Маңызды

Түркістанның түрленіп, көркейіп келе жатқаны белгілі. Облыс орталығы болғанына бірнеше жылдың жүзі болса да пайдалануға беріліп жатқан нысандар әлі де бар. Демек қала әрі қарай дами түседі деген сөз. Мәселен, жуырда Түркістан қаласында Президент саябағы ашылды. Шаһардың ауа райын жақсартып, көгалдандыруға оң серпін беретін саябақтың ашылу салтанатына ел ағалары, ақсақалдар, әкімдік өкілдері, ұрғындар мен Түркістанның қонақтары қатысты.

40 гектарға жуық жерде орналасқан саябақта тұрғындар мен қала қонақтарының тынығуына қолайлы жағдайлар жасалған. Бұрын бұл жер бос алқап болатын. Мұндағы жасанды көлдің сыйымдылығы 100 мың текше метрге жуық. Тереңдігі – 4 метр. Қайықпен серуендеуге, су спортымен шұғылдануға мүмкіндік бар. Биыл көктемде осы су айдынында триатлоннан Қазақстан кубогы жолындағы жарыс өткізілді. Мамандар мен спортшылар Түркістандағы жасанды көлге оң пікірлерін білдірген болатын. Жалпы саябақтың көгалдандырылған аумағының көлемі – 25 гектарға жуық, 3500 шаршы метрге гүл егілген. Аллея, субұрқақтары мен балалар ойын алаңшалары, орындықтары мен жүгіру және веложолы бар. Сонымен бірге жаңа саябақта 7 мыңнан астам ағаш, 43 мың түптен астам гүл егілген. Әлемнің бірнеше мемлекетінен елімізде сирек кездесетін ағаш түрлері әкелінген. Жарықшамдар орнатылған. Әсем әрі көрікті саябақ көпшілікке ұнады.
Президент саябағының ашылуына орай, «Түркістан маржандары» мерекелік кеші ұйымдастырылды. Түркістанның жаңа туристік орнына арнайы келген тұрғындар мен қонақтарға Түркістан қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынды. Аталған саябақ қаладағы қапырық пен ыстық желден қорған болатын нысандардың бірі болмақ. Ауа сапасының жақсаруына да өз үлесін қоспақ.

Шымкентте жалпы ұзындығы 155 шақырымды құрайтын 80 нысанда жол құрылысы аяқталған. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов арнайы БАҚ өкілдеріне берген брифингінде айтты. Ағымдағы дылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар жайын қорытындылаған басқарма басшысы жол қауіпсіздігі мен аялдамалар орнату ісіне де айрықша тоқталып өтті.

«2022 жылы орташа жөндеу жұмыстары бойынша, бүгінгі таңда ұзындығы 155 шақырым болатын 80 нысанда жұмыстар аяқталды, қалған 72 нысанды ағымдағы жылдың тамыз айының соңына дейін толық көлемде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде магистралды 10 көше бар. Олар – Республика, Рысқұлов, Иляев, Тәшенов, Ақназар хан, К. Цеткин, Жолан батыр, Дулати, Мангелдин, Тоқаев көшелері. Қаланың магистралды көшелері мен ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары 167 нысанға немесе 308 көшеге жүргізілуде. Ағымдағы жылы ірі нысандар бойынша Қонаев даңғылы 3 кезеңі, Қонаев-Рысқұлов жолайрығының құрылысын және Самал-1,2,3, шағын ауданындағы жол құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Құрылыс жолағына түсетін жер учаскелерін мемлекет мұқтаждығына қайтару бойынша мәселелер дер кезінде шешілсе, шығыс және оңтүстік айналма жолының құрылысын аяқтау жоспарда бар» деді спикер.
Бұдан бөлек, Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысындағы жолайрықтың құрылыс жұмыстарына тоқталған спикер, 2022-2023 жылдар аралығында үш деңгейлі жолайрық құрылысы қаланың көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асатынын айтты. Нәтижесінде аталған көшелердің көлік өткізгіштік деңгейі екі есеге дейін артпақ. Жолайрықтың техникалық сипатына орай, Бәйдібек би даңғылында 700 метр, Арғынбеков көшесінде 921 метр көше аралығы құрылыс аумағына енген. Жоба бойынша ені 80 метрлі төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселмек. Ал Бәйдібек би даңғылында көпір өткелі конструкциялары орнатылуда. Қалың оқырманның жадында болса, жолайрықтың Бәйдібек би бойындағы көлік қозғалысы 6 шілде күні жабылған еді. Жоспарға сәйкес, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде Бәйдібек би даңғылы бойымен солтүстік бағытта көлік қозғалысы жартылай ашылады. Ал оңтүстік бағытта көлік ағыны Арғынбеков көшесінен бұрылып Байтұрсынов көшесіне қарай өтеді. Көлік қозғалысы үшін Арғынбеков көшесіне альтернативті магистралдар ретінде Рысқұлов және Төлеметов көшелері белгіленген. Ал Бәйдібек би даңғылына альтернативті көше ретінде Бәйтереков, Шаяхметов және Өтегенов көшелері белгіленген.
Ал Шымкент қаласының жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасына сәйкес қалаішілік орталық көшелерге 178 аялдама павильонын орнату жоспарланып отыр. Бүгінде қала ішінде жоспарға сәйкес 14 аялдама павильоны қойылған. Аялдама орнату жұмыстары шілде айында басталды. Аталмыш жұмыстарды орындау «Strong Servise» ЖШС және «Aicom» ЖШС-на тапсырылған. Аталған жұмыстар толығымен аяқталса, қаладағы қалың кептелісте тұрған көліктің қатары сиреп, мәселе біраз шешімін таппақ.

Журналист — қоғамның айнасы, әлеуметтің тамыршысы. Жат ағым мен теріс пиғылдың бетпердесін сыпырып, қоғамға айқын көрсету сынды жауапты қызметті желкесіне жүктеген маман. Сондықтан оның білімі мен тәжірибесі, біліктілігі мен танымы айрықша маңызға ие. Осы орайда, журналистердің біліктілігін арттыру ісіне айрықша назар аударылып келе жатқанын айта кету керек. Мәселен, өткен аптада Шымкентте «Бүгінгі медиа: біліктілік және қоғаммен байланыс» атты семинар-тренинг өтті.

Қалалық ішкі саясат және жас істері жөніндегі басқарманың бастамасымен өткен семинарға журналистер мен баспасөз қызметінің өкілдері қатысты. Семинардың алғашқы күнінде басқарма өкілдері мен белгілі журналистер, блогерлер тәжірибелерімен бөлісті. Жиында журналистиканың даму бағыты, БАҚ туралы заңға енгізілетін өзгерістер жайы сөз болды.
«Бұл семинардың берері мол болмақ. Мемлекет басшысы Жолдауында БАҚ саласына баса мән берген еді. Қазіргі заманда медианың алар орны ерекше. Жаңа Қазақстанды құруға БАҚ өкілдері де атсалысуда» деді Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Мұхтар Сейітжаппаров. Ал «Шымкент келбеті» – «Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторы Бақтияр Тайжан өз ойын былай түйіндеді «Журналист тек ақпарат жеткізуші емес, қоғамның қозғаушы күші де бола алады. Сондықтан БАҚ өкілінің дүниетанымы неғұрлым кең болса, бұқараға тигізер пайдасы да соғұрлым мол болады. Одан кейін, әсіресе, журналистерге айтарым, бір саланың мықты маманы болсаңыз, ұтарыңыз көп. (Тақырыбын тапқан адам( деп сондайды айтамыз».
Жиынды одан әрі жалғастырған медиа сарапшысы Өркен Кенжебек дәстүрлі журналистика мен блогингтің айырмашылығын жіліктеп берді. Журналистикада 12 жылдан астам уақыт істеген маман жеке блог жүргізудің қыр-сырымен бөлісті. Бұдан бөлек, «Qazaqstan» ұлттық арнасының Шымкенттегі меншікті тілшісі Ғани Қалмахан телевизиялық сюжет жасау туралы әңгімеледі. Журналистер мен баспасөз хатшылары өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды, пікірлерін ортаға салды. БАҚ өкілдерінің біліктілігін арттыру бастамасына елімізге белгілі журналистер Бейсенкүл Нарымбетова мен Зәуре Оралбаева мұрындық болғанын айрықша айта кеткеніміз жөн.

Соңғы уақытта еліміздегі тұрғын үй саласы жиі сынға ұшырап келе жатыр. Жуырда ғана жеделсатының дұрыс жұмыс істемеуінен бір тұрғын зардап шеккен болатын. Бірнеше жыл бұрын дәл осы құрылғының салдарынан өмірмен қоштасқан ананың ахуалы да қоғамды дүр сілкіндірген еді. Бұл басқа құрылыс компанияларына сабақ болды ма? Аталған мәселенің алдын алу мақсатында қандай шаралар атқарылуда?

Бүгінде Шымкентте аталған бағытта тиісті тапсырмалар беріліп, атқарылған жұмыс сапасы бақыланып келе жатыр. Мәселен, ағымдағы жылы Шымкент қаласы бойынша «2020-2025» жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасы аясында 9 көпқабатты тұрғын үйдің жеделсатылары ауыстырылады. Сонымен қатар жыл басынан бері 70-ке жуық лифтте қауіпсіздік сапасын бақылау мақсатында Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы тарапынан сынақ жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 9 жеделсаты тіркеуге алынып, қалғандарында талапқа сәйкестендіру жүзеге асырылып келе жатыр.
Тиісті басқарма тарапынан сондай-ақ, жеделсатылардың техникалық жағдайын тексеру шаралары қарқынды жүргізілуде. Мамандар қауіпсіздік талаптарын қадағалау мақсатында Тұран-2 шағын ауданы №55 А және Нұрсат шағын ауданындағы №219 үй тұрғындары мен аудан әкімдігі және қызмет көрсетуші мекеме өкілдерімен бірлесе лифттердің жағдайын бақылады. Бұған аталған мекенжайлар бойынша «IKomek 109» бірыңғай байланыс орталығына тұрғындардан өтініштердің жиі түсетіндігі негіз болған. Кездесу қорытындысы бойынша басқарма басшысы Нұрдәулет Құрбанбекұлы кемшіліктерді жоюға қатысты тиісті мамандарға бірқатар тапсырмалар берді.
Бүгінде Шымкент қаласында 639 лифт бар. Оның ішінде 515 жеделсаты көпқабатты тұрғын үйлерде орнатылған. Жүк көтергіштер істен шығып немесе оқыс оқиға орын алған жағдайда «IKOMEK» орталығына 109 қысқа нөмірі арқылы хабарласу қажет. Байланыс орталығында тұрғын үйлердің тізімі мен жауапты мекеме қызметкерлері бекітілген. Яғни үшінші мегаполисте аталған бағыттағы жұмыстар қарқынды жүзеге асып келе жатыр. Алдағы уақытта да көпке қолайсыздық туғызатын жеделсатыларды жаңарту ісі жалғаса бермек.

Осы аптада Шымкент қаласының әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда «Бақытты жанұя» орталығының басшысы үшінші мегаполисте 3 мыңға жуық ананың тұрақты жұмыспен қамтылғанын айтты.

 

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары, аталған комиссияның төрағасы Шыңғыс Мұқан, құзырлы мемлекеттік органдар және жергілікті үкіметтік емес ұйым басшылары қатысқан жиында Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру бойынша бірқатар мәселелер қаралды. Отырыста көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көрсетіліп келетін көмектің жай-жапсарын баяндаған «Бақытты жанұя» орталығының басшысы 4 269 ана жұмыспен қамту шараларына тартылғанын, 1225 ана қоғамдық жұмыспен қамтылғанын және 2 882 ана тұрақты жұмыспен қамтылғанын атап өтті. Сонымен бірге 373 ана кәсіптік тегін оқу курсынан өтіп, 162 ана мемлекеттік грант алған.
Сонымен қатар маңызды жиында «Әйелдердің репродуктивті денсаулығын қорғау: ана мен бала өлімінің проблемалары туралы» денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.Асылбеков, «Қиын өмірлік жағдайға тап болған, отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтардың дағдарыс орталығындағы жағдайы, өзекті мәселелері туралы» №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының басшысы Н.Асанов баяндама жасады. Жиын қорытындысымен Шымкент қаласының әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Өңірлік комиссия тарапынан тиісті жұмыстарды жүргізу бойынша бірқатар құзырлы органдарға ұсыныстар берілді. Жалпы аталған комиссияның қоғам өміріндегі маңызы ерек. Соңғы уақытта өзекті түйткілдер көтеріп, шешімін табуға атсалысып келе жатқанын да айрықша айта кету керек.

«Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша жалақы мөлшері 91890 теңгеге көтерілді. Бұл туралы халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Шағдат Әсетұлы БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз брифингінде айтты. Сонымен қатар ол бағдарлама бойынша жұмысқа жолдама алуға шақырды.

«Өздеріңізге белгілі, «Жастар практикасы» – елімізде біраз жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан ауқымды бағдарлама. Еліміз бойынша, оның ішінде Шымкентте аталған бағдарламаға қатысып, мамандығы бойынша жұмысқа жолданып, тұрақты жұмысқа орналасып жатқан жастар өте көп. Мысалы, 2021 жылы Шымкентте 2500-ден астам жас «Жастар практикасы» бағдарламасымен жұмысқа жолданған болса, олардың 1300-дейі барған жерлерінде тұрақты жұмысқа орналасқан» деді спикер. Оның сөзінше, ағымдағы жылы аталған бағдарламамен 2098 жасты қамту жоспарланып отыр. Жыл басынан 1000-нан астам жас жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз жас ретінде тіркеліп, тиісті жұмыс орындарына жолдама алған. Қазіргі таңда олар өздерінің мамандықтары бойынша жұмыс істеуде.
Қазіргі уақытта жоғарыда аталған «Жастар практикасы» бағдарламасының жалақысы көтерілген. Мөлшері 91890 теңгені немесе 30 АЕК-ні құрайды. Бұдан бөлек, бағдарламаға қатысу мерзімі де 12 айға дейін ұзартылған. Бұрын 6 ай болатын. Бастама жұмыс таппай, табаннан тозып жүрген жастарға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Жобаның иглігін көріп, жұмысын бастаған жастар да аз емес.

Өткен апта Шымкент үшін айтулы да айшықты жаңалықтарға толы болды. Мәселен, қала әкімі Мұрат Әйтенов Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевпен кездесті. Шаһар басшысы еліміздің мұнайлы өлкесі және ірі туристік орталықтарының бірі – Маңғыстау төрінде іскерлік кездесу өтіп жатқанына қуанышты екенін жеткізді. Жиынның мақсаты – Шымкент қаласы мен Маңғыстау облысы арасында екіжақты ынтымақтастықты нығайтып, туристер санын арттыру бойынша бірлесе жұмыс істеу.

 

Жиын барысында екі тарап өңіраралық туризм саласын дамыту бойынша өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. “Rixos Khadisha Shymkent” пен “Rixos Water World Aktau” қонақ үйлері және “Garant Tour” туристік компаниясы мен “Aizhelken group” ЖШС арасында да екіжақты келісім орнады. Шымкент қаласының әкімі өз сөзінде қазіргі таңда әлемде орын алған пандемияға байланысты ішкі туристік өнімдерге сұраныс өскенін атап өтті. Ресми статистика бойынша, 2021 жылы еліміздегі ішкі туристер ағыны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 53%-ға артқанын сөзге тиек етті. “Visit Shymkent” туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен өткен “Бақытты қалаға саяхат” байқауында Ақтау тұрғыны ұтып, Шымкент қаласына 2 күндік тегін саяхат жасағанын да тілге тиек етті. Айта кету керек, Шымкентке Әз Наурыз мерекесі қарсаңында алғаш рет келген ақтаулық тұрғын, қаладағы тарихи және мәдени нысандармен, сондай-ақ қала өмірімен танысып, “ДәмДәсTour” ресторандар жәрмеңкесі арқылы шаһардың гастрономиясымен де танысқан еді.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев та кездесу екі өңірдің арасында отандық туризм саласында өзара тиімді қарым-қатынастар географиясын кеңейтуге, туризм индустриясында шағын және орта бизнестің дамуына, туристік қоғамдастық арасында байланысты біріктіру мен нығайтуға оң ықпал ететіндігіне сенім білдірді. Міне, осылайша алдағы уақытта шырайлы шаһар мен маңғаз өңірдің арасындағы іскерлік қатынас дамып, туристер ағыны артпақ.

Киік – қазақ үшін киелі жануар. Соңғы уақытта оның популяциясына қатысты қоғамда пікір көбейді. Ресми статистикаға сенсек, өткен ғасырдың 90-жылдарында еліміздегі киіктер саны 1 миллионнан асып жығылатын. Дегенмен қытайлық медицинада оның мүйізі кең сұранысқа ие болуына байланысты тұяқты жануарлардың саны 90 пайызға дейін қысқарып кетті. Нәтижесінде араға он жыл салып еліміздегі киіктің саны 21 мыңға дейін түсті.

 

Олардың популяциясын сақтау үшін Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін киіктерді аулауға мораторий енгізді. Бұл бағыттағы шаралар өз нәтижесін беріп, тұяқты жануарлардың қатары қайта көбейді. 2020 жылы олардың саны 800 мыңнан асты. Киіктердің кедергісіз жүріп-тұруы үшін көрші елдермен келісімдерге қол қойылды. «Охотзоопром» кәсіпорны құрылып, жануарлардың сирек кездесетін, жойылып бара жатқан түрлерін сақтау, қалпына келтіру және олардың санын есепке алу жұмыстарын жүргізетін болды. Сөйтіп биыл тұяқтылардың саны 1 млн 300 мыңға жетті. Киік санының көбеюі шаруалардың қарсылығын тудырды. Егін мен жайылымды таптап, күзде егін жинауға кедергі келтіреді деген шаруалар да бар…

Арада көп өтпей Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев «Ғалымдар киіктер мәселесін реттеу қажет екенін айтып отыр. Бұл — Орал популяциясы. Қазір Орал популяциясының саны 800 мыңнан асады, соның он проценті реттеледі. Яғни 80 мың бас киік атылады» деді.
Әйтсе де министрдің жауабы көптің көңілінен шыққан жоқ. Тіпті, қоғамдық пікірге ұласып, арты дауға айналды. Бірқатар белсенділер киік санын азайтудың өзге де амалдары барын айтып, ұсыныстарын жеткізді. Желіде түрлі пікір желдей есті. Аталған мәселе президенттің құлағына да жеткен. Үкімет отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Табиғи ландшафтан 80 мың бас киікті алып қою, яғни өлтіру туралы ұсыныс енгізіліп отыр. Бірақ басқа да тәсілдері бар шығар. Мамандармен ақылдасыңыздар. Ал бұл – ең шетін шара ғой. Мен бұл шараға да жүгінуіміз мүмкін екенін жоққа шығармаймын.
Бірақ бұл – шетін шара, қайталап айтам. Бұл мәселеге кәсіби тұрғыда келу керек» деп Экология, геология және табиғи ресурстар министріне сөгіс жариялады. Енді ведомство басшысы киік санын реттеудің өзге де шараларын қарайды. Нақты шешімді күтеміз. Тыңнан түлен тартатын идея қажет емес деген ойдамыз.

шенділер президенттің пәрменісіз ештеңе шеше алмай ма?

 

14 шілде күні Үкіметтің кеңейтілген отырысы өткені белгілі. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері талқыланған жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар шенділерге ескерту беріп, сөгіс жариялады. Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта қымбатшылық мәселесі халықтың екі бүйірінен қысып барады. Базардағы баға күрт өсті. Қант тапшылығы мәселесі әлі де шешілген жоқ. Дүкендердегі ұзын-сонар кезектің өзі көп нәрседен хабар береді. Ал жауапты министрлік «жағдай бақылауда» дегеннен әріге аса алмай отыр. Мінберден айтылатын ақпарат тағы да шынайы өмірден алшақ кетіп барады. Осындайда көптің көкейінде жауапты шенділер президенттің пәрменісіз ештеңе шеше алмай ма деген заңды сауал туады. Қош делік, қандай толғақты түйіндер бар? Мемлекет басшысы кімдерге шүйлікті? Тарқатайық…

 

«Қазір инфляцияның шарықтап кетуі ең күрделі мәселе болып отыр. Бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер етті. Оның деңгейі 19,2 пайызға жетті. Жалпы азық-түлік бірден 80 пайызға қымбаттады. Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шықты. Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы келеді. Оның өзінде бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отыр» деп бастады мемлекет басшысы өз сөзін. Осы тұста сандарды сөйлетейік, жыл басынан бері өзге тауарларды былай қойғанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 17,4 пайызға қымбаттаған. Әсіресе, пияз, қант, сәбіз, картоп, қарақұмық, макарон, ұн және қырыққабаттың бағасы өскен. Халықтың күнделікті тұтынатын тауары болғандықтан, көптің қалтасына дәл осы заттардың қымбаттағаны ауырға тиіп отыр. Мәселенің негізгі себебі – импортқа тәуелділік деп топшылауға болады. Мұны президент те айтты. Мәселен, еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру қарқыны баяулаған. Май өндірісі 12, өңделген сүт 7,5, қант 5,6, ірімшік 3 пайызға қысқарып отыр. Осының салдарынан импорт көлемі 22 пайызға бір-ақ артқан. Бүгінгідей жауапты кезеңде әлем елдері азық-түлік қауіпсіздігінің маңызын анық ұғып, тиісті шараларды көріп жатыр. Солтүстіктегі көршіміздің саяси тұрғыдағы қадамының тұрақсыздығы 2014 жылдан бастап белгілі болған еді. Осы уақыт ішінде жауапты шенділер нәтиже шығармағаны бүгінгідей қымбатшылық уақытында анық сезіліп отыр. Тауардың дені Ресей арқылы келетіндіктен, кей тауар қат болып, бағасы шарықтап шыға келген. Соның бірі – қант…
Зауыттардың жедел деректеріне сенсек, маусым айында елімізде шамамен 38 мың тонна қант өндірілген. Оның ішінде 18 мың тоннасы Тараз қант зауытына, 9 мың тоннасы Көксу зауытына, 11 мың тоннасы Меркі қант зауытына тиесілі. Бұдан біраз уақыт бұрын Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов елде 1,5 айға жететін қант қоры барын, балалар тәттісіз, әйелдер тосапсыз қалмайтынын айтып сендірген еді. Десе де қант бойынша шетелге тәуелді болғандықтан, оның бағасын жүгендеу қолымыздан келмей отыр. Бүгінде ішкі нарықтағы қант Үндістан мен Бразилиядан тасымалданады. Жол шығынын есептегенде көтерме бағасы 450-500 теңгеден айналады. Ал ол сауда сөрелеріне жеткенше тағы да баға қосылып, 600-800 теңгеге дейін жетеді. Бұған дейін ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қанттың қажет қоры барын айтып, тағы да келе жатқанын мәлімдеген. Десе де базардағы баға мен дүкендегі таласты көріп, бұған сенгің де келмейді. Сәйкесінше, қос министр мемлекет басшысын да сендіре алмады. Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент аталған мәселені реттей алмаған Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялады. «Бүгінде бұрын іске қосылған жеті қант зауытының төртеуі ғана жұмыс істеп тұр – Алматы және Жамбыл облыстарында. Олардың өзі тек үштен бір қуатымен ғана жұмыс істейді. Жүктелімі – 31% ғана. Ауыл шаруашылығы министрлігі қызылша қантының үлесін 2026 жылға қарай 6 есе, 7%-дан 43%-ға дейін көбейтуді жоспарлап отыр. Алайда кейінгі төрт жылда қант қызылшасының алқабы үштен бірге қысқарып кеткен» деді мемлекет басшысы. Бұдан бөлек, жиында азық-түлік бағасын реттеу механизмінің дұрыс жұмыс істемейтінін де атап өтті.
Қазіргі уақытта жергілікті әкімдіктер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылауда ұстау үшін ірі сауда желілеріне төменгі пайызбен несие береді. Ал аталған сауда желілері сол несие арқылы өздерінің қорларын толықтырып, тізімде көрсетілген заттардың бағасын базардағыдан әлдеқайда арзан сатады. Шектеу де жоқ емес. Мәселен, қантты әр адам 2 кг-нан артық ала алмайды. Дегенмен мұның өзі нарыққа ауқымды түрде әсер етіп жатқан жоқ. Бұл жөнінде мемлекет басшысы «Олардың нарыққа әсері аз. Кейде олар жосықсыз адамдар үшін қорек болады. Мұнымен айналысу керек. Бюджетті ұрлау фактілері тұрақты түрде ашылады. Әкімдер мемлекет қаржысының жұмсалуына бақылауды жоғалтты. Үкімет «айналым схемасының» көлемін 100 миллиард теңгеге дейін арттыруды ұсынып отыр. Менің сұрағым бар. Күтілетін әсер есептелді ме? Сауда желілеріне емес, тікелей өндірушілерге несие беру қисындырақ болар еді. Енді Үкіметтен жауап күтпеймін. Біз тиімділік тұрғысынан түпкілікті шешім туралы ойлануымыз керек» деді. Яғни «айналым схемасы» мәселені түпкілікті шешіп жатқан жоқ. Қала берді қорлардың жұмысы да жемісін тиісті деңгейде бере алмай келеді. Жоғарыда атап өткен қант мәселесі бұған айқын дәлел бола алмақ. Жауапты министрлік қордың барын айтып, сан рет мәлімдеме жасағанымен, базардағы баға қалыпқа келген жоқ. Керісінше, өсу үстіне өсіп барады. Бұл – өзекті мәселе. Импортқа иек артып, қорды мемлекеттің қаржысына толтырудан ұтып жатқанымыз шамалы. Бұдан бөлек, бүгінде жергілікті атқарушы билік базардағы бағаның құбылуын алып-сатарлықпен байланыстырады. Иә, өндіруші мен сатушының арасындағы алып-сатарлардың бағаны белгілеп, заттар құнының қымбаттауына себеп болып жатқаны жасырын емес. Тиісінше, жергілікті әкімдіктер тарапынан аталған мәселемен нақты күресу жолдарының қалай жүріп жатқаны да белгісіз. Көлеңкелі экономиканың өркендеуіне себеп болып отырған алып-сатарлар тапшылықты қолдан жасап, ажиотаж көтеруді әдетке айналдырып алған сыңайлы. Дегенмен мемлекет басшысы бұл түйткілмен күресті Бас прократураның бақылауына тапсырды. «Үкіметке Бас прокуратурамен бірге базар иелерін бағаны ұстау, адал бәсекелістікті сақтау, саудагерлердің мүддесін сауда алаңдары әкімшіліктерінің заңға қайшы әрекеттерінен қорғау бойынша жауапкершілігін арттыру шараларын күшейту қажет» деп түйіндеді сөзін президент.
Болашаққа деп жинаған Ұлттық қор да азайып барады. Әуелгіде Норвегияның тәжірибесіне сүйеніп, мұнайдан түсер табыспен бүйірін қампайтамыз деген ой болған еді. Дегенмен соңғы жылдары салықтан түсетін қаржының жоспарлы жұмыстарға жетпеуі салдарынан Ұлттық қордан ақша алу жиілеп бара жатыр. Сан түрлі себеп тағы да бар. Үкімет отырысында аталған мәселе тағы да көтерілді. Қор активтері жыл басынан бері 3,4 миллиард долларға төмендеген. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты. «Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері валюталық интервенциялар, екінші деңгейдегі банктер шоттарындағы қалдықтардың қысқаруы және сыртқы борыш бойынша төлемдер салдарынан жыл басынан бері 2,4 млрд долларға төмендеп, 32 млрд доллар болды. Ұлттық қордың активтері жыл басынан бері 3,4 млрд долларға төмендеп маусымның соңында 51,9 млрд долларды құрады. Республикалық бюджетке биылғы 6 айда 2,4 трлн теңге сомасына трансферттер бөлу үшін 2,7 млрд долларға валюталық активтер сатылды» деді ол. Дегенмен мұнай бағасының айтарлықтай өсуі аясында жыл басынан бері түсімдер 3,1 трлн теңгені құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 еседен астамға артқанын көрсетеді. Әйтсе де болашаққа деп жинап жатқан қордың өсу орнына кеміп бара жатқаны – өзекті түйткіл. Дәл осы қарқынмен жалғасса, қордағы қаржыны Норвегия секілді 1 трлн доллардан асыру арман болып қалатын сыңайлы.
Қорыта келгенде, Үкіметтің атқарып жатқан жұмыстары мемлекет басшысының көңілінен шықпады. Мамыр айындағы көрсеткіштерге сүйенсек, азаматтардың нақты табысының көрсеткіші минус 2,9 пайыз шамасында болып отыр. Сондықтан президент Үкіметтің жұмысына «орташа» деген баға берді. Әлихан Смайылов Үкіметі қазіргі уақытта дағдарысты еңсеруге қауқарсыздығын көрсеткен сыңайлы. Базардағы бағаны реттеп, әлеуметтің әлеуетін көтеру қазіргі Үкіметтің қолынан келе ме? Әлде ескі тәсілмен елді есеңгіретіп, экономиканы титықтатып, Ұлттық қорға арқа сүйеп, мәселені уақытша шешуден әріге аса алмай ма? Анығы уақыттың еншісінде…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.

Соңғы уақытта әлемде орын алған саяси оқиғалардың салдарынан логистикалық тізбектің бұзылғаны белгілі. Қалыптасқан дәстүрлі тасымалға тосқауыл қойылғаннан кейін азық-түлік тапшылығы туындап, оны миллиондаған адам сезіп те үлгерді. Салдарынан сұраныс артты.

Мәселен, бүгінде әлемдік нарықта бидай мен ұнға деген сұраныс жоғары. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді.
«Соңғы 3 жылда астық эквивалентіндегі ұн мен астық экспортының орташа жылдық көлемі шамамен 9 млн тоннаны құрады. «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның деректеріне қарағанда, 10 шілдедегі жағдай бойынша астық эквивалентінде 4,9 млн тонна астық пен ұн экспортын құрады. Атап айтқанда, Ресей мен Украинадағы геосаяси жағдайға байланысты әлемдік нарықта бидай мен ұнға сұраныстың артуы бұл өнімге деген экспорттың өсуіне ықпал етті» делінген ведомство мәліметінде. Елімізде енгізілген шектеуге және былтырғы құрғақшылыққа қатысты егін өнімділігінің төмендеуіне қарамастан, дәстүрлі түрде өнім өткізілетін нарықтарда бидай мен ұн экспортының қарқыны сақталады.
Бүгінде Қазақстан астық экспорты бойынша Еуропалық одақ елдерінің жаңа нарықтарына шығу жоспарын пысықтауда. Бұдан бөлек, биыл астық шығымы былтырғыдан 15 пайыз жоғары болуы мүмкін. Ал ішкі нарықты қамтамасыз ету бойынша мәселе әзірге жоқ.
«Уақыт».