Маңызды

Шымкентте 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары бойынша биылғы жылы 57 696 адамға жұмыспен қамту шараларын көрсету жоспарлануда. Оның 35 276 орны – тұрақты, 18 128 орны – уақытша жұмыс орындары. Бүгінге күнге, яғни 6 айда 30 481 адам жұмыспен қамту шараларына қатысып отыр. Яғни жоспар 52,8% орындалған. Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова қала әкіміне есеп беру кезінде айтты.

Жалпы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде осы жылы 33 500 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, оның ішінде 20 759 орын тұрақты жұмыс 8 449 орын уақытша жұмыс орындары белгіленіп отыр. Жыл басынан бері 13 363 адам жұмыспен қамту шараларына қатысқан.
Осы тұста айта кетерлігі, Шымкент қаласы республикалық көрсеткіштер бойынша азаматтарды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру бағытында алдыңғы қатарында. Атап айтқанда, әлеуметтік жұмыс орындарына 90 адамды жолдау жоспарланса, бүгінде 123 азамат жұмыспен қамтылды. Яғни жоспар артығымен 136,7%-ға орындалып отыр. Сондай-ақ «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 227 адам жолдау жоспарланса, нақты 227 адам жолданды. Қоғамдық жұмыс 2188 адамға жоспарланған болса, нақты 2177 адам жұмысқа орналасты. «Жастар практикасы» бағдарламасына биылғы жылы 2098 жасты жолдау жоспарланып, бүгінде 1063 адам жұмысқа орналасқан.
ҚР Премьер-министрі мен Шымкент қаласы әкімінің арасындағы меморандум аясында құрылатын жұмыс орындарына 14 517 тұрақты жұмыс орын құру белгіленіп,бүгінде ағымдағы жылдың 1 шілдесіне 12 488 тұрақты жұмыс орыны құрылды, яғни жоспар 86%-ға орындалып отыр. Жиын барысында қала әкімі тиісті басқармаға бірнеше тапсырма жүктеді. Атап айтқанда, азаматтардың тұрақты жұмыспен қамтылу үлесін арттыруды, мемлекет қамқорындағы балалардың білім алуы мен жұмысқа орналасуын бақылауға алуды, аялдамалардың, қоғамдық орындардың пандустарын реттеп, мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға аса көңіл бөлуді, тұрғындармен тікелей жұмыс жасайтын мамандардың біліктілігін үнемі арттырып отыру, олардың қызмет көрсету сапасын арттыруды қолға алуды тапсырды.
Айта кету керек, үшінші мегаполисте «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарында көрсетілген шаралардың оң динамикасы байқалады. Аталған жоспарда жұмысшы жастар ел дамуының негізі ретінде қарастырылып, осы санаттағыларды жұмыспен қамту шараларына басымдық берліген. Бұл бағытта «Жастар практикасы» бағдарламасының рөлі ерекше. Мәселен, Шымкентте осы жылдың басынан 1500-ден астам жас мамандықтары бойынша «Жастар практикасымен» жұмысқа жолданған. Жыл соңына дейін жоспардағы 2650 жасқа жолдама беру көзделіп отыр. Өткен жылы аталған бағдарламаға 2500 жас қатысса, олардың 1000-нан астамы тұрақты жұмысқа орналасқан.

Туберкулез – өте ауыр инфекциялық ауру. Онымен күрес те ұзақ уақыт жүреді. Аурумен күрескеннен гөрі, оның алдын алған тиімдірек. Сондықтан өңір-өңірде аталған аурумен күрес және оның алдын алу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Мәселен, Шымкент қаласында да аты жаман аурумен күрес шаралар қарқынды түрде қолға алынып, жүзеге асып келеді. Нәтижесінде үшінші мегаполисте туберкулездің эпидемиологиялық жағдайы тұрақты.

Бұл жөнінде Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аса қауіпті ауруларды және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Б. Мұсаева және Түркістан облысы ҚДБ «ОФО» №3 терапия бөлімінің меңгерушісі Г.Ештаева Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде айтты. «Шымкент қаласында туберкулездің эпидемиологиялық жағдайы салыстырмалы түрде тұрақты. Ағымдағы жылдың 6 айында қала бойынша жалпы туберкулездің 171 жағдайы тіркелген. Оның ішінде өкпе туберкулезі 135. Өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда жалпы туберкулез аурушаңдығы 5 жағдайға, өкпе туберкулезі 8 жағдайға өскен» деді Б.Мұсаева.
Брифинг барысында спикер туберкулездің алдын алу жағдайларына да тоқталып өтті. «Жаңа туылған нәрестелерге перзентханада туберкулезге қарсы «Кальметт-Герен Бацилла» вакцинасымен (БЦЖ) егіледі және 6-7 жастағы 1 сыныпқа баратын балаларға Манту сынамасының нәтижесі теріс болған жағдайда, «Кальметт-Герен Бацилла» вакцинасымен қайта егу (ревакцинация) жүргізіледі. Ал 14 жасқа дейінгі «Жоғарғы қауіп тобындағы» және туберкулез ошақтарындағы балалардың арасында туберкулезді ерте анықтау мақсатында Манту сынамасымен жылына 1 рет қамтылады. Ересектер мен жасөспірімдер міндетті түрде флюорографиялық тексеруден жылына бір рет өтуі тиіс» дейді маман.
Профилактикалық флюорографиялық тексерудің мақсаты – ересектер мен жасөспірімдер арасындағы туберкулез аурушаңдығын ерте анықтау. Туберкулез ауруы ерте анықталмаған жағдайда ауру бациллярлы түрімен немесе туберкулездің асқынған түрімен анықталып, қоғамға қауіпті күшейтеді. Спикердің айтуынша, ем қабылдамаған әpбip науқас жылына 10 адамнан 15 адамға дейін туберкулез ауруын жұқтыруы мүмкін. Туберкулезге шалдыққандардың 54%-ын 18 бен 44 жас аралығындағы жұмыс істеуге қабілетті адамдар кұрайды. Сонымен қатар, брифинг барысында Түркістан облысы ҚДБ «ОФО» №3 терапия бөлімінің меңгерушісі Г.Ештаева «2022 жылдың 6 айлық қортындысы бойынша Шымкент қаласында туберкулезден аурушаңдық көрсеткіші 100 мың халыққа шыққанда екі жылда да бір деңгейде сақталып, 15,3 құрап отыр. Ал өлім көрсеткіші бойынша Шымкент қаласы 9,1 пайызға төмендеп отыр. Ал туберкулездің асқынған жағдайы тіркелмеген» деп атап өтті.
Айта кету керек, туберкулездің алғашқы белгілері байқалған жағдайда, яғни жөтелдің екі аптадан астам уақытқа созылуы, дене қызуының көтерілуі, кеуде қуысының ауыруы және шаншуы, дене салмағының түсуі, түнгі уақытта терлеу, тәбеттің төмендеуі, қатты шаршау және әлсіздік айқын сезіле бастаса, тексерілу үшін тұрғылықты және оқу орны бойынша медициналық мекемеге жүгінген жөн. Уақытында анықталған туберкулез тез сауығып кетуге үлкен септігін тигізеді.

Шымкент қаласында кәсіпкерлік салада ірі бастамалардың қолға алынып, жүзеге асып келе жатқанын жазып жүрміз. Бүгінгі таңда үшінші мегаполисте жаңа кәсіпорындардың ашылуымен қатар, жұмысы жолға қойылған мекемелердің де қуаттылығы артып, мүмкіндігі кеңейе түсуде. Жуырда қала әкімі Мұрат Әйтенов «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына барып, бірнеше жеңіл өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысып қайтты.

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Бал Текстиль» кілем және кілем өнімдерін шығаратын кәсіпорын өзінің 4-ші жаңа жобасын іске қосып, өнім қуаттылығын арттырып отыр. Құны 2,5 млрд теңгені құрайтын жоба жылына 1,4 млн шаршы метр өнім шығаруға қауқарлы. Фабрика өндірісі жыл соңында толығымен іске қосылғанда 90 адам жұмыспен қамтылатын болса, өнімнің 70 пайызы ішкі, 30 пайызы сыртқы нарыққа шығарылады. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталған, техникалар толықтырылуда.
«Бал текстиль» кілем фабрикасы еліміздің жеңіл өнеркәсібі көшбасшысы болып танылған. Фабриканың өндірістік қуаты жылына 4000 тонна полипропилен жібін және 5 млн шаршы метрден астам кілем мен кілем бұйымдарын құрайды. Кәсіпорын 2013 жылы «Оңтүстік» АЭА аумағында өз өнімін шығара бастады. 2015 жылдың екінші жартысынан бастап «Бал Текстиль» экспорттық нарықтарды игере бастады. Ал бір жыл бұрын Қазақстанда жасалған кілемдерге әлемге әйгілі IKEA компаниясы назар аударды. Бұл — Швед брендінің мерзімсіз келісімшарт жасасқан Қазақстанның алғашқы кәсіпорны.
Жалпы Шымкентте биылдың алғашқы 6 айында өндірілген өнеркәсіп өнімі 10,1 пайызға өсіп отыр. Ағымдағы жылы инвестиция көлемі 52,8 млрд теңгені құрайтын 16 өнеркәсіптік жоба жүзеге аспақ. Солардың бірі – аралас иірілген жіп шығаратын «Azala Cotton» зауытының екінші цехы. Инвест жобаның құны – 1,9 млрд теңге. Жылына 2500 тонна өнім өндіретін жоба жыл соңына дейін іске қосылғанда 200 адамға жұмыс орны ашылады. Өнімнің 100 пайызы ішкі нарыққа арналған.
Жалпы Шымкентте соңғы уақытта кәсіпкерлік саланың дамуы қарқын алған. Бүгінде бірқатар өндіріс орындары жұмысын бастап та кетті. Инвестиция тарту бойынша да қала өзге өңірлердің арасында көшбасшы саналады. Мұның өзі кәсіпкерлік салада атқарылып жатқан игі бастамалардың жемісті нәтиже беріп жатқанын айғақтаса керек…

Ағымдағы жылдың алты айында Шымкент қаласы бойынша экология департаменті тарапынан біраз шаруа атқарылған. Бастамалардың анық-қанығы турасында Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз жиынында аталған департамент басшысының міндетін атқарушы Ермахан Қазыбаев айтып өтті.

2022 жылдың І жартыжылдығында жүзеге асқан жұмыстар жайын сөз еткен спикер «Департамент 2022 жылдың 1 жартыжылдығында 31 тексеру жүргізген. Тексерулер нәтижесінде жалпы 139 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 41 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 37 млн теңгеге өскен. Департамент тарапынан қала, аудан прокуратурасымен, аудандық полиция басқармаларымен, жергілікті атқарушы органдармен бірлескен іс-қимыл нәтижесінде жалпы 100 әкімшілік іс қозғалып 14 млн теңгеден астам айыппұл салынған» — деді.
Спикердің сөзінше, қала прокуратурасымен Шымкент қаласындағы бірқатар сауда базарларының экологиялық заңнама талаптарының сақталуына тексеріс жүргізіліп, 9 базарға қатысты 21 әкімшілік хаттама толтырылған. Жалпы көлемі 1,6 млн теңге айыппұл салынып, толығымен мемлекет пайдасына өндірілген. Жалпы айтқанда, мүлдем рұқсатсыз жұмыс істеген 5 кәсіпорын — қорғасын қалдықтарын өңдеу зауыты, асфальт зауыты, ішек-қарын өңдеу цехы, сабын өндіру цехы және металл өңдеу және құю зауыттарының қызметі тоқтаған.
Сондай-ақ рұқсаттарында қарастырылмаған қосымша ластау көздері жұмыс істеген 2 металл өңдеу және құю зауыттары және асфальт өндіру зауыты, тас майдалау цехы тоқтатылған. Ғарыштық мониторинг арқылы бей-берекет қоқыс үйінділерінің 45 координаттық нүктелері анықталып, аудан әкімдіктері тарапынан толық тазаланды. Күшіне енген жаңа Экологиялық кодекстің талаптарына сәйкес 2021 жылдың тамыз айынан қазіргі уақытқа дейін табиғат пайдаланушылардың санатын қайта өзгерту бойынша электронды түрде жұмыстар жүргізілді. Бүгінгі күнге, 737 объектінің санаты айқындалды, оның ішінде 1 санатқа 30, 2 санатқа 88, 3 санатқа 361, 4 санатқа 259 объект жатқызылды.
Айта кету керек, департамент бастамасымен 2022 жылдың І жартыжылдығында бірқатар мәселелер бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілген. Оның ішінде, мемлекеттік органдардың сарқынды сулардың жер бедеріне төгіліп жатқаны жөнінде хабарламасы нәтижесінде «Хлопкопром-Целлюлоза» ЖШС-на қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, қазіргі таңда, мекеме тарапынан зауыт аумағынан сарқынды сулар жер бедеріне төгілуіне жол бермеу мақсатында орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Бадам-2 тұрғындарының ішек-қарынды шаю барысында түзілген сарқынды сулардың жер бедеріне төгілуін тоқтату жөнінде арызы негізінде тексеру жүргізіліп, кәсіпкер тарапынан сарқынды сулар үшін септиктер орнатылып, келісім-шарт негізінде арнайы мекеме арқылы әкетілуде. Рұқсатсыз жұмыс істеген немесе рұқсатында көрсетілмеген қосымша ластау көздері бар, жалпы 9 кәсіпорынның қызметі тоқтатылғанын да айта кету керек.

Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен маңызды жиын өтті. Онда мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымымен күрес бағыты талқыланды. Аталған жиналысқа Шымкент қаласы әкімінің орынбасарлары Мақсұт Исахов, Айбек Сәттібаев, уәкілетті басқарма басшылары, Шымкент мұнай зауытының өкілдері, автожағармай құю бекеттерінің өкілдері, «Атамекен» ҰКП, БАҚ өкілдері қатысты.

Жиналыста Шымкент қаласындағы өзекті мәселелер, Қазақстан Республикасы Президентінің көлеңкелі экономикаға қарсы әрекет ету, оның ішінде жанар жағармайдың заңсыз шетелге шығару деректеріне жол бермеу мәселелері талқыланды. Баяндамамен Департамент басшысының орынбасары Р.Данаев, басқарма басшысының м.а. Д.Тұрғынбай, қала әкімінің орынбасары А.Сәттібаев, «Жанар жағармай қауымдастығының» төрағасы Қ.Қамбаров, автожағармай құю бекеттерінің өкілдері сөз сөйледі.
Жиналыс қатысушылары проблемалық мәселелерді шешу бойынша тиісті ұсыныстарын, әлеуметтік наразылықтарға және жанар жағармайдың жетіспеушілігіне жол бермеу бойынша бірлесіп жұмыс атқаруды жеткізді.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте тұрғындармен кері байланыс, арыз-шағымдардың орындалу барысы талқыланды. «І-Shymkent 109» орталығының басшысы Азат Әміртаев өз баяндамасында Шымкент қаласының ситуациялық орталығына маусым айында тұрғындардан 17 197 арыз-шағым келіп түскенін, оның ішінде 16 915-і орындалғанын, 282 арыз орындалу барысында екенін атап өтті.

Тұрғындар көбіне «Tolem» картасында орын алған ақаулар, жарықтың ескертусіз сөнуі, Нұрсат шағын ауданындағы электр желісінің жиі істен шығуы, Қошқар ата өзені аумағының тазалығы, қоғамдық көліктер жүру кестесі нормаларының сақталмауы, сызбасының (маршрут) өзгеруі секілді мәселелерді көптеп көтерген.
Жиында жауапты мекемелердің рейтингісі жарияланып, сапасыз жұмыстар үшін қала әкімі тарапынан кейбір басшыларға қатаң ескертулер берілді. Қоғамдық көліктерге қатысты жүйелі тексеру шараларын ұйымдастыруды, сонымен бірге, электр қуаты бойынша Энергетика басқармасына нақты тапсырмалар жүктеді. 6 айлық есептегі кемшіліктер бойынша сала басшыларының тікелей жауаптылығын атап өтті.

Білім саласы – ел дамуындағы ең өзекті саланың бірі. Өз кезегінде, өңір-өңірде аталған салада ауқымды бастамалар қолға алынып жүзеге асырылып жатыр. Жалпы сапалы білім беру мақсатында 5 жылға арналған кешенді жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін 86 079 орынға арналған 101 мектеп салу жоспарланған.

Жоспарлы жұмыстардың орындалу барысын, жаңадан бой көтеріп жатқан білім мекемелерінің құрылысын қадағалау, жаңа оқу жылына дайындығын пысықтау мақсатында қала әкімі Мұрат Әйтенов бірқатар жекеменшік мектептерді аралады. Осы жылы балалар игілігіне берілетін мектептердің бірі – Қайтпас-1 шағын ауданында орналасқан 228 орындық Әлихан Бөкейхан атындағы бастауыш мектеп. 2 қабатты ғимаратта 12 оқу бөлмесі, оқушылар асханасы, медкабинет, спортзал қарастырылған. Осы жылы пайдалануға беріледі.
Шымкентте өткен жылы 11 764 орынға арналған 25 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде жаңа оқу жылында апатты мектеп мәселесі толығымен жойылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендеді. Биыл жалпы 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 10 нысанның құрылысы 2021 жылдан өтпелі, ал 24 нысанның құрылысы жаңадан басталған. Жыл соңына дейін 24 мектепті пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке төмендейтін болады.
Айта кету керек, қазіргі уақытта қаладағы 577 мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде кезекте тұрған 88 мыңнан аса баланың 88,6 пайызы мектепке дейінгі білім беру ұйымымен қамтылған. Оның ішінде, 3-6 жас аралығындағы 53558 бала – 100%, 2-6 жас аралығындағы 76416 баланың 89,3% қамтылған. 2 балабақшаға күрделі жөндеу жүргізу үшін қаржы қаралса, жалпы 2480 орындық 28 балабақша ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар мемлекеттік балабақшаларға толығымен бейнебақылау жүйесін орнату бойынша да жұмыстар жүргізілуде.
Үшінші мегаполисте биыл 1-сыныпқа 28 мың бала қабылданады деп күтілуде. 2022 жылы оқушыларды қосымша біліммен қамту жоспары — 77,1% жоспарланған. 11 қосымша білім беру ұйымы және 17 аула клубы және мектепішілік түрлі үйірмелерде қала оқушылардың 76% қосымша біліммен қамтылған. Оның ішінде жан басына қаржыландыру есебінен 32 000 бала қамтылуда. 1-4 сынып оқушылары 100% ыстық тамақпен қамтылған. 54 мектеп ыстық тамақ қаржысын төлеу барысында қолма-қол ақшасыз карточкалық жүйеге өткізілген.
Бұдан бөлек, Шымкентте үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесін 2023 жылы, ал орын тапшылығын 2025 жылға дейін толығымен шешу жоспарланған. Қаламызда жекеменшік мектептердің үлесі артып келеді. Биылғы жылы қолданысқа берілетін 24 мектептің 20-сы жеке инвестор есебінен. Мәселен, Нұрсат шағын ауданы, Нұр-Сұлтан даңғылында орналасқан 300 орындық «Жас-Дарын-5» жекеменшік мектебінің құрылысы өткен жылы басталған. Биыл пайдалануға беріледі. 3 қабатты, 12 оқу бөлмесі, кітапхана, асхана, мәжіліс залы, спорт зал, мед кабинет қарастырылған. Қаратау ауданы, Бозарық шағын ауданындағы 240 орындық «Жас-Қанат» жекеменшік мектебінде жоспарға сай 3 қабатты, 12 оқу бөлмесі, кітапхана, асхана, мәжіліс залы, спортзал, медкабинет те болады. Ал Қаратау ауданы, Достық шағын ауданындағы 300 орындық «Жан-Нұр» жекеменшік мектебіне келсек, 2 қабатты. Онда 12 оқу бөлмесі, кітапхана, асхана, спортзал, медициналық кабинет болмақ. Сонымен бірге Асар шағын ауданындағы 500 орындық «Keremet-City», 240 орындық «Нұртас» интеллектуалды жалпы орта мектебі және Ақжайық шағын ауданындағы «PARASAT AJ» мектептері де бой көтеруде. Барлық мектептің жаңа дизайнда, сапалы элементтерден жасалуы шаһар басшысының жіті бақылауында екенін айрықша айта кету керек.

Соңғы кездері Шымкентте қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы қызметкерлерінің атын жамылып, алаяқтық жасап, ақша табатындар көбейген. Сонымен қатар қайтарымсыз мемлекеттік грантты алып беру, «Бизнес бастау» кәсіпкерлік негіздерінде оқытатын курстарға ақылы түрде азаматтарды тіркеу фактілері де жиілеп отыр.

Бұл жөнінде Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз жиынында айтты. Нақтырағы «Алаяқтар өздерін азаматтарға жоғарыда көрсетілген мемлекеттік шараларға тарту мақсатында қалалық жұмыспен қамту орталығы мамандарының атын жамылып және мемлекеттік орган қызметкерлері ретінде таныстырған. Нәтижесінде бірқатар қала тұрғындары алданып, жұмыспен қамту және әлеуметтік басқармасына, аудандық ішкі істер бөлімшелеріне арыздарын жазуда. Бұл ретте, қала тұрғындарын мұндай іс-әрекеттерге бармауға, алаяқтықтарға алданбауға шақырамыз. Егер де, сенімсіздік болса, немесе алаяқтардың құрбаны болсаңыз құзырлы органға (1424 Адалдық алаңы), қалалық жұмыспен қамту басқармасына (27-74-31) шағымдануына болады. Бұл мемлекеттік шаралар ақысыз және қолжетімді жүргізіледі» деді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ағымдағы жылдың сәуір айында business.enbek порталы арқылы азаматтан өтінім қабылданып, нәтижесінде 437 өтінімнің 336-сы комиссияға ұсынылған, ал тиісті санаттарға жатпайтындар саны – 101. Комиссия қаралымына ұсынылған 226 азаматтың бизнес-жоспарлары мақұлданған. Ал кері қайтарылғаны – 110. Оң нәтиже алған жастар санатынан 36 болса, 157-сі – халықтың әлеуметтік осал тобына жататындар. Сондай-ақ ағымдағы жылдың 8 тамызынан бастап 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберіндегі 400 АЕК немесе 1 225 200 теңге көлеміндегі қайтарымсыз гранттар алуға өтінім қабылдау басталады.
Өтінімдер «Business.enbek.kz» порталы арқылы онлайн режимінде қабылданады. Осы шараға қатысу үшін үміткер порталға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦП) арқылы тіркеліп, өтінім бере алады. Қайтарымсыз грантты алуға үміткердің санаттары көрсетілген. Тарқата айтсақ, олардың қатарына еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар азамат, қолданыстағы «қандас» мәртебесі бар азамат, өңіраралық қоныс аударушылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасыларға және (немесе) оның жұбайына (зайыбына) төленетін жәрдемақы алушылар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғандар (жұбайы/зайыбы), асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар, 29 жасқа дейінгі жас азаматтар жатады. Айта кету керек, үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерінде оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.

Шымкент қалалық Қазақстан халықтары Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының кезекті кездесуі өтті. Жиынға үшінші мегаполистегі БАҚ өкілдері, жергілікті блогерлер, қоғам белсенділері қатысты. Кездесу барысында қоғамдағы тұрақтылыққа, ұлтаралық татулыққа қатысты өзекті ойлар ортаға тасталып, пікірлер айтылды. Осы тұста Ассамблеяның негізгі жұмысы мемлекет құрушы қазақ халқының құндылықтары аясында өзге ұлт өкілдерімен қоғамдық татулық және келісім негізін қалыптастыру екенін айта кету керек.

«Бұл орайда «Қазақтану» жобасының жұмысын жандандыру аса маңызды. Жобаны республика бойынша жүзеге асыруды бұдан 5 жыл бұрын Наталья Сергеевна Романова ұсынған болатын. Жоба мақсаты мемлекет аумағындағы өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақ халқының дәстүр-салтын, мәдениетін насихаттау. Осымен үндес «Ұлт үні» жобасы да кең көлемде қолдауға лайық. Ассамблеяның алдағы жұмысы сапалық тұрғыда жақсаруына айрықша көңіл бөлеміз. ҚХА дегенде тек қана ұлттық тағамдарды танытып, билерді көрсету деген стереотип қалыптасқаны жасырын емес. Осы көзқарасты түбегейлі өзгертуге күш саламыз. Бұл мақсатта ассамблея өткізетін іс-шаралардың форматын өзгертуді, жаңа тұлғалар мен тың ойларды жарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз. Әсіресе жастарды бұл шаруаға жұмылдыруға көп көңіл бөлу керек» деді Ассамблеяның жаңадан сайланған төрайымы.
Жиын барысында сөз алған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері игі бастамалар көтеріліп жатса, қолдауға дайын екендерін жеткізді. Nartv телеарнасының бас редакторы Ардақ Жақсылықова ҚХА тарапынан ұйымдастырылатын шаралар тек есеп үшін емес, шын мәнінде көпке ой салатын, елдің ынтымағын нығайтып, бірлігін бекітетін шара болуы керегін баса айтты.

Шымкент қаласында жолдардың сапасына айрықша назар аударылып келе жатыр. Соңғы уақытта үшінші мегаполистегі жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі де артты. Осы тұста сандарды сөйлетер болсақ, 2021 жылы 309,6 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілсе, осы жылы жалпы 361,1 шақырымды құрайтын 190 нысанға жол жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Оның ішінде құрылыс және қайта құру жұмыстары 67,4 шақырым жолға жүргізіледі. Күрделі жөндеуден 19,3 шақырым жол, орташа жөндеуден 261,1 шақырым өтсе, 122,7 шақырым жолға жыл соңына дейін шағал тас төселеді. Бұл жөнінде қала әкіміне есеп беру барысында жол көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов баяндады. І жартыжылдық қорытындысымен 91 нысан немесе 188,3 шақырым көшеде жөндеу жұмыстары аяқталып пайдалануға тапсырылды. Оның ішінде 19,3 шақырым күрделі жөндеу, 169 шақырым орташа жөндеу, 10 шақырым магистралды көше, 159 шақырым ішкі орам көшелері. Жыл соңына дейінгі жоспарлы жұмыстардың аяқталуы нәтижесінде қала аумағындағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 67,4 пайызға жететін болады. Қала әкімі жұмыстардың сапалы орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Айта кету керек, Шымкентте көлік кептелісін азайту мақсатында бірнеше жолайрықтың салынатыны белгілі болған еді. Солардың бірі — Қонаев көшесі мен Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайрық. Былтыр көше қиылысындағы ұзын-сонар кептелістің мәселесін шешу үшін техникалық тұрғыда көлік қозғалысына ашылған болатын. Қазіргі уақытта нысанда аяқжолдар салу жұмыстары, жер асты өткелін әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүруде. Жолайрықты жыл соңына дейін пайдалануға бері жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, қазіргі уақытта Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысындағы 3 деңгейлі жолайрықтың құрылысы да жүріп жатыр. Нысан толығымен бітсе, аталған көшелердің көлік өткізгіштік деңгейі екі есеге артпақ. Жолайрықтың техникалық сипатына орай, Бәйдібек би даңғылында 700 метр, Арғынбеков көшесінде 921 метр көше аралығы құрылыс аумағына енген. Жоба бойынша ені 80 метрлі төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселмек. Қазіргі уақытта аталған құрылыс нысанында Арғынбеков көшесі бойымен тіреу қабырғаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ал Бәйдібек би даңғылында көпір өткелі конструкциялары орнатылуда. Жолайрықтың Бәйдібек би бойындағы көлік қозғалысы 6 шілде күні жабылған болатын. Жоспарға сәйкес, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде Бәйдібек би даңғылы бойымен солтүстік бағытта көлік қозғалысы жартылай ашылып, оңтүстік бағытта көлік ағыны Арғынбеков көшесінен бұрылып, Байтұрсынов көшесіне қарай өтеді.