Маңызды

Шымкент қаласының құрылыс басқармасына 2022 жылы бюджет есебінен жалпы құны 56,8 млрд теңгені құрайтын 90 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 31 кредиттік тұрғын үй және 20 арендалық тұрғын үй салынып жатыр. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы Әбілсейіт Рабаев мәлімдеді.

«Шымкент қаласының құрылыс басқармасы негізгі ірі құрылыс нысандарына жұмыс тапсырушы болып табылады. Оның ішіндегі негізгі нысандардың бірі тұрғын үй құрылысы болып табылады. Шымкент қаласында тұрғын үйге сұраныс өте жоғары екендігін ескере отырып, биылғы жылы 2 972 пәтері бар 51 тұрғын үй салынуда және жылдың аяғына дейін қолданысқа беру жоспарланып отыр» деді басқарма басшысы. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда инженерлік инфрақұрылым бойынша 15 нысан (Тұран ш/а 5 жоба, Бозарық ш/а 6 жоба, ӘІО 2 жоба және Жаңаталап т/а 2 жоба) жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.
Әлеуметтік нысандардың құрылысы бойынша 13 нысанның (4 спорт нысаны, 3 мәдениет нысаны, 2 саябақ, 2 өрт сөндіру нысаны, 1 биотермиялық шұңқырдың және 1 денсаулық сақтау құрылысы) құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде, 1 саябақ, 2 спорт нысаны, 1 өрт сөндіру нысаны және 1 биотермиялық шұңқырдың құрылысын биылғы жылы аяқтау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, білім саласында да құрылысы жүріп жатқан нысандар бар. Атап айтқанда, 8 мектеп, 1 колледж, 1 оқушылар сарайы және 1 балалар шығармашылық орталығы салынып жатыр. Жылдың аяғына дейін 5 мектеп, 1 колледж және 1 балалар шығармашылық орталығын пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жыл басынан бері Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов әр ауданның тұрғындарымен кездесу өткізіп, атқарылған жұмыстардың есебін беріп жатыр. Қала берді, тұрғындардың өзекті мәселелерін тыңдап, тиісті тапсырмаларды да беріп келеді. Бұл жолы шаһар басшысы Абай ауданының тұрғындарымен кездесті. Есепті кездесуде 6 айдағы қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері айтылды.

Абай тұрғындарымен 63 кездесу өткен

Жиын барысында қала әкімі «Халықпен кездесулер өткізудің 2022 жылға арналған күнтізбелері бекітіліп, тоқсан сайын тұрақты кездесулер өткізілуде. Бұл жаңа әдістің қажеттілігі мен тиімділігіне көз жеткізіп отырмыз. Себебі мен 2022 жылдың I жарты жылдығында тұрғын алаптар мен шағын аудандарды аралап, 84 кездесу өткіздім. Жалпы кездесулерде қала тұрғындарынан 874 ұсыныс-пікір түсіп, оның 374-і орындалып, 316-ы жыл соңына дейін орындалады деп күтілуде. Ал 184 мәселе ұзақмерзімді шешуді қажет ететіндіктен, 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізілген» деді.
Күні бүгінге дейін Абай ауданының тұрғындарымен 18 елді мекенде 63 кездесу ұйымдастырылған. Міне сол жиындарда бас-аяғы 216 мәселе көтеріліп, бүгінде 86-сы шешімін тапқан. 97 мәселе бойынша жұмыс атқарылып жатса, 36 мәселе екі жылдық жоспарға еніп отыр. Осы тұста айта кетерлігі, әрбір түйткілді түйін ауданда құрылған қоғамдық бақылау кеңесімен мақұлданып, зерделеніп отырды.

Биыл электр мен ауыз су мәселесі толық шешіледі

Шымкентке қарасты шағынаудандар мен елді мекендердегі ең өзекті мәселенің бірі – инженерлік инфрақұрылым. Соңғы жылдары аталған түйткілді түйінді шешу мақсатында бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, жемісті жұмыс атқарылып келе жатыр. Сәйкесінше, Абай ауданында да қолға алынып жатқан және жоспарланған жұмыстар көп. Инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстары турасында қала әкімінің тұрғындармен өткен есепті кездесуінде Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов айтып өтті.
Аудан басшысының айтуынша, өңірдегі ауыз мәселесі биыл толық шешіледі. Яғни сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетпек. Межеге жету үшін қазіргі таңда Құрсай шағынауданында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Нұршуақ, Батыс, Жаңаталап елді мекендерінде құрылыс жұмыстары осы жылы ақталып, электр желісімен қамтылу көрсеткіші де 100 пайызға жетеді. Қазіргі уақытта құрылыс қарқынды жүруде. Сапа қашан да бақылауда.
Табиғи газ мәселесіне келсек, ағымдағы жылдың аяғына дейін көгілдір отынмен қамту көрсеткішін 91 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта Көкбұлақ, Батыс, Арғымақ, Ақжар, Ақтас, Ақтас-2, Нұршуақ елді мекендерінде құрылыс жұмыстар басталды, жыл соңына дейін аяқталады. Нұршуақ тұрғын алабындағы жұмыстар келесі жылға өтпелі. 27 мың халқы бар Самал-3 және 6,3 мың халқы бар Солтүстік-батыс шағын аудандары осы жылы кәріз жүйесімен қамтылады. Қамтылу көрсеткіші 41,4 пайызға жетеді. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда жалпы ұзындығы 56,5 шақырымды құрайтын 39 көшеде жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бастама нәтижесін бере бастаған

«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында үшінші мегаполисте бірқатар игілігі мол қолға алынып, жүзеге асты. Тұрғындар тарапынан да ұсыныс-пікірлер жиі айтылатын болды. Мұның өзі ашықтықты қамтамасыз етуді көздейтін жобаның нәтижесін көрсетеді. Жалпы Абай ауданында 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы халық қатысатын бюджет үлесі 5,1 есеге артқан. Ауданды өткен жылы 7 үйдің ауласы абаттандырылған болса, биыл 32 жобаға қаржы бөлінді. 1-кезеңде 5 үйдің ауласы, 27 елді мекен жоспарға енген, ал 2-кезеңде 5 үйдің ауласы абаттанады. Бұл жұмыстарды тұрғындар дауыс беру арқылы таңдаған болатын.
Жоба аясында аумақты көгалдандыру, тротуарларды жайластыру, пандустар қою, арықтар салу және жөндеу, қоқыс тастайтын жерлерді жою, ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру, ойын және жаттығу алаңдарын құру, онда жабдықтар орнату секілді жұмыстар жасалады.

Сапалы интернет – заман талабы

Абай ауданындағы сапалы интернетпен қамту мәселесі де жүйелі түрде кезең-кезеңімен жүзеге асып келе жатыр. Былтыр мобильді интернетпен қамту көрсеткіші 91 пайызды құраған болатын. Биыл бұл көрсеткіш 95 пайызға жетпек. Бұл туралы аудан әкімі Бұхарбай Парманов айтты.
Мәселен былтыр интернет сапасы төмен Ынтымақ-2, Құрсай, Солтүстік-Батыс, А-2 жолы, Самал-3 елді мекеніне базалық станция орнатылды. Биыл 30 мың тұрғыны бар Ақниет, Қызылжар, Жаңаталап, Игілік, Агрофирма-Қарасу тұрғын алаптарына базалық станциялар орнатылады. Қаладан шалғай орналасқан Самал-3, Қазығұрт, Құрсай, Ақниет, Жайлау, Ынтымақ, Қызылжарға талшықты оптика желісі жүргізіледі. Бастамалар жүзеге асса, тұрғындардың түйткілді мәселесіне айналған сапалы интернет мәселесі де шешімін таппақ.

Қауіпсіздік мәселесі басты назарда

Былтырдан бері қалада мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында орталық және әлеуметтік нысан орналасқан көшелерді жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәселен, Абай ауданында былтыр 30 көше жарықтандырылды. Биыл осы жоба аясында 29 көше жарықтандырылар болса, аудандағы жалпы 140 көшеде түнгі жарықшам болады дегенді аңғартады. Сонымен бірге жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында 2021 жылы 519 бейнебақылау камерасы қойылды. Осы жылы тағы қосымша 250 камера қойылмақ.
Жалпы шаһар басшысымен өткен жиында бірқатар мәселелер көтерілді. Атқарылған жұмыстардың жай-жапсары тұрғындарға түсіндірілді. Болашақ бастамалар жайы таныстырылды. Айта кету керек, қала әкімімен өтетін есепті кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады.

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан олардың бүгінгі бағыты елдің келешегі үшін аса маңызды. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде, оның ішінде жергілікті әкімдіктер тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар орасан. Жуырда Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы М.Шотанов қала әкімі Мұрат Әйтеновке биылдың алғашқы алты айында атқарылған жұмыстар жайын баяндады.

Үшінші мегаполисте 245 мыңнан аса жас болса, оларға қолдау көрсету мақсатында 4 ауданнан жастар ресурстық орталықтары ашылып, жыл басынан бері 21 мың жасқа қызмет көрсеткен. Одан бөлек, 9 ірі сауда орталығында жастар ұйымдары құрылған. Олар кәсіпкерлікті дамыту және заңдастыру, спорттық шараларға тарту сынды бағытта жұмыс істейді. «Профновигация» жобасы аясында мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар жұмыстары бойынша 56 кездесу мен семинар-тренингтер, кәсіпорындарға экскурсиялар ұйымдастырылды.
Жастарды жұмыспен қамту мақсатында NEET санатындағы жастар туралы тұжырымдама әзірленіп, бекітілген. Жыл басынан 27 рет бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 4100 жас қамтылған. «Мобильді топ» 48 шалғай елді мекенді аралап, 15 000-нан астам жасқа ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізген. 6828 жас мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 162 жас алғашқы жұмыс орындары, 123 жас әлеуметтік жұмыс орындар, 3 623 жас тұрақты жұмыспен, 996 жастар практикасымен, 1 924 жас қоғамдық жұмыс орындарына жолданған.
Жиын барысында шаһар басшысы «Жастарды кәсіпкерлік іске баулу, жұмысқа орналастыру, оларға заманауи технологияны меңгерту күн тәртібінен түспей отырған өткір мәселелердің бірі. Әлеуметтік мәселесін шешу үшін, алдымен жұмыс мәселесін шешу қажет. Жұмыс істеймін деген жасқа мүмкіндік көп. Соны түсіндіру, жан-жақты қолдау көрсету – міндетіміз. Жастар орталықтарында осы бағыттағы жұмыстар күшейтілсін» деп, тиісті тапсырмаларды жүктеді.

Шымкентте кептелістің мәселесін шешу мақсатында қыруар іс атқарылып жатыр. Ал олардың сапасын қала әкімі Мұрат Әйтеновтің өзі тексеріп, тиісті тапсырмаларды беріп келе жатқанын да жазып жүрміз. Құрылысы қарқын алған нысандар ел игілігіне қашан беріледі? Қандай сын-ескертпелер бар? Бастамалар толғақты түйінге айналған мәселелерді шеше ала ма? Тарқатайық…

Жол құрылысына қатысты тақырыпты тарқатсақ, әуелгілерден болып ауызымызға ілігетіні – Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысындағы жолайрық құрылысы. Аталған 3 деңгейлі жолайрық құрылысы 2022-2023 жылдар аралығында қаланың көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асуда. Нәтижесінде аталған көшелердің көлік өткізгіштік деңгейі екі есеге артады. Жолайрықтың техникалық сипатына орай Бәйдібек би даңғылында 700 метр, Арғынбеков көшесінде 921 метр көше аралығы құрылыс аумағына енген. Жоба бойынша ені 80 метрлік төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселмек. Қазіргі уақытта аталмыш құрылыс нысанында Арғынбеков көшесі бойымен тіреу қабырғаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ал Бәйдібек би даңғылында көпір өткелі конструкциялары орнатылуда.
Қалың оқырманның жадында болса, жолайрықтың Бәйдібек би бойындағы көлік қозғалысы 6 шілде күні жабылған болатын. Жоспарға сәйкес, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде Бәйдібек би даңғылы бойымен солтүстік бағытта көлік қозғалысы жартылай ашылып, оңтүстік бағытта көлік ағыны Арғынбеков көшесінен бұрылып, Байтұрсынов көшесіне қарай өтеді. Көлік қозғалысы үшін Арғынбеков көшесіне альтернативті магистралдар ретінде Рысқұлов және Төлеметов көшелері белгіленген. Ал Бәйдібек би даңғылына альтернативті көше ретінде Бәйтереков, Шаяхметов және Өтегенов көшелері белгіленді.
Қаладағы тағы бір үлкен құрылыс нысаны — Қонаев көшесі мен Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайрық. Нысан 2022 жылдың соңында аяқталады. Былтыр көлік кептелісін азайту мақсатында, жолайырық құрылысы толық аяқталмай техникалық тұрғыда көлік қозғалысына ашылған еді. Қазір аяқжолдар салу жұмыстары, жерасты өткелін әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүруде. Жоғарыда айтылғандай, екі деңгейлі жолайрықтың құрылысы 2020 жылдың мамыр айында басталып, 2022 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланған. Нысанның техникалық сипатына сай Д.Қонаев көшесінде 1030 метр, Рысқұлов көшесінде 684,7 метр көше аралығы құрылыс аумағына енген, ені – 42 метр, төрт-алты жолақты.
Бұдан бөлек, қалаға қарасты шалғайда орналасқан елді мекендердің де жол құрылысына баса назар аударылып келе жатыр. Мәселен, Абай ауданына қарасты Игілік тұрғын алабындағы көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Нақтырағы, бірқатар көшелерге биыл асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Сергелі, Шеңгелді, Беріктас, Бабата, атауы жоқ 32,33,34,35 көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Игілік тұрғын алабында жалпы 6,8 шақырым жолға асфальтбетон қабатын төсеу жұмыстары көзделген. Бүгінгі таңда жұмыстар аяқталуға жақын.

«Уақыт».

Шымкент қаласы жоғары қарқынмен дамып келеді. Қоғамның барлық саласында ілгерілеу бар. Қала берді, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің өзі тұрғындармен есепті кездесу өткізіп, қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін таныстырып келеді. Жасыратыны жоқ, атқарылған ауқымды істердің баршасынан бірдей хабардар емеспіз. Қала берді, көптің көкейінде туындайтын сауалдар да жоқ емес. Сондықтан газетіміздің осы санында Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Альбина Елшиевамен болған сұхбатты жариялап отырмыз. Әңгімемізге халық қалаулысы атқарған істер мен қалада қолға алынған бастамалар жайы арқау болды…

— Альбина Балғабайқызы, әңгімемізді мәслихат депутаты ретінде атқарған жұмыстарыңыздан бастайық. Күні бүгінге дейін қаламыздағы қандай мәселелердің шешілуіне мұрындық болдыңыз? Қай мәселелерді қаузап келе жатсыз?
— Қалаға кейін қосылған елді мекендердің инфрақұрылымын салуға, жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге қаражат бөлдіруге барынша ықпал етудемін. Нақтырақ айтсам, Еңбекші ауданына қарасты елді мекендердің электр, газ, ауыз су желілерінің құрылысына, Сайрам елді мекенінің су құбыры желілерін қайта құруға қаржы бөлінуіне мұрындық болдым. Аталған мәселелерге қаржы бөлу біздің бюджет және экономикалық даму мәселелері жөніндегі комиссиямызда қолдау табуда. Сондай-ақ Шымкент аграрлық-техникалық колледжінің соңғы үлгідегі заманауи жаңа оқу ғимаратының салынуына, №41 мектеп-лицейіне 300 орындық қосымша ғимарат салу үшін ЖСҚ әзірлеуге, №94 орта мектепке спорт алаңшасын орнатуға, Сайрам көмекші мектеп-интернат арнайы мекемесіне ерекше балаларға арналған арнайы құрал-жабдықтар алуға, эпилепсия ауруымен ауыратын балалардың тиісті дәрі-дәрмектерді тегін алуларына және басқа да біраз әлеуметтік мәселелерге тікелей ықпал еттім деп айта аламын. Бұл тізімді әрі қарай да жалғастыруға болады. Айта берсек, ауыз толтырып айтар бастамалар көп. Десе де негізгі мақсат көпке жариялау емес. Бастысы, іс жүріп жатыр, оның игілігін көптің көріп жүргені де белгілі.

— Партияның сайлауалды бағдарламасының Жол картасына енген қандай индикаторларға жауаптысыз? Сайлауалды бағдарламаны орындау бойынша нақты қандай шаралар атқарылды?
— Жалпы мен жауапты 4 индикатор бар. Олар — ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне инфляцияны 6-8% көрсеткішінде ұстау, «Мен кәсіпкер боламын» өңірлік бағдарламасын іске асыру (Еңбек бағдарламасы шеңберінде) және 100 жас пен әйел адамға жеңілдетілген несие алу. Жол картасы негізінде бұл көрсеткіштер 5 жылға бөлінген.
Геосаяси жағдайдың әсерінен бұл көрсеткіштерге қол жеткізу мүмкіндігі қазіргі уақытта үлкен мәселеге айналып отырғанын айта кеткен жөн. Мәселен, Шымкент қаласының халқы жылына жалпы алғанда 500 мың тоннаға жуық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тұтынады. Тұрақтандыру қорынан басқа, қала аумағында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірумен айналысатын кәсіпорындар бар. Жалпы қала бойынша азық-түлік тауарларының тапшылығын болдырмау мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Қала берді, базардағы бағаның құбылып, халықтың қалтасына ауыр соқпауы үшін де жергілікті әкімдік пен қалалық мәслихат тарапынан барынша бақылау жұмыстары қолға алынған. Әлеуметтің әлеуетін көтеру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайы да халық қалаулыларының бақылауында екенін баса айтқым келеді.

— Басқарма басшыларының өздеріңізге есеп беретінінен хабарымыз бар. Соңғы уақытта білім саласында қандай игі бастамалар қолға алынып жатыр? Мәселелер бар ма? Жаңа оқу жылына дайындық жұмысы көңіліңізден шыға ма?
— Жалпы білім саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында 19 жоба іске асырылып, 45 мыңға жуық балалар ыстық тамақпен қамтылған. Жоба аясында жеке инвестор есебінен 54 мектеп асханасы ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қосымша жабдықтармен қамтылған. Олар — мұздатқыш, тамақ пісіру құралдары, жиһаздар, ыдыс-аяқтар, бейнебақылау камералары. Сонымен қатар жоба аясында 320 орындық балабақша мен 150 орындық өнер мектебінде қазіргі уақытта жұмыс жүргізуде.
Ал Шымкент қаласы мәслихатының 2022 жылғы жоспарына сәйкес Шымкент қаласының білім басқармасының есебі үшінші тоқсанға қойылған. Оны біз тамыз айының екінші онкүндігінде қараймыз деп шештік. Сол үшін жаңа оқу жылына дайындық бойынша алдағы уақытта толыққанды жауап беремін.
Жалпы білім саласында атқырылып жатқан жұмыстардың жайын көпшілік біледі деген ойдамын. Қазіргі уақытта білім ордаларындағы орын тапшылығын жою мақсатында, жоғарыда атап өткен мектеппен қатар, тағы бірнеше мектепте қосымша ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Мұның өзі бірнеше ауысымда оқитын оқушылардың мәселесінің шешілуіне ықпал етпек.
Жалпы бүгінгі өскелең ұрпақ – елдің ертеңі, кемел келешегі. Сондықтан оларға жасалатын жағдай қашан да қатаң бақылауда.

— Жасыратыны жоқ, қалаға қарасты шалғайда жатқан елді мекендерде мобильді интернет мәселесі бар. Аталған түйткілді шешу бойынша нақты қандай жұмыстар қолға алынған? Хабарыңыз бар ма?
— Ия, сөзіңіздің жаны бар. Алайда әкімдік тарапынан бұл мәселені жою мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізуде. Айта кетсек, 2021 жылы қаладан шалғай орналасқан 14 шағынаудан мен елді мекенге базалық станция орнатылып, 136 мыңға жуық қала тұрғыны интернетпен қамтылды. Бұл жұмыстар ағымдағы жылы да жалғасын табуда.
Қазіргі таңда, мобильді байланыс операторларымен бірлесіп, 11 елді мекеннің интернет сапасын жақсарту мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Биылға қала аумағын мобильді интернет желісімен және сапалы байланыс арнасымен қамту үлесін 95% жеткізу жоспарлауда. Одан бөлек, жеке инвестор қаражаты есебінен 10 елді мекенге оптика желі жүргізіліп, 100 мыңға жуық қала тұрғынын сапалы интернетке қосылуға мүмкіндік жасалады. Яғни мәселе кезең-кезеңімен шешіліп келе жатыр.

— Жастар – еліміздің болашағы. Ал жастарға жасалған жағдай – болашаққа салынған инвестиция. Бұл салада қандай шаруалар қолға алынып жатыр?
— Шымкент қаласында 14-29 жас аралығында 245 мыңнан астам жас бар. Ол жалпы қала тұрғындарының 21,7%-ын құрайды. Жастарға қызмет көрсету мақсатында төрт ауданда «Жастар ресурстық орталығы» жұмыс істейді. Ол жақта 130 мыңға жуық жас түрлі әлеуметтік бағыттар бойынша іс-шараларға қатысады. Атап айтқанда, 2022 жылы «2021-2025 жылдарға кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» шеңберінде 18 мыңға жуық жасты жобаға тарту жоспарланып отыр. Жыл басынан «Мүмкіндіктер алаңы» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі 27 рет ұйымдастырылып, оған 4100 жас тартылды. Осы секілді өзге де іс-шаралар ұйымдастырылып, жастарды қолдау мақсатында көптеген жұмыстар жүргізілуде.

— Кез-келген елдің экономикасын өрге сүйрейтін сала – кәсіпкерлік. Қаламызда аталған саланың дамуы үшін қандай жағдайлар жасалуда? Нендей жетістігіміз бар?
— ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету бойынша берген тапсырмасына сәйкес Шымкентте 1500-ге жуық кәсіпкерге көмек көрсетіледі. Мәселен, 1 мыңнан астам кәсіпкерге «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» сынды мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 8,7 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсету жоспарлануда.
Одан бөлек мемлекеттік бағдарламалардан тыс жергілікті деңгейде «Мен кәсіпкер боламын» және «Іскер қала» арнайы іс-шаралар жоспары шеңберінде 1 млрд теңгеге 200-ге жуық бизнес өкілдеріне жеңілдетілген несиелер ұсынылады. Сонымен қатар өндірістік алаңдарының жалдау ақысының бір бөлігін өтеп беру арқылы қолдау көрсетіледі.
Түрлі деңгейдегі қолдаулардың арқасында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің санын 30%-ға өсіру жоспарлануда. 2022 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің саны 75,5 мың бірлікті құраса, 2025 жылға қарай 100 мың жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар 2025 жылға дейін шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін жалпы өңірлік өнімде 45%-ға жеткізу көзделуде. Бұл – ауқымды бастама. Сәйкесінше, қолға алынып жатқан шаруа да қыруар.

— Қаламызда жаңа аудан құрылды. Тұран атауын иеленген ауданның қала дамуындағы маңызы зор дегенді де жиі естиміз. Аталған бастама нақты қандай оң нәтижелер береді деп ойлайсыз? Неге «Тұран» атауын мақұлдадыңыздар?
— Қаланың құрамына ауылдық үлгідегі 41 елді мекен кіреді. Олардың әлеуметтік және инженерлік объектілермен қамтамасыз етілу деңгейі төмен және қала орталығынан едәуір шалғай (25-30 шақырым) орналасқан.
Тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын және басқару деңгейін арттыру мақсатында жаңа аудан құрылды. Бұл аудан толыққанды жұмысын бастағаннан кейін жемісін береді деген сенімдемін.
Ал атауына келсек, Заң талаптарына сәйкес, қала әкімдігі мен қалалық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясы, ауданға атау беруде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру мақсатында қоғамдық тыңдау өткізді. Ол отырысқа жергілікті қоғамдастық өкілдері, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдардың мүшелері, қаланың тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты. Қоғамдық тыңдау барысында жаңа ауданға «Алаш», «Жібек жолы», «Тұран», «Бадам», «Мәртөбе», «Яссы» атаулары мен Шәмші Қалдаяқовтың есімін беру бойынша ұсыныстары мен пікірлері түсті. Көпшілік «Тұран» атауын қолдады.
Көпшіліктің тандауын ескере келе, мәслихат депутаттары да «Тұран» атауын мақұлдады.

— Уақыт бөліп, сұхбатқа келісім бергеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Алдағы бастамаларыңызға сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан
Құдырет МОМЫНХАН.

Қазіргі уақытта Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылым мәселесін шешу мақсатында ауқымды істер атқарылып жатыр. Әсіресе, қалаға қарасты шалғайда жатқан елді мекендер мен шағынаудандардың мәселесі күн тәртібінде тұр. Өңірлердегі толғақты түйіннің бірі – сапалы интернет. Осы бағытта үшінші мегаполисте ауқымды бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылып келе жатыр. Мәселен, 2024 жылы Шымкент толықтай мобильді интернетпен қамтылады.

Қазіргі уақытта Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылым мәселесін шешу мақсатында ауқымды істер атқарылып жатыр. Әсіресе, қалаға қарасты шалғайда жатқан елді мекендер мен шағынаудандардың мәселесі күн тәртібінде тұр. Өңірлердегі толғақты түйіннің бірі – сапалы интернет. Осы бағытта үшінші мегаполисте ауқымды бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылып келе жатыр. Мәселен, 2024 жылы Шымкент толықтай мобильді интернетпен қамтылады.

Өткен жылы интернет сапасы төмен 14 елді мекенге базалық станция орнатылған болса, биыл 12 елді мекенге қойылып, мобильді интернет желісімен қамту үлесін 95 пайызға жеткізу жоспарланған. 2023 жылы 11 елді мекенге, 2024 жылы 10 аумақты қамтып, көрсеткіш 100 пайызға жетпек. Бұл туралы бүгін қала әкіміне І жартыжылдықта атқарылған жұмыстар бойынша есеп берген цифрландыру басқармасының басшысы Ә.Әбдіраханов баяндады.
Осы жылға 71 мың қала тұрғынын қамтитын 12 аумаққа базалық станция орнату жоспарға қойылған болса, бүгінде олар бойынша жер телімдері анықталып, инвесторларға ұсынылған. Қазір бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Маятас, Елтай, Тоғыс, Бозарықта жеке нысан иелерімен келісу арқылы базалық станция орнатылып, іске қосылды. Ал оптикалық интернет қамту үлесін 75 пайызға жеткізу межеленген. Қаладан шалғай орналасқан 15 елді мекенге талшықты оптика желісі қойылады. Тұрғындардың IT сауаттылығын арттыру мақсатында «CIFRO» және робопарк бағдарламалау мектептері ашылды. Онлайн платформа веб-сайттарды әзірлеу, ІОS, андройд платформасында қосымшалар әзірлеу, анимация жасау, ойындар әзірлеу секілді курстар оқытылуда.
І жартыжылдықтың есебін тыңдаған қала әкімі Мұрат Әйтенов салаға тартылатын инвестицияны арттырып, интернет сапасын жоғарылату бойынша қосымша жұмыстарды мықтап қолға алуды тапсырды. Айта кету керек, күні бүгінге дейін қаладағы бірқатар шағынаудандарға базалық станция орнатылған. Нәтижесінде интернет сапасы да жақсара түскен.

Спорт – елдің оң имиджін әлемдік деңгейде қалыптастыруға қауқарлы саланың бірі. Сондықтан көк туды көкте желбірететін спортшыларға барынша жағдай жасалып келеді. Нәтижесінде әлемдік додаларда топ жарып, жеңімпаз атанып жатқандар саны уақыт өткен сайын арта түсуде. Бір ғана Шымкент қаласында ағымдағы жылдың алғашқы алты айының қорытындысымен, 3 ҚР Еңбегі сіңген спорт шебері, 32 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 148 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 232 спорт шеберіне үміткерлер дайындалған.

Бұл жөнінде қалалық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Б.Тұманбаев Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке биылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстар есебін баяндау кезінде айтты. Қала спортшылары спорт түрлері бойынша ҚР чемпионаттарына қатысып, 416 алтын, 372 күміс, 398 қола медаль жеңіп алды. Азия чемпионаттарында қала спортшылары 39 алтын, 18 күміс және 24 қолаға қол жеткізсе, осы уақыт арасында Әлем чемпионаттарында 28 алтын, 15 күміс және 8 қола медальға ие болды. Дүниежүзілік гимназия ойындарында 11 спорт түрінен 23 спортшы қатысып, нәтижесінде 5 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Еуропа чемпионаттарында 2 спорт түрінен 10 спортшымыз қатысып, нәтижесінде 9 алтын, 6 күміс, 4 қола медаль жеңді.
Бұдан бөлек, 2022 жылғы 1-15 мамыр күндері Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен ХХIV Сурдлимпиада ойындарына еркін күрестен 70 кг салмақта Рсалы Сабыржан және 65 кг салмақта Пернеш Шадияр қатысты. Нәтижесінде Рсалы Сабыржан 2-орын, Пернеш Шадияр 5-орынды жеңіп алды. Шаһар басшысы жиын барысында олимпиада резервін даярлайтын мектептердің жұмысын қолға алуды, бұқаралық спортты дамытуда түсіндіру, жан-жақты ақпараттандыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Айта кету керек, соңғы жылдары үшінші мегаполисте бұқаралық спортты дамыту ісіне айрықша көңіл бөлініп отыр. Аулаларда спорт алаңшалары салынып жатыр. Қала берді салауатты өмір салтын насихаттайтын түрлі бастамалар көтеріліп, сайыстар ұйымдастырылуда. Өз кезегінде, бастамаға қолдау көрсетететін тұрғындар саны да уақыт өткен сайын артып келе жатыр.

 

Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, капитан Н.Қаракөзев шомылу маусымында жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша баспасөз брифингін өткізді.

Оның айтуынша, Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан жазда балалардың қауіпсіз демалуына айрықша көңіл бөлініп, су айдындарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, суда төтенше жағдайлардың туындау қаупін төмендету бойынша іс-шаралар кешені жүргізілген. Осының негізінде үшінші меполистегі су объктілері мен су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалу, туризм мен спорт үшін 5 орын, шомылуға тыйым салынған 13 орын анықталған.
«Департамент аудан әкімдіктерімен бірлесіп 2022 жылға балаларды, оның ішінде аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды тегін оқыту, шомылу орындарында жүзу бойынша бассейн иелерімен 10 меморандум бекітілді. Қазіргі уақытта меморандумға сәйкес 1776 бала үйретілді.
Күн сайын қоғамдық орындарда болу, су пайдалану және судағы қауіпсіздік қағидаларының талаптарын бұзушылықтардың жолын кесу бойынша рейдтер мен патрульдеу жүргізіледі» деді спикер.
Шомылу маусымы кезінде департаменттің жедел-құтқару жасағының 55 құтқарушысы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Сондай-ақ қала аумағындағы 40-қу жуық жеке құтқарушы 18 нысанда судағы қауіпсіздікті қамтамасыз етпек. Оларға жедел-құтқару жасағының құтқарушылары сабақтар өткізгенін де айта кету керек. Бұдан бөлек, қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыру мақсатында оқу орындарында 24 интерактивті сабақ, 40-қа жуық жиын өткізілген. 30 билборд орнатылып 22 мыңнан астам үгіт-насихат парақшалары таратылған. Су айдындарында 55 тыйым салу белгілері орнатылған. Жергілікті телеарналарда және ЛЭД экрандар арқылы бейнероликтердің көрсетілімі ұйымдастырылып, жазғы кезеңде судағы қауіпсіздік қағидаларын жеткізу мақсатында тақ күндері 22 республикалық, 4 жергілікті телеарналар мен 3 радиоарнаны (11 рет) ұстап алу жолымен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Білім – қоғамдағы кез келген саланың қайнар көзі. Ал бұл салада атқарылып жатқан жұмыстардың маңызы қашан да ерек. Осы орайда, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ағымдағы жылдың алты айында атқарылған жұмыстар мен жаңа оқу жылына дайындық барысы турасында білім басқармасының басшысы Жанат Тажиеваның есебін тыңдады.

Қазіргі уақытта қаладағы 577 мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде кезекте тұрған 88 мыңнан аса баланың 88,6 пайызы мектепке дейінгі білім беру ұйымымен қамтылған. Оның ішінде, 3-6 жас аралығындағы 53558 бала – 100%, 2-6 жас аралығындағы 76416 баланың 89,3% қамтылған. 2 балабақшаға күрделі жөндеу жүргізу үшін қаржы қаралса, жалпы 2480 орындық 28 балабақша ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар мемлекеттік балабақшаларға толығымен бейнебақылау жүйесін орнату бойынша да жұмыстар жүргізілуде.
Үшінші мегаполисте биыл 1-сыныпқа 28 мың бала қабылданады деп күтілуде. 2022 жылы оқушыларды қосымша біліммен қамту жоспары — 77,1% жоспарланған. 11 қосымша білім беру ұйымы және 17 аула клубы және мектепішілік түрлі үйірмелерде қала оқушылардың 76%-ы қосымша біліммен қамтылған. Оның ішінде жан басына қаржыландыру есебінен 32 000 бала қамтылуда. 1-4 сынып оқушылары 100% ыстық тамақпен қамтылған. 54 мектеп ыстық тамақ қаржысын төлеу барысында қолма-қол ақшасыз карточкалық жүйеге өткізілген. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін 1 ПМПК, 1 ППТК ашу үшін тиісті құжаттамалары ресімделуде. 122 логопункт кабинеті, қосымша 46 логопед штат бірліктері, 126 мектеп жанынан медиация кабинеті ашылмақ.
Шаһар басшысы жиын барысында бірқатар тапсырмаларды жүктеді. Атап айтқанда, балабақшаларға қатысты кешенді жоспар дайындау, педагогтердің бейінділігін реттеу, медицина, спорт, білім саласы бірлесіп инвесторларды тарту мақсатында кәсіпкерлерге арналған ауқымды көрме ұйымдастыру, мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын жан-жақты зерделеп 20 тамызға дейін баяндау, оқулық жетіспеушілігінің алдын алу, турникеттердің жұмысын тексеру, эпидемиялогиялық жағдайға байланысты оқу түрлеріне дайын болу, білім беру ұйымдарындағы жылу қазандықтарының жаңа жылыту маусымына дайындығын пысықтау, межеленген индикаторлардың әрбірінің орындалуы бойынша талдау жүргізіп, өзекті мәселені үнемі бақылауға ұстау бойынша жұмыстарды күшейту керегін айтты.

Газетіміздің бұған дейінгі сандарында Шымкент қаласында білім саласында атқарылып жатқан жұмыстардың жайын жазған едік. Яғни бірқатар мектептерде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Енді жуырда қала әкімі Мұрат Әйтенов мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын тексеру мақсатында құрылыс жұмыстары жүріп жатқан бірнеше білім ұяларын аралады.

Шаһар басшысы әуелі №46 жалпы білім беру мектебіне табан тіреді. Онда 1,5 га аумаққа қосымша корпус салынуда. Жоба бойынша нысанда 300 оқушыға арналған орын, спортзал, 110 орындық асхана және 10 мың кітап қорына арналған кітапханасы 8 орындық оқу залымен қарастырылған. Жаңа ғимарат құрылысы аяқталумен 38 адамға тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады. Өткен жылы құрылысы басталған мектептің корпусы жаңа оқу жылына дейін пайдалануға берілмек. Қала әкімі құрылыс барысындағы кемшіліктер бойынша жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар да берді.
Сонымен қатар қала әкімі 18-шағынауданда орналасқан № 38 орта мектепке де барып, құрылыс жұмыстарын тексерді. Мұнда 1,9 га жерге қосымша ғимарат салынуда. Жобаға сәйкес нысанда 375 оқушы орны, спортзал, 76 орындық асхана қарастырылған. Жаңа ғимарат құрылысы аяқталса, 27 адамға тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады. Құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталады деп күтілуде.
Бұдан бөлек, Мұрат Дүйсенбекұлы Бозарық-3 шағынауданына да барды. Онда Шымкент қаласының ауыр атлетикадан олимпиадалық резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің жанынан қосымша тағы спорт мектебі салынуда. Аумағы 0,32 га-ны құрайды. Жобаға сәйкес, нысанда бір ауысымда 10-нан 23 жас аралығындағы 100 оқушы жаттыға алады. Бірінші қабатта — ауыр атлетика залы, киім ауыстыру бөлмелері, жуынатын бөлмелер (ерлерге — 64 орын, әйелдерге — 36 орын), тренерлер бөлмесі, 16 орынға арналған асхана, медпункт, жұмысшылар мен қызметшілер бөлмелері болады. Ал екінші қабатта — әмбебап спортзал (күрес, греко-рим күресі кілемдері, дзюдо татамиі, бокс рингі), жұмысшылар мен қызметшілер бөлмелері, жуыну және киім ауыстыру бөлмелері қарастырылған. Жоспарға сәйкес, құрылыс жұмыстары 2023 жылы аяқталады.