ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ САЙЛАУҒА НЕГЕ БАРМАЙДЫ?

Ағымдағы жылдың 10-қаңтарында өткізілген сайлау күнінде сайлау учаскелерінде дауыс берушілердің белсенділігі бақыланып отырды. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы сол күнгі күндізгі сағат 10:00-ден бастап әр екі сағат сайын өңірлер бойынша сайлаушылардың белсенділігі туралы мәліметтерді жариялап отырды. Аталған уақытта елімізде дауыс беру құқына ие 12 млн.ға жуық сайлаушылардың 11,6 пайызы дауыс беріп үлгергені айтылды. Кешкі сағат 22:00-дегі қорытынды бойынша сайлаушылардың 63,3 пайызы өз таңдауын жасағаны хабарланды. Аймақтар бойынша сайлаушылардың белсенділігі жағынан Солтүстік Қазақстан облысы 75,5 пайыз көрсеткішпен көш бастады. Одан соң Қызылорда облысы 73,9, Алматы облысы 73,5 пайыз көрсеткішпен алдыңғы қатардан көрінді. Ақмола, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары да 72 пайыздан аса көрсеткішті көрсетіп, сайлаушылары белсенділер сапынан табылды. Ал еліміздің батыс өңірлерінде дауыс беру құқына ие азаматтардың сайлауға қатысу белсенділігі төмен болды. Атап айтқанда Маңғыстау облысында сайлаушылардың 55 пайызы таңдау жасаса, Атырау облысында 56,4, Ақтөбе облысында 58,8, Батыс Қазақстан облысында 62,8 пайызға жетті. Жалпы батыс аумақтағы өңірлерде сайлаушылардың белсенділік жағынан өзге аймақтардан көш кейін келе жатқаны науқан басталғаннан кейінгі бірер сағаттан соң-ақ айтылып, хабарланып жатты. Сарапшылар мұны аталған өңірлердегі уақыт белдеуіндегі айырмашылықпен тығыз байланыстырған. Алайда сайлаушылардың дауысы саналған қорытындының нәтижесі уақыт айырмашылығында тұрған дәнеңе жоқтығын ап-айқын көрсетіп берді. Аймақтардан бөлек, еліміздің ірі қалаларындағы сайлаушылардың белсенділігі туралы көрсеткіштер де көңіл қуантарлық емес. Мәселен, ірі мегаполис Алматы қаласында сайлаушылардың белсенділігі 30,3 пайызды құраса, Нұр-Сұлтан қаласы 45,1 пайыз болды. Ал 617 мыңнан астам азамат үшін 312 сайлау учаскесі жасақталған Шымкентте дауыс берушілердің белсенділігі 56,5 пайызға ғана жеткен.
Жалпы аймақтармен салыстырғанда дербес қалалардағы сайлаушылардың белсенділігі неге төмен? Мұны кейбіреулер ауа-райының қолайсыздығымен байланыстырса, бірі қала халқының жұмысбастылығынан деп түсіндіруде.
Сонымен қатар, пандемия мен қыс мезгілін ескеріп, 63,3 пайызды жаман көрсеткіш емес деп жатқандар да жоқ емес. Арагідік Мәжіліс пен мәслихат сайлауы президент сайлауы сияқты қоғамның аса үлкен қызығушылығын тудырмайтындықтан сайлаушылардың белсенділігі жоғары көрсеткішті бағындармауы заңдылық деп түсінетіндер де табылады. Ал саясаттанушы Индира Рыстина болса «Республикалық маңыздағы ірі қалалардың аймақтармен салыстырғанда сайлауға келу көрсеткішінің әлдеқайда төмен болуы урбанистикаға байланысты. Яғни, ірі қалалардағы тұрғындардың уақыты, жұмыс күні басқаша. Облыс орталықтарында, аудандарда, ауылдарда баяу өмір болады. Ондағы тұрғындар таңертең тұрады. Сайлауға барады. Олар үшін сайлау саяси үлкен құбылыс. Олар соны сезінеді. Ал ірі қалаларда өмір қарқыны ерекше. Үлгермей жатқан адамдар көп. Қала неғұрлым іріленетін болса, соғұрлым саяси белсенділік төмендейді», -деп түсіндіреді Қазақстан ұлттық арнасындағы «Ашық алаң» студиясында. Бірақ маман дәл сол күні жұмыс күні емес, демалыс болғанын қаперіне алмаған сыңайлы.