ӨҢІРДЕ ӨНДІРІСТЕ ЖАРАҚАТ АЛУ ДЕРЕГІ ӨСУДЕ

Түркістан облысында осы жылдың 9 айында ұйымдар мен мекемелерде өндіріске байланысты 46 жазатайым оқиға тіркеліп, 67 адам жарақат алып, оның 13-і қаза болған. Өткен жылдың сәйкес мерзімінде облыста өндірістік жарақат алудың 24 жағдайы тіркелген-тін. Салдарынан 30 адам жарақат алып, 4 адам қайтыс болған.

Өндірісте жүрген жұмысшылардың жазатайым жағдайларға тап болу жағдайының көбеюінің бірнеше себебі бар. Қазақстан Республикасы бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов мұндай мазасыз жағдайдың ең әуелгі себебіне аймақтағы құрылыс алаңдарындағы жұмысшылар арасында еңбекті қорғау мен қауіпсіздік техникасы туралы ақпараттың жеткіліксіздігі себеп болып отырғанын алға тартады.
Оның сөзінше Түркістан облысында тіркелген жарақат алудың 12 оқиғасы жапа шеккендердің өрескел қателіктерінен туындаған. Ал 9 жағдай еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау ережелерін, сондай-ақ, жол қозғалысы ережелерін бұзумен байланысты болған. Сонымен бірге, аталған себептердің қатарына еңбек және өндірістік тәртіпті бұзу, қауіпсіз жұмыс тәсілдері бойынша оқытудың аздығы, жұмыс орындарын ұйымдастырудағы кемшіліктер және тағы басқа салғырттықтар себеп болған. Бұдан бөлек, Төлеген Оспанқұлов осындай оралымсыз жағдайды алдын алу үшін құрылыс нысандарына мемлекеттік еңбек инспекторларының баруы, аудандарда семинар-кездесулер өткізу, жұмыс берушілермен және ұйым, мекеме басшыларымен түсіндіру жұмыстарын жүргізуі сынды шараларды жеткіліксіз деңгейде атқармағандығымен байланыстырды.
Өз кезегінде бұл мәселелер аймақта ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, жергілікті атқарушы органдағы басқармалар басшылары, әлеуметтік серіктестер өкілдері мен өңір кәсіпорындары басшыларының қатысуымен өткен кездесуде талқыланды.
Жазатайым оқиғалардың себептері мен олардың санын азайтуға қажет шаралар қарастырылған кеңес, Ербол Нұрғалиев бастаған делегация Түркістан қаласындағы өндірістік жарақаттар тіркелген нысандар мен өнеркәсіптік кәсіпорындарда болғаннан кейін облыстық әкімдікте өтті. Өз кезегінде Ербол Нұрғалиев, өндірістік жарақаттармен байланысты ахуалды талқылау қорытындысында еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізу, жұмыс жағдайының қауіпсіздігін арттыру және Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының «VizionZero» тұжырымдамасын насихаттауды күшейтудің қажеттілігі мен маңыздылығын атап өтті.
«Жұмыс берушілердің де, жұмысшылардың да еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау талаптарын бұзатынын ескере отырып, жұмысшыларды еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау, еңбектің қауіпсіз әдістері мен тәсілдеріне оқыту бойынша жұмысты күшейту қажет», — деді Ербол Нұрғалиев.
Кездесу соңында, ол өңірде 2019-2023 жылдарға арналған өндірістік жарақаттар мен зиянды еңбек жағдайы бар жұмыс орындарын қысқартудың Жол картасын іске асыру бойынша іс-қимылды ширатуды тапсырды.