САЛАУАТТЫ ҰРПАҚТЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНА СПОРТ ЗАЛДАРЫНЫҢ СЕПТІГІ КӨП

 

ал, қаладағы мектептер спорт залдарымен толық қамтылған ба?

Өскелең ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға баулу мектеп қабырғасынан басталады. Себебі, оқушылар спорттың денсаулықтың кепілі екенін дәл осы мектептегі дене шынықтыру сабақтары арқылы жете түсінеді.

Сондай-ақ дұрыс тамақтану, ашушаң болмау, сүйікті ісіңмен айналысу сынды иммунитетті нығайтатын әрекеттердің қатарында физикалық белсенділікті сақтау принципін осы пән арқылы түйсінеді.

Қазіргі таңда техникалық прогрестің жемісі – компьютер, смартфон және басқа да электронды құрылғылардың кең қолданысқа енгізілуі адамның физикалық белсенділігін азайтып, қимыл-қозғалысын барынша тежеуде. Бұл адам ағзасының дұрыс жетілмеуіне және өз дәрежесінде жұмыс істемеуіне алып келеді. Айталық, ғалымдардың зерттеуінше, жиі науқастанып, дәрігердің тұрақты қарауына алынған балалардың дені спортпен шұғылданбайтыны белгілі болған. Ал мектеп жасындағы бала үшін спорттың бастауы – мектептегі дене шынықтыру сабағы екені айтпаса да түсінікті.

Ал осы дене шынықтыру пәндерін лайықты деңгейде өткізуге Шымкент қаласының мектептері дайын ба, яғни барлық білім мекемелерінде қажетті жабдықтармен жарақталған заманауи спорт залдары бар ма?

Қалалық білім бөлімінің ресми деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда Шымкентте мемлекеттік коммуналдық қазыналық меншіктегі 148 мектеп болса, соның 5-де спортзал (4 кешкі мектепті қоспағанда) жоқ. Орта білім беретін бұл мектептерде 139 спортзал, 174 спорт алаңшасы бар. Оның ішінде 89 мектепте типтік үлгідегі спорт алаңшасы орнатылған.

Ал қаладағы спорт залы жоқ мектептер қатарында №63, 95, 101, 121, 123 мектептерді атауға болады. Рас, бүгінде №63 және №101 мектептерде қосалқы спортзал ғимараттарының құрылысы жүргізілуде. Нысандар жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал қалған мектептерде бұл мәселе әлі шешімін таппаған.

Дегенмен, Шымкент қалалық білім беру басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша, аталған мектептерде спортзалдың жоқтығы мұнда дене шынықтыру сабақтары болмайды деген сөз емес, яғни балалар дәстүрлі форматта білім алуын жалғастыратын болса, мектеп ғимараттарының жанындағы өзге мекемелердің спорт алаңшалары мен спорт залдарына барып жаттығу мүмкіндігі бар.

Бұдан бөлек, биыл 17 мектепке спорт алаңшасын орнату жұмыстары қолға алынған. Бұл үшін республикалық бюджеттен 560 млн. теңгеден астам қаржы бөлініпті. Қазіргі таңда 15 мектепте ашық аспан астындағы спорт алаңшаларын орнату жұмыстары аяқталса, қалған 2 білім ұясына осы айдың соңына дейін салынып бітеді деп жоспарланып отыр.

Тағы бір сүйінші жаңалық, биыл қала мектептерінің спорт залдары 40 миллион теңгеге қажетті құрал-жабдықтармен жарақталған. Демек, салауатты ұрпақ тәрбиелеу ісіне көңіл бөлу жыл санап артып келеді.