Саулығымыз сақтығымызға түбегейлі тәуелді

Шардарбекова Гүлдария Бәйдібек ауданының Жамбыл ауылында 1966 жылы дүниеге келген. 1983 жылы Целиноград мемлекеттік институтына оқуға түсіп,1990 жылы “Емдеу ісі” мамандығын алып шыққан. 1990 жылдың бастап алты жыл бойы Оңтүстік Қазақстан облысы Алғабас аудандық орталық ауруханасының дәрігер-терапевті лауазымында қызмет атқарған. Одан кейін екі жыл сол ауданда емхананың жедел жәрдем бөлімінің меңгерушісі болған. 1998 жылдан бастап 1999 жылға дейін аудандық емхана бас дәрігерінін емдеу ісі жөніндегі орынбасары лауазымында жұмыс жасаған. 1999 жыл мен 2003 жыл аралығында Консультативті-диагностикалық емханасының бас дәрігері болған. 2003-2015 жылдары Бәйдібек аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің емхана ісі жөніндегі орынбасары қызметінде еңбек еткен.
2017 жылдаң 2018 жылдың мамыр айына дейін орталық аурухана бас дәрігерінін медициналық қызметтердің сапасын бақылау жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. 2018 жылдың мамыр айынан қазірге дейін Түркістан облысы Бәйдібек аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері.
Г. Шардарбековаға “Қоғамдық денсаулық сақтау, әлеуметтік гигиена денсаулық сақтауды ұйымдастыру” мамандығы бойынша Бірінші біліктілік санаты тағайындалып берілген. 2019 жылдың маусым айында “Санат” Республикалық кәсіби даму орталығы жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Шымкент қаласы Түркістан облысы бойынша филиалының базасында “Қоғамдық денсаулық сақтау әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтауды ұйымдастыру” мамандығы бойынша тағы да санаттылығын жоғарылатты.
Гүлдария Әбілдабекқызының басшылығымен және тікелей ұйымдасыруымен бұқаралық ақпарат құралдарынын беттерінде жұқпалы аурулардын алдын алумен емдеу ісіне байланысты кеңес беретін мазмұнды мақалалар жарияланып отырады. Денсаулық сақтау саласы бойынша бас дәрігер өзінің еңбек тәжірибесімен, білімі және біліктілігімен жас мамандарға тәлімді тәрбие, келелі кеңес беріп, қамқорлық көрсетуді тұрақты түрде дағдыға айналдырған. Әріптестері, қызметтестері ол кісінің азаматтық парасатттылығын, мәдениеттілігін үлгі тұтады. Гүлдария өмірлік қосағы Талғат екеуі отбастарында бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған қадірменді жандар. Ұлды үйлендіріп, қызды ұзатып, немере сүйген ата мен әже болу бақытына ие болған.
Гүлдария ханымның өмір деректері бізге аса мағыналы және мазмұнды көрінді. Жас маман өзінің алған жоғары білімін аз ғана мерзім ішінде шыңдап, білікті кадрға, лауазымды басшыға айналған. Оның бәрі жаңбыр жауғандай оңайлықпен келе салмайды. Тәжірибе жинау, оны біліктілікпен меңгеру және іске асыру санаулы жылдар ішінде оңайлықпен орындала салмасы тағы белгілі. Билік деңгейдегі басшы болу отбасының ошағын ұстап отырған адамға қиындық тудыратыны тағы бар. Оған ұрпақ тәрбиесін қосыныз. Бірімен бірі ұштасып жатыр. Меңгеру де қиын және жауапты. Жүздесу кезіндегі алғашқы сауалымыз ол кісі үшін тосындау болған жоқ.

– Гүлдария ханым, адам жанының арашашысы болу қалай қалыптасты, ой қайдан пайда болды?
– Біз де мектептен білім алдық, жанұянын тәрбиесінде болдық екі ортада өскен кезімізде өз тәлімін үйретті, өмірдің тағылымына баулыды, болашаққа жол сілтеді. Анам Қалыш көбірек ауырды, денсаулығы жиі сыр беретін. Соған қарамай біздің бас қамқоршымыз болды, әкеміз Әбілдабек жүргізушілік жолдан үлкен қызметке көтерілу арасында отбасынан көбірек тысқары жүрді. Бірақ бойындағы бас қасиетін перзенттеріне бөліп ұсынды. Апамыздың ауыртпалығы мені адам емдеу ісіне бейімдегеніне еш күманданбаймын, оны жоққа шығара алмайын. Емдегім, науқасынан жазғым келіп тұратын. Сол үшін де дәрігер, адам жанының арашашысы болуды армандадым. Ол орындалды, өкініші сол анамыз біздің қызығымыздың көбін көре алмай кетті. Әкеміз ана орынын ойсыратпай, біздің бәрімізге пана болып, қамқоршылық жасап, елі, ағайыны үшін қадірменді қария болды.
Адам жүрегіне бастапқы жағы жылы тиіп, соңы ойландыратын жауаптан кейін біз Гүлдария Шардарбековадан бүгінгі таңда Бәйдібек ауданындағы денсаулық сақтау саласы бойынша және, әлемді жаулаған кесапатты індет жөнінде толығырақ айтып беруге өтініш жасадық. Әңгіме сол арнаға ауысты. Ұғынықты баяндауға құлақ түрдік.
Шындығында да Бәйдібек аудандық орталық аурухана бойынша коронавируспен пневмания ауруының өріс алмауына жол бермеу үшін биылғы жылдың басынан бері көп жұмыс атқарылыпты.
– Бәйдібек аудандық орталық ауруханасы мен жалпыаудан бойынша «Тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау басқармасынын» басшысы Т. Арынбаевпен бірлесіп COVID-19 — дың алдын алуға арналған іс-жоспар жасалынып, бекітілді. Орталық аурухана мен оған қарасты барлық емдеу мекемелерінде КВИ тіркелген кезде жүргізілетін шаралар туралы кешенді, мобилизациялық және жедел оперативтік бағдар жасалынды. Індетке шалынған жандар жөнінде күдіктенген немесе анықталған кезде медицина қызметкерлерінің хабар беру кестесі мен әрекет жасау алгоритмі барлық бөлімдерде, дәрігерлік амбулаторияларда, ауылдық ауруханаларда көрнекі жерлерге ілініп қойылды. Емдеу мекемелерінде Денсаулық Сақтау министрлігінің тамыз айында шыққан “Денсаулық сақтау объектілерінде қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар” санитарлық қағидаларын бекіту туралы бұйрығына сәйкес “COVID-19” кезінде медициналық ұйымдарды «таза» және «лас» аймақтарға бөлу жұмыстары жүргізілуде. Мұның барлығы инфекцияның екінші толқыны болған жағдайда оның алдың алу үшін атқарылып жатқан биік деңгейдегі міндеттеріміз болып саналады. Елде елеулі ауыртпалық әкелген осы індетке байланысты министрліктің тапсырысымен атқарылған істердегі жинақтаған және болысқан тәжірбиелер де негізінен басшылыққа алынды. Қорғаныс киімдері, дәрі-дәрмектер барлық орындарда әрбір емдеу мекемелерінде дайындалып қойылды, оны пайдалану жөніндегі дәрігерлік пайдалы кеңестерге байланысты тренингтер өткізілді. Қазір облыстық «Тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасы және қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Н. Нышановпен, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы М. Пашимовпен бірлесіп құрылған «COVID-19 короновирус инфекциясының алдын алу мәселелері бойынша денсаулық сақтау ұйымдарына арналған іс шаралар жоспары» негізгі басшылыққа алынып, жұмыстар жүйелі атқарылуда. Емдеу орындары мен ауруханалардың кіре берістеріне залалсыздандыру шлюздер орнатылды. Бетперделік режим енгізіліп, пациенттерге кіруге қатаң тыйым салынды. Онлайн түрінде семинар сабақтары өткізілуде. Сырқаттардың жағдайына байланысты төсек орындары а,б,в,г жоспарларына сәйкес бөлінді. Қазір бізде бірінші санат бойынша 30, екіншісіне 50, үшіншісіне 90, соңғы жоспардағысына 150 төсек әзірленіп, қай кездері қиындықтарға сақадай сай тұр. Шалдар елді мекеніндегі инфекциялық госпитальда 30 төсек дайындалып, өз жұмысын бастауға әзір. Аудан бойынша В және Г жоспары енгізілген жағдайда орталық аурухананың бір қабаты неврология мен емхана бөлімі бір қабаты инфекциялық госпиталь болып жабдықталады. Оттегі концентратордың аудандық орталық ауруханада 36, Шалдарда 15, орталық аурухана ғимаратына 42, жалпы саны 57 оттегі беретін нүктелер қойылды. Жасанды тыныс алу аппараттарының 8 данасы жұмыс істеп тұр. Ауыр кезеңге дәрі-дәрмектер, бір реттік бетперделермен қолғаптар, дизенфекциялық ерітінді қорлары бар. Короновирус инфекциясының алдын алу мақсатында 17 мобильді топтар құрылды. Оларға тәжірибелі дәрігерлер мейіргерлер және санитарлық жүргізушілер қамтылған. Ауданның бас дәрігері бүгінгі күннің атқарылып жатқан нақтылы жұмыстары жайлы осылайша нақтылы деректер мен дәйектер жайлы ашыла, әрі ашына әңгімелеп берді. Әсіресе сау болу үшін сақтақтың ең басты айнымас қағидат екендігіне тоқталды.
Жыл басынан бері короновирустық инфекцияның расталған 125 жағдайы тіркеліпті. Олардың ішінде 9 медицина қызметкерлері бар. Науқастармен қарым-қатынаста болған 547 адамға ПТР әдісімен зертханалық тексерулер жүргізіліпті. Үй оқшауында болған науқастарға 14 күн бойы медициналық бақылау ереже талаптарына сай атқарылған. Қазір Бәйдібек ауданында инфекциясы расталған үй оқшауында отырған науқастар жоқ. Ал пневмониямен ауырған жалпы науқастар саны 632-ге жеткен болса, оның 159-ы басқа өңірден келіп ем қабылдағандар. Аурудан қайтыс болған 29 адамның 5-і өзге өңірлердікі.
Әзірге Бәйдібекте осындай жедел жауапты және алдын алу шаралары атқарылуда. Ауданда жеке кәсіпкерлік және серіктестік мекемелерімен денсаулық сақтау орындарына қажетті құрал-саймандар және түрлі аппараттар алу жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Биылғы жылдың қазан айынан бері аудандық орталық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Отыз жылға тарта уақыттан бері жүргізілмеген аса ауқымды жөндеу ісіне 733 миллион теңгеден астам қаржы бөлініпті. Ол желтоқсан айында толығымен аяқталмақ. Ғимараттың шатырлары, сыртқы фасады, есіктері, желдеткіш жүйелері, еден төсегіштері, су және кәріз жүйелері, электр желілері, өрт сөңдіру құрылғылары, сыртқы алаңдар, жертөлелер толығымен жаңартылып, бүгінгі таңдағы санитарлық талапқа сай сәйкестендірілді.
Бәйдібектік денсаулық сақтау саласының басшысы Гүлдария Шардарбекованың басшылығымен осындай ауқымды және ірі жұмыстрар жүргізіліп жатқандығынан хабардар болып, көңілімізе қуаныш үялады. Шығар биік аласармай, қуаныш қашан да өсе берсін

Серікбай САПАРҰЛЫ,
КСРО Журналистер
Одағының мүшесі,
Бәйдібек ауданы.