ҚАУЫН-ҚАРБЫЗ КӨЛДЕЙ ПАЙДА ӘКЕЛДІ

Мақтааралдық диқандардың арқасында қазақ дастарханында бақша өнімдері молынан қойылуда. Көктемде сел әкелген сергелдеңге қарамастан шаруалар еккен өнімдерін күтіп, баптап, өз кәсіптеріне деген ықыласын жоғалтпады. Енді соның жемісін көрер күн туды.
Бүгінге дейін аудан диқандары қауын-қарбыздан 300 мың тоннаға жуық өнім жинап үлгерді. Оның 90 пайызы шет елдерге экспортталып үлгерді. Қауынның құны бір келіге шаққанда 80-85 теңгеден саудалануда. Жиып-терілген бақша өнімдері еліміздің ішкі нарығына ғана емес, экспортқа да шығарылуда. Әр күн сайын қауын-қарбыз тиелген 300-ге тарта жүк көліктерінің керуені ТМД, Прибалтика елдері мен Түркия, Германия, Греция елдеріне жолға шығуда. Жүк көліктерінің діттегін жерге еш кедергісіз жетуі жолында ауданда жасақталған көлік логистикалық орталығы қолайлы жағдай туғызуда.
Ауданның шаруақор диқандары биыл 10 мың гектар жерге қауын, 831 гектар жерге қарбыз еккен. Егілген қауынның басым көпшілігі «Жиенбет» және «Валеть» сынды отандық сорттар. Қауынның мұндай түрлері дәмділігімен қатар, ұзақ жолға тасымалдауға шыдас беретіндігімен ерекшеленеді.