Мен Мәжілісте ең өзекті мәселелерді көтерем

Мен, Мөлдір Бауыржанқызы Бекеева, 1991 жылы 17-қазанда дүниеге келдім. Ұлтым – қазақ. Білімім – жоғары. Мамандығым – тележурналист.
Еңбек жолымды 2010 жылы облыстық «Отырар TV» телеарнасындағы «Жас толқын» жастар бағдарламасының тілшісі болып бастадым. Бүгінде есімі мен еңбегі елімізге белгілі талай талантты, әрі кәсіби тележурналистерді тәрбиелеген білікті ұстаз – Валентина Куликованың шәкіртімін. Иә, 10 жылдан астам уақыттан бері БАҚ саласында қызмет етіп келемін. Көпшілік төртінші билік деп танитын журналистикада жүріп ел аумағындағы, ондағы Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы әлеуметтік, экономика, коммуналдық салалардағы түйткілді мәселелермен етене танысып, көзбен көрдім. Куәгері болып қана қоймай, қайбір проблемалардың, олқы жағдайлардың оң шешімін табуы үшін оқиға орнына арнайы барып, сол түйінді тақырыптар турасында толыққанды бейнематериалдар дайындадым. Мәселелердің мән-жайы боямасыз, бүкпесіз баяндалатын сюжеттерді сол мезет және қазіргі күндері де көгілдір экран арқылы көпшілікке ұсынумен келемін. Осылайша халық пен билік арасында алтын көпір – дәнекерлеуші ретінде қос тараптың күрделі-күйін, жағдайдың жай-жапсарын жіті зерттей отырып, көрерменге жіліктеп жеткізуден жалықпадым. Қоғамдағы келелі мәселелер мен көз алдымдағы жүгенсіз жағдайларға бейжай қарамауға дағдыландым дей аламын. Менің көрерменге жол тартқан бейнематериалдарым арқылы қаламыздағы бірқатар мәселелер шешімін тауып, халықтың үні билікке жеткен кездер көп.
Сонымнен, 2014 жылы ҚР Журналистер Одағына мүшелікке қабылдандым. 2015 жылы Оңтүстік өңірі бойынша «Үздік жас тілші – 2015» мәртебесін еншіледім. 2017 жылы облыс және Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хаттары берілді. 2018 жылы ҚР Білім және ғылым министрінің атынан «Білім саласын ақпараттандырудағы сіңірген еңбегі үшін» арнайы Алғыс хатын алдым. Дәл осы жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасымен марапатталдым.
2018 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен, сондай-ақ ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің төрағасы А.Ж.Шпекбаевтың шешімімен «VI ҚОҒАМДЫҚ ҚҰРМЕТ ҰЛТТЫҚ СЫЙЛЫҒЫ — 2018» сияпатын алып, «Үздік тележурналист-2018» номинациясының иегері атандым. 2020 жылы «Nur Otan» партиясының Алғыс хаты (Арыс қаласындағы жойқын жарылыстағы билік және халық үнін ақпараттандырудағы сүбелі үлесі үшін) берілді.
Менің праймеризге қатысуымның басты себебі де осы. Мемлекетіміздегі, ел арасындағы, миллионды қала – Шымкенттегі әлі де болса шешімін таппаған түйінді мәселелерді жіті білгендіктен, ендігі жерде оны жазумен шектелмей, тиісінше нақты жоба-жоспарды жүзеге асырмақпын.

САЙЛАУАЛДЫ 
БАҒДАРЛАМА:

Қазақстанның қазіргі саяси бағдары мен биігі – еліміздегі өкілді және атқарушы билік өкілдерінің қызмет сапасына тәуелді. Осы орайда дәл қазіргі сәтте халықаралық қатынастар жүйесінде де жетістікке жетіп, дамыған шет мемлекеттермен терезені теңестіру үшін — жаңа көзқарас пен жаңа идеялар, тіпті жаңаша қызметтік құрылым қажеттілігі туындап отырғаны хақ. Бұл бастама, бұл батыл өзгеріс – мемлекеттік және қоғамдық құрылымдар қызметін толық қамтып, еліміздегі саяси ахуал мен экономикалық өркендеуге, халықтың әлеуметтік тұрмыс-салтын жақсартуға әкелері сөзсіз. Сондай-ақ, қоғамды жауыр еткен мәселе – сыбайлас жемқорлық тәуелділігін түбегейлі жоюға бастап, жаңа, әрі қауіпсіз қоғаммен өзгерістерді жатсынбай қабылдауға қауқар бермек. Ендеше, осы «праймериз» ұсынған мүмкіндікті пайдалана отырып, еліміздің өрлеп-өркендеуі үшін мен де сүбелі үлесімді қосқым келеді. Парламент Мәжілісінде ҚР-ның ең қымбат қазынасы – адам және адам өмірі, сондай-ақ тұтас мемлекет мүддесін қорғай отырып, бар күш-жігерім мен кәсіби білім-біліктілігімді тәуелсіз Қазақстанның одан әрі дамуына жұмсауға ниеттімін.

Құрметті отандастар! 
Қадірлі нұротандықтар!

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «….Халқымызды толғандыратын барлық мәселелер бізге белгілі. Осыған орай, ахуалды жақсарту үшін іс-қимыл жоспары әзірленіп жатыр. Бізге зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Мен ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім артамын. Қазақстан – ортақ шаңырағымыз!
Мен бәріңізді мерейлі мекенімізді өркендетуге үлес қосуға шақырамын…» , — деген болатын.
Ендеше, мен, Мөлдір Бауыржанқызы Бекеева, Қазақстан Республикасының азаматшасы ретінде өзімнің Конституциялық құқықтарымды пайдалана отырып, республикамыздың дамуы үшін жеке жауапкершілігімді жете сезіне келе, бар күш-жігерімді, білімім мен түйген тәжірибемді іске қосып, Мәжіліс депутаты болып сайланған жағдайда келесі мәселелердің нақты шешілуіне атсалысқан болар едім.
1) Адам өмірі: қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
– ҚР-ның ең қымбат қазынасы – адам және адам өмірі болғандықтан, оның құқықтары мен бостандықтары сақталуы арқылы бейбіт күнде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
– кароновирус пандемиясына байланысты көз көрген саяси ахуалды ескере отырып, кадрлық саясатты өзгертуді және қайта жасақтау, жүйелеу қажет деп санаймын;
– Аудан, қала, шалғай ауылдардағы орталық көшелер мен аулалар жарықтандырылып, бейнебақылау камералары (онлайн режимдегі) орнатылу керек. Бұл алдымен аулада ойнап жүрген немесе сабаққа бет алған (сабақтан қайтқан) балалардың өмірі үшін қауіпсіз болады, тіпті педофилдердің арам пиғылының жолын кеседі. Ал екіншіден, елімізде ең көп орын алатын қылмыс санаты – пәтер ұрлығының (және өзге де) алдын алады және ұры-қарылардың тез арада қолға түсіп, қылмыстың ашылуына жағдай жасайды. Тиісті жүйенің сол аумаққа бекітілген учаскелік полиция инспекторына да қолжетімділігін қамтамасыз ету керек.
2) Тұрмыстық зорлық-зомбылық: әлеуметтік-психологиялық орталықтар саны мен сапасын арттыру.
– Нұр-сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында (мегаполистер) әйелдерге арналған 250 орынды, ал өзге қалаларда халық санына қарай 35-70 орынды әлеуметтік-психологиялық орталық (6 ай бойы тегін паналауға негізделген) ашуды ұсынамын;
– Жанұяда зәбір көрген әйелдерге арналған анонимдік шұғыл желі – CALL орталық іске қосылып, ақысыз құқықтық кеңес (көмек) беру орталығы қызметін бастауы қажет деп санаймын;
— Жалғызбасты аналардың балаларына алимент алуын оңтайландырып, бұл жүйені тағы да жетілдіру қажеттілігі туындап отыр.
3) Жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу жолдары.
– Еліміздегі білім ұяларындағы мектеп инспекторларының санын оқушы санына қарай 7-ге дейін арттыру қажет. Қазіргі кезде әрбір мектепте 1 ғана инспектор бекітілген, оның өзінде ол қызметкер әр ауысымдағы мектеп оқушыларын жаяу жүргіншілер жолынан күтіп алып, шығарып салу шарасына да жұмылған. Көбіне оқушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізуге үлгермей жатады). Осы орайда ескеретін жәйт, мектеп инспекторларының тәжірибелі полиция қызметкерлері жасағынан болуы маңызды. Сондай-ақ, олардың барлығы бұл қызметке кірісер алдында толығымен арнайы психологиялық даярлық курстарына қатысып, оқушылардың психологиясын (жас ерекшеліктеріне қарай) толық меңгеруі тиіс.
4) Жастар саясатын жүзеге асыру және жұмыссыздықты жою.
– Нұр-сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында (мегаполистер) жастар қатарының үлесіне қарай «Жастар орталығы» мекемесінің санын 3-ке жеткізу керек деп ойлаймын. Жастардың жарқын өмірі үшін қолға алынған ауқымды жобаларды жүзеге асыруда бұл орталықтар белсенді, әрі жауапкершілігі мол мамандармен толығуы маңызды;
– Жастар мәселесін шешу жолында жұмыс жасайтын мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың жобаларына кедергі келтірмей, тиісінше қолдап, қуаттау жүйесінің тиімділігін арттыруды ұсынамын. Мәдени шаралардың (флэшмоб, жаттанды өнер байқаулары мен мазмұнсыз басқосулар) үлесін азайтып, ғылыми жаңа технологияны ұштастыратын креотивті жобаларға басымдық беруді құптаймын;
– Мемлекеттік және жекеменшік жұмыс берушілер тарапынан жастарға деген арнайы қолдау квотасының үлесі болып, тиімділігін арттыру алгоритмін іске қосу керек.
5) Студенттік өмір сапасын жақсарту.
– Жекеменшік ЖОО-дары жанындағы жатақханалар жағдайын назарға алу. Әрбір оқу ордасында студенттер санына қарай жатақханадағы орын санын арттырып және ондағы материалдық-техникалық талаптарды қадағалау;
– «Студенттік құрылыс отряды» жобасын (құрылыс компанияларымен арнайы келісім-шарт негізінде) қайта қолға алу. Жазғы демалысын тиімді өткізумен қатар, оларды еңбекке баулып, жалақы алуын қамтамасыз ету керек деп есептеймін.
6) Білім саласындағы мәселелер:
– Мектеп мұғалімдерін жұмысқа алу мен директорларды тағайындау бойынша жаңа платформа дайындау. Білімді ұрпақ тәрбиелеу үшін және сыбайлас жемқорлықтың тетіктерін жою мақсатында педагогтарды жұмысқа қабылдау процесіне білім басқармасы басшылығынан бөлек, тәжірибелі педагогтар, «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері немесе жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті мамандарын және БАҚ өкілдерін жұмылдыруды ұсынамын;
– Мектептерде сыртта орналасқан әжетханалардың мәселесін шешу;
– Мектеп асханаларындағы ас мәзірі мен ондағы бағаларды бақылау.
7) Медицина саласындағы мәселелер:
– Дәрігерлердің кәсіби білімін, халықаралық тәжірибе алмасу жобаларын жетілдіру;
– Медицина қызметкерлернің мәртебесі мен әлеуетін көтеру;
– Денсаулық сақтау ұйымдарының сандық және сапалық көрсеткіштерін арттыру. Медициналық мекемелердегі (аурухана, емхана) әлі күнге тапшы құрал-жабдықтар мен заманауи қондырғыларды толықтыру. Бұл үшін қазынадан қаралған қаржының мақсатты жұмсалуын бақылау және қадағалау);
– Емханалар тарапынан науқастарға үлестірілуі тиіс тегін дәрі-дәрмектер тізбесін құпия сақтамай, тиісінше оны ашық түрде жариялап, ұсынып отыру керек. Сондай-ақ, зейнеткерлер мен көпбалалы жанұя өкілдеріне дәрі-дәрмек құнын төмендету жүйесін енгізу;
– Трансплантациялық оталар бойынша орын алатын заңсыз әрекеттерді болдырмау, сондай-ақ ана мен бала өлімін азайту мақсатында дәрігерлердің қызметін қадағалайтын және ақ халаттылардың жұмыс сапасын жақсарту мақсатында әр қаладан құзырлы топты арнайы жасақтау (өзіндік қауіпсіздік басқармасы ретінде) керек.
8) Қарттар үйі тұрғындарының санын азайту:
Жалғызілікті қарттарды қоспағанда, қартайған ата-анасын кәнігі қарттар үйіне ерікті түрде тапсырған перзенттерінің ай сайынғы жалақысынан белгілі бір мөлшерде (15-20 %) қаржыны ұстап, сол теңгені осы қарттар үйінің қорына аударуды ұсынамын. Бұл жоба ондағы қарттар санының азаяюына сеп болады және бюджет қаржысын үнемдеуге көмектеседі.
9) Инфрақұрылым және коммуналдық мәселелер:
– — Елімізде, оның ішінде Шымкент қаласында соңғы 5 жыл ішінде мемлекеттік бағдарламалар аясында бой көтерген тұрғын үйлер сапасына тұрғындар уәжін ескере отырып, қайта тексеру тағайындау. Құрылыста жіберілген және коммуналдық кем-кетігін мердігер компаниялар тарапынан қалпына келтіру керек;
– Инфрақұрылымдық нысандардың құрылысына бөлінген бюджеттік қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылау;
– Биылғы салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің сапасын бақылау мен қадағалау жұмыстарына бекітілген комиссия құрамына «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі өкілдерінен бөлек, арнайы құрылыс саласы мамандарын әр аймаққа өзге өңірлерден тартуды қажет деп санаймын. Бұл – бір жағынан тәжірибе алмасу болса, екіншіден — сыбайлас жемқорлық тетіктерін жоюға бағытталмақ.
Осы орайда, туған өлкем Шымкент қаласы – үшінші мегаполис ретінде әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайы жақсарып, инфрақұрылымының гүлденуі үшін мәдени, әрі рухани дамуы мақсатында әлі талай толағай жұмыстар атқарылуы қажет екенін жақсы білемін. Қазірдің өзінде қолға алынған жалпықалалық жобадан бөлек, өзіндік ұсынып отырған сайлауалды бағдарламамды жүзеге асыру – менің азаматтық парызым. Қала тұрғындарын мезі етіп келген проблемаларының шешілуіне жәрдемдесіп, олардың өмір сапасын жақсартуға ықпал етуде аянып қалмасым анық. Алдағы уақытта Шымқаламыздың тарихы мен көне жәдігерлеріне төрткүл дүние қызығушылығы анағұрлым артып, туристер таңдана қарайтын әлемдік деңгейдегі алып қалалар қатарында болмақ. Бұл мақсатта Парламент Мәжілісінің мінберінде халыққа қызмет етуге қауқарлы жас ретінде кәсіби білім мен білігім, өмірлік ұстанымым, ел мен жерге деген құрметім де жеткілікті деген ойдамын.