Маңызды

Қоршаған ортаны қорғау мен таза ұстау – әр азаматтың желкесіне жүктелетін жауапкершілік. Ал бастамаға мұрындық болу мен ұйымдастыруды жергілікті әкімдіктер атқарады. Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта өңірлердің тазалығын насихаттап, қоршаған ортаны қорғауды мақсат еткен шаралар жиі өткізіліп келе жатыр. Азаматтардың экологиялық сауатын арттыратын осындай игі бастаманың бірі Келес өңірінде өтті.

Нақтырағы, өткен аптада Келес ауданында «Қоршаған ортаның тазалығы – денсаулық кепілі» атты сенбілік ұйымдастырылды. Аталған сенбілік жұмыстары «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының Түркістан облыстық филиалының мұрындық болуымен өтті. Тазалық шарасына Келес ауданының ауыл, ауылдық округтерінің қызметкерлері де қолғабыс болып, белсенді атсалысты. Санитарлық тазалық жұмыстарының басым бөлігі республикалық маңызы бар А-15 «Жиззах-Гагарин-Жетісай-Киров-Қызыләскер-Абай-Сарыағаш-Жібекжолы» автомобиль жолының Келес ауданы аумағындағы бөлігінде өтті. Тазалық шарасына 6 техника жұмылдырылды.
Жалпы Келес өңірінде мұндай игілігі мол бастамалар ұдайы ұйымдастырылып келе жатыр. Әуелгіде шараға қолдау көрсетушілер саны аз болса, уақыт өте келе қатары қалыңдаған. Қала берді тұрғындардың да экологиялық сауаты артып, қоршаған ортаны ластамау мен қорғауға айрықша үлес қосып келе жатыр. Оның ішінде жастардың белсенділігі айрықша екенін баса айта кеткен дұрыс. Сенбіліктер алдағы уақытта да жалғасады. Жергілікті әкімдік мұндай шараларға тұрғындардың жиі қатысуы керегін айтады. Сонымен қатар қоршаған ортаны ластамаудың өзі – табиғатты қорғаудың ең алғашқы қадамы дейді ұйымдастырушылар.

Түркістан облысы электр қуатының негізгі бөлігін сыртқы көздерден алады. Сондықтан аталған мәселе күні бүгінге дейін өз өзектілігін жойған жоқ. Өңірде баламалы энергияға көшу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келе жатыр. Жуық арада облыстағы энергия тапшылығы мәселесі түбегейлі шешілмек. Толығырақ тоқталайық…

Жуырда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев тұрғындармен кездескен болатын. Жүздеген адам жиналған жиында өңір басшысы алдағы уақытта атқарылатын бірқатар жұмыстар жайына тоқталып өтті. Айрықша айта кетерлігі, өңірге инвестиция тарту мақсатында үлкен жоба іске асырылуда.
Соның бірі – «Өгем өзенінде су электр станциялары каскады». Бұл жоба бойынша облысқа 293,3 млрд теңге жеке инвестиция тартылады. Жобаның болжамды құны 722,8 млрд теңгені құрайды. Құрылыс 2024-2026 жылдары жүзеге асырылады. Бұл туралы облыс әкімі «Аталған жоба іске асқан жағдайда облыстың оңтүстігіндегі тұрғындарды түбегейлі ауыз сумен қамтамасыз ететін боламыз. Өздеріңізге белгілі жыл сайын елімізде электр дефициті байқалып келеді. Облысқа қажетті электр қуатының 80%-ы сыртқы көздерден тасымалданады (қажеттілік 320 МВт). Аталған мәселені түбегейлі шешу мақсатында «Самұрық-Қазына» АҚ-мен бірлесіп, 1000 МВт Газ станциясын (ПГУ) салуды жоспарлап отырмыз. Биылғы жылдың 15 шілдесінде аукцион өткізіліп, жеңімпазы болып «ПГУ Түркістан» ЖШС-гі анықталды. Құрылыс кезінде 2000-2500, пайдалану кезінде 200-250 тұрақты жұмыс орны ашылады» деді.
Бастама жүзеге асса, облыстағы энергия тапшылығы мәселесі толық шешіледі. Дегенмен мұның өзі жарық пен қуатты ретсіз пайдалануға болатынын аңғартпайды. Талғамы биік оқырман қауым мұны айқын біледі деген сенімдеміз.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Шымкент қаласына келді. Жұмыс бабымен келген министр қаладағы Жүрек орталығы, емхана мен перзентханадағы медициналық қызмет сапасын бақылап, медицина қызметкерлерімен сұхбаттасты.

Жүрек орталығында болған Ажар Ғиният кардиохирургия бөлімшесін аралап, емдеу мекемесінің ота жасайтын мүмкіндіктерін көріп шықты. 158 төсекке есептелген қалалық жүрек орталығы – алғашқы медициналық көмек нысандарының бірі. Орталық стационарлық түрде мамандандырылған, жоғары технологиялық кардиологиялық, кардиохирургиялық, аритмологиялық, эндоваскулярлық медициналық көмек көрсетіледі. Жыл басынан бері орталықта 3 мыңға жуық науқас емделіп, ашық жүрекке 306 операция жасалған. Содан соң Денсаулық сақтау министрі қалалық №4 емхананы аралады. Бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсететін ұйымда 40 мыңға жуық азамат тіркелген.
Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрі қалалық перзентхананы аралап, ана мен балаға көрсетілетін медициналық қызмет сапасымен танысты. Босану палатасы мен жансақтау бөлімшесінде де болды. Айта кету керек, қалалық перзентханада жыл сайын 11 мыңнан астам нәресте дүниеге келеді. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін мұнда жылына 12 мыңнан астам ананың босануына жағдай жасалып отыр. Шымкент қаласы демографиялық өсу көрсеткіші бойынша республикада алда келеді. Ұлттық статистиканың мәліметінше, демографиялық өсім жағынан Шымкент мегаполистер арасында бірінші орында тұр.

Бұдан біраз уақыт бұрын AMANAT партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының VI съезіне Шымкенттен делегаттар аттанып, қатысып қайтқан болатын. Енді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов аталған съезге қатысқан жастарды қабылдап, пікір алмасты. 

Жиында жастар съез барысында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар туралы баяндады. Еліміздің әр тарапынан келген белсенді жастармен тәжірибе алмасып келуге мүмкіндік берген партияға алғыстарын білдіріп, өзекті мәселелерді ортаға салды. Өз кезегінде, шаһар басшысы қоғамның қозғаушы күші жастар болғандықтан, оларға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
«Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жастар – еліміздің ертеңгі үміті, сенімді тірегі екенін нақты көрсетті. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтып өткендей жастар үшін маңызды білім, еңбекқорлық және отаншылдық бағыттары бойынша бірқатар жұмыстар атқаруымыз қажет. Сіздерге артылар үміт пен жауапкершілік орасан. Бүгінгі жастар арасындағы негізгі мәселе болып табылатын жұмыспен қамту, отбасы құндылығы сынды бағытта жұмыс жасаудамыз. Ай сайынғы жастармен кездесу жалғаса береді. Әрдайым жалынды ойларыңыз бен идеяларыңызды қолдауға дайынбыз» деп қорытындылады өз сөзін қала басшысы.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Қаратау ауданының тұрғындарымен кездесіп, 6 айда атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Сонымен қатар тұрғындардың мәселелерін де тыңдады. Жиынға зиялы қауым өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, құқық қорғау органдары және басқарма басшылары қатысты. Көтерілген мәселелер шешімін тауып жатыр ма? Өңірде қолға алынған қандай игі бастамалар бар? Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер не дейді? Тарқатайық…

Құрылыс жұмыстарының тең жартысы Қаратауда жүргізілуде

Жалпы ағымдағы жылдың І жартыжылдығында қала әкімі шағынаудандар мен елді мекендерді аралар барысында тұрғындардың 874 ұсыныс-пікірін тыңдаған. Бүгінде көтерілген мәселелердің 374-і шешімін тапса, 336-ы орындалып жатыр. Қаладағы инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстары әрі қарай жалғасады. Өз сөзінде шаһар басшысы «Тұрғындардың ең көп көтеретін мәселесі — инфрақұрылым. Даму жоспарына сәйкес, бұл бағытта жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. 2023 жылы ауыз су, 2025 жылы электр жарығы, табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары толық шешімін табады. Кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 75 пайызға жетпек» деді.
Қаратау ауданының 265 мыңнан аса тұрғыны бар. Аудан әрі қарай кеңейіп, халық саны саны артуда. Аудан әкімі Р.Мүлкеманов жыл сайын аудан тұрғындары 15-20 мыңға көбейіп жатқанын айтты. Ал жалпы үшінші мегаполистегі құрылыс жұмыстарының тең жартысынан астамы Қаратауда жүргізілуде. Жиында азаматтар жалпы инфрақұрылыммен қамту, жерді заңдастыру, қоғамдық көлік және аулаларды абаттандыру, көшелерге ат беру, тұрғын үйлердің қасбетін жаңарту сынды мәселелерін айтты. Айтылған ұсыныс-тілектер бойынша қала әкімі тиісті сала басқармаларына тапсырмалар жүктеді.

139 мәселе шешімін тапқан

Қала әкімімен өткен жиынға бас-аяғы 300-ге жуық тұрғын қатысты. «Ашық диалог» форматында өткен кездесу барысында қала әкімі тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап беріп, алдағы жоспарлармен таныстырды. Көтерілген түйткілді мәселелерді шешу бойынша арнайы іс-шара жоспары бекітілетінін түсіндіріп өтті. І жартыжылдықта Қаратау ауданының тұрғындарымен барлығы 63 кездесу өткен. Онда 328 мәселе көтерілсе, қолға алынған жедел жұмыстар нәтижесінде 139-ы шешілген. 189 мәселе бойынша тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келе жатыр.
Орындалып жатқан жұмыстардың 71-і алдағы екі жылдың көлемінде шешімін табады. Себебі бұл бір немесе бірнеше айда шешімін табатын мәселе емес. Жүйелі жұмыс, нақты жоспармен, кезең-кезеңімен жүзеге асатын түйткілді түйіндер екенін айта кету керек. Ал атқарылатын жұмыстардың сапасын қала әкімі Мұрат Әйтеновтің өзі қадағаламақ.

2 индустриалды аймақ ашылады

Индустриалды аймақтар кәсіпкерлік саланың дамуына тың серпін береді. Жүздеген, тіпті, мыңдаған жұмыс орындарының ашылуына да сеп болмақ. Қаратау ауданының әкімі Р.Мүлкеманов қала әкімінің тұрғындармен өткен кездесуінде негізгі көрсеткіштерді атап, жоспарлармен бөлісті. Қазіргі уақытта ауданда 12 ірі және орта кәсіпорын бар. Дегенмен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейту туралы тапсырмасына сәйкес, 2 индустриалды аймақ ашу жұмыстары басталып кеткен.
Оның бірі – «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы. Инвестициялық жобаның құны 23 млрд теңгені құрайды. 1500 жұмыс орнын құрумен 21 жоба іске аспақ. Ал екіншісі — «Агроиндустриалды аймақ» өндірістік жылыжай кешені. Құны 11 млрд теңгені құрайды. Мұнда 14 жоба жүзеге аспақ. Соның негізінде 369 жұмыс орны құрылады.

Инженерлік инфрақұрылыммен қамту көрсеткіші қандай?

Қаратау ауданын инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстарының қарқынды түрде жалғасатынын жоғарыда жазған едік. Енді жекелей тоқталып өтейік. Жоспар бойынша 2023 жылы ауыз сумен қамту 100 пайызға жетеді. Осы мақсатта биыл Нұртас су жинақтағыш магистралды құбырының құрылысы аяқталады. Ал Қайнарбұлақ және Асар-2 елді мекенінде құрылыс жүргізіліп, келер жылы пайдалануға беріледі. Достық пен Асар-2 тұрғындары сапалы электр желісіне қол жеткізеді. Тассай шағын ауданында құрылыс жұмыстары осы жылы басталып, 2023 жылы аяқталады. Нәтижесінде биыл ауданды электрмен қамту 97 пайызды құрамақ.
Көгілдір отынға келсек, биыл қамту көрсеткіші 90 пайызға жетеді. Бұл мақсатта Тұран, Тассай, Нұртас, Қайнарбұлақ, Асар-2 елді мекендерінде құрылыс жұмыстары басталады. Қайнарбұлақ тұрғын алабындағы жұмыстар келесі жылға өтпелі. Мирас, Ақжайық, Тұран ішкі магистралы, Асар-2, Тассай, Достық елді мекендерінде кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Асар-2, Тассай, Достықта жұмыстар алдағы жылы аяқталады. Ал жарықтандыру жұмыстары ағымдағы жылы 39 көшеге жүргізілмек. Осылайша тұрғындардың толғақты мәселесіне айналған инженерлік инфрақұрылым кезең-кезеңімен шешіліп келе жатыр.

1 жылда «халық қатысатын бюджет» үлесі 10 есе артқан

Жыл басынан бері «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша үшінші мегаполисте бірқатар жұмыстар атқарылды. Оның ішінде Қаратау ауданында 2021 жылға қарағанда 2022 жылы халық қатысатын бюджет үлесі 10 есеге артқан. Өткен жылы 5 үйдің ауласы абаттандырылған болса, биылғы жылы 26 үй ауласы жаңарып, ирригациялық арықтар салу бойынша 2 жоба жүзеге асырылмақ.
Айта кетсек, жоба аясында аумақты көгалдандыру, тротуарларды жайластыру, пандустар қою, арықтар салу және жөндеу, қоқыс тастайтын жерлерді жою, ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру, ойын және жаттығу алаңдарын құру, онда жабдықтар орнату секілді жұмыстар жасалады. Күні бүгінге дейін бірнеше аулалар аталған жоба аясында абаттандырылып, өзге де нысандар жөндеу жұмыстарынан өтті. Халық тарапынан да белсенділік жоғары. Тиісті ұсыныстар дер кезінде қаралып, қажет шаралар да жедел қолға алынуда.

Жауын-шашыннан келетін қауіптің алдын алу назардан тыс қалмаған

Шымкентте күзгі жауын-шашын кезінде ирригациялық арықтардың толып қалуының алдын алу мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, ирригациялық арықтар орнатылу қажет жерлер зерделеніп, анықталған. Биыл Қаратау ауданында жауын-шашын салдарынан болатын су көлдеудің алдын алу мақсатында ұзындығы 13,7 шақырымды құрайтын 22 мекенжайға ирригациялық арықтар орнату жоспарланған.
Бүгінгі таңда 12 орынға мердігер мекеме анықталды. Келісімшарт құжаттамалары әзірленуде. Қалған мекен жайларға мердігер мекеме анықталуда. Жалпы Қаратау ауданында ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған шаруа көп. Өңірдегі өзекті мәселелер жоспарға сәйкес шешімін тауып келе жатыр. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерде де өсім байқалады. Жолдардың сапасы жақсарып, инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қарқын алған. Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.

Шымкент қаласында биыл шалғайда жатқан шағынаудандар мен елді мекендердің ішкі орамдық көшелерін жөндеуге айрықша басымдық беріліп жатқаны белгілі. Жыл басынан бері бірқатар бастамалар көтерілді. Аяқталған жұмыстар да жоқ емес. Нақтырағы, қазіргі уақытта Қаратау ауданы аумағында жоспарланған 48 көшенің бүгінде 17-інде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды.

Атап айтқанда, Қызылсу тұрғын алабы аумағындағы Гүлистанның 8 көшесінде орташа жөндеу жұмыстары бітті. Аталған көшелердің жалпы ұзындығы 6,7 шақырымды құрайды. Орташа жөндеуден өткен Жаңақұрылыс №2,3 көшелерінің ұзындығы — 1,3 шақырым. Сонымен бірге Сайрам тұрғын алабындағы Сыдыхан ата, Мүслім төбе, Тектұрмас, Тиллаходжаев көшелерінде асфальтбетон қабатын төсеу жұмыстары аяқталды. Асар-2 шағынауданындағы №1,2 көшелері орташа жөндеуден өтіп, бүгінде ел игілігіне пайдалануға берілді. Өтеміс шағынауданы аумағындағы Д.Қонаев және Өжен көшесінде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды.
Достық тұрғын алабындағы Ынтымақ көшесі, Омарташы көшесінің жалғасы, тұйығы және Абдиров көшелерінің жолдары жөнделді. Ұзындығы 1,4 шақырымды құрайтын Ақжайық шағынауданының аумағындағы Қамбар батыр көшесінің орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Қайнарбұлақ тұрғын алабының Русские березки көшесінің жол құрылыс жұмыстары аяқталды. Оның ұзындығы 2 шақырымды құрайды. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, 2022 жылы жоспарланған 308 көшенің бүгінгі таңда 155 шақырым болатын 190 көшесінде жұмыстар толығымен аяқталды. Ал қалған көшелерді 2022 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланған. Жоспар толығымен жүзеге асса, қалаға қарасты шалғайда жатқан елді мекендер мен шағынаудандардың бірқатар өзекті түйткілдері шешімін таппақ.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов аудан әкімдері мен коммуналдық қызмет көрсетуші мекеме басшыларымен жиын өткізген болатын. Кездесуде үшінші мегаполистің санитарлық-тазалық сақтау мәселесі көтерілді. Шаһар басшысы аудандарда санитарлық-тазалық сақтау, көгалдандыру, шөп ору жұмыстары төмен деңгейде жүргізіліп жатқанын айтып, жұмысына жауапсыздық танытқан бірқатар басшыларға ескерту жасады.

«Тазалық жүргізетін мердігерлер анықталып, жұмысын бастағанына 3 айға жуықтағанымен, тұрғындар тарапынан шағымдар саны азаймауда. Әлеуметтік желіде ай сайын сыни материалдар жариялануда. Оның басты себебі мердігер мекемелерде бүгінде қажетті ресурстар мен жұмыс күші толығымен жетіспеуде. Жұмыспен қамту орталығында 10 мыңнан аса жұмыссыз тіркеуде тұр. Бос жұмыс орындарын жасырмай, соларды жұмысқа тарту керек. Аудан әкімдері тазалықпен айналысатын мердігер мекемелердің жұмысын үйлестіру, қызметін қадағалау, бақылау шараларын жүйелі жолға қоймаған. Әкімдердің жұмысы шашылған қоқыс қалдықтарын мердігер компанияға хабарлап, жинатумен ғана шектелуде. Барлығыңыздан нәтижелі жұмыс көрсетулеріңізді талап етемін» деді отырыс төрағасы.
Аудан басшылары қазіргі уақытта тазалық жұмыстары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайына тоқталды. Сонымен қатар өзекті мәселелерді де ортаға салды. Қала әкімі жиын соңында кемшіліктерді ретке келтіріп, тазалық сақтау жұмыстарын жүйелендіруді, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын мердігерлердің жұмысын арнайы бақылауға алуды, аудандағы кәсіпкерлік субъектілеріне арнайы мекемелермен келісімшартқа тұру арқылы аумағындағы қоқыстарды тазалау, уақытылы шығаруды ұйымдастыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, тұрғындарға тазалық этикасын барынша түсіндіруді тапсырды. Қолға алынған және алынатын жұмыстар сапасы да бақылауда болатынын айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласын дамыту мен азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тапсырмасын берген болатын. Аталған тапсырманы орындау мақсатында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бірқатар кәсіпкерлермен кездесті. Жиында қаланы азық-түлікпен қамтамасыз ету инфрақұрылымын дамыту жайы сөз болды.

Шаһар басшысы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру, өнім көлемін арттыру, егістік жерлерді ұлғайту, өнім сақтайтын қоймалар санын арттыру мақсатында инвесторларды бірге жұмыс жасауға шақырды. Шымкентте бүгінде 14 ірі қойма жұмыс жасайды – 6 климаттық, 8 құрғақ қойма мен базарлар. Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция салуға даяр кәсіпкерлер өз жобаларын ұсынды. Солардың бірі — «KAZAKHSTAN LOGISTICS GROUP» ЖШС. Бозарық шағын ауданында орналасқан қоймада екі кезең бойынша жұмыстар жүргізілуде. І кезеңде 40 мың тонна өнімге шақталса, екінші кезең 2025 жылға дейін аяқталса, қуаты екі есеге артады. Алғашқы кезең бойынша үй-жайлардың құрылысы толық аяқталған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін кезек-кезегімен жүктеу басталды.
Сондай-ақ «Керемет сапа» ЖШС — климаттық қойма салуды қолға алып отыр. Онда
1 мың шаршы метр аумақта 2 мың тонна көкөніс сақтауға болады. Жобаның құны – 500 млн теңге. Биыл құрылыс жұмыстары толық аяқталса 15 адам жұмысқа орналасады. Өзге де кәсіпкерлер өз жобаларына жер телімін беруді, кейбірі инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді сұрады. Қала әкімі әрбір жобаны толық зерделеп, мемлекеттік көмек көрсету үшін жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді. Сонымен бірге ірі азық-түлік сауда желілері мен әлеуметтік дүкендер санын арттыруды да тапсырды.
Жалпы Шымкентте 6 айда ауыл шаруашылығы саласында 17 млрд теңгенің өнімі өндірілді, салаға тартылған инвестицияның көлемі 1,1 млрд теңгені құрады. Биылғы жылы 30 мың га егістік жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде дәнді дақыл — 13 мың га, майлы дақыл – 3,6 мың га, мал азықтық – 9,6 мың га, көкөніс пен бақша – 3,4 мың га, картоп – 0,4 мың га, жүгері – 0,1 мың га. Нәтижесінде 90,1 мың тонна өнім алу жоспарлануда. Қазіргі таңда 33,5 мың тонна өнім жиналды.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ай сайын қаланың белсенді жастарымен кездесіп, мәселелерін тыңдау алдағы уақытта ұдайы ұйымдастырылатынын айтқан еді. Осындай жиын бұл жолы Еңбекші ауданының жастарымен өтті. Кездесу барысында Еңбекші ауданындағы жастар саясатын жүзеге асыру барысы туралы баяндалды.

Қала әкімі жастар арасында қозғалып жүрген өзекті мәселелер мен ұсыныстарды тыңдады. Жастар талқылауда белсенділігін көрсетіп, көптеген ұсыныстар мен пікірлер айтты. Жиында жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, жоғары оқу орындарының, колледждердің түлектерін мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрақты жұмысқа орналастыру, «Ерікті жастардың біліктіліктерін арттыруға арналған жобалардың санын көбейту, жас режиссерларды қолдауға арналған фестивальдар мен іс-шаралардың санын арттыру сынды ұсыныстар ұсынылды. Мегаполис жастары бүгінгі күн мен болашаққа нық сеніммен қарауы жəне жан-жақты жарасымды жетілуіне, қаламызды дамуына, көркейуіне жастардың ерекше қолдауы және жауапкершілігі жоғары екендігін айтып, жастардың барлық оң бастамаларын қолдайтынын жеткізді.
Жалпы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ай сайын әр ауданның жастарымен жүздесіп тұрады. Оған белсенді жастар қатысып, қала әкімімен сұхбаттасып, көкейінде жүрген сауалын қойып, ойында жүрген ұсыныс-тілектерін айта алады. Күні бүгінге дейін бірнеше ауданда кездесулер өтті. Өзекті де өткір мәселелер көтерілді. Тиісті тапсырмалар негізінде жұмыстар да істеліп жатыр. Мұндай жиындардың жастарға берер мүмкіндігі жоғары. Өйткені осы арқылы өңірдегі жастар арасындағы өзекті мәселелер шешімін табады. Сонымен қатар олардың жан-жақты дамуына да барынша мүмкіндіктер жасалмақ. Осының негізінде жастарға барынша жағдайлар жасалып жатқанын да айта кету керек. Мұның өзі өңірдегі жастар арасындағы мәселелерге терең анализ жасауға мүмкіндік беріп отырғаны да белгілі.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен салалардағы индикаторлардың орындалуы мен өзекті мәселелер бойынша жиын өтті. Жиналыста 6 айда атқарылған жұмыстар мен кемшіліктер сараланды. Кемшіліктерге талдау жасалып, тиісті салаларға ескертулер жасалды.

Бекітілген жұмыс жоспарын сапалы жүзеге асыру мақсатында қала әкімі нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, апта сайын азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жасап, баяндау, бала мен ана өліміне жол бермеу мақсатында кешенді жұмыс жоспарын бекіту, электр қуатын үнемдеу бойынша іс-шаралар кешенін жүргізу, егілетін ағаш орындары мен суағар мәселесін тыянақты дайындау, білім сапасын көтеру бағытында мектептерді жіті бақылауға алу, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асатын жобаларды қатаң бақылау. Жұмыстардың орындалу барысы хаттамамен бекітіліп, нәтижесі әр апта баяндалуы тапсырылды.
Жалпы Шымкент қаласында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер жоғары. Қалада білім саласындағы өзекті мәселенің бірі саналатын орын тапшылығын жою бойынша бірнеше мектепте қосымша ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Бірқатар білім ордалары күрделі жөндеуден өтуде. Бұдан бөлек, жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесін арттыру бойынша да ауқымды бастамалар көтеріліп, жүзеге асып келеді. Кептеліс мәселесін шешу мақсатында жолайрықтардың құрылысы жүруде. Бастысы атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тікелей бақылауында.
Қала инвестиция тарту бойынша еліміздегі жетекші өңірлердің қатарына қосылды. Сырттан келетін инвесторларға жағдай ұдайы жасалып келе жатыр. Индустриалды аймақтар ашылуда. Мұның өзі өңірдегі әлеуметті жұмыспен қамту ісінде айрықша мәнге ие. Алдағы уақытта да аталған бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек.