Маңызды

Шымкент қаласында бүгінгі таңда жағдай тұрақты. Төтенше жағдай режимі қатаң бақылауда. Барлық коммуналдық және қызмет көрсету кәсіпорындары қалыпты режимде жұмыс істеуде.

Ал, төтенше жағдай режимі жағдайында қала әкімдігі мен жұмыспен қамту орталығы сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін, медицина мекемелерінің жай күндердегі жұмыс кестесі сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін жалғасады. Ал демалыс күндері емханалар мен ауруханаларда кезекшілік режимі іске қосылады. Жедел жәрдем қызметі 103 нөміріне қоңырауларды қабылдайды, тәулік бойы стационарлар науқастарды жоспарлы госпитализацияға да, жедел жәрдем деңгейіндегі науқастарды шұғыл қабылдауға да қабылдап жатыр.

Білім және ғылым министрлігі қазақстандықтарды оқушылар мен студенттердің демалысын ұзарту туралы хабардар етті. Балабақшалар мен қосымша білім беру ұйымдары әдеттегідей жұмыс істейді.

Халыққа қызмет көрсету орталықтары интернет желісі толықтай қосылған кезде жұмысын бастайтын болады.

Шымкент халықаралық әуежайы мен темір жол вокзалы қалыпты режимде жұмысын атқаруда. Бүгінгі таңда әуе рейстер мен темір жол кестесі қалыпқа келтірілуде.

Сонымен бірге қаладағы барлық базарлар сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін, сауда орталықтары кешкі 21.00-ге дейін жұмыс істеуде. Ал, «Шымкент плаза» ойын-сауық орталығы осы демалыс күндері, яғни, 8,9 қаңтар күндері жұмыс істемейді. 10-шы қаңтардан бастап қалыпты режимде жұмыс істейтін болады.

Ұлттық банктің хабарлауынша, еліміздегі екінші деңгейлі банктер 10 қаңтарға дейін жұмыс істемейді. Олардың мәліметінше, әзірге тек банкоматтар ғана халыққа қолжетімді.

Ал кешіктірілген төлемдерге айыппұл салынбайды. «Каспи», «Отбасы банк», «Халық», «Еуразиялық банк», «Форте», «Центркредит және «Алтын банк» пен «Хоум кредит», «Альфа банк» өкілдері осындай ақпар таратқан болатын. Олар қаңтардың 5-і мен 19-ы аралығында ипотекасын төлей алмағандарға өсімақы жүрмейді дейді. Елдегі жағдайға байланысты осындай шешім қабылданып отыр. Сол себепті банктен қарыз алғандардың алаңдамауына болады.

Қала тұрғындары мен қонақтарынан төтенше жағдай кезінде заң бұзушылықтарға жол бермеуге және комменданттық тәртіпті сақтауға шақырамыз.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Шымкентте 500-ге жуық ерікті азамат қаладағы қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып жатыр. Мегаполисте тұрғындар, белсенділер, танымал спортшылар мен спорт мектептерінің ұстаздары, дін өкілдері және өзге де сала мамандарынан құралған «Халық сақшылары» деп аталатын жасақ құрылды.

Олар тәртіп сақшыларына қолдау көрсетіп жатыр. Мемлекеттік маңызы бар нысандарды, кәсіпорындарды күзетуге көмектесуде. Азаматтар елді лаңкестерден қорғау үшін тұрғындарды бірлікке үндеп, күш біріктіруге шақырды.

«Еліміздің тұтастығына қарсы бағытталған бұзақылық әрекеттерді айыптай келе, қала тұрғындарының өмірі мен мүлкіне қауіп-зиян тигізетін, қоғамдық тәртіпті бұзатын лаңкестікті айыптай отырып, ерікті түрде, қоғамдық тәртіпті сақтауға белсене қатысуға дайынбыз»,-деді, қала әкімдігіне келген еріктілер бастаған топ.

Олар, елімізде жүргізіліп жатқан анти-террорлық операцияларды қолдайтындарын жеткізді.

Еріктілер топтарға бөлініп, түнгі уақытта кезекшілікте тұруға кірісіп кетті.

 

Бүгінде Шымкент қаласындағы қауіпсіздік толығымен бақылауда. Қала қалыпты жағдайда тіршілігін жалғастыруда.

Шымкентте орын алған жаппай тәртіпсіздік әрекеттерінен соң қоғамдық көліктер 6 қаңтар күні уақытша бағыттарға шыққан жоқ. Десек те, қазіргі таңда Шымкент қаласының қоғамдық көліктері штаттық режимде – таңғы сағат 7.00-ден кешке 21.00-ге дейін қызмет көрсетуде. Автобустарда ешқандай іркіліс жоқ. Төлем әзірге интернет байланысының шектеулігіне байланысты тек қолма-қол жүзеге асырылуда.

Тұрғындардан уақытша қолайсыздықтарға түсіністік танытуын сұраймыз. Төтенше жағдай кезінде заң бұзушылықтарға жол бермеуге шақырамыз.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов ұсталды. Бұл туралы ақпаратты комитеттің баспасөз қызметті таратты, — деп жазады ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми сайтының мәліметінше, осы жылдың алтыншы қаңтарында ҰҚК Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 175-бабы 1-тармағымен, мемлекетке сатқындық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады. Осы күні аталған қылмысты жасады деген күдікпен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы К.Мәсімов және өзге де тұлғалар ұсталып, уақытша оқшаулағышқа қамалды.

Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді

 

Бүгін Шымкент қаласының жастары қаламызда 4-5 қаңтар күндері орын алған тәртіпсіздік жағдай бойынша белсенді жастардың үндеу жариялады.
Үндеуге Қалалық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Ерлан Айтбаев, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Талғат Балтабаев, Бокстан әлем чемпионы Біржан Жақыпов, Белсенді жас, тележүргізуші Рахат Арғынбай және белсенді жастар қатысты.
Үндеу барысында қала жастарын ауызбіршілікке, татулыққа, тәртіпсіздікке жол бермеуге және өзгелердің арбауына немесе жетегіне түсіп қалмауға шақыра отырып, қаламыздағы мемлекеттік мекемелер мен ғимараттарды қиратпауға, парктер мен қоғамдық орындарда тәртіпті сақтауға, жекеменшік субъектілер мен кәсіпкерлік нысандарға қол сұқпауға, сондай-ақ, қаламызда енгізілген төтенше жағдайдың талаптарын сақтап, құқық бұзушылық пен тәртіпсіздікке бармауларына шақырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде орын алған лаңкестік жағдайлардан соң республика көлемінде 5-19 қаңтар аралығында төтенше жағдай режимін жариялады.

Шымкент қаласына жасалған лаңкестік және жаппай бұзақылық әрекеттерге байланысты қала әкімі Мұрат Әйтеновтің басшылығымен арнайы штаб құрылды. Қала әкімінің басқаруында барлық құқық қорғау органдарының басшыларын қамтыған штабтың дер кезінде шығарған шешімдері мен іс-әрекеттерінің нәтижесінде мегаполистегі ешқандай стратегиялық маңызы бар нысандар лаңкестердің басып алуына мүмкіндік бермеді.

Соңғы екі күнде содырлардың негізгі мақсаты қала әкімдігін басып алу болған-ды. Дегенмен «Түркістан» сарайы, «Көрме» орталығы (толығымен), Ж. Шанин атындағы драма театрына әр түрлі деңгейде зиян келтірді.

Одан бөлек, «Метро» сауда орталығына басып кіріп, барлық спирттік ішімдіктер мен энергетикалық сусындарды алып кеткен. Сауда орталығының ішін қиратып, екі жерде өрт шығару әрекетіне барған және банкоматтар тоналған.

Сол күндері лаңкестер көптеген полиция автокөлігі мен қоғамдық автобустарды жағып жіберді.

Қазіргі таңда қаламызда жағдай тұрақты және бақылауда. Тұрғындардың тыныс-тіршілігі үшін керекті барлық құрылымдар өз жұмысын толыққанды атқаруда.

Қала әкімі зардап шеккен нысандардың барлығын аралап, материалдық шығындарды анықтау үшін құрылған арнайы комиссияға нақты тапсырмалар берді. Алдағы 10 күн ішінде жалпы шығын мөлшері анықталатынын атап өтті.

«Қаламыздағы қауіпсіздік пен тыныс-тіршілік үшін керекті барлық жұмыстар бақылауымда. Қаладағы қоғамдық көліктер мен бизнес нысандары штаттық режимде жұмыс жасауда. Антитеррор іс-шарасы жүргізіліп жатқандықтан, қала тұрғындарын барынша үйден шықпауға және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырамын. Жастарымыз түрлі арандатушылыққа жол бермей, сабырлық танытуы керек. Қала тұрғындары мен қонақтарын комменданттық тәртіпті сақтауға шақырамын», — деді Мұрат Әйтенов.

Қоғамдық тәртіпсіздікті туындатушылардың басым бөлігі жастар болғандықтан, ата-аналардан балаларына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, назардан тыс қалдырмауын сұраймыз.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі