Маңызды

Ағымдағы жылы Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 52501,2 млн теңгені құрады. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13 038,2 млн-ға көп. Саладағы серпінге облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің егістікті әртараптандыру, жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану бағытында жұмыс істеу тапсырмасы себеп болып отыр.

 

Ауданда мал шаруашылығы бойынша 28520,8 млн теңгенің өнімі өндірілсе, 23923,9 млн теңгенің көлемінде егін шарушылығының өнімі өндірілген. Жыл соңына дейін өнім көлемі 52 978 млн теңгеге жетеді деп жоспарлануда. Өңірде ағымдағы жылы 88650 гектар жерді игеру жоспарланған. Күні бүгінге дейін 90328,5 гектарға егіс егілді. 44228,2 гектар жерге егілген бидай мен арпадан 59084,3 тонна өнім жиналған. Бұдан бөлек, 15000 тонна көкөніс алынған.
«Бір алқаптан екі өнім алу» жобасы бойынша да нәтиже бар. Жоба бойынша 11 ауыл округіндегі 150 шаруа қожалық 158,46 гектар жерге бірінші дақылдарын егіп, одан 2052,84 тонна, ал 2-айналымдағы дақылдардан 1524,79 тонна өнім алған. Жыл басынан бері жылыжай көлемі 11 гектарға ұлғайтылып, жалпы жылыжай көлемі 174 гектарды құраған.
Биыл Сарапхана ауыл округіндегі «САУ-АС» ЖШС-і 4 гектар жылыжай кешенін іске қосып отыр. Сонымен қатар тамшылатып суғару әдісі 50,5 гектарға ендірілді. Қарқынды бау шаруашылығын дамытудың жылдық жоспары 20 гектар болса, қазіргі таңда 20,3 гектарға орындалған.
Мал шаруашылығы өнімдеріне келсек, жыл басынан бері 9 айда қазығұрттық еңбекшілер 22,7 мың тонна ет, 50 мың тонна сүт өндірген. Ауданда аналық ірі қара мал басын асылдандыру көлемі 41377 басқа жеткізілген. Жылдық жоспар 237,8 пайызға асыра орындалып отыр. Қызылқия ауыл округінде 1200 бастық мал бордақылау кешені іске қосылды.
Атқарылған жұмыстар жайы Қазығұрт ауданында өткен «Алтын күз» мерекесінде кеңінен айтылды. Аудан әкімі Арман Абдуллаев диқандар мен малшылардың ерен еңбегін сөз етіп, құрмет көрсетті. Алдағы уақытта да ауыл шаруашылығы саласын қолдау жалғасатынын да тілге тиек еткенін айта кету керек.

Қоғамда қордаланып қалған мәселе көп. Миллион халқы бар мегаполисте бір уақытта барлық түйткілдің түйінін ағыту мүмкіндігі тағы жоқ. Бірін жамасаң, екіншісі істен шығады. Оны реттесең, үшінші жерде түйткіл туындайды. Дегенмен бұл мәселенің жылдап шешілмеуіне себеп бола алмайды. Ал қаладағы шағынаудандардың дамуы жергілікті атқарушы билікпен қатар мәслихат депутаттарының қызметіне де байланысты. Себебі көппен жиі кездесіп, көкейлеріндегі өткір сауалдарына жауап беріп жүрген де, халықтың мұңын мәслихат мінберінен айтып, шешілуіне мұрындық болып жүрген де – солар. Сондықтан Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Шыңғыс Қозбаховты сөзге тартып, өткір де өзекті деген сауалдарымызды қойған болатынбыз. Сол сүбелі сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

— Әңгімені мынадан бастағым келіп отыр. Бұған дейін де халық қалаулысы сынды құрметті атты арқалап келдіңіз. Мандаттың міндетін де, жауапкершілігін де жақсы білесіз. Ашып айтайықшы, осы күнге дейін не тындырдыңыз? Қазір халық қалаулысы ретінде қандай жұмыстармен айналысып жатсыз?
— Дұрыс айтасыз, депутаттық мандат мен үшін таңсық дүние емес. Мандаттың артар жауапкершілігін жақсы түсінемін. Себебі Шымкент қаласы мәслихатының VI шақырылым депутаты болдым. Ол уақытта №9 сайлау округінен түсіп, халық қалаулысы атанғанмын. Өзіңізге белгілі, менің сайлау округім бойынша, Жаңаталап, Алтынтөбе, Көкбұлақ сынды елді мекендер, қателеспесем, 2015 жылы қалаға қосылды. Енді ғана мегаполистің құрамына кірген ауылдарда сапалы ауыз су, электр жарығы, көгілдір отын мен орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылу мәселелері болды. Сондықтан аталған түйткілдерді мәслихат мінберінде көтердім. Көп өтпей аталған инфрақұрылым мәселесі бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Оны мәслихатта қарап, бекіттік. Айтпағым, мен қаузаған, көтерген мәселелердің түп-тамыры бірнеше жыл бұрыннан басталады. Соның шешілуі үшін жұмыс істеп келе жатырмын. Өйткені әр мәселенің басын бір шалып, түйткілдің түйінін ағытпай жүре беру депутаттық қызметіме сын.
Биыл да көптің сеніміне ие болып, халық қалаулысы атандым. Қазір менің сайлау округімдегі мәселелердің бәрі Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2021-2025 жылдарға арналған Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасына енген. Мәселе шешіліп те жатыр. Мәселен, бүгінде Жаңаталап, Тәуелсіздікке 20 жыл, Игілік елді мекендері ауыз сумен қамтылып жатыр.
Алдыңғы шақырылымдағы тағы бір мәселе, қалаға жаңадан қосылған елді мекендерге қоғамдық көлік қатынамайтын. Себебі өзін-өзі ақтамайды. Елді мекендерге баратын небәрі бір ғана маршрут болды. Сондықтан мәселені тез арада бақылауыма алып, әлеуметтік автобустардың жүруіне ықпал еттім. Енді қазір қоғамдық көлік қатынасы бойынша мәселе жоқ. Автобустар саны жеткілікті. Мәселе оң шешімін тапқан.
Есіңізде болар, мектептегі әжетхананың сыртта орналасуынан бірқатар өзекті мәселелер туындаған болатын. Сондықтан кезек күттірмей, қалаға қосылған елді мекендердегі әжетханалардың мектеп ғимаратында орналасуы тиіс екенін айтып, депутаттық сауал жолдадым. Қазір ол мәселе де шешімін тапты.
Миллион халқы бар мегаполисте мәселе де көп. Дегенмен қол қусырып отырғанымыз жоқ. Тұрғындармен тілдесіп, көкейін тескен сауалдарына жауап беріп, түйткілдердің түйінін ағыту мақсатында қызмет етіп жатырмыз.

— Партия депутаттарының арасында рейтингтің іске қосылғанын жақсы білеміз. Бұл жұмысты күшейтеді деген үмітпен қатар, науқаншылдыққа ұласуы мүмкін деген күдікті де көңілге ұялатады. Сіз не айтасыз?
— Рейтинг керек. Себебі тұрғындар депутатты тануы тиіс. Әрине, көп білуі керек деген сылтаумен әлеуметтік желіге үздіксіз пост жазып қойып, әрекетсіз отыра беруге де болмайды. Халық қалаулысы еңбегімен, тындырымды ісімен жұрттың назарына ілігуі тиіс. Рейтинг осыны көздейді. Оның да есептеу жүйесі бар. Тек пост салумен ғана алысқа бармайсың.
Өзіңізге белгілі, Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2021-2025 жылдарға арналған Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасы бар. Міне сол Жол картасына енген нысандар мен жасалатын жұмыстарды депутаттар бақылап, сапалы орындалуын, дер кезінде көптің игілігіне берілуін назарда ұстайды. Рейтинг дәл осы мониторинг қызметінің сапалы жүруіне ықпал етеді деп санаймын. Мәселен, үш ауысымды мектептердің мәселесін алайық. Осы күнге дейін №8, №35, №46 мектептерге бардым. Мәселе бар. Тұрақты комиссия мүшесі ретінде көтеріп те жатырмыз. 2025 жылға дейін мәселе толық шешіледі. Соған ықпал етудеміз.
Рейтинг екі бағытты көздейді. Біріншісі – сайлаушылардың депутатты тани түсуіне мұрындық болады. Яғни халық қалаулысының тұрғындармен кездесуі, қоғамдық қабылдаулары, шешкен мәселесі рейтингте рөл ойнайды. Жасыратыны жоқ, бұрынғы шақырылым депутаттары бармаған, аяқ баспаған жерлер де бар. Әлеуметтік желілерде жұрттың наразылығын да жиі оқимыз. Ал бағалау міне осындай олқылықтардың орнын толтырады. Бұдан бөлек, биылдан бастап біз партияның атынан сөйлейміз. Партия сенім артып отырғандықтан, әр депутаттың қаншалықты мандаттың міндетін көтере алғандығын айқындау үшін де рейтинг қажет. Екіншісі – сайлауалды бағдарламаның толық орындалуына ықпал етеді. Яғни әр депутат өзінің сайлау округіндегі мәселелерді шешу арқылы өзінің ғана емес, жалпы партияның халық арасындағы беделін арттыра түседі. Ал арзан атақ пен абырой алысқа апармайды. Науқаншылдыққа салынып отырған халық қалаулылары бар болса, тез арада іске көшеді. Әйтпегенде партияның ғана емес, халықтың да сенімінен шығады. Меніңше, ешкім көтере алмайтын жүкті желкесіне артпайды. Депутаттардың бәрі мандаттың міндетін жақсы түсінеді деп ойлаймын.

— Кәсіпкерлік саладағы цифрландыру ісінің көлеңкелі экономикаға тұсау болатыны жиі айтылып жүр. Дегенмен аударымдарға салынатын салық жұртты дүрліктіріп қойды. Сауал көп. Бәлкім, түсіндіру жұмыстарын жандандыра түсу керек шығар. Сала мамандары саралай жатар. Менің білгім келетіні, қаламыздағы цифрландыру ісінің даму қарқынына қандай баға бересіз?
— Мен жұмыс бабымен ТМД елдерінде жиі боламын. Өзбекстанға, Беларусь пен Украинаға бардым. Бір аңғарғаным, еліміз цифрландыру бойынша көш басында болмауы мүмкін. Дегенмен үздік үштікте екенін нық сеніммен айта аламын. Мәселен, біздегі банк қосымшаларының мүмкіндіктері туралы айтқанымызда ресейлік әріптестеріміз аң-таң болады. Қағаз ақша айырбасы көбейген сайын, көлеңкелі экономиканың ауқымы кеңейе түседі. Ал бізде бәрі цифрлық жүйеге көшіп жатыр. Кімнің қайда не аударғаны анық көрініп тұр. Бұл көлеңкелі экономикадағы қаржыны ашық айналымға шығарды деп ойлаймын. Айтпағым, біздің еліміз интернет-банкинг ісінде көрші елдерге қарағанда әлдеқайда ілгерілеп кеткен.
Ал мынау әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып жатқан салық мәселесіне келсек, бас-аяғы толық түсінікті деп айта алмаймын. Әлі де түсіндіру керек. Қоғамда сан түрлі сыбыс тарап кетті. Дегенмен алдағы уақытта тиісті мекемелер анық-қанығын ашып, толық түсіндіреді деген сенімдемін. Жалпы бізде кәсіпкерлерге салынатын салық 3 пайызды құрайды. ТМД мемлекеттерімен салыстырсақ, өте аз. Сондықтан кәсіпкерлерді табысты жасырмай, салықты дер кезінде төлеуге шақырамын. Бұл — мемлекеттің алдындағы жауапкершілік. Сіз салығыңызды төлеу арқылы мектептердің салынуына, ауруханалардағы жұмыс сапасының жақсаруына, жолдардың жөнделуіне себепкер бола аласыз.

— Шымкент қаласында жақында «Сергек» камералары іске қосылды. Бұл көлігі бар азаматтарды әбігерге салғаны да белгілі. Жұртты мазалайтыны – айыппұлдың көптігі. Осыған қатысты сіз не айтасыз?
— Қай қоғамды алсаңыз да, ең басты байлық – адамдардың қауіпсіздігі. Қоғамда тыныштық орнап, қылмыс саны азайса, ел гүлдене түседі. Сонымен қатар ереже бұзбаған жүргізушінің айыппұл төлемейтіні бесенеден белгілі. Бізде жол-көлік оқиғалары болып тұрады. Ажал құшып жатқандар да бар. Бір адамның қаза болуы қоғамға қатты әсер етпеуі мүмкін, алайда отбасы үшін ауыр қаза ғой. Міне, сондықтан әр азаматтың өмірі мен қауіпсіздігін бірінші орынға қоюымыз керек. Қала ішінде рұқсат етілген жылдамдық бар. Тиісті мекемелердің алдында ескерілуі тиіс талаптар бар. Оны ескермеу – өзгелердің қауіпсіздігіне қол сұғу мен қылмысқа жол беру деген сөз. Сондықтан сіз бен біздің отбасымыз, балаларымыз қауіпсіз қоғамда өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасауымыз керек.
Бір рет айыппұл төлеген азамат келесіде талаптарды ескеріп, ақылмен әрекет етеді. Көлігі жоғалып, қылмыс болса, бейнекамера арқылы табу мүмкіндігі туады. Мұның барлығы — заман ағымымен келіп жатқан игілік. Әлемнің дамыған мемлекеттерінде де осы жүйе бар. Айыппұлдың деңгейіне келсек, мұның барлығы есептеліп, сан рет өлшеніп, сосын барып қолданысқа енеді. Сондықтан айыппұл төлеуге емес, тәртіп бұзбауға дағдылануымыз керек.

— Жастар – қоғамның қозғаушы күші, елдің ертеңі. Олардың бүгінгі потенциалы ертеңгі елдің даму бағдарынан хабар береді. Сіз артыңыздан ерген жастарға не кеңес айтар едіңіз?
— Дұрыс айтасыз, жастардың елдің болашағы екені даусыз. Жақында ғана ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды. Меніңше, одан асыра айту, санаға жеткізе түсіндіру мүмкін емес. Бұл — жаңа дәуірдегі барша қазақстандықтарға бағдар болатын қағидаттар. Тіл мен діл, салт пен дәстүр, мәдениет пен руханият бәрі қамтылған. Тәуелсіздік, бірлік пен келісім, жер, отбасы мен дәстүр, ұлттық мәдениет, білім мен еңбек, прагматизм – заман адамының ескерер, көкейге бекітіп, санада сақтар құнды қағидалары. Тәуелсіздіктің қадірін түсінетін, бірлік пен келісімнің маңызын ұғатын, жерді қастерлеп, отбасы мен дәстүрді берік ұстанатын, ұлттық мәдениетті дамытып, білім мен еңбек арқылы елдің назарына ілігетін, прагматизм құндылықтарының құнын білетін жастар болса, еліміздің егемендігі мәңгі, тәуелсіздігі тұғырлы боларына сенімім мол.

— Сын адамды қатайтады. Өсіреді. Кейде қате айтылған сын адамның талабын таптап, құлшынысын кемітеді. Ал сіз сынды жиі естисіз бе?
— Көппен жұмыс істегеннен соң, міндетті түрде сын айтылады. Дегенмен ол да сенің нақты қай аймақтың тұрғындарымен жиі жүздесетініңе байланысты. Әрине, қала орталығындағы негізгі мәселелер шешімін тапқан. Сондықтан сынның астына алмауы мүмкін. Ал қала маңындағы елді мекендерге барсаңыз, міндетті түрде сыналасыз. Себебі шешімін таппаған мәселелер бар. Соларға қатысты айтылмайды емес, айтылады. Қоғамда сан түрлі пікір мен ой бар. Бірінің пікірі менімен қабыспауы мүмкін. Енді бірі менің сөздерімнен басқаша ой түйер. Дегенмен оған да назар аударып, түсіндіруден, ортақ диалог құрудан қашқан емеспін.
Менің баса айтқым келетіні, сын да сауатты болуы керек. Сонда ғана сынаушы да, сын айтылған адам да өседі. Қазір мәселенің байыбына бармай, байбалам салатын белсенділер бар. Бәрі емес. Ара-тұра шығып жатады. Сынаймын деп жеке басқа өтіп, адамның қадір-қасиетіне қол сұғады. Сынамасын деуден аулақпын. Сынау керек. Дегенмен нақты дәлелмен, дәйекпен, нақты іске айтылуы тиіс. Сонда ғана нәтиже болады. Сын айтылған адам істің үдесінен шығуға талпынады. Дәл осы тұста, мәселенің мәнін түсініп, жіліктеп, сынай алатын мықты блогерлер мен белсенділердің барын да айта кету керек.

— Қаржы пирамидаларының арбауына еріп, алданып қалған ағайын көп. Біз нені ұмыттық? Нені ескермей жүрміз? Күдікті компаниялардан қалай қорғанамыз? Халық қалаулысы ретінде қандай кеңес бересіз?
— Иә, қазір алаяқтардың көбейгені рас. Жеңіл олжаға қарық болғысы келгендерді құрығына іліп жатады. Қаржы пирамидасы туралы сан түрлі сараптама, жүздеген мақала шықса да, тақырыптың буы басылмай келе жатыр. Керісінше, үдеп барады. Қоғамға қарапайым тұрғыда түсіндіру керек. Мәселен, банктердегі депозиттер бойынша үстемақы 8-10 пайыз аралығында. Банк кредитті 14-20 пайызбен береді. Енді қандай да бір компания айына 20 пайыздық пайда ұсынып отырса, күдіктену керек. Оны жылға шағыңыз. Сонда әлденеше есе артық ақша шығады. Жеңіл ақша ауада жатпайды. Мұндай пайда ұсынған компанияларды жақсылап зерттеген жөн.
Бұдан бөлек, БАҚ-тан қаржы пирамидаларына қатысты зерттеулерді жиі беру керек. Олардың ортақ айлалары, қадамдары, әдістері зерттелуі тиіс. Міне, сонда ғана құрығы ұзарып бара жатқан күдікті компаниялардың жолына тосқауыл бола аламыз деп ойлаймын.

— Осы сұхбатты оқитын оқырмандарға айтарыңыз бар ма?
— Тәуелсіздік алып, егемендігімізді жариялағанымызға да 30 жыл болды. Том-том кітапқа жүк болар терең тарихымыз бар. Ұлттық құндылықтарымыздың ұпайы түгенделіп, мәдениетімізді әлем танып жатыр. Ұлт пен ұлыс ұйысқан мемлекетіміздің бағындырған белестері де бір төбе. Жаһанданудың даңғыл жолына түсіп, құндылықтарымызды көздің қарашығындай қорғап, өз жолымызды қалыптастырып үлгердік. Әрине, мұның артында қыруар іс, ерен еңбек жатыр. Әр қазақстандықтың үлесі бар. Бағытымыз айқын, бағдарымыз түзу. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биіктей берсін! Еліміздің аты тек жақсы жағынан шығып, әлемдік қауымдастықтағы беделіміз биіктей түссін!
Бүгінде қол жеткен, еңсерген биіктеріміз алдыңғы аға буынның қажымас қайраты мен іркіліссіз атқарған ісінің жемісі деп білемін. Ұрпақ сабақтастығы жалғасын тауып, жемісті күндерге жете берейік!

— Уақыт бөліп, сұхбатқа келісім бергеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз! Елдің жетістігі мен жемісті межесіне қосар үлесіңіз көп екеніне сенімдіміз. Алдағы игі бастамаларыңызға сәттілік тілейміз

Сұхбаттасқан,
Құдірет МОМЫНХАН.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жеке кәсіпке бет бұрған азаматтардың қатарын көбейтуге ықпал етіп келеді.

Бір ғана Түлкібас ауданында дәл осы бағдарламаның екінші бағыты шеңберінде 150 азамат жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткізген. Кәсіпкерлікке ден қойған азаматтардың 122-сі ірі қара мал шаруашылығын қолға алған. Ал пайдасы көл-көсір қой шаруашылығымен айналысуға барлығы 10 азамат бел буған. Тағы 8 адам Қамбар ата төлін баптауды табыс көзіне айналдыру туралы жобаны жүзеге асырған. Бұдан бөлек 4 азамат тігін цехын ашса, қалғаны түрлі кәсіптің құлағын ұстауға кіріскен.
Бағдарлама аясында берілетін қайтарымсыз гранттің көлемі 583 мың 400 теңгені құрайды. Көбіне бұл мүмкіндікке жұмыссыз жастар мен тұрмыс жағдайы төмен отбасылар ие болуда.

«Уақыт».

Осындай тақырыппен Сауран ауданында мерекелік шара өтті. 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылған шара аудандық мәдениет үйінде өткізілді. Жиынға аудан әкімі Ғани Рысбеков, аудандық мәслихат хатшысы М.Күнпейісов және аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Ахметов, зиялы қауым өкілдірі қатысты.

Мерекелік шарада аудан басшысы аудан тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады. Сондай-ақ Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ профессоры, журналист Бекжігіт Сердәлі жиналғандарға Елбасының өмір жолы мен еңбегі туралы мағлұматтар айтып, мерекенің маңызына тоқталды.
Іс-шара барысында әртүрлі салада үлгілі еңбек үлгісін көрсетіп жүрген мамандар Алғыс хаттармен марапатталды.

Күні кешеге дейін Төлеби ауданында өтке жиналған тасты алып тастайтын ота жасала бермейтін. Медицинада отаның бұл түрі лапароскопиялық холецистэктомия деп аталады.

Бірақ былтыр қазан айында облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов Төлеби аудандық ауруханасына аталған отаны жасауға қажет құрал-жабдықтар мен материалдардың алынуына ықпал еткен болатын. Сол уақыттан бастап жергілікті тұрғындар өтке жиналған тасты алу үшін облысқа сабылмай-ақ аудандық ауруханада жасатып, аурудан айығып келеді. Аудандық ауруханада жыл басынан бері 70-ке жуық науқасқа лапароскопиялық холецистэктомия отасы сәтті жасалған.
Айта кетейік, өтке жиналған тасты алу үшін жасалатын лапароскопиялық холецистэктомия әлемде ең жиі орындалатын операциялардың бірі болып табылады. Бүгінде ересек адамдардың 10-15% осы сырқатпен ауырады.

Түркістан облысында барлығы жарты миллионнан астам оқушы бар. Мектеп қабырғасында білім алып жүрген жасөспірімдер арасында зорлық-зомбылық жағдайлары тіркелетінін жасырып, жабуға болмайды.

Қазақстанда әрбір бесінші оқушы құрдастары тарапынан психологиялық және физикалық зорлық-зомбылыққа ұшырайтыны туралы Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының осыдан үш жыл бұрын таратқан дерегі соның дәлелі. Сондықтан да бұл білім саласында өзекті мәселеге айналып отыр.
Бұған қоғам назарын аударып, алдын алу шараларын күшейту үшін Түркістанда «Ел ертеңі – жас ұрпақ» бағдарламасы аясында облыстық ата-аналар форумы өтті. Жиынға атқарушы орган өкілдері, мұғалімдер мен ата-аналар қатысты. Мақсат айқын – «Ел ертеңі – жас ұрпақ» бағдарламасын қорытындылап, қол жеткізген нәтижелермен бөлісу, өзекті мәселелерге қоғам назарын аудару және болашаққа жоспар жасау болды.
Айта кетейік, аталған бағдарлама мектеп ұжымдарының, оқушыларының, ата-аналар комитеттерінің әлеуетін арттыру арқылы отбасындағы және мектептердегі зорлық-зомбылықтың алдын алу және болдырмауға ықпал жасауға бағытталған.

Түркістанда Мәуліт мерекесіне арналған рухани кеш өтті. «Шапағатшым бір өзіңсің Мұхаммед» тақырыбында өткізілген шараға облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев пен облыстың бас имамы Еркебұлан Қарақұлов қатысты. Олар жиынға жиналғандарды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады. Көрермендер назарына театрландырылған қойылымдар көрсетілді. Салауат айтылған шарада ҚМДБ жанындағы «Зекет» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 4 жанұяға баспана кілті берілді.

Діни жиында теолог Арман Қуанышбаев сахабалардың ғибратты ғұмыры туралы өнегелі өсиет айтты. Ал облыстың бас имамы Еркебұлан Ыбрайымұлы:
«Мәуліт мерекесі құтты болсын ардақты әлеумет! Бүгінде күллі адамзат баласы Пайғамбарымыздай тұлғаға аса мұқтаж. Оның мейірімділігі мен сүйіспеншілігіне зәру. Біз екі дүние сардары Мұхаммедтің (с.а.с) қиямет күнінде шапағатшы болуын тілеуіміз керек. Алла Тағала елімізге тыныштық, отбасыларыңызға амандық берсін»,- деген лебіз білдірді.

Қазақстанда 1-желтоқсан – Тұңғыш Президент күні мемлекеттік мерекесі. Егемен елдің іргетасын қалаған қайраткерлерді ұлықтау дамыған елдерде қалыптасқан игі дәстүр болып табылады. Мәселен, АҚШ-тың алғашқы Президенті Джордж Вашингтонның еңбегін айрықша бағалайтын мұндай мереке 22-ақпанға белгіленген болса, Үндістанда 2-қазанда Махатма Гандидің туған күні жалпыұлттық мереке ретінде атап өтіледі. Ал Түркияда 19-мамыр Мұстафа Кемал Ататүрікті еске алу күні болып жарияланған.

Қазақстан мемлекетін қалыптастырудың бастауында тұрған асыл азамат – елі сүйген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін мерекелік айшықпен ардақтау он жылдан бері қолға алынып келеді. Естеріңізде болса, 2011 жылдың 14-желтоқсанында «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға толықтырулар енгізіліп, 1-желтоқсан – Тұңғыш Президент күні болып белгіленген еді.
Содан бері еліміздің барлық өңірлерінде Тұңғыш Президент күні мерекесінде айтулы шаралар өткізіліп келеді.
Мәселен, Түркістанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған «Елбасы – елімнің тірегі» атты мерекелік іс-шара өтті. Шараға қатысушылар «Елбасы және Ұлы дала мұрасы» атты көрмені тамашалады. Көрмеде Тұңғыш Президенттің қызметтік жолы, Түркістанға келген іссапарлары, шетел басшыларымен кездесулерінен суреттер ұсынылды. Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов: «Пре-зиденттік орынға үміткерлердің баршасын білемін. Бірақ Нұрсұлтан Әбішұлының олардан өзге, биікте көрсететін үш қасиеті бар деп білемін. Бірінші, ол қаршадайынан жердің демін, нанның дәмін, тердің иісін сезіп, өзі де солардың қатарында өскен. Екінші қасиеті – қараша үйдің көсеуінен бастап, алып зауыттың күрегіне дейін қолынан өткізген адам. Үшіншіден, халқының рухани мол мұрасын аңызынан бастап бүгінгі келбетіне дейін ана тілінде оқып, бойына сіңірсе, орыс әдебиеті арқылы әлемдік әдебиеттің үздік үлгілерін өз әдебиетіндей таныған, оқыған, тоқыған адам», — деген еді. Көрмені тамашалағандар Елбасының өмірінен сыр шерткен материалдарды көріп Қалтай Мұхамеджанов ағамыздың осы бір сөзінің дәл тауып айтылғанына тағы бір көз жеткізді.
«Farab» кітапханасында өткен салтанатты жиында LED экран арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаты туралы деректі туынды көрсетілді. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Рашид Аюпов жұртшылықты мерекемен құттықтау сөзінде «Мемлекетімізді дамытуда Елбасымыздың еңбегі ерен. Тәуелсіздіктің арқасында тіліміз, дініміз, мәдениетіміз тұғырына қонды. Тәуелсіздікті жариялаумен мәселе шешілмейді. Оны сақтау қажет. Әлемде 5 мыңдай тіл, яғни, 5 мың ұлт бар. Солардың небәрі 200-ден астамы ғана етек жеңін жинаған егемен мемлекет. Сондықтан тұрақтылықты сақтауда, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі Елбасы еңбегі айтылуы тиіс. Тұңғыш Президенттің тікелей қолдауымен Түркістанымыз қалай өзгергенін қоғам көріп-біліп отыр»,-деді. Сонымен қатар Рашид Аюпов еңбегімен дараланған бір топ азаматты Түркістан облысы әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Олардың арасында медицина, мемлекеттік қызмет, құқық қорғау, спорт, кәсіпкерлік және өзге де салалардың өкілдері бар.
Жиында Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов құттықтау сөз сөйлеп, Елбасының тәуелсіздігімізді нығайту бағытындағы еңбектері туралы баяндады. Кентау қаласындағы №16 Ю.Гагарин атындағы мектебінің ағылшын тілі мұғалімі Елена Стребкова да бұл күннің маңыздылығына тоқталып, мемлекеттік тіл елді біріктіруші күш екенін атап өтті. Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен ұласты.
Өткенге салауат айтып, келешектен жақсылық күтетін бұл мейрам қарсаңында Nur Otan партиясының Түркістан облыстық филиалында салтанатты түрде партияға қабылдау іс-шарасы өтті.
Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев партиялықтарды айтулы мерекемен құттықтап, белсенді азаматтарға партиялық билет пен төсбелгі табыстады. Сонымен қатар оларға Елбасының «алдымен – экономика, содан кейін – саясат» формуласымен өрілген тәжірибесі жазылған «Қазақстан жолы» кітабын тарту етті.
«Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында әрі бүгінгі мерекеде қауышқаныма қуаныштымын. Тәуелсіздік – әлемдегі ең құдіретті сөз. Ел еркіндігі. Nur Otan партиясы халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартып, елдің дамуына бағытталған Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыруға үлкен үлес қосты. Алғашқы сәттен-ақ партия құрамына 164 мың адам мүше болса, қазір олардың саны 800 мыңнан асты. Облыс бойынша 244 бастауыш партия ұйымынан құрылған 80 мыңнан астам партия мүшесі бар. Енді оның саны өздеріңіз секілді сан-саланың белсенді азаматтарымен толығуда. Бүгінгі салтанатты шараға елдің өркендеуі жолында қызмет атқарып жүрген мемлекетшіл азаматтар жиналды. Партияның ұстанымын қолдап, жауапкершілікпен Қазақстанның дамуына үлес қосайық»,-деді Бейсен Дәулетұлы.
Нұротандық атанған азаматтардың қатарына білім беру мен денсаулық саласының мамандары, жеке кәсіпкерлер, мемлекеттік және жергілікті өкілдік органдары қызметкерлерінен жалпы саны 15 үміткер енді. Оның ішінде 6 азамат – Тәуелсіздіктің түйдей құрдастары. Жиын барысында партия қатарына қабылданған үміткерлер Елбасы Н.Назарбаевтың «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаты жастарға серпін берген үндеу болғанын атап өтті.
Жалпы партияның Түркістан облысындағы филиалдарына биыл 2273 адам мүшелікке қабылданды.
Сонымен қатар таңдаулы тұлға Елбасының қайраткерлегі ұлықталған айтулы мереке қарсаңында Мақтаарал ауданында 4 мектеп пайдалануға берілді. Аталған мектептердің ашылу салтанатына Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова мен ауданның адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Мұратбек Серікбаев қатысты.
Елбасы күнінде ел игілігіне берілген білім ұясының алғашқысы – Иіржар ауылдық округі Мақтажан ауылында орналасқан 200 орындық «Мақтажан» жалпы орта мектебі. Одан кейінгісі – Жаңажол ауылдық округі Арайлы ауылында орналасқан С.Датұлы атындағы жалпы орта мектебі, Ж.Нұрлыбаев ауылдық округі Қарақыр ауылында орналасқан 100 орындық А.Тұяқбаев атындағы жалпы орта мектептің ғимараты және Достық ауылдық округі Ж.Қалшораев ауылында орналасқан 200 орындық Қ.Әбдалиев атындағы жалпы орта мектебі.
Өскелең ұрпақтың сапалы біліммен сусындауына зор серпін беретін нысандар физика, химия, информатика кабинеттері, мультимедиялық және лингафондық оқу бөлмелерімен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ спорт залдары, тігін шеберханалары, асханалары да заманауи үлгіде жабдықталған. Жаңа ғимараттардың арқасында ауыл оқушылары түрлі спорттық, өнер және қолөнер үйірмелеріне қатысып, өздерін қосымша дамыта алады.
Мектептің ішін аралап көрген аудан басшылары мен тұрғындары құрылыстың сапасына, базалық-техникалық жабдықталуына жоғары баға берді.
Айта кетейік, биыл Мақтаарал ауданында 13 мектептің құрылысы жүргізілді. Бүгінде құрылысы жүрген мектептердің төртеуі пайдалануға берілсе, жылдың соңына дейін тағы 4 мектеп ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда. Ал қалған 5 мектептің құрылысы келесі жылға өтпелі.

А. САТЫБАЛДЫ.

Өткен қазан айында Мәжіліс депутаттары «ҚР Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заң жобасын мақұлдаған болатын. Осы аптада аталған Заңды Сенат қабылдады. Сенат қабылдаған Заң Президенттің қол қоюына жолданды.

Жаңа Заңға сәйкес барлығы 14 мың сотталушы рақымшылыққа ілігетін болады.
ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев «Заң жобасы бойынша 2 292 сотталушыға, пробациялық бақылауда тұрған 11 753 адамға рақымшылық жасалады. Нәтижесінде 1 мың адам қамаудан бостандыққа шығады, 3881 адам пробациялық бақылаудан босатылады. 1330 сотталушының, пробацияда тұрған 7492 адамның жаза мерзімі қысқартылады», — деп атап өтті.
Одан өзге тергеу өндірісіндегі 5 мың қылмыстық іс қысқартылып, 1674 адам қылмыстық жауаптан босатылады.
Бүгінде темір тордың ар жағында отырған 500 адам парамен қамауға алынғандар санатында. Бұған дейін Мәжіліске дәл осы рақымшылық туралы заң жобасы таныстырылғанда жемқорлыққа барғандарға кешірім болмайтыны айтылған еді. Алайда ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев жемқорлыққа барған жеті адам рақымшылыққа ілігетінін мәлімдеді. Оның ішінде үшеуі бостандық дәмін тататын болса, қалған төртеуінің жаза мерзімі қысқартылады. Дегенмен де ол ең соңғы шешімді сот қабылдайтынын ескертті.
Еске сала кетсек, ішкі істер министрлігі түрмедегі бір адамға ай сайын бюджеттен 88 мың теңге жұмсалатыны туралы ақпарат таратқан. Олардың әрбіріне жыл сайын жұмсалатын қаржы 600 мыңға барады. Елімізде абақтыда жатқандар саны 34 мыңға жетеді.
Биылғы рақымшылықтың есебінен 600 млн теңге бюджет қаржысы үнемделетін көрінеді.

А.САТЫБАЛДЫ.

Осы аптада Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов ауыл шаруашылығы саласына бағытталған субсидияның мақсатты жұмсалуына жол бермей, оны жымқырудан келген шығын 2 млрд 600 млн теңгені құрағаныны туралы сандеректі мәлімдеді.

Төрағаның сөзінше, субсидияның есебінен жемсауын толтырғандар бойынша өндіріске 54 қылмыстық іс алынған. Ауыл шаруашылығы саласын алға жылжытады деген үкілі үмітпен бөлінген субсидияны талан-таражға салғандарға қатысты жемқорлық ісіне Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары және тоғыз облыстағы шенділердің қатысы бар екені айтылуда. Бүгінде 22 күдіктіге «қомақты қаржыны жымқырды» деген айып тағылып, 14-і қамауға алынған. Тағы екеуі үйқамақта отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше күдіктілерді тінту кезінде барлығынан заттай дәлелдер алынған. Қылмыстық жауапқа тартылғандардың арасында өңірлердегі әкімдік өкілдерімен қатар, ветеринарлық бақылау комитетіндегі шенеуніктер, аграрлық орталық қызметкерлері бар екені де айтылуда.
Жалпы биыл ауыл шаруашылығына қатысты мәселе көбейіп кетті. Салаға жауапты бірінші басшы, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің аузынан жақсы сөз шығу әзірге байқалар емес. Саладағы кейбір мәселелердің себебін айтып, салдарымен күресуге келгенде «біреудің жоғын біреу көзін жұмып іздейдінің» керін киетін Қарашөкеев күн тәртібіндегі кез келген мәселеге келгенде биылғы құрғақшылықты алға тартуды әдетке айналдырды. Ведомства басшысы үшін «қорғанудың қамыты» болған құрғақшылықтан биыл қамбаға бастырылған астық жылдағыдан аз болды. Қуаңшылықтан биыл шөп бітік шықпады. Салдарынан мал азығы қымбаттады. Оның соңы ет бағасының ай сайын емес, күн сайын құбылып тұруына жол ашты.
Осы аптада Ауыл шаруашылығы министрі Сенатта өткен парламенттік тыңдауда соңғы 10 айда агроөнеркәсіп кешені саласының өнімділігі 2,3%-ға төмендегенін, құрғақшылық салдарынан өсімдік шаруашылығының өнімі – 6,1%-ға немесе 3,9 трлн теңгеге азайғанын айтты. Ол өзі тізгіндеп отырған сала табиғи климаттық жағдайға тәуелді екенін алға тарта отырып, «Бұған техникалық және технологиялық артта қалушылық пен өндірісте экстенсивтік әдістің басым болуы себеп болып отыр. Атап айтсам, өсімдік шаруашылығы әртараптандыруды соңына дейін жеткізуді қажет етеді. Бұл салада күні бүгінге дейін ескі агротехнология қолданылады. Ауыспалы егіс қағидасы дұрыс сақталмайды. Осының барлығы жер процесін бақылаудың тиімді тетігінің жоқтығынан туындайды. Селекцияның ескірген әдісіне негізделген тұқым шаруашылығы жүйесі уақыт талабына сай емес. Бізде тұқым бойынша импортқа тәуелді болу қаупі бар», — деп, саланың сан проблемасын айтып салды.
Ал одан алдын Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ербол Қарашөкеев бұл туралы мәселеге кең тоқталмады. Керісінше ол ағымдағы жылдың 10 айында тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,6%-ға өскенін, жарма өндіру көлемі 5,3, крахмал өнімдерін өндіру көлемі 18,7, жеміс және көкөніс шырындарын өндіру көлемі 2,8, қант өндіру көлемі 2,6, қышқыл сүт өнімдерін өндіру көлемі 5, сары май өндіру көлемі 9 пайызға артқанын, ал ұн өндіру көлемі 4,5%-ға, өсімдік майын өндіру көлемі 3%-ға, шұжық өнімдерін өндіру көлемі 0,4%-ға төмендегенін жеткізді.
Дәл осы саладан хабары бар бірқатар сарапшылар Ербол Қарашөкеевтың жұмысына көңілі толмай отырғанын ашық айтып отыр. Тек Қарашөкеев емес, тұтас министрліктің өзіне берілген жұмысты алға сүйрей алмай отырғандарына ел алдында жүрген біраз азаматтар да күйініп отыр. Мәселен, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов «Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың 1915 жылы өзінің бір мақаласында: «Байтақ жерде шалқып, мал басын қосып, еңбек ете алмай отырмыз, өкінішке қарай», — депті. Сол 100 жыл бұрынғы жағдай әлі осындай. Егемендігіміз бар, жеріміз бар, технологиямыз бар, қаражатымыз бар. Бірақ соның тиімділігін… Бұл нағыз біздің ұлттық мәселеміз деп айтуға болады», — деп қынжылды.
Саланың тамырына қан жүгіртіп отырған шаруалар да министрліктің жүйесіз жұмыстарынан әбден мысы басылғандарын айтып шағымдарын қарша боратып жүр. Естеріңізде болса, өткен айдың бел ортасында Ақтөбеде бірнеше өңірлердің фермерлері бас қосып, митинг ұйымдастырған болатын. Олар шаруаларға берілетін қолдаулардың бірізді емес екендіктеріне наразылықтарын білдірген. Мысалы, жем-шөп субсидиясы әр аймақта әртүрлі беріледі. Ақтөбеде ірі қараға 30 мың, Қарағандыда 5 мың теңге субсидия төленетінін алға тартқан фермерлер, осылайша Ауыл шаруашылығы министрлігі әу баста айтқан ірі қараға 30 мың, жылқыға 25 мың теңге, қойға 5 мың теңге беріледі деген мәлімдемесінен тайқып отырғанына ашынған. Сонымен қатар олар облыстан субсидия сұрасаң министрлік қаржы бөлмей отырғанын алға тартатынын, ал ведомства облысқа қарай сілтеп, онсыз да шаруасы шаш етектен шаруаларды футбол добына айналдыратынына күйінген.
Фермерлердің жанайқайына салаға жауапты министрдің селт еткенін әлі байқамадық. Жалпы сылбыр жұмыс істейді деген кадрдың (экс ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров) орнына тағайындалған Қарашөкеевке осыдан бірнеше күн бұрын қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан әлеуметтік желі арқылы ескерту жасады. Онда Мұхтар Тайжан «Бір айдан кейін, яғни, 01.01.22 жылы Сіз өткен жер комиссиясының шешіміне сәйкес және 30.06.21 жылы Президент Тоқаев мырза қол қойған ҚР заңы бойынша жер иеленушілердің барлығының аты-жөндерін халыққа ашып көрсетуіңіз қажет (АИС ГЗК арқылы)! (авт. Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы) Ашық жер кадастрын жүзеге асыруға міндеттісіз, ол Жаңа заңның талабы. Егер сіз бұны ұмытып қалсаңыз міне мен Сізге арнайы ескертіп отырмын!» деген.
Ашықтықты қамтамасыз ететін бұл тетікті ведомства басшысы Ербол Қарашөкеев шынымен орындай ма? Әлде алдыңғы толқын ағаларынан арыға бармай, сылбырлық таныта ма? Бұл сұраққа келер жылдың алғашқы күнінде жауап табатын боламыз.
Айта кетейік, таяуда депутаттар қабылдаған 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджетте 3 жылдық кезеңде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 524 млрд теңге бағытталған. Биыл ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ауыл шаруашылығы саласына қатысты біраз былықтардың бетін ашқаны туралы деректерден кейін, «кең пішіліп қаралған 524 млрд теңге шенеуніктердің жемсауын толтырмаса екен…» деген күмәнді ой көкейде еріксіз көлкіп қоя береді екен.

С.НҰРАЙ.