Маңызды

ШЫМКЕНТ АГРАРЛЫ АЙМАҚТЫҢ ОРТАЛЫҒЫ РЕТІНДЕ ДАМИДЫ

Коронадағдарысқа қарамастан осы жылдың он айында Шымкент қаласының экономикасына 223,4 млрд. теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 54,3 пайызға көп. Өңірге тартылған инвестиция өсімі жағынан Шымкент республика бойынша екінші орында тұр. Қалада жалпы құны 1,4 трлн. теңгені құрайтын 157 инвестициялық жобаның базасы дайындалған. Қазіргі таңда оның 5-уі іске асырылуда. Бұл бес жоба іске қосылса, қосымша 350 жаңа жұмыс орны ашылады.
Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.
Үшінші мегаполис басшысы еліміздің бас медиа алаңында осы жылдың он айында атқарылған негізгі жұмыстардан бөлек, Шымкенттің дербес қала мәртебесін алған екі жылдан аса уақыт ішінде бағындырған белестері, алға қойған негізгі міндеттері туралы баяндады.
Қала әкімінің сөзінше мегаполис мәртебесін алғалы бері Шымкентке 1 трлн. теңге инвестиция бағытталған. Екі жыл бұрын жергілікті өнеркәсіп өнімінің көлемі 319 млрд. теңге болса, қазір бұл көрсеткіш 523 млрд. теңгеге жеткен. Сонымен қатар, шаршы метрі 1,3 млн.-нан астам тұрғын үй пайдалануға берілген. Белсенді кәсіпкерлер үлесі 71-ден 88 пайызға жеткен. Қала бюджетінің бүйірі 131 млрд. 200 млн. теңгеден 455 млрд. 400 млн. теңгеге толыққан.
Мұрат Дүйсенбекұлы есепті кезеңде атқарылған жұмыстарды саралады. Биыл жолаушыларға сапалы қызмет көрсету, транспорт саласын жақсарту мақсатында 417 шақырым жолдарда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде 88 көше магистралды болса, қалғаны ішкі орамдық жолдар. Қалада 4 көпір жөндеуден өткен. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қаладағы жақсы және қанағаттанарлық күйдегі жолдардың үлесі жыл соңына дейін 60 пайызға жететін болады. Жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасау үшін жаңа 260 аялдама орнатылған. Газбен жүретін 590 жаңа автобус алынған. Соның есебінен қаладағы автобус парктерінің 80 пайызы жаңаратын болады. Биыл қоғамдық көліктер «Tolem» электронды жүйесіне көшірілген.
Қазіргі таңда қалада 262 көп қабатты тұрғын үй құрылысы қызу жүруде. Оның 126-сы жеке салушылар есебінен, 136-сы бюджет есебінен бой көтеруде. Жыл соңына дейін жеке салушылар есебінен жүргізіліп жатқан 911 пәтерлі 19 тұрғын үй, ал бюджет есебінен құрылысы жүріп жатқан 280 пәтерлі 5 арендалық және 4 461 пәтерлі 77 кредиттік тұрғын үй пайдалануға беріледі.
Қала өзінің келешегін ауыл шаруашылығы саласы өнімдерін өңдеумен және агроөндірістік кешен саласындағы логистикамен көп байланыстырады. Осы бағытта бірталай нәтижелі жұмыстар тындырылған. 2020 жылы мегаполисте АӨК саласында 30,7 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Салаға тартылған инвестиция көлемі 7 млрд. теңгені құрап, 2019 жылдың сәйкес кезеңінен 2 есеге артқан.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Шымкентте төрт жол торабында орналасқан өсімдік және мал шаруашылығы өнімдері сақталып, таратылатын жалпы ауданы 92 гектар болатын сауда-логистикалық аймақ құрылған. Бүгінде қаланы аграрлық аймақтың орталығы ретінде дамыту үшін тағы үш логистикалық орталық салынуда.
Қазіргі таңда Шымкентте өндірістік инфрақұрылымы бар 3 индустриалды аймақ жұмыс істеуде. Осы үш индустриалды аймақта жалпы инвестиция көлемі 229,7 млрд. теңгені құрайды. Аталған аймақтарда жалпы жиыны 170 жоба жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта мегаполисте 2 агро-индустриалды аймағын құру жоспарланған. Біріншісі, аумағы 136 гектар жерге заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешенін салу, екіншісі «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағын құру. Мұнда биологиялық қоспалары бар құнарлы құрама жем өндірісі және сүт өндіру зауыты бой көтереді. Сондай-ақ, шетел инвесторларымен бірлесе сүт, ет, жеміс пен көкөністі қайта өңдейтін, консервілейтін жобалар жүзеге асады. Осылайша қала өзін Президент Жолдауындағы басым бағыттардың бірі ретінде көрсетілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен толық қамтамасыз ететін болады.
Брифингте қаладағы шалғай елді мекендердегі коммуналдық мәселелерге қатысты Мұрат Дүйсенбекұлы «жыл аяғына дейін қалада ауыз сумен қамту деңгейі 95,6 пайызға, газбен қамту 92,2 пайызға, ал сапалы электрмен қамту 95 пайызға жетеді» деп атап өтті.
Баспасөз брифингі кезінде қала әкіміне еліміздегі бірнеше БАҚ өкілдері тарапынан сұрақтар қойылды. «Шымкент – ТМД елдерінің 2020 жылғы мәдени астанасы» шарасын өткізуге қанша қаржы бөлінді?»,-деген сауалға қала басшысы «Бұл айтулы шараға әу баста 600 млн. теңге бөлінген. Біз осыған орай 2300 іс-шара өткізуді жоспарлағанбыз. Бірақ пандемияға байланысты ол жоспарымыз жүзеге аспады. Нәтижесінде бөлінген қаржының 500 млн. теңгесін қысқартып, оны коронавируспен күрес жұмыстарына бағыттадық. Коронавирусқа байланысты жарияланған пандемияға қарамастан біз «Шымкент – ТМД елдерінің 2020 жылғы мәдени астанасы» аясында онлайн форматта 1700 іс-шара өткіздік. Жуырда жабылу салтанатын да лайықты атап өттік», — деп жауап берді. Қала әкімі бұл бағыттағы іс-шаралардың өз деңгейінде атап өтілуіне демеушілер де үлес қосқанын айтты. Бұдан өзге әкімге «Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында қанша шымкенттік тұрғын бар?» деген тосын сұрақ қойылды. Мұндай сұрақты мүлдем күтпеген қала басшысы «Барлығымыз Қазақстан елінде мекендейміз. Алматы мен елордада қанша жерлестеріміздің жүргені тұрғысында санақ жүргізбептік. Мұндай статистика жоқ. Болса міндетті түрде хабарлаймыз»,- деді.
Айтпақшы осы жиында қала әкімі Мұрат Әйтенов Шымкент қаласындағы ипподром орнына көп қабатты тұрғын үй салу мәселесі бойынша әлі түпкілікті шешім қабылданбағанын, құрылысы жүріп жатқан жаңа әуежай терминалы келер жылдың наурыз айында іске қосылатынын, қаланың солтүстік бағытынан жаңа теміржол вокзалы салынатынын айтты.

А. САТЫБАЛДЫ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру