Дауасыз дерт төмендер емес

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі еліміздің аумағында бүкіл дүниені тітіренткен жұқпалы дерт ахуалының тұрақталғанын айтып ақталғанмен, пневмонияға байланысты арнайы статистикалық мәліметтерге қарағанда апат әлі асқынып тұрған секілді. Әсіресе коронавирус инфекциясынан шығын болғандардың қатары азаю орнына артып отыр.
Тамыздың алғашқы күніннен кешеге дейін 32 мыңдай адам коронавирус пневмониясын жұқтырып, 27 мыңдайы жазылып шығып, 347-і қайтыс болған. Ал содан сәл бұрынырақ уақытта яғни, наурыздан бергі уақытта коронавирустан көз жұмғандардың санына көз салсақ олардың қатарының 1715-ке жеткені талайлардың орны толмас өкінішке ұрындырды. Дәл қазіргі таңда елімізде арнайы жабдықталған жұқпалы ауруханаларда ем қабылдап жатқан науқастардың жалпы есебі 3515 болса, оның 40-ы жас балалар. Осы ауыр дертке шалдыққандардың 98-інің жағдайы ауыр, 13-і өте ауыр, ал 22-сі тыныс алу аппараттарына таңылған. Тек кеше ғана дертке шалдыққандардың қатарына тағы да 230-дан астам адам қосылған.
Әсіресе, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарында дертті жұқтырғандар азаймай отыр. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек кешегі тәулікте бұрын құрбан болған 1700-ден астам адамның қатарын тағы да төрт адам одан әрі ұлғайтқан.