Маңызды

ТЕМЕКІГЕ ТӘУЕЛДІЛІКТЕН БАС ТАРТУ – ТҮПСАНАДАН БАСТАЛАДЫ

Темекінің адам денсаулығына зияны туралы аз айтылып та, жазылып та жүрген жоқ. Соған қарамастан оны тұтынушылар саны азаймай отыр. Мысалы, әлемде 1 млрд.-қа жуық адам шылым тартады екен. Соның ішінде Қазақстанда 12 жастан асқан балалардың 7,5 пайызы темекіге әуес екендігі туралы мәліметтер бар. Бесіктен белі шықпаған балалар мен жасөспірімдер бұл жағымсыз әдетке неге құмар? Мұның себебін білу үшін коуч, практик-психолог ретінде халықпен тығыз байланыс көпірін орнатып жүрген Асем АДИЛЬБЕКОВАҒА біраз сауал тастаған болатынбыз.

 

– Жалпы, балалардың темекіге әуестігі қалай туады? Оған апаратын факторлар не?

– Мына нәрсені анықтап алайықшы. Темекіні тарту никотинге тәуелділік болып есептеледі. Темекі шегушілер мұның тәуелділік екенін түсінбегендіктен, оны тастауға да қиналады. Бұл – қиындықтың басы.

Балалардың темекіге әуестігінің себебі туралы тұжырымдар көп. Ол балалардың өз айналасындағы тұрғыластарына да байланысты болып келеді. «Мен ержеттім, бойжеттім, ешкімге бағынбаймын» деген қарсылық, наразылық белгісі болуы мүмкін. Яғни, жасөспірімдер енді бой түзеп, есейе бастағанда ата-анасына өзінің ересек екенін, өз бетінше шешім қабылдай алатынын көрсетуге ұмтылады. Бұл жерде ата-анасына айтпаса да, көрсетпесе де, тығылып шеккен күннің өзінде де саналарында сондай сөз сайрап тұрады. Үйдегі отбасылық күйзелісті жағдайлардың әсері де болуы мүмкін. Мысалы, ата-анасы ажырасса не жиі керісе беретін болса, бала темекі шегу арқылы өз күйзелісін жеңуге тырысуы ықтимал. Яғни, тұрмыстық факторлар – бірінші себеп.

Екіншісі – қасындағы, мектептегі жолдастары. Өзі қаламаса да, қасындағы қатарластарынан кем болмайын, олардан алшақтап қалмайын деп соларға ілесіп шегуі ғажап емес. Бұл – психологиялық кемшілік.

Бақуат отбасыдан шыққан балалар да барын көтере алмай, еліріп кетуі мүмкін. Барлығы тәрбиеге байланысты.

Кейбіреулер «темекі шексем, барлығы жақсы болып кетеді» деп жатады. Негізінде никотинге тәуелділік – шындықтан қашудың, оған мойынсұнбаудың көрінісі. Бұл нашақорлықтан да жаман.

Бала үшін бәрі қызық. Сол сынды темекі оларға басында қызық болып көрінуі мүмкін. Ең алғаш тартылған темекі дұрыс шегілмейді. Зерттеу жұмыстары көрсеткендей, әрбір алғашқы тартылған темекі бала денсаулығына кері әсер етеді. Яғни, бала жөтеледі, құсады. Соған қарамастан, намысқа тырысып, екінші, үшінші рет көреді. Осылайша әдетке айналады. Темекі оны тартатын адамдармен араласу құралына айналады. Негізі, темекі шегетіндер далада көп әңгіме-дүкен құрады.

Жалпы, жастар мұны басында тәжірибе ретінде көреді. «Байқап көрейін, ұнамаса тастаймын» деп ойлайды. Бірақ, біржола оның құрығына қалай түскенін байқамай да қалады. Мұндай тәуелділіктен жастарды айықтыру оңай емес. Осылайша темекінің қаншама жасөспірімнің өміріне балта шапқанын ойлаудың өзі өте қорқынышты.

Ешбір ата-ана өз баласының темекі тартқанын қаламайды. Жақсы, бақуат отбасынан шыққан балалар да бір рет болсын темекіні шегіп көрген. Басында қызығушылық үшін, басқалардан қалмау үшін шегеді. Осындай жағдайда ата-ана қырағы болуы керек. Баламен жиі сөйлесіп, қайда барып, кіммен араласып жүргенін біліп отырғаны дұрыс. Қанша жұмысбасты болса да, баланың жасөспірімдік шағында оған міндетті түрде уақыт бөлуге тырысу керек. Және мұндай жаста баланы төмендетіп, кемсітуге, «сен баласың, мен үлкенмін, менің айтқанымды тыңдауға міндеттісің» деп бастырмалатуға мүлде болмайды. Мүмкіндігінше дос-құрдасындай жақын тартып, сырласу, керек жерінде ақыл-кеңесін беріп отыру керек. Бала өзінің қателіктері үшін қорықпай, ата-анасына сенім артып, мойындай алатындай болуы керек. Егер бала ата-анасының қолдау, сүйенішін сезіне алса, никотиннің психостимуляциялық қажеттілігі болмайды. Өйткені, көп бала темекіні жалғыздықтан жабыққанда, әлдебір күйзелісті жағдайдан шығар жол таппағанда, т.с.с. жағдайларда тартады. Жұбанышты содан іздейді.

Бүгінде, өкінішке орай, әсіресе қыздар арасында темекі шегетіндер көбейіп кеткен. Дене сымбатын сақтағысы келетін кейбір қыздар «Темекі шексем, қарным ашпайды» деген жаңсақ пікірге сенеді. Шын мәнінде никотинге тәуелділік артық салмақтан да қауіпті екенін сезіне бермейді. Тіпті никотин көп жағдайда есірткіге апаратын алғашқы баспалдақ сияқты. Темекінің уытына бойы үйренген жасөспірімдер одан да күшті «сергіткіштің» дәмін татуға ұмтылады. Бұл – нашақорлыққа апарар тура жол. Енді ол – бөлек тақырып.

 

– Ал ересек адамдардың темекіге деген әуестігіне қатысты не айтуға болады?

– Бәрі көбіне осы бала жастан басталады. Жылдар өте бұл әдет қанға сіңіп кететіндіктен, есейіп, ес білгеннен кейін оның зиянын біле тұрса да, оны тастау оңайға соқпайды. Бұл жерде әркімге өз өмірін өзі басқара алатындай мықты ерік-жігер, батыл шешім қабылдап, оны орындау үшін жеке жауапкершілік керек. Егер өзіне деген сенімі күшті болса, бұл тажалдан құтылуға болады. Бірақ, мұндай жігер-күш екінің бірінен табыла бермейді, сондықтан ересек адамдардың арасында темекіні серік еткендер көп. Олар өздерін өмірдің барлық қиындықтары мен күйзелістерінен осы темекі ғана құтқарып, жанына жайлылық сыйлайтындай сезінеді. Психологияда мұндай жағдайды триггер дейді. Көбіне бұған оның темекіні жақсы бір отырыста, жарқын жүздесуде, көңілді сейілде шегіп, сол қуанышты сәттерінің санасында сақталып қалуы себеп болады. Сондықтан, ашуланған немесе жабыққан кезінде сол қуанышты сәттері есіне түсіп, жаны бір жайлылықты аңсап, темекі тартуы мүмкін. Әр шеккен сайын осы көңіл-күй қайталанып отырады. Осылай ол бір мезеттік рахатқа алданады. Алданып болған соң, қайтадан күйзеліске ұшырайды. Оны жеңу үшін шегілетін темекі санын көбейте түседі. Нәтижесінде күніне бір-екі қораптан шегеді. Мұндай тәуелділікке тап болмау үшін саналылық қажет.

Оның үстіне мұндай жат әдеттің отбасында да жалғасын табуы ғажап емес. Әкесі темекі шегетін баланың темекі шекпеуі қисынсыз. Кім болса да «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Әрі өзі темекі шегетін әкенің баласына тыйым салуы да қиын. Әрине, мұндай жаман әдетке бой ұрмай, аман қалатындар да болуы мүмкін. Тек ондайлар көп емес, тек 7-8 пайыз төңірегінде ғана.

Қазір есірткіге қарсы күрес толассыз жүріп жатыр. Алайда темекінің қаупі мен зияны есірткіден бір де кем емес. Айырмашылығы, есірткі пайдаланатын адам қажетті дозасын дер кезінде қабылдамаса, ағзасы ауыр күйге түсіріп, азапқа салады. Ал никотинге тәуелділіктің ондай ауыр белгілері жоқ. Темекісі таусылған адамның да өзін қоярға жер таппай, қиналатыны белгілі. Бірақ, нашақорлар сияқты көзі қарауытып, ауыр қылмыстарға бармайды. Ақыл-есін сақтай алады. Бірақ, бұл одан құтылу оңай деген сөз емес. Темекінің қауіптілігі де сонда. Қатты зардабын тартпаған соң, шылымқорлар одан бас тартуды да қажет етпейді. «Қажет болса, тастай салу қиын емес» деп ойлайды. Алайда адам саналы түрде онымен ашық күреске шығып, денсаулығымды сақтаймын, өмірімді жеңілдетемін деп, батыл шешім қабылдамаса, бұл тажалды жеңу қиын.

Темекі шегетін адамдар көбіне жүйкесі нашар, ашуланшақ, сәл нәрсеге күдіктенгіш, секемшіл болып келеді. Жүре келе қалыптасатын бұл мінездер – денсаулықта пайда бола бастаған кінәраттардың белгісі. Мұндай адамдардың жұмыста да, отбасында да ұрыс-керіс, сәтсіздіктер жиі тап болып жатады. Сондықтан, егер осындай қиындықтардың бәрінен құтылғым келеді дейтін адам болса, ең алдымен өзін осыған жақсылап дайындауы керек. Мысалы, темекі шеккісі келіп тұрса, спортпен шұғылданғаны дұрыс. Тыныс алу жаттығуының да пайдасы зор. Мүмкіндігінше жақсы нәрселерге көңіл аудару керек.

Адамның өміріндегі ең құнды нәрсе – ол уақыт. Денсаулықты өз қолыңмен өлтіруге жұмсаған уақытыңды ешкім де қайтарып бере алмайды. Әрі оған жұмсайтын қыруар ақшаңның да есебі жоқ. Сондықтан, темекіден бас тарту экономикалық жағынан да тиімді.

Дегенмен, мұның тағы бір кері жағы бар. Шылым шегуден бас тартқан адамдардың оның орнын толтыру үшін ішімдікке әуес болып кететін жағдайлары да аз кездеспейді. Сондықтан, бір жаман әдеттен бас тарттың екен, басқасына да мойын бұрмауға өзіңе уәде беруің керек. Ол үшін темекінің орнын жоқтатпау үшін бір маңызды жұмыспен айналысып, алға қойған мақсатқа қарай ұмтылу керек. Басқа нәрсені ойлауға уақыт болмауы керек. Бұл – әрине, жоғарыда айтқанымыздай, әркімнің жігер-күшіне байланысты.

Ал жасөспірімдерді бұл жаман әдеттен арылту үшін ата-ананың көмегі ауадай қажет. Әрине, бүгінде күнкөріс, несие төлеу, тағы басқа күйкі тірлікпен баланың басқан қадамын аңдып отыруға ересектердің мұршасы да бола бермейді. Бірақ, балаңның болашағына балта шабылса, тапқан дүниеңнің құны көк тиын емес пе? Сондықтан, әркім өз перзентінің алдындағы ата-аналық парызы мен жауапкершілігін терең сезіне білгені дұрыс болар еді.

 

 – Елімізде темекі бағасы жыл сайын қымбаттап жатыр. Дүкендерде темекіні тек 21 жасқа толған азаматтарға ғана сатуға рұқсат етілген. Мұндай шаралардың елдегі темекі тұтынушылар санын азайтуға септігі тиетініне сенесіз бе?

– Жоқ. «Тыйым салынған жеміс қашанда тәтті» дегенді білесізбе? Айталық, қазір темекі қорапшаларының сыртына никотиннің салдарынан туындаған ауыр сырқаттардың суреті басылып, шығып жатыр. Бұл көріністер балаға қорқынышты көрінуі мүмкін, бірақ олар оны темекіден алшақтату орнына керісінше өзіне тарта түседі. Соңғы деректерге сүйенсек, әлемде осындай тыйым шараларына қарамастан, темекі шегушілердің пайызы артқан. Яғни, неғұрлым тыйым көбейген сайын оған құмарлық та соғұрлым арта түседі. Сондықтан, «Біз темекіге қарсымыз, біз есірткіге қарсымыз!» деп ұрандатқаннан гөрі «Біз салауатты өмір салтын жақтаймыз, біз деннің саулығын қалаймыз!» деп айту керек. Кері жарнама – ол да жарнама.

 

– Сонымен, қорыта айтқанда, темекіні тастау үшін не істеу керек?

– Қазіргі таңда қаржылық сауаттылықты арттыру төңірегінде кеңестер жиі айтылады, оған құлақ қойып тыңдайтындар да көп. Сондықтан, осындай кеңестердің арасында темекіні мысал етуге болады. Мәселен, бай болғың келсе, күніне қанша темекі тартатыныңды, оған кететін шығыныңды есепте. Былай қарап тұрсаң, көп ақша болмауы да мүмкін, шамамен айына отыз не алпыс мың теңгедей. Ал осы қаражат жылына 350-700 мың теңгеге шығады. Қарап отырсаңыз, аз ақша емес. Демек, темекі – ақшаның да, денсаулықтың да соры. Кола сусыны да сол сияқты. Коланың қанты, газы – денсаулықтың қас жауы. Оның бағасы да арзан емес. Бір айда оған да темекіге жұмсағандай ақша шығып кетуі әбден мүмкін. Ал осы екі зиянды заттан зардап шеккен денсаулығыңызды қалпына келтіруге қанша ақша кетеді? Осы жұмсалған қаражаттың бәрін есептеп көрсеңіз, әжептәуір сома шықпай ма? Неге осы ақшаға одан да пайдалы бір зат сатып алмасқа? Артылып бара жатса, басқа мұқтаж адамдарға көмектесіңіз, өмір бойы дұға жасап, тілеуіңізді тілеп өтеді. Шындап келгенде, баюдың бір жолы, міне, осы – елдің алғыс-батасын алу…

Тағы бір ерекше атап өтер жәйт бар. Әрбір жас өзінің теңін тауып, ұнатқан, сенген, сүйген адамымен отбасын құрғысы келеді. Одан соң балалы болуды армандайды. Сүп-сүйкімді, дені сау сәбидің ата-анасы болу үшін өзіңді жаман әдеттерден қазірден алшақ ұстауың қажеттігін де ұмытпаған абзал.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру