Маңызды

Үш жүздің басын қосқан қазақтың көрнекті тұлғасы Абылай ханның атынан жасалған бәдел қажылық сапардағы ихрам киімі Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қорына өткізілді.

Құнды жәдігерді музей директорының міндетін атқарушы Ерсін Тәжібаевқа Түркістан облысы Бас имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров табыстады.
Хан атынан жасалған бәдел қажылық 2015 жылы алғаш рет Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған болатын. Сол кезде Қазақ Ордасының тарихындағы ең ұлы хандардың бірі Абылай хан атынан бәдел қажылық жасау Түркістан облысы бас имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміровке жүктелген. Ұлы ханның мұсылмандық парызын өтеу жолында ұлы аманатты мойнына алған Мұхамеджан Жамантайұлы сол сапардағы қажылық киім Абылай хан мұраларымен бірге болғанын жөн санапты. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Ерсін Тәжібаев музей қорына тапсырылған құнды мұраны зор қуанышпен қабыл алғанын жеткізе отырып Мұхамеджан Жамантайұлына алғыс білдірді.
Бәдел дегеніміз – бұрын қажылыққа барып келген адамның өзге адамның атынан жасалатын қажылығы. Мал дүниесі бола тұра денсаулығы, қарттығы себепті немесе өткен бабаларының атынан баруға рұқсат етілген. Шариғатта Бәдәл қажылықты діни білімі бар адамның немесе имамдардың атқарғаны абзал делінген. Түркістан қаласы – Абылай ханның билік құрған, ақ киізге көтеріліп хан сайланған және мәңгілік тыныс тапқан мекені. Абылай ханның қабірі Қожа Ахмет Ясауидің сол жақ тұсында жатыр.

Түркістанды абат ету үшін қала 32 секторға бөлінгені белгілі. Әр сектордағы көгалдандыру жұмыстарына аудан, қала әкімдіктері мен басқарма басшылары тікелей жауапты болып бекітілгені тағы бар. Қазіргі таңда әр сектордағы төңірекке егілген тал-ағаштардың тамыр тартып, жайқалуы қатаң бақылауға алынған.

Көгалдандыру аймағына қарағаш пен тез өсетін терек, жиде ағашы отырғызылған. Әр секторда 10 мыңнан астам ағаш көшет егілген. Көшеттер Сарыағаш, Қазығұрт ауданындағы тұқымбақтардан және Түркістан қаласындағы ботаникалық бақтан алынған. Бүгінде Түркістандағы табиғаттың өкпесіне айналған жасыл аумақтағы көпжылдық ағаш көшеттері жайқалып өсіп тұр.
Қалада тұрғындардың тынысын ашатын көгалдандыру жұмысынан бөлек, қыдырыстаған азаматтар үшін де қолайлы жағдайлар жасалуда. Атап айтқанда, шаһар аумағында веложолдар төселіп, газон шөптері себілген. Көшелерде жарықшамдар, қоқыс жәшіктері мен тұрғындардың демалуына арналған орындықтар орнатылған. Кешенді жұмыс барысында жасыл желекті суғару жүйесіне баса мән берілген. Гидрант жүйесі тартылған көшелер тегістеліп, жұмыс тұрақты түрде жүзеге асуда. Бекітілген аумақта тұрақты түрде сенбілік жұмыстары жүргізіледі.
Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес жасыл көшеттерді желден, суықтан және басқа да қолайсыз ауа райы факторларынан қорғау үшін ағаштар арнайы сымдармен оралып, тіректермен қоршалған. Кей жобаларды жасауға тікелей тұрғындар да атсалысқан. Осылайша, демалатын орындардың жайлы әрі ыңғайлы болуына түркістандықтар үлес қосып, «Халықтық жоба» жүзеге асып жатыр.

Аптаның алғашқы күні Түркістанға Литва Республикасының Бас консулы Гвидас Керушаускас келді. Киелі қалаға іссапармен келген елшімен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Рашид Аюпов кездесті.  Кездесу кезінде Рашид Абатұлы 2018 жылы маусым айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы облыс орталығы болғанын, үш жылдан астам уақытта шаһар жаңарғанын мәлімдей келе, «сол уақыттан бері Түркістан облысына 3,5 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. 

Өңірімізде Литва және Қазақстан кәсіпорындарын қатыстырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Туризм саласында әріптестік орнатуға мүдделіміз. Алдағы уақытта туристер саны 5 миллионға жетеді деген болжам бар. Сондықтан Түркістан мен Вильнюс қалалары арасында әуе рейсін ашуды және арнайы турпакеттер әзірлеуді ұсынамыз»,-деді. Әңгіме барысында Рашид Абатұлы елшіге тың бастамаларды қолға алу үшін литвалық кәсіпкерлерді Түркістанға шақырып, екіжақты тиімді жобаларды талқылауға дайын екенін атап өтті. Сондай-ақ ол осы бағытта алдымен онлайн байланыс арқылы кәсіпкерлер форумын немесе кездесуін өткізуді ұсынды.
Литва елшісі Түркістандағы оң өзгерістерден хабардар екенін айта келе, өңірде инвесторларға көрсетілетін қолдаулар жөнінде өз елінің кәсіпкерлеріне мағлұмат беретінін, әріптестікті нығайту бағытында жұмыс жалғасатынын мәлімдеді.
Одан өзге, осы аптада Түркістанда туризм саласының дамуы және перспективалары талқыланған жиында туризм бизнесі өкілдері бас қосты. Сол кезде олар Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары әрі мүмкіндіктері де мол екенін алға тартты.
Бүгінде қалада жоғарғы санатты қонақ үйлер саны 10-нан асады. Ағымдағы жылдың шілде-қараша аралығында қонақүйлердің толуы орташа есеппен 51 пайызды құраған. Биыл «Керуен сарай» кешенінде ұлттық нақыштағы «Сандық» мейрамханасы мен кофеханалар ашылған. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне 10 айда 1 млн. 330 мың адам келген. Әуежай әкімдігі берген мәлімет бойынша, Алматы мен Нұр-Сұлтаннан келетін және халықаралық рейстердің орташа толтырылуы 70-75%-ға жетеді. Қазіргі таңда Түркістан қаласына саяхаттаушыларға туроператорлар тарапынан турпакеттер әзірленген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында 2025 жылға дейін еліміздің орманды аумағында 2 млрд түп ағаш отырғызу міндетін жүктеген. Оны орындау үшін алдағы жылы республиканың орманды аумақтарында 280 млн түп көшет егіледі. Жоспар бойынша егілген көшеттер 112 мың гектар жерге отырғызылады.

Бұл туралы еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова мәлімдеді.
Вице-министр 2023 жылғы жоспарды да таныстырды. Оның сөзінше 2023 жылы Қазақстанның орман алқаптарында 410 млн түп көшет отырғызылады. Жалпы Президент тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін ел көлемінде 714 миллионнан астам сексеуіл, 638 миллионнан астам қарағай, 120 миллион шамасында шегіршін, 121 миллионға жуық қайың және 407 миллионнан астам түп басқа да ағаш түрі егіледі.
Биыл егілген көшеттердің саны Қазақстанда 130 млн ағашқа жетеді. Отырғызылған көшеттердің 46 пайызы сексеуіл, 35 пайызы қарағай, 7 пайызы шегіршін, 4 пайызы қайың болса қалған 8 пайызы басқа да ағаш түрлері болған. Бұл жұмыстар үшін қазынадан 12 млрд теңге қаржы қаралған. Оның ішінде республикалық бюджеттен 4,6 млрд теңге және жергілікті бюджеттен 7,4 млрд теңге.
Өз кезегінде вице-министр көктем мен күзде отырғызылатын ағаш көшеттерінің жерсіну көрсеткіші 65 пайызды құрайтынын алға тартты. Министрлік өкілі көшеттердің көктеп, тіршілігін жалғастыруы көп жағдайда климаттық факторларға байланысты екенін айтты. Дегенмен де ол күтімге де көп нәрсе байланысты екенін жасырмады. Сонымен қатар ел аумағында егілген көшеттердің ішінде сексеуілдің тамыр жайып кетуі қиын екенін, шамамен 20-25 пайызға жететінін жасырмады. Мысал ретінде Арал теңізінің құрғап қалған аумағына егілген сексеуілдің жерсініп кету көрсеткіші 20-25% аспай тұрғанын тілге тиек етті.
Вице министрдің бұл сөзінен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға дейін 2 млрд түп көшет отырғызу туралы тапсырмасы тыңғылықты орындала қояды деп айту мүмкін емес сияқты.

Қ. ҚАЛИЕВ.

Былтыр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында азаматтардың өз зейнетақы жинағын тұрғын үй сатып алу, емделу, қаржы компанияларына басқаруға беру үшін пайдалануға құқық беретін мүмкіндікті қамтамасыз ету туралы тапсырма берген болатын. Президенттің бұл тапсырмасына сәйкес, 2021 жылдың басынан бастап Қазақстан азаматтары зейнетақы жинағының белгіленген нақты шекті сомаларынан асқан бөлігін жоғарыдағыдай мақсаттарға жаратуға қол жеткізген. Тоқаевтың тың бастамасының арқасында біраз азаматтар жылдар бойы бас ауыртқан баспана мәселесін реттеп алды.

Ағымдағы жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында азаматтардың жинақтағы қаражатының бір бөлігін белгілі бір мақсаттарға жарата алатын бұл бастаманың осы жылғы нәтижесі туралы «Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану туралы бастама экономикаға айтарлықтай әсер етті. Ең бастысы, оның әлеуметтік ықпалы айрықша болды. Осы шараның арқасында миллионнан астам азаматымыз тұрғын-үй жағдайын жақсартты. Кейбірі ипотекалық қарызын азайтты»,-деп мәлімдеген еді.
Мемлекет басшысы осы мәліметтерді келтіргенде алдағы уақытта тұрғын үй жағдайын жақсартатын азаматтардың саны еселей түсер деген үмітке толы болжамдар болған. Алайда…
Осы айдың басынан бастап билікте отырғандар қарапайым халықтың зейнетақы жинағының бір бөлігін алуын қиямет қайымға айналдыратын ережені жайып салды. Соған сәйкес келер жылдан бастап зейнетақы қорында қалуы тиіс теңгенің шекті мөлшері бастапқыдан екі есеге бір-ақ көтерілді. Мәселен, биыл қолданылған ереже бойынша 20 жастағы азамат үшін зейнетақы қорында қалуы тиіс теңгенің шекті мөлшері 1 710 000 теңге болса, 2022 жылдан бастап бұл сома 3 140 000 теңге болуы керек. Жиырмаға енді кірген, қолында дипломы жоқ жас қорға 3 миллионнан астам қаржы салым салуы үшін қанша жастан бастап және қай жерде жұмыс істеуі керек деген сұраққа бас қатырмаған жауаптылардың 30 жастағы азаматтың зейнетақы қорында қалуы тиіс теңгесінің шекті мөлшері биылғыдай 2,5 млн емес, 4 370 000 болуы керек деген талабына не айтуға болады? Қырыққа келген кісіде 5 790 000 (2021 жылы – 3 420 000) теңге, елуді еңсерген азаматта 7 430 000 (4 470 000) теңге, алпысты алқымдағандарда 9 120 000 (5 560 000) теңге болуы керек.
Мұндай тосын талап жинақталған қаражатының бір бөлігін шешіп алу үшін құжаттарын рәсімдеп, әні-міне үй аламыз деп жүрген талай азаматтың көңілін күпті етті. Жауапты министрліктің мұндай шешімді ескертпестен бұрқ-сарқ етуін халық наразылықпен қабылдап отыр. Ал экономистер болса, бұл қадамды қордағы қаражаттың түгесілуінен туындаған шұғыл шешім деп болжайды. Кейбір сарапшылар мұны халыққа ақша бермеудің амалына балайды.
Ал «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов болса шекті соманың өсуін төмендегіше түсіндіреді.
«ҚР «Республикалық бюджет туралы» Заңына сәйкес, жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, ең төменгі күнкөріс деңгейі сияқты әлеуметтік көрсеткіштер қолданылады. Осыған байланысты біржолғы зейнетақы төлемін алудың шекті мөлшерін есептеу жыл сайын аталған көрсеткіштердің өсуін ескере отырып жүргізіледі».
Осы ретте ең төменгі зейнетақы, ең төменгі күнкөріс деңгейі сынды әлеуметтік көрсеткіштер екі есеге бір-ақ өспегені Жанат Құрмановтың ойына да кіріп шықпайтын сыңайлы.
Бастапқыда Үкімет пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «жеті рет кесіп, пішкен» шешімі деп, сүттен ақ, судан таза болғысы келіп көрінген зейнетақы қорындағылардың жауабының қисынсыз екенін экономист Айдар Әліпбаев та қуаттайды. Өз сөзінде ол «Қордың айтқан жауабы логикаға келмейді. Жай ғана мәселеден сытылып шығу. Себебі жұрттың жалақысы онсыз да аз. 100 мың айлық алатындар бар. Менің ойымша, шартты бұлай күрделендіру азаматтар өз зейнетақы жинағын шеше алмасын дегенге саяды» дейді.
Зейнетақы қорындағылардың шекті соманың өсуін ҚР «Республикалық бюджет туралы» Заңға тіреп қоюы логикаға сыймайтынын Мәжіліс депуттары ашық айтты.
Төменгі палата депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев жұрттың наразылығын тудырған бұл шешім зейнетақы қорындағылардың салымшылармен кері байланысының жоқтығының көрінісі деп есептейтінін айта отырып, «Бұл ақша – миллион адамның маңдай тері. Екіншіден, жұрттың зейнетақы қорының табыстылығына қатысты сұрағы көп. Халық өз қаражаты құнсызданып бара жатқан соң, Қордан алып, қажетіне жұмсап жатыр. Соған байланысты Қор қаражатты басқару жөнінде ашық жұмыс істеуі тиіс. Салымшылар оған сенуі тиіс. Өкінішке қарай ондай әрекет көріп тұрған жоқпыз» деп айтады.
Мәжілістегілер қор шекті қаражат мөлшерін жарияламас бұрын қоғамдық талқылау жүргізуі керектігін қадап айтқан.
Бұл мәселеге қатысты қордағылардың жауабының сиқы әлгіндей болса, жауапты министрлік жұмған аузын ашар емес. Ал қарпайым халық болса тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы қорындағы шекті мөлшерден асқан қаражатын «Отбасы банкіне» аудару үшін қаржы ұйымына қарай ағылып жатыр. Қазіргі таңда қордағы қаражаттың шекті мөлшерінен асқан сомасын шешуде уәкілетті оператор болып табылатын «Отбасы банкінің» алды ұзын-сонар кезек қалыптасқан. Шекті соманың өсуі туралы шешім шыққаннан бері елімізде 82 мыңнан астам азамат қордағы қаражатын «Отбасы банкіне» аудару үшін өтініш беріп үлгерген.
Яғни осыншама жұрт жыл соңына дейін тұрғын үй жағдайын жақсартуға толық мүмкіндігі бар деген сөз. Ал баспанаға деген сұраныстың артуынан, баға еріксіз аспандай түсетіні тағы анық. Мамандар мұндай дүрбелеңді құрылыс компанияларының өз пайдасына шешіп, олардың баспана бағасын бірнеше есеге өсіріп жіберуі қалыпты құбылыс екенін алға тартады. Сондықтан да олар онсызда қымбатшылық қысқан қазіргі уақытта қиналып жүрген халықты тығырыққа тіремес үшін мемлекет шұғыл шара қолдану қажет деп санайды.
Бірақ мемлекет шара қолданатын сыңай танытар емес. Кеше Үкімет басшысының орынбасары Әлихан Смайылов дәл осы мәселеге қатысты журналистер сұрағына жауап берді. Өз сөзінде ол зейнетақы қорында қалуы тиіс теңгенің шекті мөлшері ең төменгі жалақыға негізделіп есептелетінін алға тарта отырып, «Өздеріңіз білесіздер, ең төменгі жалақы өсті және бұл дұрыс. Соның нәтижесінде жеткілікті шек те көтерілді. Ең төменгі айлық шамамен 41%-ке артты. Тиісінше, соның артынан жеткілікті шек те өсіп отыр», -деді ол.
Ал Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мемлекет басшысының зейнетақы жинақтарының шекті межесін көтеруді 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін созғанын хабарлады. Мұның өзі зейнетақы жинағын пайдаланып үлгермеген көпке демеу болғаны жасырын емес. Әйткенмен көкейде сауал сайрап тұр.
Сонда Президент тапсырмасының орындалу уақытының шекті көлемі бір жыл болғаны ма?

С. НҰРАЙ.

Осы аптада Үкімет басшысы Асқар Мамин мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, Ұлттық халық санағының алғашқы нәтижесі туралы баяндады.

 

Премьер-Министр келтірген деректе ағымдағы жылдың 1-қыркүйек пен 30-қазан аралығында жүргізілген санақтың алғашқы нәтижесі бойынша қазақстандықтардың жалпы саны-19 169 550 адам болған. Отандастарымыздың 48,71%-ы ерлер, 51,29%-ы әйелдер.
Қазақстан халқының орта жасы 31,94 жас деп көрсетілген. Елімізде 17 жасқа дейінгі балалар халықтың 33,97 пайызына тең екен. Ал 19,72%-ы – 14-28 жас аралығындағы жастар.
Асқар Маминнің мәліметі бойынша еліміздегі қазақтардың үлесі – 70,18%-ға жеткен. Еңбекке жарамды халық саны 11 320 410 адамды құрайды. Бұл республика тұрғындарының 59,05 пайызына тең.
Ұлттық статистика бюросының басшысы
Нұрболат Айдапкеловтің сөзінше, ел Тәуелсіздігін алғаннан бері үшінші рет өткізілген биылғы Ұлттық халық санағының толық қорытындысы 2023 жылдың
І тоқсанында жарияланады.
Елбасы жуырда жариялаған «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында XX ғасыр басында алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Әлхамдүллә, алты миллион халықпыз» дегенін еске алады. Көрнекті тұлғаның сол кезде айтқан осы бір сөзін қазіргі уақыттың өлшеміне салып «Әлхамдүллә, 19 миллион халықпыз» десек әбестік болмас.
«Уақыт».

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Нұр-Сұлтан қаласындағы Қарулы күштердің ұлттық әскери-патриоттық орталығында «Егемен елдің ертеңі – жас сарбаз» атты жас патриоттардың бірінші форумы өтті. Жиында «Айбын-2021» VIІ республикалық әскери-патриоттық сайысының үздіктері марапатталды. Бұл іс-шараға еліміздің барлық өңірінің өкілдері бейнебайланыс арқылы қатысуға мүмкіндік алды.

2021 жылдың 6-қазанында басталған «Айбын-2021» жиынының бағдарламасына «Айбын дарыны», «Айбын жұлдызы», «Мейірімділік біріктіреді», «Smart Sarbaz-2021» зияткерлік және шығармашылық байқаулары, сондай-ақ әскери-қолданбалы спорт түрлері және алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша жарыстар енгізілген. Биыл жас журналистерге арналған «Жас сарбаз — Жас тілші» атты жаңа байқау қосылды. Командалар тоғызқұмалақ ұлттық ойынынан өз бақтарын сынады. Аталған жарыстар мен байқауларда Түркістан облысы, Арыс қаласының «Барыс» әскери-патриоттық клубы бірінші орынға ие болды. Сонымен қатар «Үздік жас сарбаз» номинациясын Түркістан облысының «Төлеби тарландары» әскери-патриоттық клубының өкілі Сәуле Ахметова жеңіп алды.

Түркістанда «Этносаралық қақтығыстардың алдын алу жолында оның механизмі мен алгоритмін қалыптастыру» тақырыбында семинар өтті. Облыс әкімдігі ұйымдастырған семинарға ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен құқық қорғау органдарының өкілдері, жергілікті атқарушы биліктің идеология саласына жауапты бөлім басшылары, ғалымдар, сарапшылар, ҚХА өкілдері қатысты.

Басқосуда этносаралық татулықты сақтау, қоғамдық келісімді нығайту, дау-дамайдың алдын алу бағытында келелі ойлар айтылды.
Аталған семинар облыс аумағында түрлі саладағы құқықтық қатынастарда этносаралық қақтығысты туғызуы мүмкін жағдайларды және оның алдын алуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру туралы облыс әкімдігінің, облыс прокуратурасы мен ҚР ҰҚҚ Түркістан облысы бойынша департаментінің және облыстық Полиция департаментінің бірлескен жоспарына сәйкес өткізілді.
Семинардың тізгін қағары Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев болды. Ол Түркістан облысында қоғамдық келісімді нығайту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ал еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев этносаралық қақтығыстардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту аса маңызды міндет екенін мәлімдеді. Бұл ретте атқарушы органдар мен құқық қорғау саласының өкілдері біліммен қарулануы тиістігін ерекше атап өтті.
Жиында тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев «Қазақстан: ұлтаралық қарым-қатынастар тарихы, қазіргі уақыттағы этносаралық қарама-қайшылықтар және этномәдени ықпалдастық мәселелері» тақырыбында баяндама жасады.
«Бүгінгі семинар өте маңызды. Қазақстан – унитарлы мемлекет. Дегенмен мемлекет құраушы қазақ ұлтынан бөлек этностар да өмір сүреді. Біз мультимәдениетті ортаны қалыптастыруымыз қажет. Адамдар бір-бірімен санасып, тату-тәтті тұруы тиіс. Тату ел ғана қарыштап дами алады. Ал енді ішінде ымырасы жоқ, татулығы жоқ елдің болашағы да жоқ. Түркістандағы жиында осы мәселені арнайы талқылайын деп отырмыз. Әрине елде этносаралық оқиғалар болды. Бұл кикілжіңдер әлеуметтік мәселелерден, уақытында шешілмеген түйткілдер мен әділетсіз шешімдердің салдарынан туындайды. Сондықтан осы салаға жауапты мамандар, басшылар әрбір мәселені бақылап, уақытында әрекет етулері керек. Арнайы алгоритм мен жұмыс жоспары, жауапкершілік болғаны жөн», — деді Ж.Артықбаев.
Қолданбалы этносаяси институтының әлеуметтанулық зерттеулер департаментінің бас менеджері Дулат Өтеғали «Қақтығыстардың алдын алу тетігі, оның қолданылуы және кемшіліктері. Қақтығыстарға ден қою шараларының алгоритмі» тақырыбында ой қозғады. Қатысушылар спикерлерге сұрақтарын қойып, пікір алмасты.

Тура бір жыл бұрын дәлірегі 1-желтоқсанда Түркістан Халықаралық әуежайы іске қосылған болатын. Жыл оны екі айда терминалдан барлығы 267 187 жолаушы сапар жасаған. Осы аптада әуежайдың іске қосылғанына 1 жыл толуына орай, арнайы мерекелік іс-шара болып өтті.

Бүгінде әуежайда жалпы 16 бағытта ұшақтар қатынайды. Оның үшеуі халықаралық, 13-і республикаішілік рейстер.
Киелі қаладағы жолаушылар терминалынан аптасына бес рет Ыстамбулға, екі рет Бішкекке, екі рет Ташкент қаласына рейстер жасалады. Сонымен қатар елордаға күнделікті, Алматы қаласына аптасына 7 рет рейс орындалады. Одан өзге аптасына үш рет Қостанай, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Ақтөбе, Ақтау, Павлодар мен Өскемен қалаларына ұшақ ұшады. Ал Орал, Талдықорған, Петропавл қалаларына аптасына екі рет рейс болады.

Түркістан облысында тасжолдар қысқа дайын. Түркістан облысындағы барлық аудан, қалаларға көктайғақтың алдын алуға қажетті инертті материалдар қоймаларға тасымалданып, жинақталды. Жолды қардан аршу үшін арнайы техника да жасақталған. Одан өзге 400-ге жуық жұмысшы қолы дайын.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ұсынған деректерге сүйенсек, техникалар жанар-жағармаймен қамтамасыз етілген. Облыстық маңызы бар автомобиль жолдары бойына 715 дана ескертуші «Тайғақ жол» жол белгілері орнатылған. Авариялық-құтқару жұмыстарына шұғыл әрекет ету бойынша жоспар бекітілген.
Қараша айынан бастап 2022 жылдың наурыз айының соңына дейінгі аралықта облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жай-күйін күнделікті бақылау және төтенше жағдайлар басқармасымен дер кезінде ақпарат алмасу үшін тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылған.
Айта кетейік, Түркістан облысы аумағындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 4152,3 шақырымды құрайды. Оның ішінде 1943,3 шақырымы бірінші кезектегі қардан тазалануы және инертті материалдар себілетін жол болса, 434 шақырымы таулы аймақтарда қар қатты басып қалу қаупі жоғары аумақтарға енеді. Аталған облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында асуларда 4 жылыту бекеті орналасқан. Әр жылыту бекеті бір мезгілде жолда қалып қойған 30 адамды қабылдай алады.
Жылыту бекеттерінің барлығы азық-түлік және жылыту үшін 68 тонна көмір отынымен қамтамасыз етілген.