Маңызды

Инженерлік инфрақұрылымның ішіндегі ең маңыздысының бірі – ауыз су. Қалаға жақында қосылған ықшамаудандардағы негізгі мәселенің біріне айналып отырғаны да – осы. Жасыратыны жоқ, кейде тұрғындар суды тасып ішіп отырғанын айтып, арызданып жатады. Ал Шымкент қаласында аталған түйткілді шешу мақсатында қыруар қаржы бөлініп, тиісті шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. 2023 жылы үшінші мегаполис тұрғындарын толықтай ауыз сумен қамту көзделіп отыр.

Бүгінгі ахуалға келсек, қаладағы 81 елдімекеннің 78-і сапалы ауыз сумен қамтылған. Ал Құрсай, Сайрам және Қайнарбұлақ тұрғын алабтары ауыз суды кестемен тұтынып отыр. Аты аталған инженерлік инфрақұрылымды шешу үшін бүгінгі таңда 7 нысанның құрылыс жұмыстары жүруде. 2022 жылдың соңына қарай Құрсай 1,2, Асар-2, Нұртас ВС, Текесу елдімекенінде құрылыс жұмыстары аяқталып, 11 мыңнан астам адам ауыз сумен қамтылады. Нәтижесінде қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту деңгейі 98 пайыздан 99 пайызға өседі.
Бұдан бөлек, ауыз суды кестемен тұтынатын Сайрам және Қайнарбұлақ елді мекендерінде ауыз сумен қамту бойынша құрылыс жұмыстары мен ағымдағы жөндеу жұмыстарының биыл басталып, 2023 жылы аяқталатынын да айта кету керек. Міне, сонда мегаполис тұрғындарының тағы бір түйткілді мәселесі толықтай шешімін таппақ.

Шымкентте Ұлттық ұлан өңірлік қолбасшылықтарының қаржы қызметі бастықтарының оқу-әдістемелік жиыны басталды. Жиынға құқықтық тәртіп әскерінің 45 әскери қызметшісі қатысып жатыр. Іс-шара әскери бөлімдердегі қаржы қызметтерінің жұмысын пысықтап, атқарған жұмыстарына қорытынды жасау мақсатын көздейді.

Ұлттық ұлан әскери бөлімдерін қаржыландыру Ішкі әскердің (қазіргі Ұлттық ұлан) құрылған күнінен, яғни 1992 жылдан бастап айтарлықтай оң сипат алған. Мәселен, еліміздің қай қаласында болмасын, әр әскери қызметшіге жеке айлық көрсеткішінің, өзіне және отбасы мүшелеріне тағайындалатын пәтер ақысының мемлекет тарапынан төленуі жүйеленіп, уақытылы жүзеге асырылып келеді.
Бұдан бөлек, арнайы құралдар, қару-жарақ, әскери киім үлгісін жаңарту мәселесінде де қаржы қызметкерлері қаражаттың заңды түрде толыққанды бөлінуін баса назарда ұстайды. Жиын 21 мамырда аяқталады.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың қатысуымен жетінші шақырылымдағы қалалық мәслихаттың он алтыншы сессиясы өтті. Сессия отырысында қаланы көгалдандыру, инфрақұрылымды дамыту және бағаны тұрақтандыру бағытында атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды. Бұдан бөлек, үшінші мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін бірқатар маңызды шешімдер қабылданды.

 

Атқарылған жұмыстар есебіне келсек, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ғалымжан Ильясов Шымсити, Тұран және Сәуле шағынаудандарына салынатын саябақтардың бүгінде жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатқанын және осы жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілетін Еңбекші ауданындағы 12-шағынауданда 1,6 га болатын саябақтың құрылысы басталғанын айтты. Бұдан бөлек, өткен жылы аудан әкімдіктерімен 75,5 мың дана, жасыл белдеуге 200 мың дана, саябақтар мен гүлзарларға 10 мың дана ағаш көшеттері егілгенін, ал биыл көктем айларында жалпы 21 455 ағаш көшеті отырғызылғанын атап өтті.
Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков ағымдағы жылдың аяғында 5 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып 11 мыңнан астам адам ауыз сумен, 2 магистралды кәріз коллекторының, 1 кәріз сорғы станциясы және 6 нысанның құрылысы аяқталып, 65 мың адам кәріз жүйесіне қосылатынын жеткізді. Сондай-ақ жыл қорытындысымен 1 қосалқы станцияның, 8 елді мекенде ішкі жүйелердің құрылыс жұмыстары аяқталып, 17 мыңға жуық адам сапалы электр қуатымен қамтылса, табиғи газбен қамту деңгейі 93%-дан 94,7%-ға жететінін де айтты.
Ал ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Абунасыр Джанбатыров әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сөзінше, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 116,1 пайызды құраған. Өңірлік тұрақтандыру қорына жергілікті бюджет есебінен жалпы 7,7 млрд теңге қаралып, кәсіпкерлік субъектілеріне жалпы 5,7 млрд теңгеге айналымға қарыз қаражаты беріліп, келісімшарттар түзілген. Жыл соңына дейін қаладағы ірі азық-түлік желілері 115, әлеуметтік дүкендер саны 20-ға дейін және жылжымалы нүктелер саны 10-ға дейін жеткізілмек. Делдалдық схемаларды тексеру де назардан тыс қалмаған. Нанның бағасын тұрақты ұстап тұру мақсатында наубайханаларды төмен бағада ұнмен қамтамасыз ету жұмыстары да қарқын алған.
Басқарма басшыларының есебінен кейін сессияда қала әкімдігінің жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның және жастар саясаты жөніндегі кеңестің құрамы, Экспорт жөніндегі өңірлік кеңеспен және «Бизнес Шымкент» өңірлік үйлестіру кеңесінің дербес құрамдары жаңартылды. Жиын соңында шаһар басшысы мегаполистің дамуына елеулі үлес қосатын шешімдердің қабылдануына қолдау жасағандары үшін депутаттық корпусқа алғыс білдірді. Сондай-ақ алдағы уақытта бірлесе отырып, талай іс тындыратындарына сенім білдірді.

Жасыратыны жоқ, бүгінде жарығы сөнген шымкенттіктердің дені 109 біріңғай байланыс операторына хабарласып, мәселенің мән-жайын сұрайды. Тек жарық қана емес, қалаға қатысты кез келген сұрақпен жүгінетін тұрғындар аталған орталықтың қызметін жоғары бағалап жатады. Орталықтың қауырт жұмысын үздіксіз келетін қоңыраудан-ақ білуге болады. Күн сайын қанша қоңырау түседі? Мәселенің қаншасы шешімін табады? Осы және өзге де сауалдарға жауап Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте айтылды.

Нақтырағы, мәжілісте «i-Shymkent» ситуациялық орталығының басшысы А.Әміртаев өткен айда тұрғындар тарапынан 109 бірыңғай байланыс нөміріне келіп түскен өтініштер мен ұсыныстардың орындалу барысын баяндады. Тарқатар болсақ, сәуірде барлығы 9967 арыз-шағым келіп түскен. Олардың 9407-сі орындалған. Қалғаны қаралып жатыр.
«Келіп түскен сауалдардың басым көпшілігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына тиесілі. Сәуір айына бұл саладағы өтініштердің 96 пайызына жауап берілген. Жалпы жыл басынан бері осы сала бойынша тұрғындар тарапынан келіп түскен арыз-шағымдарды орындау нәтижесінде 4467 қоғамдық көлік мәселесі шешімін тауып, мәселелер 15 пайызға төмендеді. Сонымен бірге заңсыз орнатылған 47 жарнама алынып, 157 жол белгілері қойылып, жолақтар сызылды. 84 көшеге асфальт төселіп, ойық жерлер қалпына келтірілді» дейді орталық басшысы А.Әміртаев.
Орталықтың маңызы зоры баршаға белгілі. Қала әкімі де мекеменің халықпен кері байланыс орнатудың тиімді құралы екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне кез-келген өтінішке дер кезінде жауап беруді және сол шағым бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырды.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Қазақстан Іскер Әйелдер қауымдастығының төрайымы Раушан Сәрсембаевамен кездесіп, мегаполистегі нәзік жандылардың көшбасшылық қабілеттерін дамыту мәселелерін талқылады. Іссапармен келген қонақ шаһар басшысына әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған «Қазақстанның Әйелдері Күштері Альянсы» қоғамдық ұйымының жұмысы туралы баяндады. Жуырда осы үкіметтік емес ұйымның қаладағы филиалы өз жұмысын бастаған еді.

 

Бұған дейін үшінші мегаполисте кәсіпкер әйелдердің басын біріктіретін «Іскер әйелдер қауымдастығының» филиалы жұмыс істеп келген. Ал жаңадан жұмысын бастаған альянс әйелдер мен балалардың құқықтары мен денсаулығы және әлеуметтік бағыттағы білімін жетілдіруді көздейді. Ұйым 2022-2023 жылдарға арналған жол картасын бекітіп, 10 бағыт бойынша жұмысын жүргізеді.
Қоғамдық бірлестік бүгінде өзекті мәселеге айналған әйелдер мен балалардың отбасында зорлық-зомбылықтың алдын алу, оларға психологиялық және заңгерлік көмек көрсету, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, осал санаттағы әйелдердің әлеуметтік мәселесін шешу, денсаулығын нығайту, әйелдердің қоғамдағы шешім қабылдау деңгейін көтеру, мәдениеті мен цифрлық сауаттылығын арттыру секілді бастамаларды жүзеге асырады. Қауымдастықтың қаладағы филиалына Жанетта Жазықбаева жетекші болып тағайындалды.

(Соңы. Басы өткен санда)

Бұл – ұлты тәжік болса да, өзін өзбекпін деп санауға мәжбүр болған тарихшының жазбасы. Бір өкініштісі, шынайы тарих жазылған оның жоғарыда аталған кітабы 1926 жылы небәрі 150 данамен ғана шыққан. Одан да қайғылысы, артынша ол кітап тәркілеуге ұшырап өртелген. Ташкент НКВД-ы өртелген кітаптарды санап отырған. Бірақ 150 кітаптың бәрін жинай алмай, 148-ін өртеген. Аман қалған екі кітаптың біреуінің тағдырын білмеймін, бірі 1991 жылы Ташкентте ойда-жоқта қолыма түсті…
Ташкенттің бұрынғы қазақ қаласы екенін дәлелдейтін және бір факті – мынада: Оның көшелерінің, орамдарының, ең ақыры бейіт-мазарларының атауларына шейін қазақша аталуы. ШаҺарды өзбектер билеген әрі оған көп шоғырланған уақыт – Қоқан хандығының кезінде де өзінде сол атаулар өзгермеген. Атап айтсақ, Бестам, Мыңөрік, Бесағаш, Көкше, Көктерек, Дархан, Күрпік, Сәрке (соңғы үшеуі шанышқылының рулары), Қаңлы мәхаллә, Шора (ХҮIII ғасырда шанышқылы руының Шора деген байы ашқан базар), Сіргелі, Қарақамыс, Албастыкөпір, Назарбек. Бәйтікқорған, Құрысай, Қойлық, Ескіжоба, Шаршысу (өзбектер мұны қазір Шорсу деп жүр), Салар (Төле би қаздырғын арық), Ниязбекарық (Төле бидің Ниязбек атты баласы ХҮIII ғасырдың орта кезінде Шыршықтан шаһарға су тартқан каналы), Жаныстөбе, Тастөбе, Қаңлымазар, Арғынмазар, Төле би мазары, Бақташ бейіті, Көкілташ медресесі (Кіші жүз Байұлынан шыққан Арын деген бай салдырған)… иә, қайсыбірін айтарсың, шаһардың ішкі құрылымдарына орай қойылған аттардың бәрі қазақша. Бұлардың бәрі тіпті бүгінгі күнге дейін осылай аталады, бірақ өзбекше транскрипциясымен, яғни бұл атауларды өзбектер өз тілдеріне қарай икемдеп алған.
Енді қазіргі Ташкент, оған іргелес Сырдария, Жызақ облыстарына қарайтын жер-су аттарына назар салыңыз: Қыбырай, Қарашоқы, Тойтөбе, Бөкі, Жаңабазар, Жаңажол, Мырзашөл, Нұрата, Қызылоба, Аққабақ, Жанбай, Қоңырат, Жетікент, Теріс, Бектемір, Аққорған, Көрік, Жартытөбе, Дүрмен, Түзел, Тілеу, Ортасарай, Шыназ, Жайылма, Алмалық, Шалақазақ, Күлтөбе, Қара-мазар, Найман, Сұрым, Құдайқұл, Бағыс, Шыршық, Бозсу, Ақсақата, Шымған… тізе берсең, мұндай атаулардың мыңын келтіруге болады. Ташкентте болсын, әлгі аталған облыстардың төңірегінде болсын, бірді-бір ескіше өзбекше аталған, өзбекше мағына беретін атауды көрмейсің. Жоғарыдағы атаулардың бәрінің қазақша мағынасы бар, оларды талдасаң, бір кітапқа арқау болатын дүние шығады. Оған қоса, бұл атаулардың көбісі – қазақ руларының аттары.
Осы келтірілген деректердің барлығы Ташкент пен оның айналасындағы аймақтардың бәрі көнеден қазаққа тиесілі екенін анықтап тұрған жоқ па. Иә, қазақ жазғанның қонысы кімге кетпеген… Алайда сондай қоныстардың бөтенге қалай кеткенінің тарихын жазғанымызбен, оларды қайтарып алу мүмкін еместігін біз де жақсы білеміз. Бірақ баста айтқанымдай, тарих болған күйінде айтылмағы ләзім. Оның үстіне тарихтың міндеті – бұрынғы нәрсені орнына қою емес, уақыт шаңына көмілген уақиғаларға сараптама жасаумен және өткен заманда іске асқан қателіктерді қайталамауға бағыт көрсетумен шектеледі. Ғасырлар бойы аласапыран заманмен өмір сүрген қазақтың жатқа қонысы ғана емес, намысы да кеткен. Рухы басылып, қалпы да өзгерген. Жоғарыда Асат Сапиев өз кітабында 1925 жылы Өзбекстандағы қазақтардың саны 2,5 миллионға жетеді деп жазғанын келтіріп едік қой. Ол кезде қазағы ең басым Бостандық өңірі (1928 жылы өз алдына аудан болып, алдымен Сырдария округіне, кейін ОҚ облысына кірген), бүгінгі Жызақ облысына жататын Мырзашөл аймағы Қазақ АКСР-ындағы Сырдария губерниясының Ташқазақ уезіне қарап кеткен. Демек, Сапиевтің 2,5 миллион деген санына Бостандық пен Мыршашөлдегі қазақтар кірмеген. Сонда 1925 жылы Ташкент пен оның айналасындағы, Самарқанд пен Ферғана маңындағы 2,5 миллион болған қазақ қайда кетті? Олар осы күнге дейін неге өспеген?
Осы жерде ешқендай мұрағат пен құжатқа түспеген, бұрын заман ағымы мен өмір сүрген ортасының ыңғайына қарай орын алған, тіпті, қазіргі кезде де, көз алдымызда іске асып жатқан бір құбылыс туралы сөз етпей кетуге болмас. Ол сөз – намысы жоғалған қазақтардың өзбекке айналып кеткені, айналып жатқаны туралы тәмсіл. Менімен ешкім таласа алмас, егер мен осыдан екі-үш ғасыр бұрынғы өр қазақтың, көкірегі биік қазақтың таудай рухы қазаргі ұрпақтарында жоқ десем. Бұл тұжырымым қай жағынан болса да, ақиқатқа сай екеніне күмәнім тағы жоқ. Дүниеде басқа ұлтқа айналып кеткен ұлыстар көп. Мәселен, еврейлер батыс жұртының қайсысына болса да сіңген. Бірақ олардың өзгелерден бір артықшылығы – түбінің еврей екенін ешқашан ұмытпайды. Татарлардың, башқұрттардың, чуваштардың, тағы сол сияқты сарылығы мен көздерінің көкшілдігі ұқсас келетін майда ұлттардың қаншасы орысқа сіңді. Олардың кемшілігі – түп-тіректерін мүлде ұмытты. Мұндай құбылыс біздің қазаққа да тән. Алайда қазақтың орысқа немесе батыс жұрттарының біріне мүлде айналуы үшін үш-төрт ғасыр уақыт керек. Себебі адамның бет-пішіні физиологиялық және аралас геннің әсерінен түр-тұрқы өзгеріске ұшырауы үшін соншама уақыт қажет. Ал қазақтың мұсылман жұртының біріне, мысалы, өзбек пен тәжікке сіңуі оңай.
Қанша жерден жасырып, жаба-тоқығанымызбен, соңғы бір-екі ғасыр ішінде шыққан тегін мүлде ұмытып, өзбекке айналып кеткен қазақтардың саны есепсіз. Қазақ өзбекпен көрші тұрса да, қыз беріп, қыз алысса да, өзбек болуға бейім. Бір өзбек отбасы алдымен көрші отырған он қазақ үйінің алдымен тілін алады. Өзбек қазақша сөйлеуге еш ынтықпайды, қайда қазақ сорлы солардың тілімен шүлдірлегісі келіп тұрады. Ал тілден айырылған, өз тілінен өзгенің тілін үстем көретін халықтың болашағы жоқ. Мен осы күндері де әртүрлі шаруамен Өзбекстанға көп барамын. Сонда көрем ғой, қазақтар шоғырланып отырған ауылдардың өзінде ересектердің тіл саптауы өзгеше. Ал жастары бір-бірімен көбіне өзбекше сөйлеседі. «Бұларың қалай?» десем, «Заман солай ғой» деп иықтарын қиқаңдатады. Тағы бір көңіл жабырқататын нәрсе – ондағы қазақтардың тілімен қатар түрлері де өзбектерге ұқсап кеткен. Ал Ташкентке іргелес отырған Қойлықтағы, Қыбырайдағы, Сіргелідегі қандастарымызды тек айтарға ғана қазақ.
Бұрын да, қазір де Өзбекстанға барғанда өзбек шалдарымен көп сөйлесем. Сөйлесіп отырып, суыртпақтап руын сұраймын. Көпшілігі құжаттарында өзбек болып жазылғанымен, салт-дәстүрі солардікі болғанымен, түптерінің қазақ екенін жасырмайды. Руларын да айтады. Араларында үш жүздің қай руы жоқ дейсіз. Ал өзбек болуының мәнісін сұрасаң, бірінің шешесі, бірінің көршісі өзбек, бірінің әкесі өзбектенген қазақ. Енді бірі «ортамызға байланысты сартқа кіріктік» дейді. Бұлай деуге еш намыстанбайды, қайта өзбекке айналғандарын мәртебе санайтындарды да кездестірдім. Міне, Сапиев 1925 жылы Өзбекстанда 2,5 миллион бар деп көрсеткен қазақтардың ұрпақтарының сиқы. Сапиев 1925 жылғы деректі келтірген. Ал оның алдында ол жақта қанша миллион қазақ болғаны бір Құдайға ғана аян.
Өзбек халқында өзгелерді өзіне тартатын бір құдірет бар. Сосын өткен ғасырларда олардың саны қазақтан әлдеқайда аз болса да, тілдік, салттық дәстүрлерге берік болғаны көрінеді. Және олар тарихта қазақтар сияқты қаһармандық танытпаса да, отбасылық тәрбиеге көп көңіл бөлетін өзара ұйымшылдықты қатты ұстанған. Бір жағы – тілдері жүрек елжірететіндей майда келеді. Дала қазақтарына қарағанда қулықтары да басым. Одан соң қай замандағы басшысы болсын, алдымен өзбек мүддесін ойлаған. Қазір де солай. Бүгінде Өзбекстанда үлкен түгілі кішкентай бір мекеменің басшысы қазақ емес. Алда-жалда ондай қазақ басшы табыла қалса, ол түр-тұрпаты да, тілі де өзбектенген адам болып шығады. Ол елде өзбек тілі, ғұрпы, мәдениеті, өнері алда жүреді.
Бұл күндері онда қазақ мектептері жылжан-жылға қысқартылу үстінде. Оның үстіне қазақтар тағы бір мол шоғырланған Науаи облысы жақтағы жағдайды қайдам, ал Ташкент төңірегінде қазақ тілінде бірде-бір колледж немесе институт жоқ. Өзбекстандағы мектептер тоғыз жылдық қана. Ары қарай балалар өз қалауларына орай колледждерде оқуға міндетті. Ал коллед-ждердегі жағдай анадай. Одан соң орыс мектептерін бітіргендер өзбек тілінен сынақ тапсыруы қатаң түрде жолға қойылған. Міне, кімді болса да, өзбек тіліне үйретудің, оған мұқтаж етіп қоюдың жарқын көрінісі. Содан да, қай ұлттың адамы болса да, өзбекше еркін сөйлейтіні. Содан кейін ол елде түрлі ұлттардың мәдени орталықтары біздегілерге ұқсап, дандайси алмайды. Бар тірліктерін өзбеки мүддемен байланыстырып атқарады. Біздегі бөтен ұлттардың көсемдері сияқты жергілікті халықтың намысын таптайтын сөздерді айтпақ түгілі, олай ойлауға да қорқады.
Иә, Өзбекстанда ұлттық мәселе алдыңғы орында. Бәлкім осындай кептердің себебінен болар ондағы қазақтардың өзбек этносына кірігіп бара жатқаны. Жә, бұлай десек, өзімізді-өзіміз алдамшы сөзбен жұбатқан болып шығамыз. Өйткені ондағы қазақтар бірнеше ғасыр бойына өзбектерге сіңіп, олардың санын көбейтіп келеді. Бұл процесс кеңес кезінде де жалғасын тапқан. Тағы бір мысал айтайын: 1887 жылы Түркістан генарал-губернаторлығы жүргізген санақта осы күнгі Өзбекстан жеріндегі өзбектар саны үш миллионнан сәл-ақ асқан. 1927 жылы қазақтар 6миллион 920 мың болса, өзбектер осы қырық жылдың ішінде төрт миллионға жуық өсіп, 7 миллион 1 мың болған да, жалпы қазақтардың санынан 21 мың адамы артық түскен. 1956 жылы қазақтар 3 миллион 822 мыңға әрең жетсе, өзбектер осы 29 жыл ішінде 6 миллионға көбейіп, 13 миллионды құраған. Олардың санының күрт көбеюі өзбек қатындарының баланы көп тууынан дейсіз бе. Олай емес. Ақиқатында бұл – басқа ұлттардың , әсіресе қазақтардың (ішінара тәжіктердің) өзбекке айналып, олардың санын көбейткенінің көрсеткіші. Оған қоса, 1927 жылдан кейін қазақтар санының күрт кеміп кетуіне 1928 жылғы тәркілеу һәм артынша басталған қолхоздастыру науқаны, 1931-33 жылдар аралығындағы ашаршылық, 1937-38 жылдардағы репрессия өз зардаптарын қатты тигізді десек те, тағы айтамыз, сол нәубет кездері Өзбекстан жеріне ауып барғандардың көпшілігінің қайта қазақ санатына қосыла алмай, өзбекке айналғаны да үлкен бір себеп.
1917-18 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумағын қамтыған «Жылантақыр» деп аталған алапат жұт өткен. Осы жұт жылдары және жаңа аталған нәубет кезеңдерінде миллиондаған қазақтар Өзбекстан жеріне ауып барды. Олардың бәрі болмаса да, жарым-жартысы сонда қалып қойып, түрлі себептермен өзбек жұртының қарасын көбейтуге үлес қосты. Өз басым ашаршылық жылдары-ақ сонда ауып барған қазақтардың талайының өзбек боп жазылып, сол ұлттың нағыз өкілдері болып жүргенін көрдім. Менің үшінші атамның інісінен тараған төрт ұл 1932 жылы ашаршылықтан қашып, Ташкент түбіндегі Көктерекке барып жан баққан. Сол төрт ұлдан өрбіген қырық шақты ұрпақ бұл күнде қырт өзбек. Бірінің қызын бірі алып қойған. Мен тараған рудың Бегалы деген атасынан шашыраған 150 үйдей бір ауыл ағайын, қазір Бостандық ауданының Қарамазар кентінде түп-түгел өзбек боп отыр.
Айта берсем, мұндай мысалдарды жүздеп келтіруге болады. Мұның барлығы ненің себебі? Әлбетте, бір елдің қатал саясатының себебінен емес. Білкім ол, біржақты ғана себеп болар. Бастысы, оған себеп – намыссыздықта. Бір жағы – орыстың, бір жағы – қалмақтың, бір жағы – Бұқар мен Қоқанның, жалпы ел болғалы сыртқы дұшпанның тепкісін көп көрген қазақтың кейінгі ұрпағы тым жалтақтағыш, тым еліктегіш, тым намыссыз, әйтеуір тыныштық болса екен дегенге тым бой ұрып, бойкүйез боп кеткен-ау, сірә. Қонақжайлы-ғы мен ақкөңілдігі өзіне қатер боп төнетінін аңдамайтын аңқау да аңғал боп кеткен бе дерсің. Бірінен бұрын намыстан жұрдай болған ба дерсің. Әйтпесе бөтен елде тұрып, сол бөтеннің ұлтын қабылдаған қазақтан басқа ұлт бар ма, осы. Жарайды, біз бөтен елдегі жағдайды әңгімеледік. Ал өз елімізде тұрып, өзбекке айналған қазақтар туралы естуіңіз бар ма? Есітпесеңіз, айтайын.
Ғалымдардың пайымдауынша, дүниеде сексуалды гені күшті үш халық бар екен. Олар – еврей, қытай, өзбек екен. Сенбесеңіз байқаңызшы, қазақ қызы осының қайсысына тисе де, қазақ баласы осылардың қайсысынан қыз алса да, балалары соларға ұқсап туылады. Басқа жақты қайдам, Оңтүстік Қазақстанда қазақ-өзбек боп жұптасқан жұбайлар көп. Ілуде біреулері болмаса, олардан өрбіген ұрпақтардың бәрі өзбек боп қалыптасады. Оны айтасыз, өзбекке үйленген қазақ жігіт те, өзбекке тұрмысқа шыққан қазақ қыз да екі-үш айда өзбекше шүлдірлеп шыға келеді. Ондайлардың балалары міндетті түрде өзбек мектебіне барады, өзбекше тәрбие алады. Қазақстандағы қырт қазақтардың ортасында тұрып-ақ, талайлар осылайша басқаға айналып жатыр.
1980 жылдары ел-елден шежіре жинап жүргенімде Ленгір ауданына қарасты Мәдени деген ауылда тұратын тоқсанды алқымдаған Дербіс атты қарияға жолыққаным бар-ды. Мәдени – қалың өзбек қоныстанған Қарамұрттың түбінде. Сонда Дербіс қария әңгіме арасында: «Менің бозбала кезімде мына Қарамұртта он бес-ақ үйдей сарт бар еді. Қазір бұлардың үйлерінің саны жеті жүзден асты. Осылардың бәрі қайдан ғана тез көбейе қалды, болмаса қайдан келе қалды дерсің. Бұл жерге бөтен сарттар көшіп келген жоқ. Қазақтардың есебінен көбейді олар. Кәнпіс жылдары НКВД-дан қашқан кейбір байлардың қолшоқпарлары осы сарттардың арасына келіп тығылды. Ашаршылық кезінде талай аш қазақтар аштыққа ұшырамаған осылардың панасына дүркін-дүркін келіп, жалданып жан бақты. Солардың бәрі кейін сарттармен аралас-құралас, құдандалы болып, әп-сәтте өзбекке айналып шыға келді. Олардың арасында бір кездері Қарамұртқа таяу отырған менің де біраз туысқандарым бар. Сартардың не құдіреті не сиқыры бар екенін білмеймін, әйтеуір көз алдымызда неше жүздеген қазақ сарт боп кетті», — деген-ді.
Сайрам ауданындағы елді-мекендерде отырған өзбектердің көбісінің түбі – қазақ. Осылай деп қарияларының өздері айтады. Мұны жастары да біледі. Сұрасаң, түбіміз – Ошақты дейді, Ысты дейді, Сиқым дейді… Негізі Қоқан хандығы осы өлкені басқанда 1814, 1842, 1856 жылдары сонау Ферғана өңірінен Шымкентке, Сайрамға, Қарабұлаққа, Түркістанға, Иқанға, Созаққа, Шолаққорғанға, Әулиеатаға өзбектер топтарын үш дүркін көшіріп әкелген. Бұл жайында Қоқан хандығының хаткерлері әдемі жазып кеткен («Қоқан хандығына қатысты жазбалар», тізім, Ферғана меммұрағаты). Хандар әр көште ірі шаһарларға 100, кішірек қалашықтарға 50-60 отбасын жіберіп отырған. Мақсаттары – қазақ даласын өзбектендіру-тін. Олардың көпшілігі 1864 жылы орыстар Түркістан мен Шымкентті басқанда, Ташкентке қарай қашқан қоқандықтарға ілесіп, ата қоныстарына қайтып кеткен. Осында қалғандары – қазіргі Қазақстанда тұрып жатқан өзбектердің ата-бабалары.
Міне, солар жергілікті неше мыңдаған қазақтардың өзбекке айналуына ықпал етті. Қазақстан тәуелсіздік алған жылы талай өзбектер «Аталарымыз – қазақ. Енді өзіміз де қазақ болсақ па дейміз», деп ауылдық әкімшіліктерге жүгіргені бар-ды. Ленгірмен іргелес Сұлтанрабат ауылында тұратын бір саудагер өзбек сол жылдары: «Біз осы ауылда 90 үй қаңлы бармыз» деп, өзі сықылды бөгдеге айналған ағайындарының шежіресін жинауға кіріскен-ді. Бірақ біздің үкіметтің ұлт саясатына келгенде кеңпейілділік танытатын «ақкөңілділігі» оларды бұл райларынан тез қайтарған. Бүгінде олардың бірде-бірі қайтадан қазақ болуға талпынбайды. Қайта өздері сықылды ұлтын өзгерткендердің санын көбейтуде. Ондайлар «Қазақстанда тұрамыз-ау, сондықтан қазақты сыйлайық, соның тілінде сөйлейік» деп мүлдем ойламайды. Керек десең, қазаққа үстемдік жасағысы келеді.
Аты күллі оңтүстікке белгілі Өсерқұл Рысқұлов деген емші болды. Қаракөк түсті қауға сақалды түріне қарасаң, баяғы «Өзбекфильм» шығарған басмашылар туралы кинолардың құрбашыларынан аумайтын. Сол кісі өле-өлгенінше: «Мен өзбек емеспін! Менің түбім – ұлы жүз сиқым алакүшік» деп кетті. Сөзінің жаны бар, Қарамұрттың түбіндегі Қожакент деген ауылдағы өзбектердің бәрі сол рудан. Өздері мойындайды. Бірақ болмыстары бөтен.
Бір Өсерқұл емес, ондайлар толып жатыр. Өмір бойы өзбек боп жазылып, сол ұлттың ғұрпын ұстанып келген түркістандық бір кеңес одағының батыры өлер алдында: «Өмірден өтерімде мойындап кетейін. Мен қазақтың баласымын. Менің екінші атам өзбектен қатын алған екен. Содан әулетіміздің бәрі өзбек боп кетіпті. Мені жерлегенде қазақы салтпен жерлеңдер», — деп жұртқа жар салған. Сол Түркістанда, бергі Сайрам мен Қарабұлақта, Шымкент пен оның жан-жағындағы елдімекендерде түбі қазақ неше мыңдағын өзбек өмір сүруде. Оларды енді өз ұлттарына қарай бейімдеу мүмкін емес.
Осындай құбылыстарға кім кінәлі? Әрине, намысын жоғалтқан, ұлтын сатқан, екіжүзді, рухсыз қазақтың өзі айыпты. Өзбекстанда тұратын қазақтардың еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін өзбекше таза сөйлейді. Ал біздегі ілуде біреуі болмаса, бір өзбек қазақша сөйлеуге ынталы емес, Қайта өз жерімізде тұрсақ та, бізбір қандастар оларға өзбекше сөз қатуға әуес. Бұл не? Жағымпаздық па, әлде рухсыздық па?! Жасыратыны жоқ, осы үшін талай қазақтармен ренжістім де. Алайда одан нәтиже шығаратын бауырлар болсашы.
Біреулер айтады: «Өзбекстандағы қазақтар сол жақта тұрып жатқан соң, өзбек болуға мәжбүр» деп. Солай-ақ болсын. Сонда біздің жердегі өзбектер неге қазақ болмайды? Керісінше, жергілікті қазақтарды өз ұлттарына айналдырып жатыр. Егер тәуелсіздің алмағанымызда бұл процесс үдей беретін еді. Егемендік келген соң бұл құбылыс біраз саябырсыйын деді.Және бір көзім жеткен нәрсе – тәуелсіздік тағы он бес-жиырма жылға кешіккенде Сарыағаш, Келес, Жетісай аудандарының Ташкентке жақын ауылдарында тұратын қазақтардың дерлігі қып-қызыл өзбекше сөйлеуге көшетінде ме еді. Өйткені аталған ауылдардың тұрғындарының тілдері әбден шұбарланып қалған-ды. Одан соң Қазақстанға жел айдап келген түріктер, шешендер, өзбектер, т. б. қай ұлт болса да, өмірі қазаққа ұқсамайды, өз келбеттерін жоймайды, Ал біз болсақ… Осыған ғұмыр бойы таңданып келемін.
Өзбектер тәуелсіздік алғанымыздан бері де түрлі айла-шарғымен қанша жерімізді алып қойды. Бұрын Ташкент түбіндегі шекара қазір Келес өзенінің жағасына, Шымкент-Ташкент тас жолының бойына, ілкіде қазақ жайылымы болған Өгемнің Тұрбат асуының үстіне дейін жылжытылған. Бұл жерлерді оларға кім берді, өзбектер неге сонша басынды, жауап беретін біреу табылсайшы. Оқтын-оқтын шекараның аржағынан оқ атып, қазақтарды өлтіріп, жаралап жатқандарына да тиісті қарсылық көрсеткен бір басшы болсайшы бізде…
Біздің биліктің бір кемшілігі – кірмелерге жандары ашығыш-ақ. Қазаққа берілмеген еркіндікті соларға бергіш. Қазақ пен өзбек төбелесіп қалса, кінәні қазақтан іздейді. Әрі солардың тірлігін қазақтарға үлгі етіп, айтқыш-ақ. Бірақ қолында билігі барлар Қазақстанда өздерінің билікке жетіп, мығым отыруы да, елде тыныштық болып, берекелі дәуреннің жүріп жатқаны да, қазақтың арқасы екенін білмейді немесе ойлауға өрелері жетпейді.
Кінә қоймаңыз, оқырман, біраз ащы ақиқаттың бетін аштым. Ақиқатында Қазақстанның өзбекке айналған төл перзенттерін енді қанша шу-дабыра көтерсек те, қайтып қандас ете алмаймыз. Ташкентке де, өзбекке өткен басқа жерлерге де, бұдан былай таласа алмаймыз. Тек енді алдағы уақыттарда ұлттық намысқа берік болсақ деймін. Бір өкініштісі – осы жазбаны ұлтын сатқандар оқымайды ғой. Бәлкім оқитындары да табылар. Әйтеуір кімге болса да, осы мақала ой сала алса – жақсы.
Қазақстандағы тазасы болсын, кірмесі болсын, өздерін өзбекпін деп жүргендер ешқашан сол ұлттық қалыптарынан өзгермейді. Ал Өзбекстанда қазір тұрып жатқан қазақтар жылдар өткен сайын бір кездері басқаға айналған баяғы бабаларындай өзбек этносын қабылдап, сол ұлтқа кірігіп бара жатыр. Белгілі демограф М. Тәтімовтың қайбір жылы «Өзбекстандағы қазақтардың 500 мыңдайы өзбек этносын қабылдауға бейім тұр» деп жазғаны шындықтың нақ өзі.
Айтпақшы, 1960 жылдары Өзбекстанда 1,5 миллиондай қазақтар бар деген мәлімет таратылған. Содан бергі елу жылдан аса уақыт өтсе де ондағы қазақтардың саны әлі – 1,5 миллион. Бұл не қылған өспейтін, не өшпейтін (күйінген соң айтам да) қатып қалған сан?! Жауап айтар біреу табылар ма?..

МОМБЕК ӘБІЛӘКІМҰЛЫ.
Жазушы, тарихшы.

Жыл басында шымкенттік тұрғындар көгілдір отын мәселесін көтеріп, әкімдікке жүгінген еді. Қыстың суығында отын түсірмей, газға қосыламыз деп сендік деген тұрғындар мәслихат депутаттары мен әкімнен әлденеше рет көмек те сұраған. Тиісті басқарма едел-жедел іске кірісіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді, жұмыс қарқынын да арттырды. Нәтижесінде талай тұрғынның толғақты мәселесіне айналған көгілдір отын кезең-кезеңімен, жоспардан бұрын аяқталып жатыр.

Соңғы көрсеткіштерге сенсек, Шымкент қаласы тұрғындарының 93 пайызы газбен қамтылған. Тағы да тарқатар болсақ, табиғи газбен шаһардағы 81 елді мекеннің 42-сі толық, ал 31 елді мекен жартылай қамтылған. Қалған қамтылмаған елдімекендерге газ тарту жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, 1 магистралдық және 10 елдімекенде ішкі орамдық газ құбырының құрылысы жүруде. Жыл соңында Тұран магистралды газ құбырының құрылысы мен Батыс, Арғымақ, Ақтас, Нұртас, Ақтас-2, Ақжар, Сауле, Көкбұлақ, барлығы 8 елді мекенде құрылыс жұмыстар аяқталады.
Жоспар сәтті аяқталса, қаланың 20 мың тұрғыны көгілдір отынға қосылып, қамту көрсеткіші 95 пайызға жуықтайды. Ал 2025 жылы мегаполис тұрғындары толықтай газбен қамтылмақ.

Соңғы уақытта Шымкент қаласында тұрғындардың талап-тілегі мен арыз-өтініші бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жанданып келеді. Соның бір жарқын мысалы ретінде әр ауданның белсенді азаматтары және билерімен өтетін кездесуді айтуға болады. Аудан әкімінің қатысуымен өтетін жиында атқарылып жатқан жұмыстар жайы баяндалады.

 

Осындай жиын Еңбекші ауданының тұрғындарымен өтті. Онда аудан әкімі Д.Есілбек аудандағы Қоғамдық бақылау кеңесінің мүшелерінен және аудан тұрғындарынан шешімі табылмай жатқан 48 сұрақ келіп түскенін жеткізіп, ол бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтті. «Қазіргі таңда 48 тапсырманың 9 тапсырмасы орындалды. 39 тапсырма жұмыс барысында. Оның ішінде 35 тапсырма жыл соңына дейін басқармалардың берген мәліметтеріне сәйкес толығымен орындалады. Қалған төрт тапсырма 2023 жылы толығымен орындалады деп жоспарлануда» деді аудан басшысы.
Тарқата айтсақ, күні бүгінге дейін Қаратөбе аумағында орналасқан емханаларға тұрғындарды тіркеу жұмыстары жүрді. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-мен Тоғыс тұрғын алабында орналасқан 2 трансформатор қоршалып, 7 электр бағанасы ауыстырылды. Мұнайбарлаушылар көшесінде орналасқан ойын алаңшасы жарықтандыруға қажетті 6 бағана орнатылды. Маятас тұрғын алабындағы Көлді көшесі бойына 7 дана, Елтай тұрғын алабындағы Найзатас көшесі бойына 6 дана, Жыланбұзған тұрғын алабындағы Қарақыстақ көшесі бойына 3 дана, Айнатас тұрғын алабындағы орталық Айнатас көшесі бойына 4 дана жол белгілері мен аялдама павильондары орнатылды.
Бұдан бөлек, Қазығұрт аумағының дамуы туралы төлқұжаты әзірленіп, санитарлық тазалық жұмыстары тұрақты бақылауға алынған. «НұрОлжа» мекемесі тарапынан аптасына 2 рет тиісті жұмыстар жүргізілуде. Базарқақпа, Абдуллабад және Тұрдыабад елдімекендеріндегі 3000 үйге бекітілген лимит шегінде ағын су берілуде. Елтай мен Тоғыс елді мекеніне 4G технологиясымен базалық станция орнатылып, сапалы интернетпен қамтылған. Қарабастау тұрғын алабының бүгінде толықтай сапалы электр жарығына қосылғанын да айта кету керек. Атқарылып жатқан жұмыстар мен болашақ жоспарлар жайы да халыққа ұдайы түсіндірілуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде ағымдағы жылдың 18 сәуірінен бастап азаматтардың тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялау бойынша өтінімдер қабылдау басталған болатын. Бүгінгі таңда Шымкент қаласында үйді жалдау ақысын субсидиялау бойынша баспана кезегіндегі 493 азаматтың өтінімі мақұлданған.

 

Аталған бағдарламаға кезекте тұрған 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көп балалы отбасылар қатыса алады. Талаптарына келсек, баспана ақысын субсидиялау үшін үміткерлер қатарындағы отбасылардың соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс. Оның көлемі 36 018 теңгені құрайды.
Өтінімдер электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен www.otbasybank.kz сайтында онлайн түрде қабылдануда. Сонымен қатар субсидия алуға үміткердің «Отбасы банкте» депозиттік шоты болуы тиіс. Бағдарлама турасындағы қосымша ақпаратты Шымкент қаласы, Бейбітшілік көшесіндегі №3 үйде орналасқан AMANAT партиясының қалалық филиалындағы «Отбасы банк» қызметкерлерінен алуға болады.

Тұрғындар жиі көтеретін мәселенің бірі – кәріз жүйесі. Құрылысына қыруар қаржы кететін инженерлік инфрақұрылым бойынша Шымкент қаласында атқарылып жатқан жұмыстарды жоққа шығаруға болмайды. Қала берді, қала жан-жақты кеңейіп барады. Сондықтан бұл мәселе күн тәртібіндегі өзекті түйткілге айналып отыр. Мәселен, үшінші мегаполисте 81 елді мекеннің 19-ы кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген.

 

Әйткенмен көрсеткіш өзгеріссіз қалады дегенді білдірмейді. Ағымдағы жылы кәріз жүйесіне қосылған елдімекендер саны 6-ға артады. Нәтижесінде Шымкенттің кәрізбен қамтылу көрсеткіші 54 пайыздан 60 пайызға жетпек. Аталған межеге жету үшін бүгінде 16 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Атап айтсақ, 2 магистралды кәріз коллекторы, 1 кәріз сорғы станциясы және 13 елдімекенде ішкі орамдық кәріз құбырлары тартылуда.
Биыл жыл соңына дейін Арғынбеков, Тұран магистралды кәріз коллекторларының және Достық кәріз сорғы станциясының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар Самал-3, Мирас-Шапағат-2, Ұлағат, Солтүстік-Шығыс, Хлопзавод, Жұлдыз тұрғын алабтарындағы ішкі орамдық кәріз жүйелерінің құрылысы аяқталып, осы 6 елді мекен орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылады.