Маңызды

ТҮЗЕЛУ ЖОЛЫНА ТҮСКЕНДЕР ТҮЗЕУ МЕКЕМЕСІНЕН ШЫҒАРЫЛДЫ

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев 1-қыркүйек Тәуелсіздік күні қарсаңында түрмедегі 113 адамға рақымшылық жасады. Ел Президенті Шавкат Мирзиёев қол қойған «бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқан, жасаған ісіне шын жүректен өкініп, түзелу жолына нық қадам басқан адамдар тобын кешіру туралы» Жарлыққа сәйкес, 5 адам негізгі жазаны өтеуден толық босатылса, 53 адамның жазасын өтеу мерзімі шартты түрге ауыстырылды. Сонымен қатар 15 адамның жазасы неғұрлым жеңіл жазамен ауыстырылып, 40 адамның жазасын өтеу мерзімі қысқартылған.
Бостандыққа шығып, еркін тыныстайтындардың арасында діни және саяси іспен сотталған төрт адам бар. Атап айтқанда, «Ваххабизм» ағымына қатысы бар деген айыппен сотталған бұрынғы имам Рухиддин Фахриддинов, «Салафизм» ағымына қатысы бар деген айыппен сотталған Искандар Худойберганов, Өзбекстанның конституциялық құрылымына нұқсан келтіруге тырысты деген айыппен істі болған жас ғалым Акром Маликов, солармен бірге республикалық сот-медицина орталығының бұрынғы қызметкері Рустам Абдуманнопов өздеріне кесілген жазадан бұрын бостандыққа шықты. Рақымшылыққа ілінген азаматтар бостандыққа 27-тамыздан бастап жіберілген. Ал сотталғандардың туыстары мен қорғаушылары бұл көзайым жаңалықты 26-тамызда ғана естіген.
«Эзгулик» адам құқықтарын қорғау ұйымының жетекшісі Абдурахман Ташанов енді тас қабырғалы түрме қабырғасында отырғандардың мерзімінен бұрын бостандыққа шыққандары жалақысының 20 пайызын ай сайын мемлекетке беріп тұруы тиістігін алға тартады.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру