АЛПЫС ӘЛІ ТАЛ ТҮС…

Зейнетке шығу мерзімін төмендету туралы министрдің ойы осыған саяды

 

Кешегі аптада Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров елімізде азаматтардың зейнеткерлікке шығу мерзімін 60 жасқа дейін төмендету мәселесін көтерді. Осы мәселені қаузап, Үкіметке депутаттық сауал жолдаған Айқын Қоңыров бұл тұрғыдағы уәжін де айтып өтті.
Қазіргі таңда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша COVID-19 вирусынан қайтыс болғандардың көш басында 60 жастан асқан адамдар тұр екен.
Еліміздегі статистиканы сараласаң да осыған ұқсас жағдай айқын көрінеді. Мәселен биыл Қазақстанда қаңтар-тамыз айларының аралығында 111 мыңға жуық өлім-жітім тіркелген. Келместің кемесіне мініп кеткендердің 71 пайыздан астамы немесе 78 637-нің алқымдаған жас шамасы 60-тан асқан.
Осындай деректерді келтірген төменгі палата депутаты алдағы уақытта коронавирустың екінші толқыны, маусымдық тұмау егде жастағы азаматтар үшін қауіпті кезең екенін, сондықтан да оларға қосымша қауіпсіздік шараларын қарастыру жолында зейнет жасын 60 жасқа дейін төмендету қажеттігін алға тартады. Сөйтіп коммунистердің лидері Айқын Қоңыров әйелдер мен ерлер үшін зейнетке шығу жасын 60 жас деп белгілеу туралы ұсыныс білдірді.
Депутаттың бұл бастамасын кейбір сарапшылар сайлау алдындағы көзге түсу әрекеті деп болжады. Ал әлеуметтанушылар депутаттың бұл сөзінің жаны бар екенін жоққа шығармайды. Мәселен, әлеуметтанушы Рамазан Саттарұлы отандық телеарналардың біріне берген комментарийінде «60 жасқа келген ерлер болсын, әйел кісі болсын денсаулығында, кәсіби біліктілігі мен әлеуметтік белсенділігінде баяушылық пайда болады.

Ол физиологиялық, психологиялық ерекшеліктерге байланысты. Осы тұрғыдан алғанда гуманистік негізде зейнет жасын 60-қа дейін төмендету дұрыс. Бірақ зейнет жасына шыққаннан кейін оның әл-ауқаты қандай болады?», — деп, мәселенің екінші жағы бар екенін ұмытпауға шақырады.
Депутаттың бұл ұсынысы әлеуметтік желіде де қызу талқыланды. Желі қолданушыларының көпшілігі бұл пікірді қолдады. Араларында депутаттың дегеніне келіспейтіндері де табылды. Бірер күннен соң жұрт арасында талқыға түскен бұл мәселе туралы еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі тоқетер мәлімдемесін айтты.
Ведомства өкілі Біржан Нұрымбетов Үкіметте зейнет жасын төмендету мәселесі қарастырылып жатқан жоқ екенін, керісінше зейнет жасын ұлғайту әлемдік үрдіске айналғанын баса айтты. Өз кезегінде Біржан Нұрымбетов көрші Ресей Федерациясы 2019 жылдан бастап ерлер мен әйелдерге зейнет жасын 5 жасқа дейін көтеру шараларын қолға алғанын, ал Әзірбайжан бұл шараға 2017 жылы мән бергенін негізге алды. Яғни, министрдің сөзінше «алпыс әлі тал түс». Бұл дегеніміз Коммунистік партия депутаты Айқын Қоңыровтың Үкіметке жеткізген ұсынысы жәй ғана сөз болып қалады дегенді білдіреді.
Елімізде әйелдер 59, ал ерлер 63 жасында зейнетке шығады.