ПОЧИВАЛОВ ПАНДЕМИЯ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ТАЛАПТАРҒА ПЫСҚЫРМАЙДЫ МА?

 

 

 

Аптаның алғашқы күнінде Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Почивалов қала әкімі Мұрат Әйтеновке 9 айда атқарылған жұмыстарының есебін баяндады.

Есеп беру жиынында басқарма басшысы бұқаралық спортқа қатысты сандарды сөйлетті. Өз кезегінде ол үшінші мегаполисте бұқаралық спортпен шұғылданушылар саны 294 мың адамға жеткенін, бұл жалпы халықтың 27,8 пайыз екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар ол, бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 30 пайызға жеткізу жоспарланғанын да айтты. Жалпы халықтың бұқаралық спортпен шұғылдану көрсеткішін 30 пайызға жеткізу туралы мәселе осыдан он жыл бұрын сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2010 жылы халыққа арнаған «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауындағы басым бағыттарда алға қойылған басты меже болатын. Онда «Туризм және спорт министрлігі әкімдермен бірге елде бұқаралық спортты дамыту үшін бірлескен іс-шараларды анықтап, оларды нақты іске айналдыруы тиіс. 30%-ға дейінгі қазақстандықтар бұқаралық спортқа тартылуы керек. Осындай жағдайда ғана біз дамуды көре аламыз. Бұл бүкіл Үкіметтің міндеті де» деп айтылған. Содан бері табақтай он жыл өтті. Қазақстан бұл көрсеткішке осы жылдың басында-ақ қол жеткізді. Бірақ кейбір қалалар бұл белеске әлі шықпады. Соның қатарында Шымкент қаласы да бар. Және бұл жолға жету үшін әлі бірер жыл жұмсалатын сияқты. Олай дейтініміз аталған басқарманың өткен жылғы бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстарының қорытынды есебінде де сол кездегі басқарма басшысы Әлібек Нұртаев қалада бұқаралық спортты серік еткендердің үлесі 27,8 пайыз екенін мәлімдеген болатын. Бұл жерде пайыздық көрсеткіш өзгермегенмен, халық саны артқанын айтпай кетуге болмас. Яғни былтыр Әлібек Нұртаев 27,8 пайыздың халыққа шаққандағы саны 281 235 болғанын көрсетсе, биыл Олег Почивалов оның көрсеткішін 294 мың деп түртіп отыр.

Енді бір жылдан аса уақыттан бері бұқаралық спортқа ден қойған халықтың үлесі 27,8 пайыздан аса алмай жатқанда, айналасы екі айдың ішінде 30 пайызға жете қояды дегенге сену қиын.

Сонымен қатар, Олег Почивалов алдағы 1-қарашадан бастап аллеяларда жаппай спорттық жаттығулар ұйымдастырылатынын, таңғы 07.30-да және кешкі 18.30-ға белгіленген бұл шараларды өткізу үшін халық көп жиналатын спорт алаңдары ретінде «Абай», «Тәуелсіздік», «Металлургшілер», «Орталық», «Жеңіс» саябағы, Отбасы аллеясы, Қошқар-Ата жағалауы, Дендросаябақ, «Нұрсәт» шағын ауданындағы аллея және Қажымұқан атындағы Орталық стадион таңдалғанын атап өтеді. Мүмкін Почивалов осындай шаралар арқылы бұқаралық спортқа бет бұрған халықтың үлесін 30 пайызға жеткізу көрсеткішін жасамақшы ма? Жалпы пандемия кезінде ондай шара өткізудің шарапаты қандай болады? Оқшаулау тәртібіне жұртты әрең көндіріп отырғанда, осыны негізге алып, адамдарды сыртқа сүйреу оң нәтиже береді ме?

Почивалов баяндаған тағы бір түсініксіз жәйт мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты осы жылғы жолдауындағы «Бұқаралық спортқа, дене тəрбиесіне жəне балаларға басымдық беру керек. Əр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет. «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің жəне шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді. Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күшжігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Балалар мемлекетіміздің болашағы емес пе?! Əкімдердің жұмысын осы өлшем бойынша да бағалаймыз» деген тапсырмасы негізінде бұқаралық спортты дамытудың концепциясы жасалатынын хабарлауы болды.

Жалпы бір тапсырманы аяғына дейін орындамай, екінші міндетті орындауға қадам жасау қойыртпақ емес пе?

 

А. САТЫБАЛДЫ.