ТӘУЕЛСІЗДІК ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ТАРТУ

Тәуелсіздік мерекесінде Түркістан облысында бірнеше нысандар пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Төлеби ауданында 46 отбасы баспаналы болып, қоныстойын тойлады. Қуаныш иелеріне баспана кілттерін табыстау рәсіміне аудан әкімі Бауыржан Омарбеков арнайы қатысып, құттықтады. Айтулы мереке қарсаңында үйлі болғандар біраз жыдардан бері баспана кезегінде тұрған. Көптен күткен қуанышты күндеріне жеткендердің 21-і әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы ретінде үй кезегіне тіркелсе, 6-уы ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар, 9 отбасы көпбалалы болса, 11 адам мемлекеттік қызметкер болып табылады.
Жаңа баспанаға ие болған аудан тұрғындарының қатарында 7 баланың анасы А. Бектұрғанова да бар. Екі рет егіз балаларды дүниеге әкелген көпбалалы Батыр ана баспаналы болуға септесін болған барша жұртқа алғысын білдірді.
Бүгінде Төлеби ауданы бойынша 3 879 адам тұрғын үйге мұқтаж. Оның ішінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағылар 293 адам болса, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарындағылар -1770, көпбалалы отбасылар — 385, мемлекеттік, әскери және бюджеттік мекеме қызметкерлері – 1431-ді құрайды.
Осы жылы 20 пәтерлік 9 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын аяқтау арқылы 180 отбасыны тұрғын үймен қамту жоспарланған.
Сонымен қатар, Сайрам ауданы әкімдігі тарапынан ҚР Тәуелсіздігі күніне орай, мұқтаж ретінде бірінші кезекте тұрған 10 отбасыға баспана кілттері табысталды. Қоныстой иелері аудан әкімі Ұласбек Сәдібековтің қолынан баспана сертификатын алды.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Сайрам ауданындағы көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджет есебінен 252 млн. теңге қаржы бөлінген. Бұл қаражатқа 30 баспана алу жоспарланған. Осыған сәйкес ауданда санитариялық-эпидемиологиялық және техникалық талаптарға сәйкес келетін 26 тұрғын жай сатып алынды. Тағы 4 үйдің аталған талапқа сәйкестігі анықталуда. Жоспарға сәйкес, 30 баспана аудандағы мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркелген көпбалалы отбасыларға беріледі. Айта кетейік, бүгінгі таңда аудан аумағындағы мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж ретінде 370 көпбалалы отбасы тіркелген.
Тәуелсіздік күні қарсаңында Ордабасы ауданында да жаңа нысан пайдалануға берілді. Аудандағы Қарақұм ауылында ашылған жаңа спорт кешені ауыл жұртын қуанышқа кенелтті. Нысанның ашылуына аудан әкімінің орынбасары Азат Оралбаев қатысты. Ол тұрғындарға аудан басшысының құттықтауын жеткізіп, ғимараттың ашылуына еңбек сіңірген азаматтарға Алғыс хат табыстады.
Ауыл тұрғындарының атынан сөз алған Ермекбай Сатенов көпшілікті мерекемен құттықтап, атқарылған жұмыстар үшін ризашылығын білдірді.
Жалпы, Ордабасы ауданының спорт саласында айтулы жұмыстар атқарылып келеді. 2020 жылы жергілікті бюджет есебінен Ұялыжар мен Темірлан ауылынан ашық алаңша мен Street Workout ашылған болатын. Аудан орталығындағы саябақта Street Workout жаттығу алаңымен толыққан. Көпқабатты үйлердің ауласында 2 ашық алаңша, «Бәйтерек» мектебінің спорт залы мен алаңшасы салынды.