Маңызды

ТҰРҒЫНДАР ӘКІМГЕ САПАСЫЗ ҚҰРЫЛЫС ТУРАЛЫ ШАҒЫММЕН КӨП ШЫҒАДЫ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов тұрғын үй құрылысының барысымен танысу кезінде тиісті басшыларға осылай деп, сапаға баса мән беруді тапсырды.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Жалпы, Шымкентте жыл соңына дейін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 104 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Соған сәйкес 5800 отбасы баспаналы болады. Құрылысы қарқын алған ол тұрғын үйлердің басым көпшілігі әкімшілік-іскерлік орталығында, «Шымкент сити» мен «Тұран» шағын аудандарында бой көтеруде.
Осы жылдың аяғына дейін тапсырылуға берілетін 104 тұрғын үйдің 59-ы (3732 пәтер) бюджет есебінен, 26 үй (1157 пәтер) «Shymkent» ӘКК» АҚ арқылы, ал жеке салушылар есебінен 19 үй (911 пәтер) салынуда. Құрылыс алаңын аралау кезінде қала әкімі Мұрат Әйтенов мердігер мекемелерге жұмысты дер кезінде аяқтауды айта келе «Ең басты талап – сапа. Біз тұрғын үй құрылысын жүргізушілерге әрдайым қолдау көрсетеміз. Дегенмен де біз Сіздерден тек сапалы жұмыс күтеміз. Әрине, құрылыс жұмыстарының қала экономикасына қосар үлесі мол. Қалаға келетін инвесторлар да алдымен құрылыс барысына мән береді»,-деді.
Бүгінгі таңда Шымкентте «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында және «7-20-25» бағдарламасымен, барлық қаржы көздері есебінен 14 224 пәтерлі 262 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру