ШЫМКЕНТТІК ТӨТЕНШЕЛІКТЕР ҮШІН ДЕМАЛЫС ТЫНЫШ ӨТТІ

Жаңа жыл мерекесіне орай болған демалыс күндерінде (2021 жылдың 1-4 қаңтары) Шымкентте төтенше жағдай тіркелмеді.
Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарына Шымкент қалалық төтенше жағдай департаментінің басшысы Мадияр Жақсыбаев мәлімдеді. Департамент басшысы мұны демалыс күндері өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында алдын ала ұйымдастырылған профилактикалық іс-шаралардың өз деңгейінде өткізілуімен байланыстырады.
Өз кезегінде Мадияр Жақсыбаев төтеншеліктер қалалық Полиция департаменті қызметкерлерімен бірге мереке қарсаңында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 2020 жылғы 15-желтоқсаннан бастап 52 рейд жүргізгенін мәлімдеді. Соның негізінде қала аумағындағы ірі сауда орталықтарында, базарларда қала тұрғындарына тиісті түсіндіру жұмыстарын орындаған. Тек бұл шараға ғана иек артып қана қоймай, департамент күшейтілген тәртіпте жұмысқа кіріскен. Бұл туралы ол:
– Мереке күндері өрт сөндіру бөлімшелері күшейтілген түрде қызмет атқарып, 2021 жылғы 1-4 қаңтар аралығында 15 рет шақырумен шықты. Барлық жағдайда үй ауласында, қоқыс контейнерінде қалдықтар жанған. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ,-деді.
Сонымен қатар ол, халық арасында қауіпсіздіктікті сақтау мәдениетінің жоғары екенін, соңғы үш жылдан бері қалада пиротехникадан зардап шеккен адамның тіркелмегені соның жарқын мысалы екенін айтты.