Маңызды

ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНДА ЖАТТАНДЫ ҚАҒИДАНЫ ҚАПЕРДЕН ШЫҒАРМАУ ҚАЖЕТ

Түркістан облысында қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан болатын улы газдан улану жағдайы азайған. Мысалы, 2018-2019 жылғы жылыту маусымында көмірмен немесе газбен жағылатын пештерді немесе қазандықтарды дұрыс пайдаланбаудан туындайтын мұндай жағдайдың 17 оқиғасы тіркелген. Салдарынан 23 адам қайтыс болып, 19 адам жарақат алған. Ал 2019-2020 жылыту маусымында 7 оқиға орын алып, 5 адам уланып қайтыс болса, 4 адам жарақат алған.

Өз кезегінде Түркістан облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов мұндай өкінішті жағдайларды алдын алу мақсатында қауіпсіздік талаптары сақталмаған тұрғын үйлерге ескерту жасалып, жергілікті атқарушы органның, «КазТрансГазАймақ» мекемесі мен «Оңтүстік жарық» өкілдерінің қатысуымен рейдтік шаралар жүргізіліп тұратынын жеткізді. «Аталған жұмыстар облыстың барлық қала, аудандарында қолға алынып, арнайы жұмыс тобы осы бағытта қарқынды жұмыс атқарған»,- деп мәлімдейді.
Бүгінде республика көлемінде 15-қыркүйектен бастап өрт қауіпсіздігі айлығы жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 15-қазанына дейін жалғасатын шара туралы Нұрғали Жүнісов:
«Түркістан облысында өрт қауіпсіздігін алдын алу жұмыстары маусым және тамыз айларында өткізілді. Соған сәйкес, инспекторлар үйлерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Қазіргі таңға дейін облыс көлемінде 26 167 үйге рейдтік шаралар жүргізіліп, 45 367 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы анықталған. Сондай-ақ, департамент тарапынан БАҚ арқылы тұрғындарға түсіндірмелер айтылып, ескертулер жасалып келеді»,- деді Нұрғали Сырлыбайұлы.
Улы газдан уланбаудың жалғыз амалы – төмендегідей жаттанды қағиданы қаперден шығармау. Ең бастысы ешқандай ақауы жоқ, жарамды пештер мен қазандықтарды қолдану қажет. Түтіннен тазаланбаған мұржа да қауіп көзі екенін ұмытпаған жөн. Желдету жүйесіне аса мән беріңіз.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру