Маңызды

Түркістан облысында бағаны негізсіз көтеруге жол берілмейді. Осы мақсатта алдағы күндері аймақтағы барлық базарларда рейдтік, мониторингтік іс-шаралар өтеді. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалымен өткен аппарат отырысында айтылды.

 

Бағаны тұрақтандыру мақсатында қолға алынатын рейдтік шаралар кезінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне екпін түсіріледі.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалымен өткен аппарат отырыс диқандардың өз өнімдерін делдалдарға тым арзанға сататыны да күн тәртібіне қойылды. Делдалдар арқылы өнімді сатып алушылар болса бағаны негізсіз өсіруде. Осыған орай, Түркістан қаласында бой көтерген көтерме тарату орталығы Эко-базар бағаны тұрақтандыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Жаңа сауда орталығы Түркістан облысының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандырудың пәрменді тетігі болып, көтерме-сату орталығының қызметін атқарды. Бүгінде облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуінің алдын алу мақсатында, облыс көлемінде ірі сауда орындары, дүкендер және әмбебап базарлармен барлығы 1098 меморандум түзілген.
Айта кетейік, облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру үшін «Айналым схемасы» шеңберінде жалпы 570 млн.теңге таратылған. Мемлекет тарапынан берілетін қарыз ақша өңірдегі «Magnum Cash&Carry», «Али Сауда» және «Ғажайып-П» мекемелеріне берілген. Аталған сауда орындары әлеуметтік маңыздағы азық-түлік өнімдерін нарықтағы бағадан 10-15 %-ға төмен бағада босатуда. Бүгінгі таңда тұрақтандыру қорында құны 573,7 млн.теңгенің 5865,2 тонна азық-түлік тауарлары атап айтқанда ұн, күріш, рожки, қартоп, пияз, сәбіз, тұз, құнбағыс майы бар.
«Уақыт».

Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі (әрі қарай Кодекс) қолданысқа енді. Аталған нормативтік құқықтық акт, мемлекеттік орган мен жеке немесе заңды тұлғалардың араларында орын алатын жария құқықтық қатынастарды реттеуге бағытталған. Даулар бойынша жауапкер ретінде тек қана мемлекеттік орган болып танылады. Бұған дейін аталған даулар Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай АПК) қағидаларымен қаралып келді.

Аталған кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, оларды жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сонымен бірге, әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді. Мемлекеттік, әкімшілік органдар, лауазымды, жеке және заңды тұлғалар Осы кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары болады. Әкімшілік рәсімдердің міндеттері – жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық іске асыру, жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізу, тиімді және бүкпесіз мемлекеттік басқаруды, оның ішінде адамдардың басқару шешімдерін қабылдауға қатысуы арқылы қамтамасыз ету, жария-құқықтық саладағы заңдылықты нығайту. Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті – жария-құқықтық қатынастарда тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу.
Бұрынғы жария құқықтық дауларды реттеу механизмінен жаңа кодекстің айырмашылығы неде? Қысқаша тоқталып өтейік…
Біріншіден, АПК – көп жағдайда жеке құқықтық қатынастарды реттейтін құрал. Мысалы, көршілері бір-бірінің жер учаскелерінің дұрыс орналаспауы немесе жеке тұлғалар арасындағы келісімшарттан туындайтын даулар. Бұл жерде АПК-нің басты қағидасы – соттың алдында барлығының теңдігі. Яғни тараптар қандай дәлелдеме келтірсе, сот тек қана осы ұсынылған құжаттарға баға беріп, сот шешімін шығарады.
Ал әкімшілік сот ісін жүргізуге келетін болсақ, оның айырмашылығы сот тараптардың ұсынылған құжаттарына, дәлелдемелеріне, түсініктемелеріне қарамастан, істі толық қарау мақсатында басқа құжаттарды талап етуге құқылы.
Екіншіден, кодекс іс тек қана соттың әрекеті емес, онымен қоса мемлекеттік органның жеке немесе заңды тұлғадан өтініш түскен уақыттан бастап түпкілікті мемлекеттік органның өтініш бойынша шешім шығарғанға дейінгі әрекетін реттейді.
Үшіншіден, АПК-нің нормаларына сай талап қоюшы арызында жауапкер ретінде кімді қоятынын өзі таңдайды. Егер сот отырысына дайындық жүргізу барысында арызда көрсетілген жауапкер тиісті емес жауапкер екені анықталса, сот талап қоюшыға осы жауапкерді ауыстыру туралы құқығын түсіндіреді. Егер талап қоюшы бұған келіссе, жауапкер ауысады, ал келіспесе осы жауапкермен іс негізінен қаралады. Ал кодекс қағидалары тиісті емес жауапкерге талап қойылса, судья жауапкерді ауыстыру туралы құқығы түсіндіріліп, талап қоюшы, өз кезегінде, бұл құқығын жүзеге асырмай, одан бас тартса, соттың тиісті тұлғаны екінші жауапкер ретінде тартуға құқығы бар.
Төртіншісі – соттың белсенді рөлі қағидасы. Бұл – жаңа кодекстің ең маңызды қағидаларының бірі. Сот тараптардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтініш хаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеу қажеттігін көрсетеді. Бұдан бөлек, судья әкімшілік істің заңды тұстарына құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын-ала құқықтық пікірін айтуға құқығы бар.
Бесіншісі – ақшалай өндіріп алу процестік мәжбүрлеу шарасы. Ақшалай өндіріп алу жеке тұлғаға, лауазымды адамға, заңды тұлғаға не оның өкіліне он айлық есептік көрсеткіштен бастап бір жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде қолданылады.
Әкімшілік сот ісін жүргізуде талаптың төрт түрі қаралады – дау айту жөнінде, мәжбүрлеу туралы, әрекет жасау және тану туралы. Дау айту жөніндегі талап қою бойынша дәлелдеу міндеті әкімшілік актіні қабылдаған жауапкерге жүктеледі. Мәжбүрлеу туралы талап қою бойынша дәлелдеу міндеті әкімшілік актіні қабылдаудан бас тарту үшін негіз болған фактілер бөлігінде жауапкерге және өзі үшін қолайлы әкімшілік актінің қабылдануы негізделетін фактілер бөлігінде талап қоюшыға жүктеледі. Егер жауапкер нақты жағдайда талап қоюшы қалаған әкімшілік актіні шығаруды болғызбайтын іс жүзіндегі шарттардың болуына сілтеме жасаса, мұндай шарттарды дәлелдеу жөніндегі міндет осы жауапкерге жүктеледі.
Әрекет жасау туралы талап қою бойынша сұратылып отырған әрекет жасаудан (әрекетсіздік танытудан) бас тарту үшін негіз болып табылған фактілер бөлігінде жауапкер және өзі үшін қолайлы фактілер бөлігінде талап қоюшы дәлелдеуге міндетті. Тану туралы талап қою бойынша қандай да бір құқықтық қатынастың болуын немесе болмауын растайтын фактілер бөлігінде талап қоюшы және бұдан былай заңды күші жоқ ауыртпалық түсіретін әкімшілік актінің, сондай-ақ қандай да бір жасалған әрекеттің (әрекетсіздіктің) құқыққа сыйымдылығын негіздейтін фактілер бөлігінде жауапкер дәлелдеуге міндетті.
Бұл тұрғыда жауапкер әкімшілік актіде аталған негіздемелерге ғана сілтеме жасай алады. Егер барлық дәлелдемелерді зерттегеннен кейін әкімшілік істің нәтижесіне негізделген қандай да бір факт дәлелденбей қалса, онда әкімшілік істі қарау және шешу нәтижелерінің теріс салдарын осы фактіні дәлелдеудің ауыртпалығын көтеретін тарап өтейді.
Қорыта келсек, жоғарыда аталған жаңашылдықтар Еуропаның дамыған елдерінің құқықтық тәжірибесінен алынған және бұл институт мемлекеттік басқару, сонымен қатар, сот төрелігінің ашықтығына, сапасына, сот жүйесіне деген сенімнің жаңа деңгейіне жеткізеді.

А. Дербісова,
Шымкент қаласының
мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы.

Шымкент қаласының әкімі, Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Әйтенов «AІQYN» республикалық қоғамдық-саяси газетіне Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2021-2025 жылдарға арналған Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасының жүзеге асуы турасында көлемді сұхбат берген болатын. Сайлауалды бағдарлама негізінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен айтылған сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстан орнықты дамудың өзіндік моделін қалыптастырды. Бұған Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясаты мен табанды түрде жүргізген реформаларының нәтижесінде қол жеткізгеніміз анық. Бүгінде ел дамуындағы осынау жасампаз бағытты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сабақтастық жолы арқылы жалғастырып келеді. Ал еліміздегі көшбасшы партия сындарлы сәттерде әрдайым халықтың жанынан табылады. Біз Шымкент қаласының әкімі, Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Әйтеновке партияның 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасының өңірде жүзеге асуы бойынша сауал жолдағанбыз.

 

– Мұрат Дүйсенбекұлы, партияның 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы өңірде қалай жүзеге асып жатыр?

– Елімізді дамытудың Елбасы белгілеген ұзақмерзімді стратегиясын жүзеге асыру жолында Nur Otan партиясы шешуші рөл атқарды. Ол – жалпыхалықтық қолдаудың арқасында алға қойылған мақсаттарға қол жеткізіп, мойнына алған міндеттері мен сайлаушыларға берген уәделерін жауапкершілікпен орындап келе жатқан саяси ұйым. Партия өз қызметінде әрдайым тұрғындар талабының үдесінен шығуға, халықтың барлық топтарының мүддесін қорғауға және билік пен бұқара арасында алтын көпір болуға күш-жігерін жұмылдырып келеді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан қоғамы түбегейлі жаңарды. Бүгінде өткенін қастерлей білетін, білімді, талантты, креативті азаматтардың тұтас бір буыны өсіп-жетіліп, өзіне ғана тән бірегей мәдениеті мен болмысы бар жаңа ұлттың негізін қалады.
Осылайша, 30 жылдың ішінде елімізде көп нәрсе өзгергенімен, мемлекеттік саясаттың және Nur Otan партиясы қызметінің басты қағидаты өзгерген жоқ. Ол – дамудың эволюциялық жолын ұстана отырып, демократиялық, гүлденген, бәсекеге қабілетті, әлеуметтік мемлекет қалыптастыру және әрбір азаматтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсарту. Бұл баршаға түсінікті және әр азаматтың жанына жақын құндылықтар деп ойлаймыз.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев саясатының сабақтастығын сақтауға баса назар аударып отыр. Осы орайда партия Президент жоспарларын жүзеге асыруға белсенді түрде атсалысады. Соның нақты көрінісі ретінде партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын атап көрсетуге болады.
Республикалық маңызға ие қала атанған Шымкент ендігі жерде еліміздің қаржылық, экономикалық және мәдени орталығына айналуы тиіс. Біз өз қаламызды еңбек ету мен демалуға, өмір сүруге қолайлы, қауіпсіз әрі табысты шаһар еткіміз келеді.
Еліміздің үшінші мегаполисіндегі өз жұмысында Nur Otan партиясы шымкенттік әрбір азаматтың қажеттіліктері мен мүдделерін ескере отырып, қарапайым тұрмыстық мәселеден бастап, едәуір ауқымды проблемаларды шешуге ұмтылады.

– Мұрат Дүйсенбекұлы, осынау сайлауалды бағдарлама аясында өңіріңізде 10 басымдық бекітілгенін білеміз. Еліміздің үшінші мегаполисінде нендей бағыттарға басымдық берілді?

– Иә, сайлауалды бағдарламаны уақытылы әрі толық орындау мақсатында Шымкентте 10 басымдық пен 149 нақты іс-шарадан тұратын Жол картасы әзірленді. Біз басым бағыттардың қатарына өзіміздің өңірге тән тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік саланы дамыту, экономикалық әлеуетті жақсарту, шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасау, шалғайдағы елді мекендерді көркейту, экологиялық ахуалды жақсарту, жол және көлік құрылымы, қоғамдық қауіпсіздік, жастарды қолдау және қаланы цифрландыруды енгіздік. Осынау жұмыстарды іске асыруға 5 жылда 1,3 триллион теңге жұмсалады деп жоспарланған. Жол картасындағы индикаторлардың орындалуын бақылауға партияның қалалық мәслихаттағы фракциясының барлық мүшелері жауапты етіп бекітілді. Сондай-ақ Елбасы қаулысына сәйкес, партия филиалының жанынан 11 аймақтық қоғамдық кеңес құрылды. Бүгінде бұл кеңестер өзінің тиімділігін көрсетіп отыр.
Нәтижесінде, Nur Otan партиясы сайлаушыларға жыл басындағы Парламент Мәжілісі мен мәслихат сайлауының алдында берген уәделерін кезең-кезеңімен әрі сапалы орындай бастады. Мәселен, сайлауалды бағдарламадағы «Экономикалық әлеуетті жақсарту» бағыты бойынша, бүгінде қала аумағында ауданы 743 гектарды құрайтын 4 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істеп тұрғанын айтуға болады. Осы аймақта 267 млрд теңгеге 187 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл 12 мың тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Қазір аталған индустриалды аймақтар зауыт-фабрикаларға толған. Онда жаңа кәсіпорындар салатын бос жер жоқ. Сондықтан қалада жаңадан 4 индустриалдық аймақ ашу бойынша жұмыс жүргізілуде.

– Еліміздегі көпбалалы отбасылардың басым бөлігі Шымкент қаласында тұратыны белгілі. Қалада баспана кезегінде тұрғандар да көп. Бекітілген басым бағытта тұрғын үймен қамту жайы қаралған. Осы мәселені шешудің қандай жолы қарастырылуда?

– Бүгінде Шымкент қаласында 258 мыңнан астам отбасы өмір сүреді. Оның шамамен 25 мыңы көпбалалы отбасылар. Дана халқымызда «Өз үйім – өлең төсегім» деген тәмсіл бар. Баспана – әрбір отбасының қуанышы мен шаттығының, мәнді де берекелі ғұмырының бастауында тұрған құндылық. Сондықтан Nur Otan партиясы халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге айрықша назар аударады.
Сайлауалды бағдарламада белгіленген міндетке сәйкес, 2025 жылға қарай Шымкент қаласындағы тұрғын үй қоры әрбір азаматқа шаққанда 27 шаршы метрге жеткізіледі. Соның ішінде 2021 жылға 4 664 пәтерлі 79 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына бюджеттен 29,2 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтарға – 160 пәтер, ал көпбалалы аналарға 148 пәтер табысталды.
Сапалы білім мен саналы тәрбие алған жас ұрпақ – еліміздің жарқын болашағының кепілі десек, Nur Otan партиясы қалада білім беру саласын дамытуды да өз қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде белгілеген. Жүйелі жұмыс пен жіті партиялық бақылаудың арқасында бүгінде Шымкент мектептеріндегі орын тапшылығы мен 3 ауысымды оқыту мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді.
Нақты айтсақ, биыл Шымкентте жеке инвесторлар тарапынан 10 794 орындық 21 мектеп, ал бюджет есебінен 1 920 орындық 4 мектеп ашылды. Жалпы, биыл 12 714 орындық 25 мектеп пайдалануға беріліп отыр. Осылайша, биыл 3 ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға дейін азайып, апатты жағдайдағы білім ұяларының мәселесі толығымен шешілді.
Әлеуметтік саланың бірі – медицина. Медициналық қызметтің сапасын арттыру және денсаулық сақтау нысандарын халыққа қолжетімді ету – пандемия жағдайындағы маңызды міндеттің бірі. Сол себепті денсаулық сақтау саласын дамытуға тек бюджет қаржысын жұмсамай, сонымен бірге жеке инвесторлар көптеп тартылуда. Мәселен, биыл Шымкентте жеке инвесторлар 5 медициналық орталық (Модульді жұқпалы аурулар ау-руханасы, «Қазығұрт» клиникасы, Asem Medikal медицина орталығы, Sunkar Premium медицина орталығы, №14 емдеу орталығы) ашып, тағы 3 медициналық мекеменің күрделі жөндеу жұмысын аяқтады.
Одан бөлек, қаладағы емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бюджеттен 6,3 млрд теңге бөлінді. Бұл денсаулық сақтау ұйымдарының қажетті құрал-жабдықтармен қамтылу көрсеткішін 75,1 пайызға жеткізуге жол ашты.
Ұрпақ саулығы – ұлттың басты байлығы. Ал саламатты ұрпақ өсірудің бірден-бір тиімді жолы – бұқаралық спортты дамыту. Сондықтан Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында бұл мәселеге де тиісті орын берілген. Биыл сайлауалды тұғырнаманың «Бұқаралық спортты дамыту» бағыты бойынша Шымкентте 7 стрит-воркаут алаңшасы ашылды. Сондай-ақ бюджет есебінен — 101, демеушілер есебінен — 14 спорт алаңшасын ашу бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Жалпы, Шымкентте қазір 37 спорт секциясы жұмыс істеп тұр. Биыл жеке инвесторлар есебінен 1 200 орындық 2 спорт кешені ашылды.

– Шымкент осыдан 3 жыл бұрын миллионды қала атанды. Оған көршілес жатқан елді мекендердің қалаға енуінің де үлесі болғанынан хабардармыз. Дегенмен бүгінде осынау шалғай елді мекендердің инфрақұрылым жағдайы әлі де мәз емес. Бұл мәселелердің шешімі қай уақытта табылады?

– Қала экономикасының орнықты дамуы инфрақұрылымды жетілдіріп, өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр. Осы орайда сайлауалды бағдарламаның «Шалғайдағы елді мекендерді дамыту» бағыты бойынша халықты сапалы сумен қамту мақсатында ауқымды жұмыс атқарылып отыр. Биыл бюджеттен 16 миллиард теңге бөлініп, 3 магистралды және 11 ішкі орамдық ауызсу құбырының құрылысы жүргізілді. Нәтижесінде, суды тасымалдап алып отырған 7 елді мекен және жартылай қамтылған 2 елді мекенде ауызсу мәселесі жыл соңына дейін толық шешіледі. Жоғарыда аталған 9 елді мекенде 26 мың адам өмір сүретінін ескерсек, биыл Шымкенттегі тұрғындарды ауызсумен қамту көрсеткіші 98 пайызға дейін жетеді.
Кәріз жүйесінің 3 магистралды және 10 ішкі орамдық құрылысына 6,5 млрд теңге бөлініп, нәтижесінде 18 мың қала тұрғыны орталықтанған кәріз жүйесіне қосылып, қамту деңгейі 54 пайызға жететін болады.
Электр желісі бойынша 3 қосалқы станса салуға және 14 елді мекенге электр желісін тартуға 9,4 млрд теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар биыл тамыз айында қаланың 250 мың тұрғынын қамтитын «Бозарық» электр стансасы пайдалануға берілді. Нәтижесінде, 21 мыңнан астам халық сапалы электр қуатына қол жеткізіп, қамту деңгейі 97 пайызға жетеді.
Осы жылы №3 автоматтандырылған газ тарату стансасының (АГРС) құрылысын аяқтауға 2,4 млрд теңге, ал 12 елді мекенге газ құбырын тартуға 3,8 млрд теңге қаржы бөлінген. Жалпы, Шымкентте халықты ауызсумен және табиғи газбен қамту мәселесі 2023 жылға дейін, ал сапалы электр қуатын жеткізу мәселесі 2025 жылға дейін толығымен шешіледі деп жоспарланған.
Жолдар қашанда экономиканың күретамыры болып саналады. Әсіресе, Шымкент секілді жылдан-жылға дамып, қанатын кеңге жая бастаған қала үшін сапалы жолдар мен дамыған инфрақұрылым мәселесі өте маңызды. Биыл бұл бағытқа 33 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл қаржыға 18 нысанда құрылыс және қайта құру, тағы 160 көшеде күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, Шымкенттегі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі 63,6 пайызға дейін көтеріледі. Соңғы үш жылда, биылды қоса есептегенде 853,5 шақырым жол төселген. Тұрғындар бұрын мұнша жолдың 10 жылда салынғанын жақсы біледі.
Шаһардың көлік инфрақұрылымын сөз еткенде Д.Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов көшесінің қиылысында салынып жатқан заманауи жолайрықты айналып өту мүмкін емес. Жақында Д.Қонаев даңғылындағы тоннель бөлігі пайдалануға берілді. Бұл нысандағы құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталады. Одан бөлек, 590 жаңа автобус сатып алынып, қаладағы қоғамдық көліктер толығымен электрондық билет жүйесімен қамтылды.

– Қоғам қауіпсіздігі қашанда маңызды. Бұл бағытта, әсіресе жастарға қандай жағдай жасалып жатыр?

– Қалада тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша көптеген жұмыс атқарылып жатқаны рас. Сайлауалды бағдарламаның «Қоғамдық қауіпсіздік» бағытында белгіленген міндеттерді орындау үшін биыл 3 740 бейнебақылау камерасын орнатуға бюджеттен 3,9 млрд теңге бөлінген. Қазір камераларды орнату бойынша жұмыс жүргізілуде.
Қаладағы барлық мектепте ішкі бейнебақылау камералары орнатылған және 4 аудандық Полиция басқармасының жанынан «бір терезе» қағидаты бойынша фронт-офистер ашылды. Сондай-ақ 356 көше мен ауланы жарықтандыруға бюджеттен 375 млн теңге бөлінгенін де айта кеткен жөн.
Шымкент – жастар қаласы. Ал жастар – ел болашағы. Қалада 270 мыңнан астам жастар бар. Яғни, қала халқының 26 пайызы жастар деген сөз. Осыған орай Nur Otan партиясы жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, биыл жас кәсіпкерлерді қолдау үшін 350 млн теңгеге 600 грант бөлінді. Ал жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 900 пәтер сатып алуға 11,3 млрд теңге қаржы қарастырылып, бүгінде 300 пәтердің кілті жастарға табысталды. Сонымен қатар биыл студенттерге арнап 1 500 орындық 4 жатақхана салынды.
Жалпы, Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында көрсетілген міндеттерді орындауға Шымкент қаласы бойынша 2021 жылы 292 млрд теңге жұмсау көзделген. Оның ішінде бюджеттен 206,9 млрд теңге, ал жеке инвестор есе-бінен 84,7 млрд теңге тартылады.
Nur Otan – нақты істердің партиясы. Оның өңірлік сайлауалды бағдарламасы мемлекетіміздің ұзақмерзімді стратегиялық бағытының және қарқынды жүргізіліп жатқан реформалардың заңды жалғасы. Ол елімізді жаңғырту мен барша қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға, Шымкентті өмір сүру мен жұмыс істеуге және демалуға қолайлы заманауи мегаполиске айналдыруға бағытталған.
Біз бүгін осынау маңызды бағдарламаны орындаудың алғашқы нәтижелерін баяндап шықтық. Келер жылы осы жұмыстар жаңа қарқынмен жалғасатын сөзсіз. Алдымызда Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі жақындап келеді. Тәуелсіздік – қазақ халқының басына қонған бағы, барша қазақстандықтардың ең қастерлі құндылығы. Өйткені біздің Отанымыз – Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізу арқылы ғана өз дамуының жаңа дәуіріне қадам басты.
Дербес дамудың осынау жасампаз жолын жалғастырып, ХХІ ғасырдың үшінші онжылдығы алдымызға көлденең тартқан сын-қатерлерді еңсеруде Тұңғыш Президент – ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік ететін Nur Otan партиясы тағы да шешуші рөл атқарып, барша қа-зақстандықтардың күш-жігерін елдік мақсаттың төңірегінде шо-ғырландырары талассыз. Күншуақты Шымкент қаласының халқы бұл іске жан-жақты қолдау көрсетері анық.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы.

Шымкентте 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша қала экономикасына 260,7 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 38,8 %-ға артқан.

Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдейді.
Қалалық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Б.Дүйсебековтың айтуынша, 2021-2025 жылдары жалпы құны 2,6 трлн теңге 282 инвестициялық жоба іске асырылып, 20 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады.
Оның ішінде, 2021 жылы жалпы құны 152,6 млрд теңге, 2,5 мың жаңа жұмыс орнымен 63 инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарланған. Бүгінде 63 млрд теңгеге 33 жоба жүзеге асырылды.
Жалпы кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында биыл қала аумағында 40 млрд теңгеге 17 жобаны іске қосу көзделген. Оның ішінде, қазіргі таңда 15,3 млрд теңгеге 10 жоба іске қосылып, онда 523 жұмыс орны ашылды.
Бұл жобаларға тұрақты мониторинг жұмыстары жүргізіліп, проблемалық мәселелерін шешу бойынша мемлекеттік қолдаулар көрсетілуде.
Бүгінгі таңда қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыру және инвестициялар тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

 

Шымкентте жыл басынан бері түрлі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында 3 мыңға жуық отбасы баспанамен қамтылған.

Бұл деректі қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы А.Рысжанов қала әкіміне осы жылдың 9 айында атқарған жұмысы туралы баяндамасында келтірді.
Атап айтанда, жыл басынан бері тұрғын үй кезегінде тұрған 682 отбасы арендалық пәтермен қамтылған. Бұл бағытта жыл соңына дейін тағы 294 отбасыға баспана беріледі.
Бұдан бөлек, «Отбасы банкі» арқылы «5-20-25» бағыты бойынша кредиттік тұрғын үймен 730 азамат қамтылған. Оның ішінде 261 азамат – тұрғын үй кезегіне тіркелгендер.
Ал «7-20-25» бағдарламасы бойынша Шымкент қаласындағы екінші деңгейлі банктер арқылы жыл басынан бері 1362 азамат алғашқы тұрғын үйді нарықтан несие рәсімдеп сатып алған. Жыл соңына дейін кредиттік тұрғын үймен 4 413 отбасыны қамту жоспарлануда.
Бұдан бөлек, «2-10-20 Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 158 отбасы несие негізінде тұрғын жаймен қамтылып, оның ішінде 73 отбасыға алғашқы жарнасының бір бөлігін жабуға тұрғын үй сертификаты берілді. Бұл жұмыстар жалғасын табуда.
Кредиттік тұрғын үйлердің қолжетімділігін арттыру және табысы жетпейтін азаматтарды ынталандыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен ағымдағы жылға 500 млн теңгеге тұрғын үй сертификаттарын әлеуметтік көмек ретінде қайтарымсыз негізде беру қарастырылған. Бұл қызмет бойынша 902 өтінім қабылданса, оның ішінде 311 өтінім – 274 млн теңгеге мақұлданған.

Шымкентте «Шаңырақ» бағдарламасымен 224 отбасы пәтерлі болды. Қоныстой иелеріне «Тұран» шағынауданында бой көтерген тұрғын үйлердегі пәтерлер табысталды. Салтанатты жағдайда тұрғындарға пәтер кілтін тапсыру рәсіміне қала әкімнің орынбасары Ерғали Білісбеков қатысты. Баспаналы болған азаматтарды құттықтаған Ерғали Білісбеков:

–Шымкентте бүгінде 46 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тіркеулі. Азаматтарды баспанамен қамту мақсатында тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Бүгін міне сіздердің қуаныштарыңызға куә болып отырмыз. Баршаңызды қоныс тойларыңызбен құттықтап, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ-береке тілеймін,-деді.
Баспаналы болған 224 отбасының 184-і қала әкімдігі тарапынан баспанаға мұқтаж азаматтарға қолдау ретінде берілген 1 миллион теңге тұрғын үй сертификатына қол жеткізген.
Айта кетейік, «Тұран» шағынауданында үлестіріліп жатқан 27 тұрғын үйдің 1 728 пәтеріне өтінімдер биыл «Отбасы банк» арқылы «Шаңырақ» бағытымен қабылданған болатын. Пәтерлер кезең-кезеңімен үлестіріледі.
Бағдарламаның талаптарына сәйкес, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар отбасының ортақ табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,7 еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда қатыса алады. 2021 жылға бұл табыс 126 917,4 теңгені құрады.
Жылдық мөлшері 5 пайыздан аспайтын, алғашқы жарна 10 пайызбен, 20 жылға жаңа тұрғын үйлерді сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Егер азаматтардың ай сайынғы табыс көзі жетпей жатқан жағдайда, туысы немесе жақыны кепіл бола алады.

Үшінші мегаполисте «Ұлы Жібек жолы тарихындағы Шымкенттің ЮНЕСКО мәдени мұра жүйесіндегі орны мен рөлі» тақырыбында халықаралық кездесу жиыны өтті. Екі күнге жоспарланған шараны Шымкент қаласы әкімдігі ұйымдастырды. 

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросы қолдау білдірді.
Кездесуге Орталық Азия елдерінің белгілі тарихшылары мен археологтары, Мәдениет және спорт министрлігінің сарапшылары, Auezov University ғалымдары қатысты. Жиында қаламыздың Ұлы Жібек жолы тарихындағы рөлі, оның Орталық Азия картасындағы бірегейлігі және Шымкенттің тарихи нысандарын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізу мүмкіндігі талқыланды.
Іс-шараның ашылу салтанатына Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының директоры Криста Пиккат, ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының Бас хатшысы Әлия Байсабаева, «Жібек жолы» жобасының үйлестірушісі, ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра орталығының Азия-Тынық мұхиты секторының басшысы Фенг Джинг қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Айта кетсек, жиынға қатысушылар «Шымқала» тарихи-мәдени кешеніне барып, музейлендіру, консервациялау және реновациялау жұмыстарымен, ескі қаланы дамыту жобасымен танысты. Сонымен қатар қонақтар «Бес қару» этнофестивалінің ашылуына қатысып, суретші Саид Атабековтың қару-жарақ көрмесі мен фотоэкспозициясын тамашалады.

Биыл Шымкентте «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде 21 954 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған. Ағымдағы жылдың 9 айдағы көрсеткіші бойынша 19 462 адам жұмыспен қамтылған. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 2675 адам 3 айлық кәсіптік оқыту курстарына, екінші бағыты бойынша 2 155 адам «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік курсына оқытуға жолданды. 53 адамға шағын несие, 584 адамға мемлекеттік грант берілді.

Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша 8 168 адам бос және жаңа жұмыс орындарына, 336 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 2531 адам жастар практикасына, 2845 адам қоғамдық жұмысқа, 115 адам «Алғашқы жұмыс орындары» жобасы бойынша 24 айға жолданды.
Бұл туралы Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова қала әкімдігінің «Instagram» парақшасында өткен тікелей эфирде мәлімдеді.
Басқарма басшысының сөзінше, қыркүйек айында қаладағы «Арбат» алаңында жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің нәтижесінде 790 азамат тұрақты жұмыс тауып, 121 жас «Жастар практикасы» бағдарламасымен жұмысқа жолдама алған.
Халықты әлеуметтік қорғау бағытында 2021 жылдың І тоқсанында 36 969 отбасыға (179 209 адам), ІІ тоқсанда 30 962 отбасыға (149 147 адамға), ІІІ тоқсанында 19 333 отбасыға (90 177 адамға) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төленген.

Шымкенттегі «Shymqala» этноауылында «Бес қару» fest жобасы басталды. Үш күнге созылған іс-шараның мақсаты – батырлар институтын қайта жаңғырту болып табылады. Онда жасөспірімдерге батырлық қасиетке тәрбиелейтін ойын түрлері ұйымдастырылып қана қоймай, қылыштасу шеберлері мен каскадерлар жауынгерлік өнерден, бес қару түрлерін пайдаланудан шеберлік сағатын өткізді.

Батырлар институты тақырыбын барынша ашу мақсатында еліміздің танымал тарих және этнолог ғалымдары мен шетелдік жыршылардың қатысуымен арнайы семинар ұйымдастырылды.
Іс-шараға Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Қызылорда қалаларынан жыршылар мен көршілес қырғыз және өзбек елдерінің жыршылары, каскадерлар мен этно-фольклорлық топ әншілері қатысты.

Осы аптада Шымкент қаласының әкім Мұрат Әйтенов Қаратау ауданы Сайрам тұрғын алабында орналасқан «Тассай құс» жауапкершілігі шектеуі серіктестігінің жұмысымен танысты.

 

Аталған серіктестік биыл шаруашылығын кеңейтіп, өнімділігін арттырып отыр. Бұл бағытта қолға алынған жоба құны — 250 млн теңге. «Тассай құс» серіктестігі жылына 35 млн дана жұмыртқа өндіріп келеді. Бірақ мекеме келесі жылдың қаңтарынан бастап өнімділікті 50 миллион данаға жеткізуді жоспарлауда.
Аталған өндіріс орны германиялық HELMANN POULTRY GMBH CO.KG технологиясы бойынша жұмыс істейді. Құс шаруашылығына маманданған кәсіпорынға 2020 жылы 29,7 млн теңге мемлекеттік қолдау көрсетілген. 2021 жылы 37,7 млн теңге қолдау көрсету жоспарлануда.
Қала әкімі мұндай өндірістерді қолдау нарықтық бағаны тұрақтандыруда маңызды қадам болатынын атап өтті.
Сонымен қатар Мұрат Әйтенов ауылшаруашылығы бағытында биыл іске қосылған нысандардың жұмысымен танысты. Қаратау ауданы, Алматы тас жолында орналасқан «AgroPark» шаруа қожалығының жылыжай кешені – биыл жүзеге асқан ірі жобалардың бірі. 5,2 гектар аумақта орналасқан жылыжай кешені жылына 1500 тонна қызанақ пен қияр өндіреді. Оған тартылған инвестиция көлемі — 1 300 млн теңге. Кәсіпкерге 331,5 млн теңге мемлекеттік қолдау көрсетілген.
Аграрлық өнімдер жылына екі мәрте жиналады. Кешенде қажетті климаттық ахуал мен топырақ құнарлығын сақтау процесстері автоматтандырылған.
Шаруа қожалығы 45 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жұмыс күші аграрлық технологияны сақтау мәселесі бойынша дайындықтан өткен.
Қала әкімі Шымкентте тамақ өнеркәсібін дамытуға барлық мүмкіндіктер бар екенін айтты. Ішкі нарықты отандық азық-түлік өнімдерімен қамту маңызды міндет екеніне көңіл бөлген Мұрат Дүйсенбекұлы сала жетекшілеріне бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.