Маңызды

Соңғы уақытта жол құрылысына қатысты қоғамда сын көбейді. Қыстың аязында жол салу былай тұрсын, қолмен үгітіліп жатқан бейнежазбалар әлеуметтік желіде кеңінен тарауда. Осындайда көптің көкейінде заңнан аттап, қыруар қаржыға сапасыз жол салатын компанияларға тоқтау жоқ па деген заңды сауалдың туары хақ. Бұл көкейтесті пікір мінбердегі мамандарға да жеткен секілді. Себебі автомобиль жолдары комитеті жол саласындағы жобалаушы ұйымдардың жауапсыздығы үшін қолданылатын жазаны қатаңдатты. Енді аттестаттаушы сарапшылардың пікірлері басты назарға алынып, жауапсыз компаниялар өз ісіне салғырт қарайтын мекемелер санатына кіргізіледі.

«Бұл шешім өз нәтижесін беріп те үлгерді. Мәселен, «Атырау — Орал» бағытындағы жобаны жүзеге асырушы мердігер жаңа шешім пайдалануды қарастырып жатыр. Бұл жоба жаңа айналма жолды салу кезінде бұрынғы жолдарды пайдаланып, көлік қозғалысы кезіндегі жолақ енін 20 метрден 120 метрге дейін арттыруды қамтамасыз етеді. Бұл шешімдер АҚШ-та кеңінен қолданылып, өзінің тиімділігін дәлелдеген» делінген министрлік хабарламасында. Автомобиль жолдары комитетінің мәліметінше, елімізде кейінгі жылдары автокөлік жолдарының құрылысы мен реконструкция жүргізу бойынша жобалар сапасына сын көп. «Атап айтқанда, ауданның климаттық ерекшеліктеріне бағдарланған техникалық шешімдер тиісті деңгейде назарға алынбайды, көпірлер мен өзге де нысан құрылысында пайдаланылатын материалдар мен оларды салу технологиясына жете мән берілмейді. Сонымен қатар, жобалаушы компаниялар көп жағдайда жол құрылысы жұмыстарында арнайы киімдерді пайдаланбайды.
Жеке жобалаушы ұйымдар жол құрылысы мен реконструкциялау кезінде қауіпсіздік пен нысандардың беріктік қасиетін ұзақ уақыт қамтамасыз ететін инновациялық шешімдерді енгізуге құлықты емес. Көптеген жобалық шешімдердің сапасы сын көтермейді, тіпті «ҚазЖолҒЗИ» АҚ ұсынған жоғары нәтижелі ғылыми табыстарды өндіріс барысында есепке алмайды және қолданбайды. Жобалаушы компаниялар бұған дейін қолданылып келген типтік шешімдерге басымдық береді. Бұл шешімдер қосымша дәлелдемелерді қажет етпейді» деп толықтырады министрліктен. Осы тұста айта кетейік, 2014 жылдан бері Қазақстандағы жол құрылысының бағасы үш есе төмендеген. Жаңа талап жалғанды жалпағынан басқан құрылыс компанияларына тоқтау бола ала ма? Жол сапасы жақсара түсе ме? Нақты қандай шаралар көріледі? Бұл сұрақтардың жауабын алдағы уақытта алатынымыз анық.

Соңғы рет телефонда сөйлескенімізде Мұхтардың көңілі алабұртып, ерекшеленіп кеткендей сезілді.
– Ерлан қайдасың, жолығайық. Мен бара саламын – деді.
– Мен Ордабасы ауданында іссапарда жүрмін, — деген соң ғана екпіні басылғандай болып, – А жарайды, ендеше, ертең Түркістанда жолығамыз деген. Бірақ Түркістанда жолығудың сәті түспеді. Ермаханның 55 жасқа толуына орай шығармашылық кешіне Мұхтардың өзі Түркістанда жүргенімен, сырқаттанып келе алмады. Мазасы болыңқырамай тұрғанын сезген Ерекең, «Мұхтар сен бармай-ақ қой» деп оны үйде қалдырғанын айтты. Бірер күн өткенде, Мұхтардың жүрегі соғуын тоқтатты деген суық хабар жетті.
Мұхтармен 1988 жылы мектепті бітіріп, КазГУ-дің журналистика факультетіне түскен жылы таныстық. Оқуға түсе сала ауылшаруашылық жұмыстарына бірге бардық. Мұхтар Атабеков, Ермахан Әбдіраманов, Қаныбек Әбдуов, Бауыржан Ғұбайдуллин, Бақытжан Әлімқұловтардың қатары әскерге барып келген, жиырманың үстіне шыққандар, бізге қарағанда ақыл тоқтатқан, өмір көрген жігіттер болды да, біздер мен, Нұржан Қуантай, Мағжан Қыстаубаев, Серік Мұқашев, Бекжан Әліқұлов, Асқар Серғалиев, Мұхтар Түменбай және тағы басқаларымыз мектептен кейін оқуға түскендер едік. Қазақ тобындағы студенттер арнайы пәндерді екі топқа бөлініп оқысақ та, лекцияда бірге отырдық. Бастысы бір отбасының баласындай, тату-тәтті сыйластықта болдық. Әскер көргендер де, мектептен кейінгілер де заман құрдас болып араластық. Ол заманда ру сұраспаушы ек, тек жерлес деп бір-бірін іштей жақын тартатын. Алғабастық Мұхтар да, түркістандық Ермахан да, арыстық мен де бір шымкенттіктер қатарында аталатынбыз. Мұхтар да, Ермахан да, Туғанбай да, темірландық бір курс жоғары оқыған Дидар Бегалиев те өзіме жақын болды. Бір жылдай Мұхтармен, тағы бір жылы Дидармен бір бөлмеде тұрдық. Бауырдай бірге өстік.
Журфактің 5 жатақханасы – КазГУ-ге танымал жатақхана. Ақыны да, жыршы-жырауы да жетерлік. Бәрі осында. Фойеде отырып бірде гитарасын қолына алған Табылды Досымовтың әндерін тамашаласақ, енді бірде термеші-ақын Мұхтар Бөпетаевтың жырынан нәр алатынбыз. Тамадалары да аз емес. Шохан Шөжееві бар, кейін олардың қатарына Ермахан да қосылды. Ал Мұхтар мен Ермаханның әзілдері таусылмаушы еді. Жігіттер арасында аңызға айналған. Әр кезгісі әртүрлі, күнде жаңа нұсқасы табылады. Әйтеуір түрлі айла-тәсілдер ойлап тауып, Советский секілді аңғал достарымызды сан мәрте алдап соғып, енді алданбаспын десе де, формасы өзгерген кезекті «айлаға» қайталап, жиі түсіп жататын.
Өзім де қолыма домбырамды алып, журфактің жатақханасындағы түрлі кештерде, жиын-тойларда, тіпті КазГУ-дің стадионда өткен алғашқы үлкен Наурыз мерекесінде арнау-жыр орындағаным бар. Сол жылдары Мұхтар Атабекке беташарға ұсыныстар жиі түсетін. Солардың бірнешеуіне бірге бардық та. Ол жүргізуші болатын, мен бет ашатынмын. Осындай кезекті бір беташар КазГУ-дің жұмысшылар асханасында өткен. Үйленген маңғыстаулық адай жігіттің есімі есіме түспеді, сонда Әбіш Кекілбаев келген. Келінге сәлем салғызып, аға да табаққа қаржы салған еді. Тойға кеткенімізді естіп, жатақханада ашқұрсақ қалған достар бізді күтіп отыратын. Келген соң, дастархан жайылып, көңілді отырыс жалғасатын.
Журфактің 5 жатақханасында республикалық басылымдардың редакциясымен, белгілі ақын-жазушылармен кездесулер жиі өтетін. Журфак пен филфак арасында студенттік кештер, сайыстар да. Бірінші курста жүріп, филфакпен болған кезекті бір сайыста Мұхтар мен Ермаханның қолпаштауы мен идеясы арқасында «Қыз Жібек» әзіл-сықақ сахналық қойылымында Жібектің рөлінде сахнаға шыққаным бар. Аяғыма шақ келер қыздардың туфлиі әрең дегенде табылып еді. Мұхтардың фантазиясы күшті болатын.
Жатақханадағы тіршілікте қызық та көп. Мұхтардың бір жағы «тұзы жеңіл» болатын. Бірде екінші қабатта балконда отырып, отырған темір трубадан жасалған жақтау айналып кетіп, жерге құлап түскені бар. Әлі есімде, бөлмеде едік, гүрс ете қалған дауыстан атып балконға шықсақ, Мұхтар жерде құлап жатыр. Мақсұт бар тағы басқалар алдымен күліп жатты, кейін Мұхтардың денесі қатты соққы алып, аузынан қан аққанын көрген соң барып, жігіттер жағы жағдайдың ауырлығын сезген.
Мұхтар көңілі ашық азамат болды. Бойынан бала мінезділігі де сезілетін. Бөтенге арам ойы жоқ, барлығын дос көретін. Сенгіш еді. Осы мінезінен опық та жеді. Жоғары курсқа таяғанда пойызда бір жағдай болып, істі болды. Ойламаған жерден бір жылға сотталып та кетті. Ер жігіттің басынан не өтпейді. Бұл да бір сынақ болар. Қайта Алла тағала оған осындай сынағы арқасында сергек бол деп серпіліс берді ме. Кім білсін?!.
Дипломын өзгелерден кештеу алды. Қанша жыл оқып, қай жылы дипломын қолға алғанын, диплом алу жолындағы жыры мен сырын бізден гөрі оқытушылық қызметте болған Ермахан терең біледі. Екеуі егіз қозыдай жүрді айтпақшы. Екінші курста ма, әлде үшіншіде ме екеуі бірдей былғары плащ кигендері әлі есімде. Мұхтардың Алматыда жүріп «Жас алашта» тілші болған жылдарынан, алғаш үйленіп, отбасы құрғанын тұстарын тек жалпылама өзінен естіп білгенім болмаса, көзбен көріп, барыс-келіс жағдайында болмадым. Себебі өзім Арыстағы бір жылдай аудандық газетте тілші қызметінен кейін, заң факультетін сырттай бітіріп, құқық қорғау саласы, оның ішінде ІІМ, Қаржы полициясы органдарында қызмет атқардым. Оңтүстік Қазақстан облысынан бөлек, Қызылорда облысында, Алматы қаласында, кейін Жамбыл облысында қызмет атқардым. 2001-2005 жылдары мен облыста жүргенде, анда-санда телеарнаға соғып, қал сұрасып тұрдық. Алғашқы неке көп ұзамай үзілгенін, кейін қайта тұрмыс құрғанын, Аян есімді ұлы барын өзінен естіп тілдім.
Бірде 2008-2009 жылдары демалысқа келгенде облыстық телеарнаға соғып, Мұхтарды арнайы іздеп бардым. Біраз әңгілеместік. Қолымдағы облыстық газетке жазған мақаламды көріп, бар жұмысын тастай сап, сол кезгі бас редактор Бейсен Тәжібаевқа ертіп апарды.
– Мына жігіт нағыз полковник, өзі журналист. Менің курстасым, газетке мақаласы бар екен – деп кірісіп кеткен сәті есіме оралды. Құқық қорғау саласынан отставкіге шығып, облыстық телеарнаға жұмысқа келген сәтімде де құшақ жая қарсы алған жігіттердің бірі бізден бір курс кейін оқыған Серік Орынбек пен өзімнің курстасым Мұхтар Атабек екеуі болды. Мұхтар телеарнадағы ақсақал журналистер қатарына таяп қалған, жастарға ақылшы, кеңесші дәреже көтерілгенін біліп қуандым. Өзі де жұмысына берілген азамат болды. Кейін мен 31-ші телеарнаға ауыстым. Ол өмірінің ақырғы күніне дейін сол облыстық телевидениеде еңбек етті. Қуанышымызды бөлісіп жүрдік. Бірді-екілі жинақ кітабым жарық көргенде, телеарнаға шақырып, суретке түсіп, құттықтап, артынша-ақ курстастар чатына бөлісіп жататын.
Мұхтар елуге келгенде Шымкентте той жасады. Курстастар бас қостық. Олар Мұхтарды сыйлайтын өңірдегі қалың ел-жұртты көрді. Әріптестерінің ыстық лебіздерін естіді. Ата-анасымен, туыстарымен естелікке суретке түстік. Кейін өзім елуге келгенде, жинақ кітаптың дайындалып жатқанын естіп, алғашқылардың қатарында өзі де естілігін жазып берді. Балаша қуанып, сыйлығын арқалап үйге жүгіре жеткені есімде. Жанында жеңешем бар. Көлігі бұзылып, жолда қалып қойғанын айтып, ақталып, кешірім сұрап әлек. Мен болсам, – Мұха біз ағайындай жақын адамдармыз. Бір-бірімізді сынамаймыз дейтінмін. Шымкенттегі «Теріскей» шағын ауданындағы Серік Орынбектің пәтерінде, Мұхтардың алдымен Самал-2 дегі үйінде, кейін қазіргі Нұртастағы үйінде мерекелерде бас қосып тұрдық. Мұхтардың өз ағасындай болып кеткен созақтық Бағдат ағамыз да оның шаңырағында жиі болатын. Ал аудандарға престур ұйымдастырыла қалса, ол облыстық телеарнадан мен 31 ден барған кездер де аз емес. Кейде түсірілім кезінде, не жиындарда ұшырасып қаламыз.
Қазір ойлап қарасам, Мұхтардың үнемі асығыс жүргенін байқалады. Асығып келетін де, асығыс кететін. Сөйтсек, өмірі өтіп бара жатыр екен ғой. Ермахан Шымкентке келгенде әсіресе Мұхтар ерекше қуанатын. Осындайда ол барынша ашылып, жадырап кететін. Әңгімесін екпіндеп айтып, бір жасап қалатын. Осы көрініс олардың, Ермахан екеуінің егіз қозыдай бірге өскенінен белгі беретін. Өмірден өткені қабырғамызды қайыстырды. КазГУ-ден басталған алғашқы достығымыздан бастап, студенттік шақ, кейінгі қызметтік кезең, елу жасыма орай жарық көрген естелік кітапты екеуміз ұстап түскен сурет, аудандардағы іссапарлар, аймақтардан жасаған Мұхтардың телехабарлары, өзіне ғана тән ерекше әзілдері, бәрі-бәрі көз алдыма орала берді. Сағыныш болар, жуырда бірге түскен суреттерді қарап, жүріс-тұрысын, сөздерін еске алып, оның өзім жайлы жазған кітаптағы естелігін тағы бір оқып шықтым.
Ең соңғы телефонда тілдескеніміз. Оның екпіндей сөйлеген сөздері. Түркістанға барып тұрып, ертесіне жиынға қатыса алмағаны есіме түсті. Бірақ ол Ермаханның шығармашылық кешінен бір күн алдын біраз ортақ таныстарымызбен кешкі аста бірге болған. Солардың айтуынша Мұхтар бұрыңғыдан өзгеше сезімде отырған. Түнгі Түркістанды аралатып, мейлінше ашық-жарқын көңілде жүрген.
Мұхтардың қазасы Ермаханға да ауыр тигенін сеземін. Шымкентке келе қалса, Мұхтардың шаңырағына барып, Құран оқып, дұға бағыштайық деп отырады үнемі. Мұхтар өмірінің ақырғы күндерін өз үйінде, шаңырағында өткерген. Соңғы барғанымызда жары Әлия оның тамаққа тәбеті болмағанын, төсек тартып жатқанын айтты. Мазасы қашып, жаны қиналғанын да естіп-білдік. Аллаға аманатын тапсырған сәтті жылап есіне алды. Баласының шақырған даусынан соң, жүгіріп барғанында Мұхтардың ақтық демі таусылғанын білгенін, екі қолы дұға жасаушының халіндегі күйде өмірден озғанын айтты. Осы көрініс мені қатты тебірентті. Біз адам баласы, пенде болған соң, ашық-жасырын, біліп-білмей күнә жасап қоямыз. Мұхтар да періште емес. Пенде. Екі қолын жайған халде жан тапсырған. Демек Алладан кешірім сұраған жағдайда өмірден озды. Тілін кәлимаға келтіріп, тәубеге келді деген сөз. Алла алдыңнан жарылқап, мына жалғанда біліп-білмей жасаған күнәларыңды кешірсін. Шындығында Алла кешірім беруші. Алдың пейіш, артың кеніш болсын, дос-бауыр.

Ерлан ҚУАНДЫҚ,
курстас досы.

Шымкент қаласында соңғы жылдары жолдың сапасына айрықша назар аударылып келе жатыр. Қалаға қарасты шағынаудандар мен елді мекендердің көшелері күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Асфальт төселіп, сапасы жақсара түсуде. Жалпы биыл жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан 190 нысанда жол-құрылыс жұмыстарын жүргізуді жоспарланған.

Оның ішінде 2 нысан жолайрықтың құрылысы болса (Рысқұлов-Қонаев, Бәйдібек би-Арғынбеков), 13 нысанда жаңа жолдардың құрылысы (Қонаев 1,2,3,5,6 кезеңдері, Оңтүстік,Шығыс айналма жолы, Самал-1,2,3 кезеңдері, Өтегенов көшесінің 1,2 кезеңі жол құрылыс жұмыстары) жүріп жатыр. 5 нысанда қайта құру жұмыстары (А-2 2,4,7,8 кезеңдер, Адырбеков көшесі), 3 нысанда күрделі жөндеу (Ақжайық, қайтпас, Тассай «Алемтрансжол» шағын аудандарын және Қошқар-ата өзені арқылы өтетін 2 көпірді күрделі жөндеу) жүруде.
Магистралды көшелер мен ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары 308 көшеге жүреді. Биылғы ірі нысандар бойынша Қонаев даңғылы 3 кезеңі, Қонаев-Рысқұлов жолайрығының құрылысын және Самал-1,2,3, шағын ауданындағы жол құрылыс жұмыстарды аяқтау жоспарланған. Күрделі жөндеудегі 3 нысанның құрылысы да ағымдағы жылы толық бітеді.
Орташа жөндеу жұмыстары бойынша, бүгінгі таңда ұзындығы 155 шақырым болатын 80 нысанда жұмыстар аяқталды, қалған 72 нысанды тамыз айының соңына дейін толық көлемде аяқтау көзделген. Оның ішінде магистралды 10 көше (Республика, Рысқұлов, Иляев, Тәшенов, Ақназар хан, К.Цеткин, Жолан батыр, Дулати, Мангелдин, Тоқаев) бар. Жоспар толығымен аяқталса, қаладағы жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі артып, жол сапасы әлдеқайда жақсара түспек.

Отбасында өзара келісім мен рухани сыйластықты нығайту мақсатын көздейтін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысушылар саны Шымкент қаласында жылдан-жылға ұлғайып келе жатыр. Мәселен, былтыр аталған конкурсқа 110 отбасы қатысуға ниет етсе, биыл олардың саны 128-ге жеткен.

Бүгінде қалаға қарасты төрт аудан бойынша аудандық деңгейде өткен конкурс өз мәресіне жетті. Абай ауданынан 33, Әл-Фараби ауданынан 30, Еңбекші ауданынан 31, Қаратау ауданынан 34 мерейлі отбасы тиісті құжаттарын тапсырды. Жеңімпаздарды анықтау бойынша құрылған комиссия өз шешімдерін де шығарды. Әр ауданнан 4 отбасыдан жалпы 16 отбасы жеңімпаз деп танылып, олар қалалық кезеңге жолдама алып отыр.
Атап айтсақ, Абай ауданынан Тоқтиевтар отбасы, Қаржаубаевтар отбасы, Сыздықовтар отбасы, Шаймырзаевтар отбасы, Әл-Фараби ауданынан Бидайбековтер отбасы, Абдихановтар отбасы, Шамшиевтер отбасы, Баймахандар отбасы, Еңбекші ауданынан Байбосыновтар отбасы, Бақтыбаевтар отбасы, Тенизбаевтар отбасы, Шукуровтар отбасы, Қаратау ауданынан Жақыповтар отбасы, Есенамановтар отбасы, Бойшевтар отбасы, Адилбаевтар отбасы жеңімпаз атанды. Енді 15 шілдеге дейін қалалық кезеңнің жеңімпаздары анықталады. Қалада үздік деп танылған отбасылар республикада бақ сынайды.

Шымкентте жалпы кәсіптік оқытуларға жолдама шілде айының басынан бастап беріле бастайды. Бұл жөнінде Ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында өткен брифингте «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің директоры Шағдат Әсетұлы тарқата айтып берді. Нақтырағы «Жалпы кәсіптік оқытуларға шілде айының басында жолдама беру бастау алды. Кәсіптік оқытудың ұзақтығы біліктілік пен дағдылардың ерекшеліктерінен шыға отырып 3 ай мерзімді құрап отыр» деді ол.

Жалпы 2022 жылы «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында жұмыс берушілердің сұратуы бойынша оқу ұйымдарында жұмыссыз 1632 азаматты оқыту жоспарланған. Оның 832-сі – жастар. Сонымен қатар «Жұмыссызды жұмыс берушілердегі жұмыс орнында кәсіптік оқытуды ұйымдастыру» бойынша 760 азаматты оқыту жоспарланса, оның 220-сы жастар санатындағылар екендігін жеткізді. Өткен жылы Шымкент қаласы бойынша нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының І бағыты аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 2500 азамат жолданған. Оларды 25 білім беру мекемесі 31 мамандық бойынша оқытқан болатын. Атап айтқанда, қызмет көрсету саласында 12 мамандық бойынша 795 адам, ауыл шаруашылығы саласында 3 мамандық бойынша 75 адам, өндіріс саласында 7 мамандық бойынша 1310 адам, құрылыс саласындағы 9 мамандық бойынша 320 адам арнайы білім алып, сертификатқа ие болған.
Бұдан бөлек, skills.enbek.kz онлайн режимде кәсіптік оқыту платформасында 9 наурыздан бастап қолданыстағы функционалы оңтайландырылған және жаңа сервистер де іске қосылды. Қазақстандықтарға кәсіби өсу және дағдыларды арттыру мүмкіндіктерін қамтамасыз ету үшін платформада курстарды іздеу жетілдірілді, сабақтардың түсінікті құрылымы құрылды, оқыту процесін қадағалау және курс авторларымен жылдам өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігі бар. Бұл сертификат enbek.kz электрондық еңбек биржасында тіркелген кезде білім алушы жасаған түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Түйіндемені қарау кезінде әлеуетті жұмыс беруші skills.enbek.kz-те табысты оқудан кейін алынған сертификаттарды көретін болады. Ағымдағы жылы жұмыс берушілердің сұратуына сәйкес, оқу ұйымдарында жұмыссыздарды кәсіптік оқытуды ұйымдастыру бойынша 74 жұмыс берушіден 29 мамандық бойынша өтінім түсті. 2022 жылы оқуға жолданғандардың шәкіртақысы 20 948 теңгені құрап отыр. Бұдан бөлек, 6 126 теңгені құрайтын бірреттік материалдық көмек те қарастырылғанын айта кету керек.

Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ІІІ сессиясы өтті. «Қоғам бірлігі — Жаңа Қазақстанның негізі» тақырыбымен өткен алқалы жиында ҚХА-ның ХХХІ сессиясында берілген тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында татулық пен қоғамдық келісімді сақтау мемлекеттік саясаттың басты бағыты екенін айрықша атап өтті. Ассамблеяның саяси жүйені реформалау ісіндегі рөлі мен әрі қарай дамыту міндеттерін белгіледі. Қазақстандағы барлық азаматтың құқығы тең. Яғни, кескін-келбетімізге, ұлтымызға, түсімізге қарап бөлінбейді. Еліміздегі түрлі этнос өкілдері қаншама жылдардан бері тату-тәтті өмірі сүріп келеді. Ал, бұл әрбір азаматтың танымына тікелей байланысты. Танымның үш түрі бар: әуелі, өзіңді тану, екінші – қоғамды, мемлекетті, ұлттық құндылықтарды тану, үшінші – әлемді тану» деді Шымкент қаласы әкімінің міндетін атқарушы Шыңғыс Мұқан.
Жиын барысында ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық топ жетекшісінің орынбасары Қ.Анарбаев еліміздегі этнос өкілдерінің татулығын нығайтып, бірлігін бекітудегі мемлекеттік тілдің және «Қазақтану» жобасының маңызына айрықша тоқталып өтті. Сонымен қатар Шымкент қалалық славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Н.Романова ел болашағы озық білімді, толағай тәжірибеге ие ұрпақтың қолында екенін баса айтып, оларды тәрбиелеудегі педагогтардың рөлін айшықтап өтті. «Қазақстан кәсіби медиаторлары мен құқықтық кеңесшілері қауымдастығының» кәсіби медиаторы Н.Нұрханов этномедиация тақырыбын тарқата әңгімеледі. Ал «Достық» білім беру орталығының оқытушысы С.Пак пен «HAN» телеарнасының тілшісі И.Нусратуллаева мемлекеттік тілді білудің маңызды екеніне тоқталды.
Сессияда Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов қалада этномедиацияны дамыту үшін тұрмыстық келіспеушіліктен бастау алып, ұлтараздық сипатқа ие болатын оқиғаларда этномәдени бірлестіктер төрғаларының белсенді болуы керегін алға тартты. Бұдан бөлек, мәселенің мән-жайын білмей жатып әлеуметтік желіде дау тудыратын «белсенділерге» де наразылығын білдірді. Сәйкесінше, сессия төрағасы Шыңғыс Мұқан жиында қаралған мәселелер бойынша бірқатар сала басшыларына тапсырма берді. «Соңғы қоңырау кезінде аралас мектептердің салтанатты жиынына қатыстым. Өкініштісі, өзге тілді сыныпты бітірген оқушының қазақ тілінде екі ауыз сөзді құрай алмайтынына куә болдым. Оқушы қазақ тілі пәнінен қалай қорытынды алды? Қалай сыныптан сыныпқа өтті?! Шымкент қалалық білім басқармасы тарапынан мектептерде мемлекеттік тілді ілгерілету жұмыстарына қатысты кешенді жоспар жасауды тапсырамын» деді ол.

Соңғы уақытта Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері өсіп, даму деңгейі бойынша көшбасшы өңірлердің қатарына мықтап жайғасты. Тартылған инвестиция көлемі де жоғары. Әлеуметтің әлеуетін көтеру бағытында ауқымды бастамалар қолға алынуда. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту ісі де назардан тыс қалған емес. Үшінші мегаполисте халықаралық келісімдер жасалып, қаланың әлеуеті әрі қарай арта түсуде. Мәселен, осы аптада қала әкімі Мұрат Әйтенов Еуропа қайта құру және даму банкінің Орталық Азия бойынша басқарушы директоры Харгитай Жужаннамен кездесу өткізді.

Жиында Қазақстан Республикасының жасыл экономикаға көшу шеңберінде Шымкент қаласын дамыту, Қазақстанның «Жасыл қалалар» бағдарламасын енгізу және дамыту арқылы 2060 жылға қарай Париж келісімінің мақсаттарына және көміртегі бейтараптығына қол жеткізуі, ЕҚДБ-ның Қазақстандағы энергетика, көлік және коммуналдық инфрақұрылым және жасыл экономика саласындағы көрсеткіштері жайлы сөз қозғалды. Сондай-ақ Шымкент қаласы мен ЕҚДБ арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі басымдықтары талқыланды. ЕҚДБ тарапынан Шымкент қаласында шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау білдіру жұмыстарының жалғасы табылатындығы жеткізілді.
Кездесу соңында қала әкімі ынтымақтастықты нығайтуға ниетті ЕҚДБ өкілдеріне алғысын білдіріп, тараптар өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл – маңызы зор келісім. Алдағы уақытта үшінші мегаполистің даму деңгейі әрі қарай артып, жаһандық деңгейдегі беделінің биіктей түсері де айқын.

Ағымдағы жылдың қыркүйегіне дейін автобустар кондукторсыз жүйеге өтуі тиіс. Бұл жөнінде Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде айтты. Басқарма басшысының сөзінше, бүгінгі таңда қалада 78 тұрақты қалалық маршрут қызмет көрсетеді, күнделікте маршруттарға 843 автобус шығады. Жекеменшік нысанындағы 10 компания жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсетуде. Ал пайдалану мерзімі 3 жылға дейінгі автобустар саны 890 автобус немесе 89% құрап отыр.

 

«Бүгінде жолаушыларды қолма-қол ақшамен төлеуге мәжбүр ететін кондукторлардың жұмысына көптеген шағымдар түсуде. Жағдайды түзету үшін қалалық маршруттарда кондукторсыз жүйені кезең-кезеңмен енгізу міндеті қойылды. Жаңа жүйеге сәйкес автобуста кондукторлар мүлдем болмайды. Бұл дегеніміз, жолаушы өзі жолақысын қолма-қол, «Tolem» картасы, SMS код немесе QR-код арқылы төлей алады» деді спикер. Жиында Ержан Жақсылықұлы жылжымалы құрамды жаңарту мақсатында, 2020 жылы газ метанмен жүретін 590 жаңа автобус сатып алынғанын, қазіргі уақытта барлық автобустар қалалық тұрақты маршруттарға тартылып, күнделікті тұрғындарға қызмет көрсетіп жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар аталған автобустарды газ отынымен қамтамасыз ету үшін 2 газ станциясы қызмет көрсетіп, ал үшінші станцияның салу үшін жер учаска бөлініп, инвестор анықталып жатқаны да айтылды.
Айта кету керек, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен Шымкент қаласы полиция департаментінің арасында жаңа жүйені іске асыру мақсатында меморандум түзілген. Меморандумға сәйкес, полиция қызметкерлері және бақылау тобы бірлесіп, жол ақысын төлемеген жолаушыларға әкімшілік құқық бұзу туралы хаттамалар түзіп, айыппұл сала алады. Айта кету керек, егер жол ақысын қолма-қол төлеген жағдайда, міндетті түрде билет беруді талап ету керек. Жалпы бұл жүйенің мақсаты — ашықтықты қамтамасыз ету, жүргізушінің жалақысын көтеру, тұрғындарға сапалы қызмет көрсету, жолақы төлемін автоматтандыру, жалпы алғанда орын алған кемшіліктерді жою тұрғысында қоғамдық көліктерде мәдениеттілікті қалыптастыру болып табылады.

Кез келген қаланың тұрғындар мен қонақтарға қолайлы болуында қоршаған ортаның тазалығы айрықша рөл атқарады. Сондықтан тазалық ісі қашан да жергілікті атқарушы биліктің басты назарында. Мәселен, жуырда Кентау қаласында қоқыс жәшіктері жаңартылады. Бүгінгі күні қаладағы халық көп шоғырланатын басты көшелер мен аллеяларға, саябақтар алаңдарына қою жұмыстары басталып кеткен.

Тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған жәшіктер заманауи үлгіге сай ыңғайлы жасаған. Жаңа қоқыс жәшігі үш бөліктен құралған. Яғни шыны ыдыстары, пластикалық қалдықтар, тұрмыстық заттардың қалдықтары бөлек салынады. Әрбір қоқыс жәшігіндегі қалдықтарды күн сайын тазалық мекемесі тазалап отырады. Үш бөліктен тұратын қоқыс жәшігінен қалада 200-ін орналастыру, ал қарапайым кіші қоқыс жәшіктен 100-ін қою жоспарланған. Айта кетейік, қалада қоқыс жәшіктерін орнату және жаңарту мәселесі тұрғындар тарапынан көтеріліп келген. Қала әкімі Рашид Аюпов тұрғындармен кездесуінде бұл мәселені шешу жағы қарастырылып, тиісті шаралар жүзеге асырылатынын атап өткен болатын.
Жалпы Кентау қаласында әлеуметтік экологиялық сауатын арттыру бағытында да ауқымды бастамалар көтеріліп, қолға алынып келе жатыр. Түрлі сайыстар арқылы жастар арасында да насихатталуда. Бұдан бөлек, айналаны қоқыстан тазарту бойынша сайыстар да ұйымтастырылды. Қаратаудың тәжі атанған қаланың көркі күн санап артып келе жатыр. Бұған тазалық саласында қызмет етіп жатқан қызметкерлердің қосып жатқан үлесі орасан екенін де айта кету керек.

«Ұрпақтар келісімшарты» жобасы жас мамандарды жұмысқа орналастыру мен зейнет демалысына шығатын жұмысшыларға ізбасар дайындауды көздейді. Бүгінде аталған бастамамен білікті кадрлардың қатары қалыңдап келе жатыр. Айта кетерлігі, жобаға қатысушылардың дені – жастар. Бүгінгі материалымызда солардың бірі жөнінде тарқата жазуды жөн санап отырмыз. Кейіпкеріміз – Нилюфар Убайдуллаева.

Былтыр Шымкенттегі Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжін «тігінші» мамандығы бойынша бітіріп, осы жылдың маусым айының басында «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына қатысуға өтінім берген. Қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына тиісті құжаттарын өткізіп, нәтижесінде жеке кәсіпкер «Қасиет Collection» тігін цехына жіберілген. Жас маман аталған өндіріс орнында зейнет жасына жақындаған тігін шебері Гүлчехра Егембердиеваның орын басады.
«Бұл жұмыс іздеп жүрген немесе жұмыссыз жастар үшін зор мүмкіндік деп ойлаймын. Тәжірибе жинақтайсың. Тәжірибелі тәлімгерден істің қыр-сырын үйренесің. Жобамен келгеніме еш өкінбеймін. Өзімді жақсы қырымнан көрсетсем, тұрақты жұмысқа тұруға да мүмкіндік мол» дейді жас маман. Жалпы биыл үшінші мегаполисте жоғарыда аталған жобамен 24 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Олардың айлық жалақысы 91980 теңгені құрайды. Мерзімі – 6 ай. Мұның өзі жастардың мамандықты терең меңгеруі мен тәжірибе жинауына үлкен мүмкіндік бермек. Сонымен қатар саланың білікті мамандарынан көп нәрсені үйреніп, қабілетін ұштайды.