Маңызды

Түркістанда бокстан Сидней олимпиадасының және Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ҚРЕССШ Мұхтархан Ділдәбековтің жүлдесіне арналған жастар арасындағы Х халықаралық турнир өтті. Бокс додасына Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Йемен мемлекеттерінен және Қазақстанның барлық өңірінен ең таңдаулы деген боксшылар қатысты.

 

Сайыстың ашылу салтанатында Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев, олимпиада ойындарының жеңімпазы Ермахан Ибраимов, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов құттықтау сөз сөйледі. Жастарға Мұхтархан Ділдәбеков те сәттілік тіледі.
Түркістандағы «Olympic Center» спорт кешенінде өткен сынға 120-ға жуық спортшы 12 салмақ бойынша бақ сынады. Жарысты өткізудегі Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық №5 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ұжымының еңбегін атап өткен жөн. Сонымен қатар Түркістан облысының бокс федерациясының Президенті Серікжан Кеңесханұлының турнирге қосқан үлесі мол. Федерация тарапынан спортшыларға арнайы тағайындалған сыйлықтар табыс етілді.
Жекпе-жектер нәтижесінде өз салмақ дәрежелерінде Турабеков Нұрғиса (Түркістан), Тұралин Оралхан (Ақтөбе), Қалдыбаев Нұрислам (Түркістан), Ильясов Саят (Өзбекстан), Елемес Әділет (Түркістан), Тұрғынбек Архат (Түркістан), Мурсал Нұрбек (Алматы қаласы), Абдулла Садриддин (Түркістан), Асанбеков Атай (Қырғызстан), Мурасбеков Бекбол (Қырғызстан), Ражапов Эмирхан (Қырғызстан) және Сапар Ерсұлтан (Алматы қаласы) чемпион атанды. Жалпы жүлде саны бойынша ринг қожайындары – Түркістан өрендері мықтылық танытты.

Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлықпен күресу еліміздің күрделі мәселелерінің бірі болып отыр. Адамдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыра отырып, олардың көзқарастарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру үшін бағыттау барлығымыздың міндетіміз болып табылмақ.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында «сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті көрсететін құндылықтар жүйесін сақтау және нығайту бойынша өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын қызметі» деп түсіндіріледі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның негізгі басымдықтарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру.
Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы – адамдардың қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ.
Яғни сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – бұл адамның саналы және адамгершілікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру қабілеті. Тұлғаның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті дегеніміз – ол сол тұлғаның қоғам қауіпсіздігіне және игілігіне сыбайлас жемқорлықтың зияны туралы білімін қамтитын қасиеті. Ол индивидтің жай ғана сыбайлас жемқорлықты төзбеуі ғана емес, сонымен қатар оны жоюға, онымен күресуге талпынуы болып табылады.
Қазақстан Республикасының әр азаматы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыра білсе еліміздің дамуы бұданда биік дәрежеге көтерілетіні хақ. Жалпы кез-келген қызметкер өз отбасында, әріптестерінің арасында осы бір қағидаларды ұран қыла білсе, бұл індеттің түбімен жойылатыны анық.
Әрбір қоғам дамуының жақсы жағымен қатар көлеңкелі тұсы да қатар жүретіндіктен, елдің әлеуметтік хал-ахуалының жақсарып, экономикалық жоғары даму деңгейіне жетуді, халқымыздың демографиялық өсіп-өнуін көздеген шаралар жасалынып жатқан кезде, алға басқан қадамды кейін тартып, дамуымызға тежеу болып отырған сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.
Сондықтан да әрбір азамат саналы түрде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұра алса елдіміздің өркендеп дамуына үлес қосары анық.
Елдің болашағы саналы түрде сыбайлас жемқорлықтан бас тарта алатын ұрпақтың қолында!

Абен Айасель,
Шымкент қаласының мамандандырылған
ауданаралық әкімшілік сотының бас маманы – сот отырысының хатшысы.

Еліміздің сот жүйесінің тарихы қазақ билерінен бастау алады. Олар Шыңғыс хан қағанатының заң ережелерін бекіттірген, «Орда биі» атанған — Майқы би. Ол кезеңнен «Түгел сөздің түбі — бір, түп атасы – Майқы би» деген даналық сөз қалған.

Одан беріде қазақ құқығының жүйеленген қайнар көзі болып табылатын «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» деп аталатын дала заңдары негізіндегі заңдар жинағы «Жеті жарғыны» бекіттірген, Әз-Тәуке ханның тұсында билік еткен үш төбе биіміз – Төле би, Қазыбек би мен Әйтеки би.
Қазақ билері бүгінгі болашағымыздың жарқын және кемел болуына көп еңбек сіңірді, дамып, өркендеуіне айтарлықтай үлестерін қосты. Билер жүйесі мемлекетіміздің қалыптасуына, халқымыздың ой-санасының, әлеуметі мен мәдениетінің өсуіне зор ықпал етті. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», «Ханда қырық кісінің ақылы болса, биде қырық кісінің ары бар» деген бабаларымыздан қалған ұлы сөз бар. Қазақ қоғамындағы белгілі бір тектілік қасиеттерді ұстанған турашыл би-шешендеріміздің қара қылды қақ жарған әділ шешімдерінің ел, ру арасында орындалуы міндетті шарт болып табылған. Әрбір би әділ шешімдерінің өз ортасына ғана емес, дүйім жұртқа жайылғанын қалаған. Осындай мәртебе арқылы ел сеніміне ие болып, үмітін ақтау үшін аянбай қызмет еткен.
Бүгінгі Қазақстанның сот жүйесі Қазақстан Республикасының Коснтитуциясымен және «Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңмен (бұдан әрі — Конституциялық заң) реттеледі. Ата заңымызбен Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асыратыны бекітілген.
Қазақстан Республикасының сот жүйесін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасының Конституциясына және Конституциялық Заңға сәйкес құрылатын жергілікті және басқа соттар құрайды.
Ешқандай өзге органдар мен тұлғалардың судья өкілеттігін немесе сот билігі функцияларын иеленуге құқығы жоқ. Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуге қызмет етеді.
Сот жүйесін жетілдіру шеңберінде сот сатысының үш буынды жүйесі енгізілді, мамандандырылған соттар, инвестициялық сот өндірісі құрылды. 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап әкімшілік әділет өз жұмысын бастады.
Бүгінгі сот жүйесі еліміздегі түбегейлі өзгерістермен тікелей байланыста реформалардан өтуде. Реформалардың мақсаты – сот жүйесін халыққа жақындатып, мықты әрі тиімді, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді қорғауға қабілетті жүйе құру.
Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады. Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Ендеше судьяның әділ төрелікті дөп басып айтуы маңызды. Осы бағыттағы сот жүйесіндегі реформалар тәуелсіз Қазақстанның мәңгілік ел болып дамуында, жаңа Қазақстан құру жолында әділ сот төрелігін құру үшін судьялардың жауапкершілігін, көтерер жүгін арттырады. Сәйкесінше, сот корпусына талаптар күшейтілді.
Әрине, судья мамандығы ешқашан жеңіл болмаған және болашақта да оңай болмайтыны белгілі. Еліміздің сот жүйесінің дамыған мемлекеттер сапына қосылуына өз үлесімізді қосу – біз үшін мәртебе, мақтаныш.
Қорыта келе, әріптестерімді биыл алғаш рет атап өтілгелі отырған кәсіби мерекемізбен құттықтаймын. Қиыншылығы мол еңбектеріңізге жеміс, абыройлы зейнет, денсаулық, отбасылық басқыт тілеймін. Еліміздің игілігі жолындағы жауапты жұмыстарыңыздың әр күні сәтті болсын!

Тұрсынгүл Үмбетова,
Шымкент қаласының МАӘС судьясы.

AMANAT партиясы Кентау қалалық филиалы жанынан құрылған Жастарды қолдау кеңесі мен Кентау қалалық Жастар ресурстық орталығы бірлесе отырып, қоршаған ортаны қорғау, салауатты өмір салтын ұстану мақсатын көздейтін «Туған жерді аялайық!» эко-сілетін өткізді. Қаратау табиғатында өткен шараға қаладағы жоғары оқу орнынан 6 команда қатысып, спорттық сайыстарда бақ сынады. Сонымен қатар жастар эко-сенбіліктерде де белсенділік танытты.

 

Жоба қатысушылары асық ату, ләңгі тебу, ою-өрнек салу, қаппен секіру, таяқ лақтыру, алтын қазына іздеу сынды ойындар бойынша жарысты. Нәтижесінде Кентау көпсалалы колледжінің «Бәйтерек» командасы топ жарып, жеңімпаз атанды. №7 Кәсіптік колледж шәкіреттерінен құрылған топ екінші орынға жайғасса, Арнаулы кәсіптік колледж студенттері үшінші орынды місе тұтты. Жеңімпаздарға және қатысушыларға арнайы дипломдар, жүлделі орындарға кубок пен медальдар табысталды.
Бұдан бөлек, AMANAT партиясы жанынан құрылған Жастарды қолдау кеңесінің мүшесі және «Жастар қанатының» төрағасы Жақсыбек Нұрсат демеушілік жасап, барлық командаға қаржылай сыйлықтар табыстады. Жеңімпаздарды Кентау қалалық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы, қалалық мәслихат депутаты Қанат Әбдіәзизұлы марапаттады.

Түркістан облысы Кентау қаласында қоршаған ортаны қорғау мен жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға тосқауыл қою мақсатында ауқымды бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылып келе жатыр. Қазіргі уақытта қалалық әкімдік заңнан аттап, талап бұзушылармен күресті құзырлы органдармен жүргізуде.

Бұдан бөлек, Қаратаудың тәжі атанған Кентау қаласында тазалық жұмыстары жоғары қарқынмен жүзеге асырылып келе жатыр. Атап айтсақ, тазалықты ретке келтіру ісіне айрықша назар аударылып, бүгінгі таңда қаланың 1250 метр куб аймағы толықтай қоқыстан тазартылған. Жұмыстар күнделікті үздіксіз жүргізілуде. Жалпы Кентауда 46 аула бар. Соның 13 ауласына балалар ойын алаңшасы орнатылған. Тұрғындардың сұранысына қарай, қаладағы көпқабатты 33 тұрғын үйдің ауласын абаттандыру мақсатында мемлекеттік жекешелік әріптестік бағдарламасы арқылы жүзеге асыру жоспарланған. Атқарылатын жұмыстардың баршасы шаһар басшысы Рашид Аюповтың тікелей бақылауында екенін де айта кету керек.
Тазалық жұмыстары тек жергілікті әкімдіктің шаруасы емесі бесенеден белгілі. Қоршаған ортаны күтіп ұстауға әрбір тұрғынның үлес қосуы тиіс. Осы мақсатта қала көлемінде тазалықты насихаттайтын түрлі шаралар мен сайыстар ұйымдастырылып келе жатқанын да тілге тиек ете кету керек.

Бүгінде Түркістан облысында көгалдандыру жұмыстары қарқын алған. Атқарылып жатқан жұмыстар жайымен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өзі ұдайы танысып келе жатыр. Мәселен, жуырда аймақ басшысы Түркістанды көгалдандыру жұмыстарын қадағалады. Түркістан қаласында «Жасыл белдеу» қалыптастыруға, қаланы көгалдандыру мен абаттандыруға баса мән беріліп келеді.

 

Қазіргі таңда саябақ мен гүлзарлар саны 60-қа жетті. Көгал аумағы 2,5 млн шаршы метрден асады. Жасыл желекті суғару бойынша жерасты суы мен Арыс-Түркістан каналының суын барынша тиімді пайдалану қолға алынды. Облыс әкімі қаланы абаттандыру, арықтар мен каналдардың жұмысын жүйелеу жөнінде тапсырма берді. Бүгінде шаһардағы 200-ден астам көше ирригациялық арық арқылы суғарылуда. Оған гидрантты жүйелер пайдаланылады. Жоспар бойынша биыл облыс орталығында 250 мың ағаш көшеті мен 128 гектар көгал егіледі. Жыл басынан бері 500 мың шаршы метр аумаққа көгалдандыру жұмысы жүргізіліп, 100 мыңнан аса көшет отырғызылды. Қаланың «Ботаникалық бақ» аумағы жағынан су тазартылатын №1, №2 су қоймасын салу жұмыстары жүргізілуде. Оған Р-33 каналынан су алынады.
Өңір басшысы одан кейін ескек есу базасында болып, жұмыс барысымен танысты. Өмірзақ Шөкеев ескек есу каналының суының сапасын қадағалап, абаттандыру жұмысын да күшейтуді тапсырды. Бұл базада су спорт түрлері дамиды. Ірі халықаралық жарыстар өтеді деп күтіліп отыр. Қорыта келгенде, өңірдегі абаттандыру жұмыстары облыс басшысының қадағалауымен жоғары деңгейге жүзеге асып келе жатыр.

Қызылорда және Түркістан облыстары мен Шымкент қаласы шегіндегі бассейндік жүйе бойынша балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы жүзеге асырып келе жатыр. «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясы Балық ресурстарын және олардың тіршілік ету ортасын сақтау, табиғи өсімін молайту мақсатында республика көлемінде жыл сайын акциялар өткізіліп келеді.

«Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясы Балық ресурстарын және олардың тіршілік ету ортасын сақтау, табиғи өсімін молайту мақсатында республика көлемінде жыл сайын акциялар өткізіліп келеді. Бұл туралы Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы Түркістан балық инспекциясы бөлімінің бөлім басшысы Боранбай Шәкен Қанайұлы атап өтті.
Акция нәтижесі бойынша,тазалау жұмыстарына 457 адам қатысып, 57 арнайы техника және 17 шағын көлемді жүзу құралдары жұмылдырылып, 44 тоннаға жуық әр түрлі қоқыстар мен суда қалған 494 дана аулардың қалдықтары жиналып тиісті орындарға шығарылды. Ал «Уылдырық шашу» балық қорғау акциясы басталғалы Инспекция бойынша 214 балық қорғау заңнамасының бұзушылығы анықталып, оның ішінде 5 қылмыстық іс ішкі істер органына жолданды. 209 әкімшілік хаттама толтырылып, оның 54 әкімшілік ісі сот органдарының қарауына жіберілді.
Сонымен қатар, жыл басынан балық аулау ережесін бұзғаны үшін 151 жеке тұлғаға 2 млн 388,8 мың теңге айыппұл салынып өндірілуде.

Түркістан қаласының маңын жасыл желекке айналдыру бастамасының тарихы біраз әріден басталады. Өткенге көз жүгіртсек, 2020 жылғы 1 қыркүйектегі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы тапсырманы орындау мақсатында 2 млрд ағаш егу жұмыстары бекітілген кешенді жоспарға сәйкес, облыс көлемінде бес жылда мемлекеттік орман қоры жерлерінде 110 мың га алқапқа 170 млн ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған.

Сол уақыттан бері жұмыс қарқыны бір сәтке де тоқтамаған. 2021 жылы 14 мың га асатын аумаққа 18 млн-нан аса ағаш көшеттері отырғызылып, жоспар толығымен орындалды. 2022 жылы 16940 га жерге 22 млн ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жоспарға сәйкес жүзеге асып келе жатыр. Оның ішінде облыс орталығы Түркістан қаласының айналасынан құрылған жасыл белдеудің жоспарланған 29511 га жер көлемінің бүгінгі таңда 13 мың га астамы орындалған.
Түркістанда атқарылып жатқан жұмыстар жайын қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков ұдайы бақылап, тиісті тапсырмаларды беріп келе жатыр. Қазіргі таңда қаладағы көгал аумағы 2,5 млн шаршы метрден асып жығылады. Жасыл желекті суғару бойынша жерасты суы мен Арыс-Түркістан каналының суы барынша тиімді пайдаланылуда. Бүгінде шаһардағы 200-ден астам көше ирригациялық арық арқылы суғарылуда. 1,5 мың шақырым гидрантты жүйелер пайдаланылады. Жоспар бойынша биыл облыс орталығында 250 мың ағаш көшеті мен 128 гектар көгал егіледі. Жыл басынан бері 500 мың шаршы метр аумаққа көгалдандыру жүргізіліп, 100 мыңнан аса көшет отырғызылған.
Нұрбол Әбдісаттарұлы суғарылу жүйесін тәулік бойы кестеге сәйкес жүргізілуін жеке қадағалап отыр. Шаһар басшысы атқарылған жұмыстарды тексеру барысында «Қаланың климаттық ерекшелігі босаңсуды көтермейді. Кезекшілік қойып, жұмысты аса жауапкершілікпен атқару керек. Жасыл желекті баптауда ұсақ-түйек мәселе деген жоқ. Суғару жүйесі, босатылатын су көлемі, уақыты, бекітілетін адам, тіпті әр шаршы метр назарларыңызда болсын» деді.

Жаз айларында көптің мазасын кеміргіштердің алатыны белгілі. Сондықтан жыл сайын қалалық әкімдік тарапынан залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Ағымдағы жылы 33 мың шаршы метрден аса қоқыс тастайтын жәшіктердің аумағын, 2 272 680 шаршы метр өзендер мен каналдар аумағын залалсыздандыру жоспарланған.

 

2022 жылы кеміргіштерге қарсы көктемгі және күзгі залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге бюджет есебінен 9 916,6 мың теңге қаржы қаралған. Көктемгі кеміргіштерге қарсы залалсыздандыру жұмыстары 20-31 мамыр аралығында жүргізіліп, 16 752 шаршы метр аумақтағы қоқыс-жәшіктерінің, 1 136 340 шаршы метр өзен-каналдардың аумағы кеміргіштерге қарсы залалсыздандырылды. Айта кету керек, мемлекет есебінен залалсыздандыру жұмыстары көпқабатты тұрғын үйлердің, өзен-каналдардың аумағына тегін жүргізіледі. Ал жеке тұрғынжайлар мен кәсіпкерлік нысандардың иелері зиянкестерді залалсыздандыру жұмыстарын өз қаражаты есебінен жүргізуге міндетті.
Осы орайда, көпқабатты және жеке үйлердің тұрғындарға кеміргіштерге қарсы қойылған арнайы қармақжемдерді бүлдіршіндердің ұстамауы мен үй жануарлары жеп қоюдан абай болу керегін ескертеміз.

Шымкентте «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында тұрғындар өз ұсыныс-тілектерін білдіріп, мәселенің шешілуіне мұрындық болып келе жатыр. Аталған жоба аясында абаттандыру жұмыстары да жүргізілді. Ал абаттандырылған аулаларды қала әкімі Мұрат Әйтеновтің өзі тексеріп шықты.

 

Бұдан біраз уақыт бұрын Әл-Фараби ауданында қала күні мерекесіне орай, А.Байтұрсынов көшесі №88-90, №92, №4 және Рашидов көшесі №25Б, 25В көпқабатты тұрғын үй аулалары толық абаттандырылып, тұрғындар игілігіне берілген болатын. Шаһар басшысы міне осы аулаларда болып, атқарылған жұмыстар жайын өз көзімен көрді.
«Халық қатысатын бюджет» жобасымен тұрғындар өтініштері негізінде Әл-Фараби ауданы аумағында биылға 50 көпқабатты тұрғын үй ауласын абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын салу жоспарланған. Оған қоса 9 жаңадан ашық спорт алаңшаларын орнату мен 9 алаңшаны жөндеу жоспарға енген. Қазір 28 аулада абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы «Халық қатысатын бюджет» жобасы өз тиімділігін көрсетіп келеді. Бастама тұрғындар тарапынан да жоғары деңгейде қолдау тауып жатыр.