Маңызды

ҚАЛАДА КӨРЕТІН ҚОШЕМЕТ КӨП

Қанатын кеңге жайған, жайқалған, жайнаған Түркістан қаласында биыл пайдалануға берілетін нысандар жетерлік. Жуырда қала әкімі Рашид Аюпов осы жылы пайдалануға берілетін жаңа нысандарды журналистерге таныстырды. Осы мақсатта ұйымдастырылған баспасөз турында қала әкімі БАҚ өкілдерімен бірге төмендегідей нысандарға бет алды.
Арнайы топ әкімшілік-іскерлік орталығындағы «Конгресс-Холл» концерт залымен танысты. Ғимараттың аумағы 6438 шаршы метр. Сарайдың бірінші қабатында 1000 орындық көрермен залы, әкімшілік үй-жайлар және балалар ойын бөлмесі бар. Екінші қабатта жиналыс бөлмесі мен әкімшілік үй, 400 орындық зал орналасқан.
Одан соң, БАҚ қызметкерлері 7000 көрерменге лайықталған «Turkistan-Arena» стадионына аялдады. Стадион ғимаратында акробатика, бокс, ауыр атлетика сынды спорт түрлеріне арналған залдар бар. Сонымен қатар, жоғары білікті спортшыларды дайындауға арналған толыққанды күнделікті жаттығулар өткізуге жағдайлар қарастырылған. Тур аясында топ «Оқушылар сарайымен» де танысты. Өскелең ұрпақты өнерлі болуға баулитын нысан аумағы 9250 шаршы метрді құрайды. Ғимарат 1200 оқушыға арналған. Ондағы театр залы 400 адамды, ал мәжіліс-залы 80 адамды қабылдай алады.
Киелі әрі көркем шаһардың «Отырар» ықшамауданындағы спорт кешені биыл ел игілігіне берілетін нысандардың қатарында. Жалпы аумағы 3,82 гектарды құрайтын кешенде олимпиадалық параметрлерге сай келетін бассейні бар. Сонымен қатар, спорт кешенінде кеңсе бөлмелері, мини-футбол, баскетбол, волейбол, гандбол сияқты спорттық іс-шараларға арналған жаттығу залы соғылған. Бұдан бөлек, йога мен үстел теннис залы бар.
Пресс-тур аясында қалада туристерге ыңғайлы жағдай жасау аясында бой көтерген «Қабылдау орталығы» таныстырылды. Орталыққа келушілердің назарын аударатын ең басты дүние – құнды жәдігерлер мен тарихи кітаптар. Яғни, рухани шаһарға келген қонақтар «Қабылдау орталығына» келіп, Түркістан жайлы жан-жақты мәлімет ала алады. Онда тамақтану орындары, электронды карта, үш тілде мәлімет беретін аудиогид бар. Сондай-ақ, қонақтар «Қазақ хандығы» интерактивті залында Кенесары ханның қылышының түпнұсқасы және басқа да жауынгерлік киімдерді көре алады. Сонымен қатар, онда интерактивті тақта арқылы Түркістан облысы аумағының тарихи жерлері көрсетіледі.
Шара барысында БАҚ қызметкерлері «Әзірет-Сұлтан» тарихи-мәдени қорық музейі аймағындағы қолөнер шеберханасы, шығыс базары, дәстүрлі тағамдар аймағы, ұлттық ойындар алаңы, мерекелік қойылымдар алаңы, атқа арналған алаң орналасқан «Этноауыл» жобасымен танысты.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру