Маңызды

Ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында ел аумағында мал ұрлығының 1,9 мың жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 17,4 пайызға аз. Қорадағы малды қолды етудің ең көп көрсеткіші Алматы облысында орын алған. Есепті мерзімде аталған облыста мал ұрлығының 415 дерегі болған. Одан кейінгі орында Түркістан облысы (220) және Шығыс Қазақстан облысы (201) тұр. Ең аз көрсеткіш елордада тіркелген. Ел астанасында мал ұрлығының 2 жағдайы кездескен.

Бұл туралы Energyprom жазады.
Есепті уақыт ішінде мал ұрлықтары салдарынан барлығы 1,8 мың адам зардап шеккен. Зардап шеккендерге 435,9 млн теңге көлемінде залал келген. Зардап шеккендердің ішінде 382 әйел, 147 зейнеткер, 1 оқушы, 4 ТМД азаматы бар.
Тіркелген мал ұрлықтарына барлығы 779 адам түскен. Мал ұрлығына қатысқандардың саны бір жыл бұрынғы есеппен салыстырғанда 10,2% — ға көп. Ұрлықты жасаған қылмыскерлердің басым бөлігі дәлірегі 82,9% (646 адам) жұмыссыз екені анықталған. Мал ұрлықтарын жасаған өзге азаматтардың 54-і жұмысшы, 14-і оқушы, 7-уі жеке кәсіпкер болған.
Өкінішке орай мал ұрлығына қатысқандардың арасында 2 мемлекеттік қызметкер болған.
Жуырда ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев мемлекеттік қызметкерлердің қай қайсысы да медаль мен наградаларға лайық деп көсілген еді. Бірақ Абаевтың бұл сөзі асыра айтылған пікір екеніне жоғарыдағы дерек дәлел болып отыр.

Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков 40 отбасыға баспана кілтін тапсырды. Пәтерлі болған отбасылардың барлығы көпбалалы.
Ұлық мереке қарсаңында баспаналы болған азаматтарды қала әкімі құттықтап, ізгі тілектер жолдады. Жалпы желтоқсан айының соңына дейін қалада баспана кезегінде тұрған көпбалалы және әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы отбасылар үшін 610 пәтердің кілті табысталады. Оның ішінде, көпбалалы отбасыға 470 пәтер, әлсіз топтағы отбасыларға 140 пәтер беріледі.

«Уақыт».

Түлкібас ауданына қарасты Түлкібас кентінде игі шара өтті. Оған аудан әкімі Нұрлан Байғұт арнайы қатысты. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай кентте жер алу үшін кезекте тұрған 30 ауыл азаматына жер телімі берілді.
Жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін берілген телімдерге меншік құқын растайтын тиісті құжатты тұрғындарға аудан әкімі тапсырды. Телімге қол жеткізген азаматтар он жылдан бері жер кезігінде тұрған. Баспаналы болуға зор мүмкіндік алған бұл азаматтар шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Айта кетейік, 30 азаматқа берілген жер телімдерінде инфақұрылым тартылған.

Түркістан облысындағы Шардара-Арыс автожолының 70-111 шақырымындағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Нысан құрылысы 2019 жылы басталған.
Магистралдағы жалпы ұзындығы 41 шақырымды құрайтын Қазақстан-Достық елді мекендері аралығындағы жол учаскесі құрылысын «Дорстрой» ЖШС жүргізген. Жөндеу жұмыстары барысында 41 шақырым жолдың негізі және асфальт жабыны жаңартылды. Одан бөлек, жол бойындағы 7 көпір күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңадан су өткізгіш құбырлар орнатылды. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасанды жол кедергілері орнатылды. Жалпы 450 дана жаңа жол белгілері қойылды. Сондай-ақ, елді мекендердің ішіне аяқжол салынып, диодты жарықтандыру шамдары және заманауи үлгідегі аялдамалар орнатылды. Тиісті мекемелер жолдағы жөндеу жұмыстары мен оған қолданылған құрылыс материалдарының сапасын бақылауда ұстады.
Айта кетейік, облыстағы Жетісай-Шардара-Арыс-Ордабасы аудандары арқылы өтетін «Шардара — Арыс» автожолының ұзындығы 252,6 шақырымды құрайды.

Қазығұрт ауданындағы Шарбұлақ, Құларық, Тесіктөбе елді мекендерінде қатынасты жақындатып, байланысты жылдамдататын көпірлердің тозығы жеткені ауыл тұрғындарының бас ауыртар мәселесі еді. Жергілікті тұрғындар әбден ескірген сол көпірлерді «темір көпір» деп атап кеткен. Бір ғана көлік сыятын сол темір көпірлерді қауіпсіз деп айтудың өзі қиын еді.
Бұл туралы мәселені олар жергілікті әкімдікке барып бірнеше рет көтерген. Соған сәйкес биыл аталған елді мекендердегі ескі көпірлер сүріліп, жаңасына ауыстырылды. Нысандардың пайдалануға берілуі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесі қарсаңымен дөп түсті.
Нысандардың ашылу рәсіміне аудан әкімі А.Абдуллаев қатысты. Көпірлердің ашылу лентасын қиған аудан басшысы ауыл тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады. Нысандар облыстық бюджет есебінен жүргізілген.

Аптаның алғашқы күні еліміздің бас дәрігері Алексей Цой қызметінен кетті. Ол еліміздің денсаулық сақтау министрі болып өткен жылдың маусым айында тағайындалған еді. Сол кезде елде коронавирусқа байланысты эпидемиологиялық ахуал ушығып тұрған. Біраз өңірлерде дәрігерлер мен дәрі-дәрмектердің тапшылығы айқын байқалған. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанның коронавирус тез өршіп жатқан елдердің тізіміне кіргенін хабарлап, дабыл қағып жатқан шақ болатын. Салыстырмалы түрде айта кетейік, сол кезде індетті жұқтырудың тәуліктік көрсеткіші 2000-ға жуықтайтын. Ал қазір бұл көрсеткіш 300-400 жағдайға жетіп отыр.
Елдегі эпиджағдайды тұрақтандыру мен саланы алға сүйреуде мемлекет басшысының зор сенімін арқалаған Алексей Цой ведомства басшысы болған бір жарым жыл ішінде қандай істер атқарды. Еске түсірейік.

Үш тілді еркін меңгереді деген Цой министр болған бір жарым жыл ішінде мінберлерде жасаған мәлімдемесін әрдайым орыс тілінде жеткізді. Ол қызметіне кіріскен алғашқы күннен бастап екі бірдей орынбасарын жаңартты. Арада бірнеше күн өткеннен соң дәрігерлердің еріктілердің білмейтін шаруаға араласып, кәсіби міндетін атқаруына кедергі келтіріп жатқаны туралы шағымдарын негізге ала отырып, волонтерларға емдеу мекемесінің жұмысына көмектеспес алдын, сақтық шаралары мен санитарлық талаптарды орындауды міндеттеді.
Ол қызметіне кіріскеннен кейін арада екі айдан аса уақыт өткен кезде Үкімет басшысы Асқар-Мамин елдегі эпидахуал тұрақтағанын, карантиндік шектеулердің нәтижесінде стационардағы орындар айтарлықтай босап, жедел жәрдемді шақыру жиілігі бес жарым есеге төмендегінін мәлімдеп, Цойдың жұмысына оң баға берді.
Қыркүйек айының басында Үкімет басшысы арқасынан қаққан министр Алексей Цойды сол айдың аяғына таман Мәжіліс депутаттары сырттан сыбап тастады. Төменгі палата депутаттары мемлекет басшысының коронавирусты жұқтырған медицина қызметкерлеріне өтемақы белгіленіп, төленуі тиіс деген тапсырмасының орындалуы ала-құла болғанына шүйліккен. Олар сол уақытқа дейін (23 қыркүйек) 12830 медицина қызметкері індетке шалдыққанмен, соның тек 20 пайызы ғана мемлекеттен тиісті төлемдерін алғанын, жарты жыл бұрын берілген тапсырманың бұлайша тыңғылықты орындалмауына министрдің өзі келіп есеп беруін талап еткен. Көп ұзамай Алексей Цой төменгі палата депутаттарының алдына келіп жауап берді. Министр жауабындағы деректерде коронавирусты жұқтырған медицина қызметкерлерінің саны 13 мыңға жуықтағанмен, өтемақы төленгендерінің саны 4 мыңнан асқаны белгілі болды. Бірақ бұған беті қызарған Цой болмады. Ол қызметкерлер вирусты жұмыс орнында емес, отбасында немесе басқа да жағдайларда жұқтыруы мүмкін екенін, яғни эпидемиологиялық тергеу жүріп, қай жерде жұқтырғанына назар аударылатынына мән берілетінін айтудан танбады.
Қызметке кіріскен алғашқы күннен бастап коронавируспен күресте пессимистік, оптимистік және реалистік сценарий бойынша нақты іс-қимылдар алгоритмін ұсынудан жалықпаған Алекцей Цой елдегі эпидахуалды тұрақтандыруда біркісідей еңбек еткенмен, оған күрес үшін қаралған қаржының есебін сол күйі бере алмай кетті.
Дәл осы министрліктің тұсында коронавирусты жұқтыру бойынша адамдардың мәртебесін сары, қызыл, жасыл және көк түспен анықтайтын «Ашық» жобасы қолға алынып, іске асты. Сонымен қатар коронавирусқа қарсы әзірленген шетелдік бес түрлі вакцина елге жеткізіліп, отандық бір препарат қолданысқа енгізілді.
Осы жылдың 1-ақпанында басталған жаппай екпе егу науқаны кезінде азаматтарға ресейлік «Спутник V» вакцинасы салына бастады. Дәл осы екпеге қатысты алғашқы мәлімдемесінде экс-министр Алексей Цой коронавирусқа қарсы екпенің бірінші және екінші компоненті арасындағы интервал уақыты 21 күн болуы керек деген-тін. Бірнеше айдан соң интервал уақыты 45 күнге созылады деп бір құбылса, оның орынбасарлары екпенің екінші бөлігін 90 күн ішінде алуы тиістігін айтып бір құбылды. Ала-құла мәліметтерден халық былай тұрсын депутаттар да жаңылыса бастады. Сол үшін де Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллиннен сөз естіген Цой «Спутник V» препаратын әзірлеген Гамалея атындағы орталық мамандары бірінші және екінші компонент аралығындағы интервалды 21 күннен 90 күнгей дейін созуға болатыны туралы хат жолдады»,- деп міз бақпады.
Министрлік қызметте отырған кезінде ол тек депутаттардан ғана емес Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан да сөз естіді. Биыл сәуір айында елімізде азаматтардың екпе салдыру барысының тым сылбыр жүріп жатқанына қынжылған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алексей Цойға тиісті шараларды жүйелі жүргізбесе, орнын босата беруін қадап айтқан. Көп ұзамай Алексей Цой жыл соңына дейін 10 миллион адам коронавирусқа қарсы екпені салдыратынын нық сеніммен айтқан болатын. Бірақ ведомства басшысының бұл мәлімдемесі құр сөз күйінде қалды. Қазіргі таңда елімізде екпе қабылдағандардың саны 9 млн-ға әрең жуықтайды. Межені толық орындамаса да мемлекет басшысы өзінің баспасөз қызметі арқылы қызметінен кеткелі жатқан Алекцей Цойға жасаған жұмысы үшін алғысын білдіреді.
Екпе демекші Цойдың тұсында Қазақстан ресейлік «Спутник V» вакцинасы үшін бюджеттен 50 млрд 273 млн-нан аса қаржы жұмсапты. Бұл АҚШ ақшасына шаққанда 114 млн долларды құрайды екен. Ең қызығы көрші елдің бұл препаратын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлі тіркемеген.
Қазіргі таңда еліміздің денсаулық сақтау министрі қызметінде уақытша Жандос Бүркітбаев отыр. Ол бұған дейін аталған ведомствада вице-министр болған.

 

C.ИБРАГИМОВА

Өткен жылғы қыс жылы болды. «Казгидромет» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мамандары жылдың ең қатал мезгілі сарышұнақ аяз, бетқаратпас боранды болмайтынын алдын ала хабарлаған. Және бұған 1980 жылдан бері жер бетіндегі орташа температураның 0,8 градусқа дейін көтерілуі, яғни жаһандық жылыну өз әсерін тигізгенін алға тартқан. Көптеген сарапшылар климаттағы 20 өзгерістің 19-ы дәл сол 1980 жылдан бастап байқалып келе жатқанын айтады.
Салдарынан әлемнің көптеген елдерінде қыс мезгілі жылы болып жүр. Қазақстанда да дәл сондай жағдай. Жаһандық жылынудың тікелей әсерінен соңғы жылдары елімізде қыс мезгіліндегі орташа ауа температурасы бұрынғыдай -12,-15 емес, -10,-9 градустан ары аспай келеді.
Жыл басында климатолог мамандар қыстың бұлай жылы болуы агросектор асыраушы сала болып табылатын аймақтар үшін зор зиянын тигізетінін алдын ала хабарлаған. Себебі ауыл шаруашылығы саласында өндірілетін өнімдердің сапалы болуы 70 пайыз ауа райымен байланысты. Айтса айтқандай, сала мамандарының жыл басындағы бұл болжамы шындықтың ауылынан алыс емес екенін уақыттың өзі көрсетіп берді.
Биыл жауын-шашынның аз түсіп, қуаңшылықтың болуынан Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында мыңдаған төрт түлік тіске ілігер шөп таба алмай, көтерем болып, біразы арам өлді. Құрғақшылықтан шөптің бітік шықпауы Түркістан облысында да байқалды. Нәтижесінде жем-шөп бағасы аспандап кетті. Құрғақшылықты алға тартып біраз азық-түліктердің де бағасы қымбаттады.
Осындайда Екінші дүниежүзілік соғыстан соң күйреген Германияның аяқтан тұруына өзіндік қолтаңба қалдырған Эрхардтың кез келген күрмеулі мәселелерден жасырын мүмкіндіктерді таба білген тапқырлығы еске түседі. Мәселен, ол сол кездері Германиядағы дүкен сөрелердің бос тұруына қатысты мәселеге «демек елде тауар өндіру нарығы күтіп тұр» десе, қирап қалған зауыттар мен фабрикаларға қатысты «қорқатын дәнеңе жоқ, артта қалған технология орнына біз ең озығын өмірге әкелеміз» деп оптимистік тұжырым жасаған. Және оның жүзеге асуына сол кезде елдің экономика министрі ретінде зор үлес қосқан.
Ал бізде елдің еңсесін көтереді деп аттай таңдап тағайындалған ведомствалар тығырықтан шығар жол табу былай тұрсын, керісінше пессимистік болжам жасап, құрғақшылық есебінен қымбатшылықтың болуы заңдылық деуден әріге аса алмай отыр.
Жаһандық жылыну салдарынан жыл сайын қыстың қатал болуы неғайбыл. Демек бұл алдағы жылы да құрғақшылық сақталуы әбден мүмкін дегенді білдіреді. Енді не істемек керек? Нақты шараны әзірден бастап зерделеп, тиісті жұмыстарды қолға алмаса жағдай қиындай түсетіні тағы анық.
Мұндай ойды жуырда ҚР Президентінің Экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесшісі Сэр Сума Чакрабарти қуаттады. Ол климаттың құбылуы экономикаға пандемиядан кем соқпайтын зардап әкелуі мүмкін екенін айтып, ескертті. Президент кеңесшісі қазіргі таңда пандемиядан бөлек, климаттық өзгерістерді де билік назарда ұстауы қажеттігін айта келе «20 жыл бұрын бұл тақырып ешкімді де алаңдатпайтын. Қазір бәрінің назары климатта. Әр ел өз әлінше зерттеп жатыр. Халықаралық Валюта Қоры, Дүниежүзілік банк сияқты қаржы алпауыттары Қазақстанды да, басқа мемлекеттерді де жіті бақылап отыр. Олар әлем елдерінің климаттың өзгеруіне қалай әрекет етіп жатқанын, тығырықтан қалай жол таппақшы дегеннің бәрін назарда ұстап отыр», — дейді ол.
Сонымен қатар ол бұл жаңа сынақтан сүрінбес үшін Қазақстан Үкіметі тыңғылықты талдау жасап, нақты іс-шара механизмін ойлап табуы тиістігін айтты.
Президент кеңесшісі дабыл қаққан, халықаралық ұйымдар назар аударған бұл мәселеге біздің биліктегілердің қашан бас қатыратыны бір Құдайға аян.

С.НҰРАЙ.

Өткен аптаның алғашқы күнінен бастап ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай елге еңбегі сіңген деп таңдалған азаматтардың өңіріне орден, медальды салтанатты түрде табыстау іс-шарасы басталып кетті. Ең әуелі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордаға арнайы шақырумен келген еліміздегі бірқатар сала мамандары, кәсіпкерлер мен Парламент депутаттарын мемлекеттік наградалармен марапаттап, ерекше құрмет көрсетті.

Мемлекет басшысы жазушы Ә. Әшімовке (Тарази), елордадағы онкологиялық орталықтың бас дәрігері М.Төлетаевқа, «Қазмырыш» ЖШС бас директоры А.Хмелевке ең жоғары мемлекеттік награда «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді. Сонымен қатар жазушы С. Досанов, еңбек ардагері М. Жолдасбеков «Отан» орденін алды. Ел алдында жүрген өнер жұлдызы Алтынбек Қоразбаев, Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның өңіріне І дәрежелі «Барыс» ордені тағылды. Күнгей жұртына жақсы таныс Серікжан Сейтжанов пен еліміздің Ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен наградталды.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, «Қазақстан жазушылар Одағы» РҚБ төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын Ханбибі Есенқарақызы, BI Group холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахимбаев, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан, «Қазақтардың дүниежүзілік қауымдастығы» РҚБ төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков ІІІ дәрежелі «Барыс» орденінің иегері атанды.
Оңтүстік жұртына есімі жақсы таныс шахматшы Ж.Әбдімәлік пен Шымкент қалалық №1 қалалық клиникалық аурухананың дәрігері Ж.Сүйгенбаев «Құрмет» орденімен марапатталды.
Ақордадағы бұл марапат рәсімі туралы сын-пікірлер көп болды. Желіде Ғалым Смағұлының «Жылда осы уақытта қайталанатын ауа райы» деген тақырыппен жүктелген карикатурасына (суретте) «Ақордадан орден жауған күн болды» деп сарказм айтқандар да кездесті. Өз кезегінде ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгілер, ордендер, медальдар мен төсбелгі наградаларды дайындау үшін биылдың өзінде 312 млн-ға жуық қаржы жұмсалғанын, сондықтан да орден-медаль аспаннан жауып жатпағанын, барлығы халықтың ақшасы екенін айтқандар да болды. Мәселен, Тұңғыш Президенттің қызы Дариға Назарбаеваның өңіріне тағылған І дәрежелі Барыс орденінің 1 данасын әзірлеуге 1 998 244,64 теңге бөлінеді екен. Биыл мұндай түрдегі орденнің 7-уі әзірленіпті. Ал Бекболат Тілеуханға берілген ІІІ дәрежелі Барыс орденіне 695 мыңға жуық қаржы жұмсалады екен. Бұл да аз ақша емес.
Мемлекеттік наградалардан бөлек, биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық құрметіне орай арнайы медаль жасалды. Ол 25 мың адамға таратылып берілді. Сол 25 мың адамның кеудесіне тағылған мерекелік медальдарды әзірлеу үшін бюджеттің 123 млн 900 мың теңгесі кеткен. Медальдарды ҚР Ұлттық банкінің Қазақстан теңге сарайы мекемесі шығарған. Тапсырысты Қазақстан Республикасы Президентінің әкімшілік басқармасы берген.
Дәл осы ел Тәуелсіздігі қарсаңында орден-медаль алғандардың қатарында мемлекеттік қызметте жүрген азаматтардың қатары тым көп болғаны туралы сындар жиі айтылды. «Халық айтса, қалт айтпайды» деуші еді. Бірақ халық арасындағы бұл пікірге ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев келіспейтінін ашық айтты. Ол «Ашық диалог» бағдарламасына берген сұхбатында марапат алғандардың арасында мемлекеттік қызметшілердің үлесі 10 пайызға да жетпейтінін, бірақ олардың бәрі де марапатқа лайықты екенін айтады. Сонымен қатар ол, құрметті атақтар беру, орден-медаль табыстау біздің елде ғана емес, өзге дамыған өркениетті елдерде қалыптасқан тәжірибе екенін, бұл адамдарды ынталандырып, патриоттықты, еңбексүйгіштікті қоғамға насихаттау үшін қажет дүние екенін тілге тиек етеді.
Дәурен Абаев айтқандай орден-медаль тағу қоғамда еңбексүйгіштікті насихаттау үшін қажет болса, неге ел ішінде еңбектің бел ортасында жүрген азаматтардың атын шығарып, ардақ тұтпаймыз?!
Айтпақшы, дәл осы марапаттар мен мерекелік медальдар табысталып жатқан күнде белгілі саясаттанушы Дос Көшім 35 жыл бұрынғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтарды жазалағаны үшін мемлекеттік марапат алған 4 мыңнан аса адамға қарата үндеу жолдайды. Ол сол кездегі «ерлігі» үшін мемлекеттік наградаға ие болған төрт мыңнан астам адамға халық алдында кешірім сұрап, күнәдан арылу қажеттігін естеріне салады. Дос Көшім келтірген 4 мыңнан аса адамның ең көбі дәлірегі 2005 адам ҚазССР Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен мадақталғандар екен. Тағы 561 адам ақшалай сыйлық (Қазақ ССР Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен) алса, 424-і «Отличник милиции» белгісімен марапатталғандар. Желтоқсан оқиғасына қатысқандарды жазалауға қатысқандардың 335-не Қазақ ССР Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамотасы берілсе, 217 адам «За отличную службу МВД КазССР» белгісін алған. Бұдан өзге 160 адам «За отличную службу по охране общественного порядка» медалін кеуделеріне таққан. Саясаттанушы өз үндеуінде бұл деректер «Желтоқсан-86» құжаттар жинағының 10-томынан алынғанын да ескертеді. Әрі ойына тұздық ретінде «Жоғарыдағы жазба, менің қорқынышым, осыдан бес жыл бұрын жарияланды. Бүгінге дейін, менің естуімше, осы 4132 марапат алған жандардың тек қана 13-і өздерінің марапаттарын тапсырып, өздерінің ар-ождандарының алдында арылудың алғашқы қадамын жасапты. 13 адам – 3,1 пайыз (бұған сол марапатты берген, шешім шығарған адамдарды қосыңыз).
… Түсінемін, арылу – істеген ісіңді мойындау болып табылады. Үндемей құтылу – ондай жағдайдың, алаңға шыққан жастарды аяусыз ұрып-соғудың болмағаны сияқты көрінеді. Бірақ ондай жағдайда «Қайрат Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағы не үшін берілді?», «Желтоқсанға байланысты ескерткіштер неліктен орнатылды?» деген сұрақтың туары анық. Боздақтар бар да, оларды жазалаған жауыздардың жоқ болғаны ма? Бұл – абсурд. 99 адамды соттағанда, екі адамды өлім жазасына кескенде, бірнеше мыңдаған жанды соққыға жығып, бірнеше мыңдаған жасты оқудан, жұмыстан қуғанда ешкімнің жауап бермеуі (ең болмаса өзінің арының алдында) – ақылға кірмейтін мәселе.
Біз Шаңырақ шайқасы мен Жаңаөзен қырғынында бейбіт азаматтарға қалайша оқ атты деп таңданамыз. Меніңше, бұлар Желтоқсанда марапат алған 4132 адамның ұрпақтары. Мүмкін, тікелей баласы не немересі емес те шығар, бірақ рухани мұрагерлері»,- дейді.
Бұдан алған атақ пен берілген марапаттың ертелі-кеш сұрауы болатынын түсіну қиын емес.

А.САТЫБАЛДЫ.

Жыл басталғанда азық-түлік бағасының қымбаттап бара жатқанын айтып халық дабыл қаққан еді. Жыл соңы да келді. Өзгерген дәнеңе жоқ. Күнделікті тұтынатын тағамдардың құны қымбатшылықтың құрсауынан әлі шыға алмай келеді. Есесіне «Қазақстанда қымбаттамаған не қалды?» деген сұрақ талай көкейде көлкіп тұр. Шынымен де елімізде ел тұтынатын барлық тауар қымбаттап кетті деп жүрсек, арзан да дүние бар екен. Ол не?
Таяуда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы Асхат Оразбек Қазақстан әлемдегі мобильді интернет бағасы ең төмен елдер тізімінде екінші орында тұрғанын, ал ТМД елдері арасында бірінші орында тұрғанын сүйіншілеп жеткізді. Оның сөзінше, әлемде 1 ГБ орташа құны 8,53 АҚШ долларын құраса, елімізде оның құны 0,49 АҚШ долларына тең екен.
Дегенмен де елімізде интернет жылдамдығы мәз емес. Интернетке қосылу жылдамдығының жаһандық индексіне сәйкес Қазақстан Республикасында ұялы байланыс технологиялары бойынша деректерді жүктеудің орташа жылдамдығы 31,8 Мбит/секундты құрайды екен. Көрші Ресейде бұл көрсеткіш 28,9, Украинада — 31,9, Беларусь Республикасында -19,4, Өзбекстан Республикасында — 19,24, Қырғыз Республикасында — 24,7 Мбит/секундты құрайды.
Елімізде интернет құны арзан болғанмен, ғаламтор сигналы барлық аумақта сапалы емес екенін де айта кетейік.

«Уақыт».

Түркістанда ескек есу базасының құрылысы жүруде. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев халықаралық талапқа сай бой көтеруі тиіс нысанның аумағына барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Сала мамандары мен жауаптыларға тиісті талаптар беріп, жұмыс барысын пысықтады.

Қазіргі таңда «Түркістан қаласында спорт кешендері бар есу каналын салу» жобасының бірінші кезеңі жүруде. Ағымдағы жылдың мамыр айында басталған құрылыс жұмыстары 2022 жылы аяқталады. Құрылыс-монтаж жұмыстары барысында ескек есу базасының топырағы қайта нығыздалып, төселген. Резервуарларын бетондау жұмыстары жүргізілуде.
Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы құрылысы жүріп жатқан нысандарды аралау кезінде халықаралық теннис орталығы мен мұз сарайының құрылысын да тексерді. Бүгінде мұз сарайының іргетасы қаланып, бағандары бетондалу үстінде. Ал халықаралық теннис орталығының әкімшілік ғимаратындағы бетондау жұмыстары толығымен аяқталып, бірінші және екінші қабаттың электр желілері тартылған. Аталған қос нысан да келесі жылы ел игілігіне берілетін болады.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан қаласында 221 спорт нысаны бар. Атап айтқанда, 1 спорт сарайы, 3 стадион (ХҚТУ, О.Жарылқапов, Түркістан Арена), 5 спорт кешені (Бокс Федерация, Б.Шолақ, №4 БЖСМ, Халықаралық туризм меймандостық академиясы), 139 спорт ойын алаңы, 10 теннис корты, 5 жүзу бассейні (Спорт сарайы, Су спорт кешені, «Акваланд» су кешені, «Шипа су» бассейні, «ХҚТУ» бассейні), 59 спорт залы жұмыс істеп тұр.
Барлығы 64 ашық спорт алаңшасы заманауи үлгідегі жасанды төсенішпен салынып, пайдалануға берілген. Оның ішінде 31-і кіші футбол алаңы, 16-ы баскетбол алаңы, 7 теннис корты, 7 «Street Workout» алаңы, 3 «Street bаll» алаңы.
Бүгінде қала тұрғындары спорттың волейбол, бокс, таэквандо, тоғызқұмалақ, баскетбол, қазақ күресі, самбо, үстел теннисі, футбол, жеңіл атлетика, дзюдо, еркін күрес сынды 12 түрімен айналысады.