ТҮРКІСТАН КӨК ТҮТІНГЕ ТҰНШЫҚПАЙДЫ Қалада газбен қамту жұмыстары түгесілді

Соңғы жылдардан бері жылыту маусымы бастала сала Түркістан аспаны көк түтіннен ашылмай қалатыны бірнеше рет мәселе етіп көтерілген. Жергілікті билік мұны жеке үйлер, орталық қазандық пен көптеген кәсіпкерлік нысандардағы пештердің көмірмен қызатындығынан деп түсіндірген. Ауа сапасының нашарлауын болдыратын мұндай күйді келмеске келтірудің жалғыз байлауы – қаланы қатты отыннан арылтып, толығымен газдандыру еді. Осы мақсатта Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов халық алдында сан рет уәделі мәлімдеме жасап, 2020 жылдың соңына дейін жергілікті тұрғындарды отын жағып, күл шығару азабынан біржола құтқаратынын айтқан. Былайғы жұрт та, тұрғындар да мұндай сөзді жадына тез тоқып алатыны жасырын емес. Мұны жақсы білетін Рашид Абатұлы қол астындағы қызметкерлеріне осы бағыттағы жұмыстарды тыңғылықты орындатқызу үшін көп тер төккенін болжау қиын емес сияқты. Ал одан шыққан нәтиже қандай болды?

Жалпы Түркістан қаласына алаулатып газ жеткізу үшін құбыр тарту жұмыстары 2015 жылдың маусымында басталған. Сол кезден басталған газ құбырларын тарту жұмыстары енді түгесілді. Әсіресе 2019-2020 жылдары осы бағыттағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілді. Нәтижесінде қаланы көгілдір отынмен қамту жұмыстары жүз пайыз аяқталды. Енді қалада көмір жағып отырған кез келген тұрғын үйін көмірмен емес, көгілдір отынмен жылыта алу мүмкіндігіне ие.
Біткен іске орай ұйымдастырылған шарада облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев тұрғындар өздерінің күнделікті күйбең тұрмысында қолайлы жағдай жасауы үшін іргеде келіп тұрған газды дер кезінде пайдалануға шақырды. Және үй ішіне газ тарту жұмыстарын барынша тез әрі тиімді жүргізудің реті де қарастырылғанын атап өтті.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында газға қосылуды жеделдету үшін жергілікті билік «ҚазТрансГаз» АҚ Түркістан облыстық филиалымен бірлесіп абоненттердің газға қосылу туралы өтініштерін қарау мерзімін бұрынғыдай 1 ай емес, екі жұмыс күні ішінде қарайды. Ал арнайы мамандардың қатысуымен іске асатын тұрғын үйге табиғи газ қосудың жұмыс ақысы 85 000 теңгеге дейін төмендетілген. Бұрын бұл жұмыс үшін тұрғындар 250-350 мың теңгеге дейін шығындалатын.
Қазіргі таңда қалада мұндай жеңілдікті пайдалану мүмкіндігіне ие тұрғындар яғни, үйіне газ қосылмаған абоненттер жетерлік. Мәселен, қазіргі таңда 52 037 абонент газбен жабдықтау желілеріне қосылған. Олардың 62 пайызы, немесе 26 200 үй табиғи газды пайдалануда. Кейбір жер телімдерінің уақтылы тіркелмеуінен 380 абонент бұған дейін жазылып, сызылған жобаларда есепке алынбағаны анықталған. Қазіргі уақытта осы абоненттерге газ жеткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалу үстінде. Қала билігі уақыттың бір орнында тұрмайтыны секілді, қалада осы қалпында қалмайтыны, аумағы үлкейіп, халық саны артқан сайын коммуналдық қызметтерге деген қажеттілік артатынын, соған орай көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстар әрі қарай жалғасатынын да хабарлайды.
Жоғарыда қаланы газдандыру бағытындағы құрылыс 2015 жылы басталғанын атап өттік. Содан бері атқарылған жұмыс 11 кезеңге бөлінеді. Құрылыстың жалпы құны 20,2 млрд. теңгені құрайды. Бұл мақсатта қалаға халықаралық маңызы бар Бейнеу-Бозой магистральды газ құбыры тартылып, автоматтандырылған газ тарату станциялары іске қосылды. Орындалған жұмыстардың нәтижесі бойынша облыс орталығында 1180 шақырымға жалғасқан газ құбыры тартылды. Ауқымды жоба аясында 4 800 адам жұмыспен қамтылды. Бүгінде қалада тұрғын үйлерге газ кіргізу жұмыстары қарқынды жалғасуда.
Түркістан қаласын газдандыру бағытындағы ауқымды жұмыс нәтижесінде «Отырар» ықшамауданындағы 29 және
I және II мөлтекаудандағы 75 көпқабатты үйлерге, тағы 28 әлеуметтік бюджеттік мекеме мен 54 жеке үйді жылумен қамтамасыз ететін «Жылу» орталық қазандығы табиғи газға көшірілді. Нәтижесінде шаһардың экологиялық жағдайы жақсарып, атмосфера қабатының ластануы 65 процентке төмендеген. Сонымен қатар, облыстық Экология департаментінің мәліметіне сәйкес, Түркістан қаласы бойынша 2018 жылға атмосфералық ауаға шығарылатын ластаушы заттардың нақты лимиті 4,5 мың тоннаны құраған. Ал, 2020 жылы Түркістан қаласын газдандыру арқылы бұл көрсеткіш 1,6 мың тоннаны құраған. Эколог мамандардың әркез назарында жүретін бұл көрсеткіштерді одан әрі жақсарту үшін қалада газдандырудан бөлек, көгалдандыру жұмыстарына да баса мән беріліп отыр. Атап айтқанда, қала айналасынан 7700 га аумаққа жасыл белдеу құру жоспарланған. Соған сәйкес 4700 га жерге әртүрлі ағаш көшеттері егілді. Қалған 3000 га жерді игеруді осы жылдың соңына дейін аяқтау күтілуде.

Қ.ҚАЛИЕВ.