Маңызды

Мақтаарал ауданында «Қыс-2022» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу жиыны өтті. Таңғы сағат 9:00-де арнайы дыбыс күшейткіш аппаратынан дабыл қағылып, тиісті мекемелердің мамандары қажетті құрал-жабдықтарымен және техникаларымен аудан орталығы Мырзакент кентіне жиналды.

Азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесін ұйымдастыруды жетілдіру, сондай-ақ басқару органдарын, күштер мен құралдарды даярлау мақсатында өткен жиынға аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков арнайы қатысып, аудандық азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтердің дайындығын қарап шықты. Ең алдымен әкімнің орынбасары қыс кезіндегі төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-әрекеттер, атап айтқанда көшіру іс-шараларын, ішкі істер органдарымен өзара әрекеттесу жоспарларын нақтылады. Сондай-ақ барлық деңгейдегі авариялық-құтқару, диспетчерлік және болжау қызметтерінің жұмысын, жедел кезекшілік пен басқаруының ұйымдастырылуын, хабарлау және байланыс жүйесінің дайындығын тексерді.
Қысқы кезеңдегі ықтимал төтенше жағдайларды жою үшін құрылған авариялық-құтқару қызметінің құрылымы мен құрал-саймандарының есебі де анықталды. Жиын барысында энергия, газ, жылу, ауыз сумен қамтамасыз ету жүйелерінің және көлік қатнастарының жұмыс істеуге дайындығы, тәуелсіз энергиямен қамтамасыз ету көздерінің, материалдық-техникалық, азық-түлік, медициналық және басқа да қорлардың шамасы белгілі болды. Оқу-жаттығу барысында авариялық-құтқару қызметі және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуде шұғыл басқару алгоритмдері жасалды. Халықты шұғыл хабарландыру үшін аудандық орталықтандырылған хабарлау жүйелері, дауыс күшейткіш құралдары, теледидар және басқа да БАҚ арқылы тарату тәртібі қаралды.
Төтенше жағдайлар аймағында және автокөлік коммуникацияларында адам өліміне жол бермеу бойынша құрылымдардың іс-әрекеттері, апат аймағынан адамдарды іздеу, оларды уақытша орналастыру аймақтарына көшіру, зардап шеккендерге бірінші дәрігерлік және медициналық көмек көрсету сияқты мәселелер де оқу-жаттығу барысында пысықталды.

Түркістан облысына қарасты Отырар ауданында 12 елді мекенде газбен қамтамасыз ету жұмыстарының құрылысы толық аяқталып отыр. Бұл туралы бүгін өткен брифингте Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов мәлімдеді.

Аудан әкімінің айтуынша, қазіргі таңда 8 елді мекен табиғи газға қосылған. Олар — Ақтөбе, Жаңа және Ескі Шілік, Қарақоңыр, Ш.Қалдаяқов, Мыңшұқыр, Ынталы, Қоғам елді мекендері. Ағымдағы жылдың соңына дейін 4 елді мекен, атап айтқанда, Бестораңғыл, Ақтам, Талапты, Шәуілдір табиғи газ жүйесіне қосылады деп жоспарлануда. Ал 2023 жылы 7 елді мекен, яғни Темір, Арыс, М.Шойманов, Қарғалы, Көкмардан, Шытты, Отырар тұрғындары газбен қамтылмақ. Бұл жөнінде «2022 жылдың 9 айында жалпы өңірде өндірілген өнім көлемі 61 млрд 952 млн теңгені құрап, 2021 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 24,5%-ға артқан. Ал негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі — 14 млрд 954 млн 300 мың теңгеге жетті. Сондай-ақ өнеркәсіп өнімінің көлемі – 13 млрд 713 млн теңгені құраса, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 27 млрд 98 млн теңгеге жетті» деді аудан басшысы.
Отырар ауданының 2023-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, 2 мектеп құрылысы мен бір мектеп жанынан қосымша ғимарат салу жоспарланған. Сонымен қатар биыл Қоғам ауыл округінен Талапты дәрігерлік амбулаториясының құрылысы басталған. Нысан 2023 жылы пайдалануға берілмек. Ауданда 2022 жылдың 9 айында 13 010 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Отырар ауданы бойынша 38 елді мекеннің 33-і толық сапалы ауыз сумен қамтылған. Аудан көлеміндегі жалпы автомобиль жолдардың ұзындығы 863,05 шақырымды құрайды. Оның ішінде қанағаттанарлық жағдайдағы жол — 641,42 шақырым.

Өткен аптада Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Баймұханбетұлы Жемісті ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуде аудан басшысы ағымдағы жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларды баяндады.

«Біздің мақсатымыз – сіздермен еркін пікір алмасып, маңызды мәселелерді талқылау. Себебі ауыл мәселесін сіздерден артық білетін ешкім жоқ. Айта кетсем, ауданымыз туризм, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлікті дамыту саласында аса қарқынмен дамуда. Алдағы уақытта да аудан көлемінде ауылдарды дамыту жұмыстары қарқынмен жалғасатын болады» деді Мұхит Баймұханбетұлы.
Кездесуде тұрғындар тарапынан электр энергиясы, жұмыспен қамту, ағын су және ауыз су, жол жөндеу, табиғи газ, дәрігерлік емхана салу, жерлерді құжаттандыру мәселелері бойынша сұрақтар қойылып, өтініштер айтылды. Әр тұрғынның мәселесі маңызды екенін айтқан аудан басшысы ұсыныс пен өтініштер хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыс жүретінін айтты. Кездесуге ауыл округ әкімі, дербес бөлім басшылары да қатысып, тұрғындардың арыз-шағымы мен өтініштерін тыңдады. Ашық пікір алмасу өтіп, күрделі мәселелердің түйіні тарқатылды. Ағымдағы жылы Жемісті ауылдық округі, Тың елді мекеніндегі Бірлік көшесінің 0,210 шақырымына орташа жөндеу және жаяу жүргіншілер жолын салуға бюджеттен қаржы қаралып, бүгінгі таңда мердігер мекеме тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар Жемісті елді мекенінен Тың елді мекеніне баратын жолдың бойына жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстарына бюджеттен қаржы қаралып, бүгінгі таңда мердігер мекеме тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын аяқтау ағымдағы жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Айта кету керек, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс, қала және аудан әкімдері өңір тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін тыңдап келеді. Сонымен қатар жиын барысында атқарылған жұмыстардың есебі де беріледі. Күні бүгінге дейін өткен кездесулерде көтерілген мәселелердің дені шешімін тапқан. Ал ұзақ мерзімді қажет ететін жұмыстардың жайы халыққа ұдайы түсіндірілуде. Мұндай жиындар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдер халықпен тұрақты түрде кездесіп, атқарылған жұмыстардың есебін беріп келеді. Осы аптада Түркістан облысына қарасты Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбектің кезекті жұртшылықпен кездесуі Ж.Ералиев ауылдық округінде өтті.

Аудан басшысының іс-сапарда болуына байланысты аудан әкімінің орынбасары Асан Маханбетов өткізген жиынға аудан прокурорының орынбасары Мақсат Ералиев пен аудандық полиция бөлімінің инспекторлары, бөлім басшылары мен жергілікті тұрғындар қатысты. Аудан әкімінің орынбасары жиынды бұған дейінгі кездесулерде айтылған мәселелердің орындалуы барысымен таныстырудан бастады. Нақтырақ айтар болсақ, Ж.Ералиев ауылдық округі, Жаңа дәуір елді мекенінің тұрғыны Шаханбай Тойымбетовтың елді мекендегі медициналық пунктке баратын жолы мен спорт ойын алаңшасын салу бойынша айтқан өтініші бойынша ұзындығы 700 метрді құрайтын Тыныштық көшесіне 2020 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, медициналық пунктке баратын ішкі көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін сметалық құжаттамалары жасақталған. Қажетті қаржы көлемі анықталып, аудандық бюджеттік комиссияның кезекті отырысына қаржыландыруға ұсынылатын болады.
Сонымен қатар Абай елді мекенінің тұрғыны Дәулет Жасұзақов елді мекенді көгілдір отынға қосып, Үркер көшесіне асфальт төсеу, таза ауыз сумен қамтамасыз ету туралы айтқан өтінішіне сәйкес, елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жобалау-сметалық құжаттамаларының әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғанын, жоба құрылысына қаржы бөлдіруге облыстық салалық басқармаға ұсынылғанын айтқан аудан әкімінің орынбасары округке қарасты Арай және Абай елді мекендеріндегі 23 ішкі көшені «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша орташа жөндеуден өткізу мақсатында сметалық құжаттамалары Республикалық және облыстық бюджет есебінен қаржыландыруға ұсынылғанын, 1468 тұрғыны бар елді мекенде ауыз су жүйесіне 1 дана су тазартқыш мембрана және 1 дана су тазартқыш омега қондырғылары орнатылып, жұмыс жасап тұрғанын жеткізді.
Одан бөлек, Алтын Тураевтың Сейфуллин ауылының ішкі көшелеріне асфальт төсеу қажеттігі жайлы айтқан өтініші де жауапсыз қалмады. Асан Маханбетовтың айтуынша Сейфуллин елді мекеніне қарасты ішкі көшелерге орташа жөндеу жұмыстары елді мекенде ауыз су жүйелерін қайта құру мақсатында жүргізілетін қазба жұмыстары толық аяқталғаннан соң, кезең-кезеңімен аудандық бюджеттік комиссияға қаржыландыруға ұсынылатын болады. Атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырған аудан әкімінің орынбасары әлеуметтік мәселелермен қатар ауыз су, ескі электр бағаналарын ауыстыру, ауылдық округке қарасты елді мекендерде мәдениет және спорт нысандарын салу, жол жөндеу мәселелері бойынша қойылған сұрақтарға жауап берді. Тұрғындар тарапынан айтылған өтініштердің орындалуын сала мамандары мен бөлім басшыларына мықтап тапсырды.

Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков аудан орталығының Абылайхан көшесінің бойында орналасқан «Еркін сөйле» логопед орталығының жұмысымен танысты.

Аталған орталықты Абдрахманова Мафтуна Даниярқызы басқарып отыр. Айтуынша, Алматы қаласында жоғары мамандықты аяқтаған соң логопед-дефектолог болып тәжірибе жинақтап, еңбек еткен. Биылдан бастап өзінің туған жерінде халыққа медициналық-психологиялық қызмет көрсетуді жоспарлап, іске кіріседі. Іс жүзінде кәсібін ашу үшін Ақсукент ауылынан 8 ай бұрын орталықты ашып, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында мемлекеттік бағдарламасының «Бастау Бизнес» жобасының жастар санатымен жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған 1225200 теңге көлемінде мемлекеттік грант арқылы қаржыландырылған.
Аудан орталығында ашылған ақылы түрде қызмет көрсетін алғашқы логопед орталығында балалар мен ересектер қазақ, орыс, өзбек және түрік тілдерінде сабақ оқытылып, ем алуда. Бүгінгі таңда 6 адамды жұмыспен қамтыған. Барлығы – өз ісінің шебері, кәсіби білікті логопед мамандар. Олар балалардың жас ерекшелігіне қарай, дұрыс сөйлеуін дамытып, даусын ашық-жарқын шығару үшін дағдыландырады. Балалардың бет бөлігін уқалау арқылы тіл ақауларын жоюға көмегін береді. Орталықта балаларда психикалық дамуының кешігуі және сөйлеу дамуының кешігуіне байланысты алдымен диагностикалық талдау жүргізіліп, деңгейіне қарай білікті логопед, дефектолог, психолог, сенсорлы терапевт секілді мамандары қажетті кеңес береді. Баланың ыңғайы мен жағдайына қарай жеке сабақтар өткізіледі. Орталықтағы мамандар педагогикалық түзету, музыкалық терапия, кәсіби терапия, ойын терапиясы, нүктелік уқалау бойынша емдеу курсын өткізеді. Аталған оңалту орталығында қазіргі таңда 90 бала ем алуда. Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға 42 әріпті екі айда үйрену, 10-ға дейін сандарды қосып, азайту, моторикасын дамыту, есте сақтау, ойлау қабілеттерін көрнекіліктер, ойын заттары және арнайы құрылғылармен дамытып келеді. Аталған орталықта сөйлеу тілінде кедергілері бар, тұтығы бар 1 жастан 25 жасқа дейінгі балалар мен ересектер оқытылады. Мұнда логопед-дефектологтің 1 сабағы — 2000 теңге. Ал жалпы 1 кезеңдегі ем алуы 12 сабақтан тұрады.
Мекеме қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Алдағы уақытта жаңа аппараттарға тапсырыстар берілген. Ағымдағы жылдың желтоқсан айынан бастап кез-келген жастағы инсульт ауруына шалдыққан адамдардың ем алуына мүмкіндік жасалатын болады. Аудан әкімі орталықты аралай келе, жас кәсіпкердің белсенді еңбегіне алғысын білдіріп, алдағы жұмыстары сәттілік тіледі.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өңірде энергетика саласын дамыту, тарифтерді қадағалау, осы саладағы инфрақұрылымды жақсарту мәселелері талқыланды. Мәжіліске жауапты басқарма басшылары, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің бас директоры Мурат Ибрагимов, «Энергопоток» ЖШС-нің бас директоры Айгерім Кушкумбаева, «Қазақстанның коммуналдық жүйелері» ЖШС-нің бас директоры Наби Айтжанов және өзге де азаматтар қатысты.

Облыс әкімі инвесторларға қолайлы жағдай жасау бағытында қуат көздерін арттыру мәселесін көтерді. «Түркістан облысының тұрғындары негізінен ауылды елді мекендерде тұрады. Оларды сапалы инфрақұрылым, электр қуатымен қамту – маңызды міндет. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Сонымен бірге еркін экономикалық және индустриалды аймақтарда қуаты жоғары әрі бағасы қолжетімді электрмен қамтуымыз керек. Тарифтер мәселесі де жауапты мекеме арқылы тұрақты зерделенеді» деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының хабарлауынша, өңірде энергетика саласында ауқымды жұмыстар атқарылған. Облыстағы 831 елді мекеннің 815-і орталықтандырылған электр желісіне қосылған, қалған 16 елді мекен дербес электр қондырғыдан электр қуатын пайдалануда. Биыл электрмен қамтамасыз ету нысандарының құрылысына 13,1 млрд теңге қаралып, 40 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның 8-інің құрылысы биыл аяқталып пайдалануға беріледі. Ал қалған 32 нысанның құрылысы 2023 жылға өтпелі. 2024-2025 жылдары Түркістан қаласында «Сауран», «Нұртас» қосалқы станцияларының және «Орталық» қосалқы станциясынан халықаралық әуежайға дейінгі электр желілерінің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.
Мәжілісте Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Қанат Оралов электрге жауапты компанияның тарифтері заң аясында қадағалауға алынғанын мәлімдеп, осы бағыттағы жұмыстарды баяндады.

Жуырда Түркістан қаласында «Түркі әлемінің орталығы» нысанының сәулеттік-көркемдік келбетін, кешенді сәулет тұжырымдамасын әзірлеу үшін республикалық ашық байқау ұйымдастырылған болатын. Бүгінде осы маңызды жобаны жүзеге асыру жолдары зерделеніп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен аталған орталықтың тұжырымдамасын әзірлеу жөнінде кеңес өтті.

«Түркі әлемінің орталығы» нысанының тұжырымдамасы терең талданып жасалуы тиіс. Түркі мемлекеттеріне арналған бөлімдері мен мұражайларын әзірлеуге сол елдердің өкілдерін шақыру мәселесін қарастырған жөн. Еліміз үшін, Түркістан үшін бұл нысанның идеологиялық-рухани мәні зор. Бұл орталық түркі елдерінің тарихын ғана дәріптеп қоймай, туризмді дамытуға үлес қосады. Оған барлық мүмкіндікті қарастырамыз. Алдымен облыстық, кейін мемлекеттік деңгейде зерделеп, ұсыныстарды енгіземіз» деді Дархан Сатыбалды. Мәжілісте құрылыс, сәулет саласының өкілдері өз пікірлері мен ұсыныстарын айтты. Түркістан облысының мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев Түркістан қаласындағы «Түркі әлемінің орталығы» нысанының ғылыми тұжырымдамасы «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы №207 Заңына сәйкес дайындалатынын айтты. 2021 жылы, 31 наурызда «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбында түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өткен болатын. Саммитте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында түркі халықтарына ортақ сәулет нысанын салуды тапсырды. Осы тапсырма да негізге алынады.
Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы. «Түркі әлемі» орталығы заманауи технологияларды пайдалана отырып, тұрақты экспозициялар мен уақытша көрмелер құру арқылы мыңжылдықтар түкпіріндегі түркі әлемі халықтарының тарихы мен мәдениетін көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар мәдени, әдеби форумдар мен білім беру бағдарламаларын өткізуге арналған орын болуы тиіс. Орталықтың басты міндеттерінің бірі – түркі әлемінің тарихи — мәдени мұрасын насихаттау, Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани астанасы ретінде және халықаралық деңгейдегі мәдени және туристік орталық ретінде насихаттау. Туристер санын арттыру да – назарда. Осы деректерге тоқталған басқарма басшысы көне түркі жазуы, Түркі әлемінің даңқты перзенттерін де насихаттау жоспарда екенін жеткізіп, осы бағытта ұсыныстар әзірленіп жатқанын атап өтті.

Мақтаарал ауданында биыл 10 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі артып, 73 млрд 438 млн теңгеге жеткен. Бұл туралы бүгін өткен брифингте Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов мәлімдеді.

Аудан әкімінің айтуынша, мақтааралдық диқандар биыл 60,8 мың гектар жерге егістік ексе, оның 40,4 мың гектар мақта дақылына тиесілі. Бүгінгі күнге мақта дақылы толығымен жиналып, 105 717 тонна өнім алынды. Орташа өнімділік гектарына 26,3 центнерді құрады. Ал көкөніс 19,2 мың тонна, бақша өнімдері 398,2 мың тоннаны құрады. Оның 80 пайызы экспортталған. Сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен 12,6 млрд теңге өнім шығарылған. «Биыл ауданда құны 2,5 млрд теңгелік «ZHANASSYL» ЖШС-і мақта өңдеу зауыты іске қосылды. Сондай-ақ «EL-KZ 2020» ЖШС бетон өнімдерін өндіру зауыты жыл соңына дейін іске асыру көзделіп отыр. Аталған кәсіпорындарда 267 адамды тұрақты жұмыс орынмен қамту жоспарлануда» деді аудан әкімі.
Инфрақұрылым бойынша аудандағы жалпы 69 елді мекеннің 67-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Ал табиғи газға 69 елді мекеннің 36-сы қол жеткізген. Қалған елді мекендерді қамту мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. Биыл жалпы 52,26 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекендердің ішкі көшелері орташа және ағымдағы жөндеуден өткізіліп жатыр. Ал «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл бірқатар нысандардың құрылысы басталды. Атап айтсақ, Мырзакент кентінде спорт кешені, Еңбекші ауылдық округі, Т.Жайлыбаев елді мекенінен 200 орындық мәдениет үйі және кітапхана, Жамбыл ауылдық округі, Жалын елді мекенінен 200 орындық мәдениет үйі және кітапхананың құрылысы жүріп жатыр. Аталған нысандар келесі жылы ел игілігіне берілмек.
Мақтаарал ауданында «Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері», «Сапалы білім «Білімді ұлт» және «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» ұлттық жобалары шеңберінде 41 жоба қаралып, жалпы 701 жаңа жұмыс орнын құру жоспары бекітілген. Қазіргі таңда, 41 жобаның 34-і іске асырылып, 200 жұмыс орны құрылып, халықты жұмыспен қамту орталығы тарапынан 171 жұмыссыз азамат электронды еңбек биржасы арқылы жұмысқа жолданған.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің төрағалығымен Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті. Жиында үш мәселе талқыланды.

Бірінші мәселе бойынша ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев баяндама жасады. Ол Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығының қорытындысы және ведомстволық наградалар және геральдикалық белгілер мәселелері бойынша нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру жөніндегі ұсыныстар туралы айтты. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Қазақстан республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мемлекеттік рәміздерді насихаттау мен қолдану саласындағы жұмыстар сараланды.
Комиссия отырысы күн тәртібінің үшінші мәселесі бойынша Алматы, Павлодар, Түркістан облысы әкімдіктерінің мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және насихаттау жөніндегі тәжірибелері тыңдалды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыста осы бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталды. «Өздеріңізге белгілі, бұл жыл Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздерінің 30 жылдығын мерекелеумен ерекше. Аталған мереке шеңберінде облыста арнайы әзірленген іс-шаралар жоспарына сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілуде. 30 жылдық аясында Ордабасы ауданында «Рәміздер алаңы» ашылып, Кентау қаласы мен Төлеби, Қазығұрт аудандарында тутұғыр орнатылды. Облыстағы барлық алаңдар мен саябақтарда қалың жұртшылықтың қатысуымен Рәміздер күнін атап өту, патриоттық іс-шаралар өткізу, мемлекеттік қызметкерлер мен әскери қызметшілердің ант қабылдауы жыл сайынғы үрдіс ретінде қалыптасқан» деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан өңірінде Мемлекеттік Рәміздердің 30 жылдығы мерекесін насихаттау мақсатында облыстағы 17 аудан, қаладағы 244 конструкцияда идеологиялық материалдар орналастырылған. Облыстық, аудандық және қалалық деңгейде патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылған. 25 мамыр — 6 маусым аралығында облыста мемлекеттік рәміздердің қолданылуы мен орналастырылуы бойынша мониторинг жұмыстары жүргізілді. Аудан, қалалардағы 300 мекеме зерделеніп, анықталған кемшіліктер жойылып, әдістемелік көмек көрсетілген.

Түркістан облысында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған «Әкім гранты» жобасы бойынша қолдау көрсетілетін азаматтардың саны артпақ. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жоба аясында ауыл жастарын қолдауға бағыттауға басымдық беруді тапсырды. Бұл мақсатта қосымша қолдау тетігін қарастыруды жүктеді. Облыс басшысына шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау және дамыту туралы баяндалды.

Өңір басшысы сала мамандарына «Түркістанда жасалған» брендін дамытуды міндеттеді. Оңтүстіктің негізгі драйвері — аграрлық саланы одан әрі дамытып, еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек екенін айтты. Сонымен бірге ұлттық қолөнерді дамытуға басымдық беруді міндеттеді. «Түркістан өңірінде өте еңбекқор халық тұрады. Біз бизнесті дамытудың үлгісін көресете білуіміз керек. Бизнес – халыққа қажетті жоба. Тек сауда саласын ғана емес, барлық бағытты игеріп, көш басында жүруге жағдай жасалу керек. Жаңа бір бизнестің көзін тауып, оны ширату қажет. Жаппай жандандырып, отандық брендті дамыту керек. Екіншіден, жеңілдетілген несие ұсынылып қана қоймай, одан нақты нәтиже шығатындай жоспар болғаны жөн. Тұрғындарды кәсіпкерлікке баулу, отандық өндіріс көлемін арттыру бағытында жұмыс жандандыруды тапсырамын» деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Басты мақсат – шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін 2025 жылға қарай 30%-ға жеткізу. Облыстағы кәсіпкерліктің саны 26,5 мыңға артып, 171 мыңнан асты. Жыл басынан бері кәсіпкерлер жеңілдетілген 6%-бен «Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары арқылы 28,8 млрд теңгеге несиеленді. Биыл кәсіпкерлер 17 млрд теңге несие алып, соның 54%-ы (яғни 9,2 млрд теңгесі) «Даму» қоры арқылы кепілдендірілді. Түркістан облысында кәсіпкерлерге 1%-дық несие беру бойынша «Жібек Жолы Бизнес» бағдарламасы дайындалып жатыр. Сондай-ақ өңірде кәсіпкерлерге арналған «кіші өндірістік парктерді» құру көзделген.