Маңызды

Жалп етіп өше беретін жарық неге қымбат?

 

Шымкентте инфрақұрылым мәселесіне келгенде тұрғындарды шаршатып жүрген толғақты мәселелер өте көп. Соның бірі шалғайдағы біраз елді мекендердегі жарық жайы. Қит етсе жалп етіп сөніп қала беретін мардымсыз жарықтың жүйкені жұқартып біткені жылдыр бойы жыр болып келеді. Ал сол сығырайған жарық үшін төленетін теңгенің қолданыстағы тарифтен бірнеше есе көптігі тұрғындардың шамына әбден тиді.

Шымкенттегі Қайнарбұлақ тұрғын алабының тұрғындары осындай әбігерді бастан кешіп жүр. Жуырда өткен Праймериз-2020 шарасы кезінде үміткерлермен кездескен елді мекен жұртшылығы осы жәйтті айтып, мәселенің тез шешімін табуына ықпал етуді сұраған еді. Аманатқа қиянат бола ма? «Nur Otan» партиясының белсенді мүшесі Есенбек Серкебаев қайнарбұлақтықтардың көңілін күпті еткен осы мәселені алға тартып, тиісті органның назарына жеткізген еді.

Өз кезегінде ондағы тұрғындар электр қуатының бір кВт-ы үшін бекітілген тариф бойынша 14,76 теңге емес, 25-30 теңге аралығында артық төлейтінін, бұл пандемия кезіндегі қазіргідей уақытта тұрғындардың қалтасын қағу екенін алға тартқан. Және оны негізсіз құбылыс екенін ашып айтқан. Өз кезегінде Шымкенттегі магистрал жолдардың жалғасын салу туралы жобаларға шындап кірісіп кеткен қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов қайнарбұлақтықтардың тұтынған энергиясы үшін екі есе артық төлем жасауын ол жаққа тартылған жарықтың жекеменшік трансформаторлар арқылы беріліп жатқанымен түсіндірген. Сонымен қатар ол, ондағы электр желілері азаматтардың өз күштерімен тартылғанын, ал ағаш бағаналар жарық сапасын төмендететінін айтқан. Бұл жарықтың жиі өшетінінің бір себебі. Осындай олқылықтардан электр жүйелерінде жүретін қуат көздерінің барлығы межелі жеріне жете бермейді. Заңсыз, жасырын қосылулар пайда болып, электр энергиясының көзі жоғалады. Осындай шығындардың орнын толтыру үшін жарықтың 1 кВт-на төленетін ақша әдеттегі бағадан бірнеше есеге артық есептеледі. Ал негізінде мемлекеттік «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-і желілерінде деңгейіне қарай ең төменгі тариф 1 кВт үшін 14,76 теңгені құрайды.

Осылардың барлығын жіпке тізіп жеткізген М. Исахов Қайнарбұлақ тұрғын алабын сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында былтыр тиісті жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленгенін, соған сәйкес, 2021 жылы мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында құрылыс жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеген. Нәтижесінде тұрғын алаптағы 2760 үй сапалы жарықпен қамтылатын болады.

Енді қайнарбұлақтықтардың бұл жайсыздыққа көз жұма қарап, шыдам танытудан басқа шарасы жоқ…

 

«Уақыт».

Пікір жоқ

Пікір қалдыру