КҮНГЕЙДЕ 50 МЫҢҒА ЖУЫҚ ОҚУШЫ ҚАШЫҚТАН ОҚИТЫН ҚҰРЫЛҒЫСЫЗ ОТЫР

Пандемияға байланысты елімізде оқушылардың 77 пайызы немесе 2,6 млн. бала қашықтан білім алып жатқаны белгілі. Ал Түркістан облысындағы оқушылардың 89 пайызы немесе 446 109 бала сабақты партада емес, платформа арқылы оқып жатыр. Алдын ала жүргізілген мониторингке сәйкес, осыншама оқушылардың ішінде 79 214 бала үшін қашықтан білім алуда аса қажет компьютерлік техника мен планшет қолжетімсіз екені анықталған.
Осы мақсатта мектептен 24317 компьютер оқушыларға уақытша пайдалануға берілген-тін. Қалған балалардың қажеттілігін қамтамасыз етудің қарқыны қандай? Оқу жылының басталғанына бір жарым ай уақыт өтті. Бірінші тоқсанның қорытындылануына да екі аптадай уақыт қалды. Ал құрылғысы жоқ қанша оқушы әлі күнге дейін құр алақан отыр.
Жалпы облыста оқушылар онлайн арқылы ойдағыдай білім алуын қамтамасыз ету үшін әу баста ел Үкіметі резерві қаражатынан 57190 компьютерлік құрылғы атап айтқанда 43527 — ноутбук, 5952 – компьютер, 7711-і планшет сатып алу жоспарланған.
Өткен қыркүйек айында өңір оқушыларына 4000 планшет сатып алынып, үлестірілген. Осы айдың басында тағы 3711 планшет қабылдап алынды. Жаңа құрылғылар екі ай уақытқа арналған «Білім» тарифі қосылған сим карталарымен берілді.
Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының мәлімдеуінше енді қалған 49 479 құрылғы (5952 компьютер, 43527 ноутбук) ағымдағы жылдың 30-қазанына дейін алынып, оқушыларға беріледі деп күтілуде.
Қашықтан оқытуды тиімді ұйымдастыру мақсатында алынатын компьютерлер мен ноутбуктер негізінен аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ерекше білім алуды қажет ететін балаларға үлестіріледі. Техникалардың әр оқушыға жеткізілуін Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасы жанынан құрылған жетекші топ мүшелері қадағалауда.
Жалпы Түркістан облысында 912 жалпы білім беретін мектеп бар. Мектептерде 502 737 бала білім алады.