Маңызды

ТЕНДЕРДЕГІ СОЗБАЛАҢДЫҚ…

Бюджет қаржысын толық игермеудің себебі не?

Осы жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында мемлекеттік бюджетке түскен кіріс көлемі 8 трлн. теңгені құрап, жоспар 104,7%-ке орындалды.

Ал республикалық бюджет кірісі 5 трлн. 224 млрд. теңгені құраған. Жалпы кірістер бойынша жоспар 74 млрд. теңгеге артығымен орындалған. Жергілікті бюджеттердің кірістері 2 трлн. 811 млрд. теңгеге жеткен. Барлық өңірлерде кірістер бойынша жоспарлар асыра орындалды.
Бұл туралы еліміздің Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында мәлімдеді.
Ведомства басшысы Қазақстан Республикасы мемлекеттік бюджетінің 2020 жылғы 11 айдағы атқарылуы туралы баяндамасында мемлекеттік бюджеттің шығыстары 97,8%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары – 98,9%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары – 97,2%-ке атқарылғанын хабарлады. Есепті кезеңде ел бюджетінің шығыстары 12 трлн. 503 млрд. теңге болған. Игерілмеген қаржы көлемі 137 млрд. теңге. Оның ішінде 15 млрд. теңге үнемделген. Қалған игерілмеген 122 млрд. теңгенің ірі сомалары Қаржы министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Орталық сайлау комиссиясы, Денсаулық сақтау министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі және Төтенше жағдайлар министрлігі сынды орталық мемлекеттік органдарда қалыптасқан. Бөлінген қаржыны дер кезінде игермеудің негізгі себептеріне мемлекеттік сатып алу конкурстық рәсімдерінің созбалаңға түсуі, төлем құжаттарын келісу процесінің ұзаққа созылуы, атқарылған жұмыстар туралы актілерді ұсынбау, сот талқылаулары сынды факторлар алға шыққан.
Алдын ала деректерге сәйкес жыл қорытындысы бойынша республикалық бюджет шығыстарының атқарылуы 99,8% шегінде болады күтілуде.
Министрдің баяндамасында жергілікті бюджеттердің шығыстары 7,1 трлн. теңгені құрайтыны көрсетілген. Оның ішінде атқарылмағаны — 208 млрд. теңге.
Өңірлерге 1 желтоқсанға дейін бөлінген 2 трлн. теңге нысаналы трансферттің 96,7%-і игерілген.
Атқарылмағаны — 66 млрд. теңге, оның ішінде 12 млрд. теңге үнемдеу есебінен жинақталса, 54 млрд. теңге игерілмеген. Игерілмеген трансферттердің көп бөлігі Нұр –Сұлтан, Алматы қалалары мен Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының үлесінде.
Биылғы жылдың 11 айында камералдық бақылаумен сомасы
10,1 трлн. теңгеге мемлекеттік сатып алу рәсімі қамтылған.

Қ. ҚАЛИЕВ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру