Маңызды

Бүгінде кәсіп бастап, нәсібін көрем деушілерге мемлекет тарапынан барынша жағдайлар жасалып келе жатыр. Өз кезегінде, берілген мүмкіндікті пайдаланып, жұмысын бастап, игілігін көріп жатқан жандар да баршылық. Соңғы уақытта Шымкент қаласында мемлекеттік бағдарламаның қыр-сырына қанық болып, көмек алып жатқан көптің қатары қалыңдап келеді. Бүгінгі материалымызда солардың бірнешеуі турасында тарқата жазуды жөн санап отырмыз.

Солардың бірі – Әйгерім Ережепова. 32 жастағы көпбалалы ананың мамандығы – дизайнер. 6 жылдан бері тігіншілікпен айналысып келе жатыр. 2022 жылдың басында қалалық жұмыспен қамту орталығының Instagram парақшасынан сәуір айында мемлекеттік грантқа құжат қабылдаудың басталатындығы туралы хабарландыруға көзі түскен ол тұрғылықты мекенжайы бойынша көпбалалы санатымен тиісті құжаттарын өткізеді. Уақыты келгенде арнайы комиссияның алдында бизнес жоспарын сәтті қорғап, оған грант (400 АЕК) тағайындалған. Алған қаражатына заманауи үлгідегі цифрлы тігін машинасын, ноутбук және өзге де қажетті құрал-жабдықтарды сатып алады. Қазіргі таңда кәсіп иесі тапсырыспен түрлі бұйымдарды тігуде. Тіпті instagram-нан парақшасын да ашқан. «Адам алдына қойған мақсатына жету үшін әрекет етуі керек. Еңбектенуі тиіс. Сонда ғана қандай да бір жетістікке қол жеткізе алады. Көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жастарға мемлекеттің қолдауы көп. Соның бірі — мемлекеттік грант. Жеке, шағын кәсібін бастауға зор мүмкіндік. Сондай мүмкіндік маған да туды» дейді ол. Бүгінде кәсіпкердің жұмысы жүріп, табысы да артқан.
Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрген көптің қатарында қала тұрғыны Азиз Бакибаев та бар. ІІ топтағы мүгедектігі бар азамат денсаулығын алға тартатын жан емес. Азиздің қолынан келетін ісі – көлік жөндеу, ұрылған көліктерді түзеу, сырлаумен айналысу. Бастапқыда цех ашу үшін құрал-жабдықтардың керегі айтпаса да белгілі. «Атамекен» палатасында кәсіпкерліктің негіздерін оқып, серификатқа ие болдым. Бизнес-жоспарымды қорғау қиын болған жоқ. Өйткені бұл менің сүйікті кәсібім болатын. Грант алып, көлікті жөндеуге қажетті құрал-жабдық сатып алдым. Қазір 3-4 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Енді екінші шеберханамды ашу жоспарымда бар. Бұл ісім нәтижесін берсе, онда 3-4 азаматқа жаңа жұмыс орны ашылады» дейді ол.
Ал қала тұрғыны Сәуле Құдайбергенова мемлекеттік гранттың арқасында аяғы ауыр әйелдерге арналған жастық шығарып келеді. Бұл – сұраныстағы зат. Тігіннен хабары бар кейіпкеріміз жүкті аналардың денсаулығына аса қажетті жастықты аз уақыттың ішінде-ақ кәсібіне айналдыра білді. Бір айта кетерлігі, Сәуле Құдайбергенова өзінің мүмкіндігінің шектеулі болғанына қарамастан еңбектің көзін тапқан жан. «Рахат» кондитерлік фабрикасында еңбек еттім. Соңғы алты жылдан бері денсаулығыма байланысты жұмыссыз болдым. Қарап отыруға болмайды. «Әлің барда еңбек ет, еңкейгенде емерсің» деген аталы сөзіміз бар. Осы істі тәуекелмен бастап, уақыт өте келе жемісін көре бастадым. Мемлекеттің көмегін алдым. Енді ары қарай кәсібімді дамытып, қажетті құрал-жабдықтар алсам деймін. Пайдасы жақсы болып жатса, қосымша жұмысқа адамдар қабылдау да жоспарымда бар» дейді кәсіпкер.
Жалпы «Бизнес бастау» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жобасының мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз халықты кәсіпкерлікпен айналысуға тарту арқылы экономикалық белсенділігін арттыру. Олай болса, аталған жоба үшінші мегаполисте өз тиімділігін көрсетіп, кәсібін дөңгелеткендер қатары артып келеді. Айта кетерлігі, 8 тамыздан бастап қайтарымсыз гранттар алуға өтінімдер қабылданады. Ендеше, мұндай мүмкіндікті жіберіп алуға болмайды. Әрекет түбі – береке!

Білім саласында атқарылып жатқан игі іс көп. Мәселен, 2020 жылдан бастап еліміздегі барлық мектептер жан басына қаржыландыру жүйесіне көшті. Аталған жүйе Шымкент қаласында өз нәтижесін беруде. Былтыр 21, биыл 20 мектеп жеке инвесторлар есебінен салынуда.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов әрбір мектептің жаңа оқу жылына дайындығын тексеру мақсатында, білім беру ұйымдарын аралап көруде. Соның бірі — Әл-Фараби ауданы Қонаев даңғылындағы «OSCAR» лингвистикалық элиталы 480 орындық жекеменшік бастауыш мектебі 3 қабатты, 30 оқу бөлмесінен тұрады. Асхана, спорт залы, мәжіліс залы, медициналық кабинет те қарастырылған. Мектеп жаңа оқу жылына 95 пайыз дайын. Бүгінде мұнда жиһаздар қойылуда. Акт, спорт залға жұмсақ төсеніштер қойылып, асханаға қажетті заттарды да орналастыруда.
Айта кету керек, Шымкент қаласында білім ордаларының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында қыруар іс атқарылып келе жатыр. Қала берді, мектептердің тозығы жеткен ескі ғимараттарын жөндеуден де өткізуде. Ал білім ордаларындағы орын тапшылығын шешу мақсатында қосымша ғимараттардың құрылысы жүргізілуде. Мұның өзі салада атқарылып жатқан ауқымды бастамалардың бар екенін айғақтайды. Ал атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын шаһар басшысы тікелей бақылап, сын-ескертпелерін айтып, тиісті тапсырмаларды беріп келе жатқанын да айта кету керек.

Шымкент қаласында тұрғындардың талап-тілегі ескеріліп, тиісті жұмыстар атқарылып келе жатыр. Мәселен, жуырда ғана шаһар басшысы Мұрат Әйтенов азаматтарды жеке мәселелері бойынша кезекті тамы айындағы біріңғай қабылдауын өткізді. Бұл жолы қабылдауға 250-ге тарта азамат келді. Оның 170-ке жуығы қала әкіміне өтініштерін айтса, қалғаны басқарма мен аудан әкімдіктері деңгейінде шешілетін мәселе бойынша жүгінген. Шымкент қаласында тұрғындардың талап-тілегі ескеріліп, тиісті жұмыстар атқарылып келе жатыр. Мәселен, жуырда ғана шаһар басшысы Мұрат Әйтенов азаматтарды жеке мәселелері бойынша кезекті тамы айындағы біріңғай қабылдауын өткізді. Бұл жолы қабылдауға 250-ге тарта азамат келді. Оның 170-ке жуығы қала әкіміне өтініштерін айтса, қалғаны басқарма мен аудан әкімдіктері деңгейінде шешілетін мәселе бойынша жүгінген.

Тұрғындар негізінен тұрғын үй, әлеуметтік сала және инфрақұрылым мәселелері, заңсыз құрылыс жөніндегі талап-тілектерін жеткізді. «Түркістан» сарайында өткен біріңғай қабылдауда шаһар басшысымен қатар қала әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшылары, прокуратура мен полиция департаментінің өкілдері, аумақтық департамент басшылары да тұрғындардың жеке мәселесін тыңдады. Жер телімін заңдастыру, тұрғын үй беру туралы өтініштер тек заңға сәйкес шешілетіні айтылып, мемлекеттік қордан пәтерлер кезек арқылы арнайы электронды жүйеде жүзеге асатыны түсіндірілді. Келушілер арасында әлеуметтік дүкен ашу, қонақ үймен қатар емхана салуға инвестор болу, суреттерінің жобасымен таныстыру, бас жоспарға қатысты өзгерістер енгізу, қаланың өркендеуіне қатысты идеяларымен бөлісіп келгендер де бар.
Қала басшысы Мұрат Әйтенов әрбір азаматтың өтінішін тыңдап, қала тіршілігіне бейжай қарамайтын белсенді тұрғындарға алғысын білдірді. Жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді. Айта кету керек, қала әкімі бұған дейін үшінші мегаполиске қарасты аудандардың тұрғындарымен есепті кездесу өткізген болатын. Қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері таныстырылатын жиында да тұрғындар тарапынан түрлі өтініштер мен ұсыныстар айтылып жатады. Ол бойынша да қалалық әкімдік тарапынан жедел тапсырмалар беріліп, дер кезінде орындалуда. Ал шешілуіне бірнеше жыл қажет болатын кешенді жұмыстар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Соңғы уақытта қоғамды базардағы бағаның күрт өсуі алаңдатып отыр. Бұрындары ай сайын көтерілетін баға бүгінде бірнеше күннің ішінде шарықтап шыға келетін болған. Мұның сан түрлі себебі де бар. Біріншіден, шетелдік тауарларға деген тәуелділіктен туады. Яғни әлемде орын алып жатқан саяси оқиғалардың салдарынан логистикалық тізбек бұзылған. Бұрындары Ресейден келетін кей тауар түрлері енді Түркиядан тасымалданады. Сәйкесінше, жолға кеткен қаржы тауардың құнына қосылып шыға келеді. Тағы бір түйткілді мәселе – делдалдық. Яғни өндіруші мен сатушы арасында бір емес бірнеше делдалдың болуы бағаның жүгенсіз кетуіне сеп болуда.

Бағаны негізсіз көтеретіндердің де саны кемімей отыр. Бір аптада ел бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын негізсіз көтерудің 734 фактісі анықталды. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің баспасөз қызметінен мәлім етті. «Соңғы аптада 40,3 мың дүкенге рейд жүргізілді. Нәтижесінде азық-түлік бағасын негізсіз көтерген 734 дүкен анықталды. Әлеуметтік маңызы бар тауарларды қымбат бағамен сатқаны туралы деректер көбіне 278 фактімен Нұр-Сұлтан қаласы мен 80 фактімен Шығыс Қазақстан облысында тіркелді. Одан әрі Түркістан облысында – 38, Батыс Қазақстан облысында – 33, Қостанай және Маңғыстау облыстарында – 32, Жетісу облысында – 30 дүкен тауарға үстеме құн қосқан. Мұндай фактілер ең аз анықталғаны – Ұлытау облысында. Онда бағаны негізсіз көтергендер туралы 6 жағдай тіркелді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына қосылған үстеме 15 пайыздан асса, онда 300 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатынын ескертеміз» делінген министрлік таратқан мәліметте.
Құзырлы орган рейд қорытындысы бойынша ішкі сауда субъектілеріне қатысты ескерту түрінде 126 әкімшілік хаттама толтырып, 1 айыппұл салған. Ал көпшілік сауда объектілері түсіндіру жұмыстарынан кейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын 5-15 пайызға дейін төмендеткен. Дегенмен бұл тексеріс жүрген дүкендерде ғана орын алған оқиға екенін ұмытпағанымыз абзал. Ал тексеру турасында ақпарат тараған сәттен бастап, сатушылардың бағаны реттеп қоятынын былайғы жұрт жазып та жүр. Демек шаралардың базардағы бағаны уақытша тұрақты етуге септігі тиюі мүмкін. Дегенмен алдағы уақытта тексеріс жұмыстары ұдайы ұйымдастырылмаса, жағдайдың қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмайды. Бұғаусыз кеткен бағаны тұрақтандыру үшін тағы қандай шаралар атқарылып жатқаны әзірге белгісіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрақтандыру қорларының бағаны реттеуге септігі аз болып жатқанын айтқан еді. Әйтсе де сол уақыттан бері нақты жұмыстың нәтижесін көре алмай келеміз…

Г.ТҰРҒЫНБЕК.

Тамыз айы әлем жұртшылығының назарын аударған оқиғадан басталды. Нақтырағы, күллі жаһан оңтүстік-шығыс Азияға көз тікті. Мұның себебі де жоқ емес еді. Белді саясаткер АҚШ өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосидің ұшағы Тайваньға келіп қонды. Ұшақтың бағыт-бағдарын онлайн режимде 600 мыңға жуық адам бақылап отырды. Бұл, өз кезегінде, тайваньдықтар мен қытайлықтардың бас ауруына айналды. Тіпті, ресми Бейжің саясаткер Тайваньға табан тірейтін болса, қол қусырып отырмайтындарын мәлімдеді. Күллі әлемді дүрліктірген сапардың саяси астары қандай? Тайвань мен Қытай арасындағы дау қашан басталды? Қазақстан қандай позиция ұстанып отыр? Тарқатайық…

Тайвань мен Қытайдың арасындағы даудың түбін тереңнен тартуға болады. Халқы мен мәдениеті, тұрмысы мен салты турасында әңгімелер болсақ, тіпті әріге кетеміз. Бірақ саяси тұрғыда әлемнің назарын өзіне аударған уақыт өткен ғасырдан басталады. Нақтырағы, дау екінші дүниежүзілік соғысқа дейін туған. Ал жаһанға алапат зардап әкелген соғыстан соң аяқталған. Мао Цзэдун бастаған коммунистер мен Чан Кайши бастаған гоминьдандықтар арасындағы соғыс ресми түрде 1927-1949 жылдар аралығында өтті. Дегенмен екеуінің ымыраға келген кезеңі де бар. Мәселен, 1932 жылы Жапонияның Қытайға басып кіріп, Манчжоу-го атты ел құрып, тағына бұрынғы император Пу Иді отырғызуы соғысушы тараптардың уақытша келісімге келуіне сеп болған еді. Десе де 1945 жылы Жапонияның тізе бүгуі соғысушы тараптардың қолын қайта қару алып, қанды шайқастарға себеп болған азамат соғысын бастауына түрткі болды. 1946-1949 жылдар аралығында болған соғыс барысында Чан Кайши әскері жеңіліс тауып, Тайваньға қашты. Ал Мао Цзэдун бастаған коммунистер материктік Қытайдағы билікті қолына алды. Рас, бастапқыда Мао бастаған топ Тайваньды басып алуды көздеген. Дегенмен АҚШ-тың араласуы һәм Корей түбігендегі соғыс өрті бұл әрекеттен бас тартуына себеп болды.
Осы тұста, АҚШ-тың мүддесіне тоқтала кетейік, бастапқыда Ақ үй Тайваньға салқындық танытқан. Дегенмен Корей түбегіндегі соғыста мүдде қақтығысы орын алып, АҚШ Тайваньның жағына шақты. Міне, осы уақыттан бастап Тайваньды ресми түрде мойындамағанымен, қолдау көрсетуді бір сәтке де естен шығармаған. Түрлі әскери қару-жарақтармен қамтамасыз етіп, қорғанысына мән беріп келеді. Арада бірнеше дағдарыс та болды. Әскери қақтығыстар да орын алды. Әйткенмен 80-жылдары саяси жылымық орнап, өзара бірнеше келісім де жүрген. Ол бойынша тараптар бір-бірінің саяси режиміне араласпайды. Алайда «біртұтас Қытай» принципін сақтайды. Тайваньда азаматтық қоғам дамыған, демократия өркендеген, адам құқықтары да жоғары деңгейде сақталады. Ал Қытайда бұл мәселелер түйткілді түйінге айналып отыр. Соңғы уақытта материктік Қытайда адам құқығының тапталуы мәселесі жиі көтеріліп келеді. Жекелеген ұлттарға көрсетіліп жатқан қысым турасында да әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары жиі жазып жүр. Мұның өзі елдің имиджіне кері әсер етіп жатқаны белгілі. Бәлкім, сондықтан да материктік Қытайдың билігі Тайваньды қолдайтындардың қатары қалыңдап кете ме деп қорқатын да шығар. Қазіргі уақытта Тайвань елімен 10-нан аса мемлекет дипломатикалық қарым-қатынаста. Дегенмен Қытаймен қандай да бір байланысы бар елдер Тайваньмен жақындасудан аяқ тартады. Себебі материктік Қытай аралды өз меншігі санап, түбі өздеріне қосылатынына сенеді. Арада үлкен кедергі де бар. Ол – АҚШ. Қазіргі уақытта Тайвань – әлемдегі чиптің 65 пайызын өндіретін электронды саладағы алпауыт. Сонымен қатар жартылай өткізгіштер өндіру бойынша да көштің басында келеді. Демек әскери технология саласында да елдің маңызы АҚШ үшін жоғары болуы бек мүмкін.
Қош делік, Нэнси Пелосидің оңтүстік-шығыс Азияға сапары турасында бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жазылды. Саясаткер баратын мемлекеттердің қатарында Тайвань аты аталмағанымен, жоспарда бары да жиі сөз болды. Бұл қытайлық саясаткерлердің де ашуын туғызды. Тіпті, ҚХР басшысы Си Цзиньпин де мұндай қадамға бару «біртұтас Қытай» қағидатына қайшы екенін ескерткен. Ол принцип бойынша арал елдің бір бөлігі саналады. Сәйкесінше, өзге мемлекеттердің ресми тұлғаларының сапарын ұйымдастыруға қақысы жоқ. Қала берді, Нэнси Пелоси — ҚХР үкіметін адам құқықтарын аяққа таптады деп айыптаған саясаткердің бірі. Тіпті, бұл тақырыпты жиі қозғап келген. Сондықтан Қытай бұл сапарға қарсы. Десе де мұны АҚШ үкіметі елемеген де сыңайлы. Мұны кей сарапшылар ресми Вашингтонның әлемдегі үстемдігін тағы да бір дәлелдейтін қадам болды деп есептейді. Спикердің сапарын сынағандар да, қолдаушылар да көп. Мәселен, танымал журналист Томас Фридман The New York Times басылымында арнайы материал да жариялады. Онда автор «Зейнетке шығуына аз қалған Пелосидің Тайбэйге сапары америкалық империяның үстемдік етуге деген құлшынысын анық аңғартқаны жасырын емес. Өзінің үстемдігін басқаша қалай көрсетуге болар еді? Мысалы, қарызға белшесінен батпай, дәулетті күй кешіп, әлемге үлгі болуға болар еді. Бірақ америкалықтар басқа жолды таңдап отыр. Қазіргі Америкада кедейлік пен қылмыс өршіп тұрса да, ол әлемдік аренада үшінші дүниежүзілік соғыс қаупін тудыратын арандатушылықтарға барып отыр» дей келе, саясаткерге бұл қадамнан бас тарту керегін ескерткен. Ал қытайтанушы Леонид Ковачич бұл сапардың астарында жеке мүдденің жатқаны болуы мүмкін деп топшылайды. «Меніңше, бұл тұрғыда саяси мақсатты Нэнси Пелосидің өзі көздеп жүр. Себебі қарашада Конгресс сайлауы өтеді. Бүгінгі таңда демократтар саяси танымалдығынан айырылып бара жатқаннан кейін уақыт барда Пелоси өзіне қандай да бір саяси ұпай жинауға тырысып жатыр. Саясаткер ретінде ішкі аудиторияға сыртқы салада жақсы жұмыс істеп, Американың демократиясы мен демократиялық әлемнің құндылықтарын әлемде белсенді жүргізіп жатқанын көрсеткісі келеді. Сондықтан Байден Пентагонға қарата бұл сапардың өзі соншалықты жақсы идея емес екенін айтса да, Пелоси бұл таңдауын өз шешімі ретінде көрсеткісі келеді. Байден ықпал ете алмауы мүмкін. Ал Бейжің Байденмен келіспей Пелосидің Тайванға ұшуын түсінбейді. Проблема сонда. Өйткені Қытайда саяси жүйе тым басқа» дейді ол. Қазіргі уақытта Қытайдың АҚШ-қа қарсы қандай да бір әскери шара көре қоюы қиын сыңайлы. Қайткен күнде де, ресми Вашингтонның әскері анағұрлым қуатты. Ал материктік Қытайдың бұл саладағы қадамы алымды болғанымен, әлемдік қақтығыстарға жиі қатысып, ысылған жаһандағы жетекші әскерге қарсы тұра алар қауқары жоқ сыңайлы. Сарапшылардың пікірі де осыған саяды.
Нэнси Пелосидің сапарынан соң Қытайдың бас кеден басқармасы 3 тамыз күні мәлімдеме жасап, бұдан былай Тайваньнан цитрус жемістері, салқындатылған қылыш балық, мұздатылған скумбрия және басқа да өнімдердің импорты тоқтатылатынын хабарлаған. Негізгі себеп ретінде аталған өнімдерден зиянды заттардың табылуын көрсеткен. Қала берді Сауда министрлігі де 3 тамыз күні таңертең аралға табиғи құм экспортын тоқтатқанын жариялады. Бұдан бөлек, Тайваньның «Тайвань демократиясы қоры», «Халықаралық ынтымақтастық және даму қоры» және басқа да ұйымдарға санкция салынып, бұл ұйымдардың қытайлық кәсіпорындармен, заңды тұлғалар немесе басқа кез келген нысанда ынтымақтастық жасауына тыйым салынды. Сарапшылар мұндай шаралардың алдағы уақытта да күшейетінін болжайды.
Қазақстанға әсеріне келсек, жоғарыда атап өткен Тайваньның тәуелсіздігін мойындаған елдердің қатарына еліміз кірмейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургте өткен экономикалық форумда сөйлеген сөзінде «Егер әр ұлт өз тәуелсіздігін өздері анықтайтын болса, әлемде 193 мемлекет емес, 500 немесе 600-ден аса ел болады. Әрине, бұл хаосқа алып келеді. Сондықтан біз Тайвань, Косово, Оңтүстік Осетия мен Абхазияны да мойындамаймыз» деген еді. Жуырда ғана ҚР Сыртқы істер министрлігі де ресми мәлімдеме жасап, «Қазақстан Республикасы «Бір Қытай» қағидатын қолдайды және Тайваньды Қытай Халық Республикасы аумағының ажырамас бөлігі деп санайды. Қазақстан халықаралық құқықтың қолданыстағы нормаларын және Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысын сақтауды, атап айтқанда осы мәселеде БҰҰ Бас Ассамблеясының 1971 жылғы №2758 қарарын ұстануды жақтайды» деді. Ал алда-жалда жағдай ушықса, мұның біздің экономикамызға тигізер зияны да орасан болмақ. Яғни, металл, мұнай мен газ экспорты кемуі мүмкін. Сондықтан Қазақстан үшін аймақтағы тұрақтылық қажет-ақ. Даулы сапардың салдары алдағы уақытта айқын сезіле бастауы мүмкін. Нэнси Пелоси дегенінен қайтпады. Ал арты жақсы болмайтынын ескерткен материктік Қытай әзірге санкциямен шектеліп отыр. Дегенмен жағдай кез келген сәтте өзгеруі мүмкін. Анығы уақыттың еншісінде…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.

Елімізде интернет және телефон арқылы алаяқтық жасау фактілері күрт көбейген. Мәселен, 2016 жылы 1 мың дерек тіркелген болса, 2021 жылы 21 мыңға бір-ақ өскен. Бұл жөнінде цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Енді аталған министрлік ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, алаяқтыққа қарсы іс-қимылдарды қолға алмақ. «Қазіргі уақытта байланыс операторларымен бірге осы мәселеге қатысты бірлескен іс-шараларды жүзеге асырып жатырмыз. Алаяқтармен күресудің тиімді әдістерінің бірі – жалған нөмірлерді бұғаттау. Қыркүйек айының соңына дейін байланыс операторлары алаяқтар қоңырау шалатын жалған телефон нөмірлерін анықтап, бұғаттайтын болады. Цифрлық даму министрлігі азаматтардың қауіпсіздігін ескере отырып, ұялы нөмірлерді тіркеу кезінде биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізуді қарастырып жатыр. Осылайша, біз телефон нөмірлерінің бөтен адамдарға тіркелу жағдайларының алдын алғымыз келеді» деді Бағдат Мусин.
Ведомство басшысы ішкі істер министрі Марат Ахметжановпен өткен кездесуде алаяқтарға және олардың айласына қатысты барлық мәлімет енгізілетін платформа құру бастамасы көтерілгенін де айтты. Дегенмен мұның баршасы мәселені түбегейлі шешпейтінін ұмытпаған абзал. Алаяқтардың амал-айласынан қаржылық және заңдық сауаттылық қана құтқара алады. Сондықтан аталған бағыттағы жұмыс күшейе түсуі қажет. Министрдің пікірі де осыған саяды.
«Уақыт».