САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ ЖЕДЕЛ ШАҚЫРУДАН БАСТАЛАДЫ

Шымкент қаласында «103» жедел жәрдем қызметі бойынша байланыс орталығы құрылып, іске қосылды. Шақыру желісінің саны 9-дан 30-ға дейін көбейтілді. Яғни, қосылған операторлар саны үш есеге көбейді.

 

Осылайша олардың бір тәулікте шақыруды қабылдау қуаттылығы 3500 қоңырауға жетіп отыр. Алдағы уақытта шақыру желілерінің санын арттыру бағытындағы жұмыстар тағы да пысықталатын болады.

Жаз айларында Шымкентте эпидахуал өршіген кезде шақыру саны 3500-ге дейін барған болатын. Індеттің беті қайта бастаған уақытта қала тұрғындарының жедел жәрдем қызметіне қоңырау шалуы 1500-ге төмендеген. Қазіргі уақытта жағдай тұрақталып, шақырулар саны 1200-ге жетіп отыр.

Айта кету керек, бүгінге дейін емханалар жанынан құрылған 67 мобильді бригада 29 мыңнан астам науқасқа медициналық қызмет көрсеткен.