмен болды.

Қорытынды

10-қаңтарда өткізілген сайлаудың түпкілікті қорытындысын Орталық сайлау комиссиясы науқан өткізілгеннен кейінгі он күн ішінде жариялайтыны хабарланды.
Кейбір деректерде Орталық сайлау комиссиясы соңғы нәтижені 17-қаңтарға дейін жариялауы тиістігі айтылды. Дегенмен де, Орталық сайлау комиссиясы 12-қаңтарда түпкілікті қорытындыны жариялады. Комиссия дерегі бұл жолғы дода да Nur Otan партиясы тағы жеңіске жеткенін көрсетеді. Билеуші партия сайлаушылар дауыстарының 71,09 пайызына ие болса, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы — 10,95 %, «Қазақстан Халық партиясы» -9,10 %, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 5,29 %, «ADAL» саяси партиясы — 3,57 пайызға ие болды. Айтпақшы 10-қаңтардан 11-не қараған түні Exit-Poll нәтижесі жарияланған болатын. Exit-Poll жариялаған қорытынды бойынша Nur Otan сайлауға қатысқандардың — 71,97 % дауысына ие болғаны көрсетілді. Ұйым бұл қорытындыны шығару үшін барлығы 24 мың респонденттің арасында сауалнама жүргізілгенін, және ол орталық сайлау комиссиясының ресми қорытындысымен қарайлас болатынын да мәлімдегенін айта кетейік.
Сайлау қорытындысы бойынша додаға қатысқан бес партияның ішінде «Ауыл» мен «Adal» 7 пайыздық межені бағындыра алмады. Осылайша Қазақстанда осымен жетінші рет жасақталатын Мәжіліс депутаттарының құрамы бұрынғысынша үш партияның ғана өкілдерінен құралатын болды. Яғни, Мәжілістегі 107 депутаттық мандаттың 98-ін үш партия өзара бөліседі. Ал қалған 9 депутат Қазақстан халық Ассамблеясы атынан сайланады.