Маңызды

 

 

 

Аптаның алғашқы күнінде Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Почивалов қала әкімі Мұрат Әйтеновке 9 айда атқарылған жұмыстарының есебін баяндады.

Есеп беру жиынында басқарма басшысы бұқаралық спортқа қатысты сандарды сөйлетті. Өз кезегінде ол үшінші мегаполисте бұқаралық спортпен шұғылданушылар саны 294 мың адамға жеткенін, бұл жалпы халықтың 27,8 пайыз екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар ол, бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 30 пайызға жеткізу жоспарланғанын да айтты. Жалпы халықтың бұқаралық спортпен шұғылдану көрсеткішін 30 пайызға жеткізу туралы мәселе осыдан он жыл бұрын сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2010 жылы халыққа арнаған «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауындағы басым бағыттарда алға қойылған басты меже болатын. Онда «Туризм және спорт министрлігі әкімдермен бірге елде бұқаралық спортты дамыту үшін бірлескен іс-шараларды анықтап, оларды нақты іске айналдыруы тиіс. 30%-ға дейінгі қазақстандықтар бұқаралық спортқа тартылуы керек. Осындай жағдайда ғана біз дамуды көре аламыз. Бұл бүкіл Үкіметтің міндеті де» деп айтылған. Содан бері табақтай он жыл өтті. Қазақстан бұл көрсеткішке осы жылдың басында-ақ қол жеткізді. Бірақ кейбір қалалар бұл белеске әлі шықпады. Соның қатарында Шымкент қаласы да бар. Және бұл жолға жету үшін әлі бірер жыл жұмсалатын сияқты. Олай дейтініміз аталған басқарманың өткен жылғы бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстарының қорытынды есебінде де сол кездегі басқарма басшысы Әлібек Нұртаев қалада бұқаралық спортты серік еткендердің үлесі 27,8 пайыз екенін мәлімдеген болатын. Бұл жерде пайыздық көрсеткіш өзгермегенмен, халық саны артқанын айтпай кетуге болмас. Яғни былтыр Әлібек Нұртаев 27,8 пайыздың халыққа шаққандағы саны 281 235 болғанын көрсетсе, биыл Олег Почивалов оның көрсеткішін 294 мың деп түртіп отыр.

Енді бір жылдан аса уақыттан бері бұқаралық спортқа ден қойған халықтың үлесі 27,8 пайыздан аса алмай жатқанда, айналасы екі айдың ішінде 30 пайызға жете қояды дегенге сену қиын.

Сонымен қатар, Олег Почивалов алдағы 1-қарашадан бастап аллеяларда жаппай спорттық жаттығулар ұйымдастырылатынын, таңғы 07.30-да және кешкі 18.30-ға белгіленген бұл шараларды өткізу үшін халық көп жиналатын спорт алаңдары ретінде «Абай», «Тәуелсіздік», «Металлургшілер», «Орталық», «Жеңіс» саябағы, Отбасы аллеясы, Қошқар-Ата жағалауы, Дендросаябақ, «Нұрсәт» шағын ауданындағы аллея және Қажымұқан атындағы Орталық стадион таңдалғанын атап өтеді. Мүмкін Почивалов осындай шаралар арқылы бұқаралық спортқа бет бұрған халықтың үлесін 30 пайызға жеткізу көрсеткішін жасамақшы ма? Жалпы пандемия кезінде ондай шара өткізудің шарапаты қандай болады? Оқшаулау тәртібіне жұртты әрең көндіріп отырғанда, осыны негізге алып, адамдарды сыртқа сүйреу оң нәтиже береді ме?

Почивалов баяндаған тағы бір түсініксіз жәйт мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты осы жылғы жолдауындағы «Бұқаралық спортқа, дене тəрбиесіне жəне балаларға басымдық беру керек. Əр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет. «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің жəне шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді. Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күшжігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Балалар мемлекетіміздің болашағы емес пе?! Əкімдердің жұмысын осы өлшем бойынша да бағалаймыз» деген тапсырмасы негізінде бұқаралық спортты дамытудың концепциясы жасалатынын хабарлауы болды.

Жалпы бір тапсырманы аяғына дейін орындамай, екінші міндетті орындауға қадам жасау қойыртпақ емес пе?

 

А. САТЫБАЛДЫ.

 

 

 

Шымкентте инфрақұрылым мәселесіне келгенде тұрғындарды шаршатып жүрген толғақты мәселелер өте көп. Соның бірі шалғайдағы біраз елді мекендердегі жарық жайы. Қит етсе жалп етіп сөніп қала беретін мардымсыз жарықтың жүйкені жұқартып біткені жылдыр бойы жыр болып келеді. Ал сол сығырайған жарық үшін төленетін теңгенің қолданыстағы тарифтен бірнеше есе көптігі тұрғындардың шамына әбден тиді.

Шымкенттегі Қайнарбұлақ тұрғын алабының тұрғындары осындай әбігерді бастан кешіп жүр. Жуырда өткен Праймериз-2020 шарасы кезінде үміткерлермен кездескен елді мекен жұртшылығы осы жәйтті айтып, мәселенің тез шешімін табуына ықпал етуді сұраған еді. Аманатқа қиянат бола ма? «Nur Otan» партиясының белсенді мүшесі Есенбек Серкебаев қайнарбұлақтықтардың көңілін күпті еткен осы мәселені алға тартып, тиісті органның назарына жеткізген еді.

Өз кезегінде ондағы тұрғындар электр қуатының бір кВт-ы үшін бекітілген тариф бойынша 14,76 теңге емес, 25-30 теңге аралығында артық төлейтінін, бұл пандемия кезіндегі қазіргідей уақытта тұрғындардың қалтасын қағу екенін алға тартқан. Және оны негізсіз құбылыс екенін ашып айтқан. Өз кезегінде Шымкенттегі магистрал жолдардың жалғасын салу туралы жобаларға шындап кірісіп кеткен қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов қайнарбұлақтықтардың тұтынған энергиясы үшін екі есе артық төлем жасауын ол жаққа тартылған жарықтың жекеменшік трансформаторлар арқылы беріліп жатқанымен түсіндірген. Сонымен қатар ол, ондағы электр желілері азаматтардың өз күштерімен тартылғанын, ал ағаш бағаналар жарық сапасын төмендететінін айтқан. Бұл жарықтың жиі өшетінінің бір себебі. Осындай олқылықтардан электр жүйелерінде жүретін қуат көздерінің барлығы межелі жеріне жете бермейді. Заңсыз, жасырын қосылулар пайда болып, электр энергиясының көзі жоғалады. Осындай шығындардың орнын толтыру үшін жарықтың 1 кВт-на төленетін ақша әдеттегі бағадан бірнеше есеге артық есептеледі. Ал негізінде мемлекеттік «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-і желілерінде деңгейіне қарай ең төменгі тариф 1 кВт үшін 14,76 теңгені құрайды.

Осылардың барлығын жіпке тізіп жеткізген М. Исахов Қайнарбұлақ тұрғын алабын сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында былтыр тиісті жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленгенін, соған сәйкес, 2021 жылы мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында құрылыс жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеген. Нәтижесінде тұрғын алаптағы 2760 үй сапалы жарықпен қамтылатын болады.

Енді қайнарбұлақтықтардың бұл жайсыздыққа көз жұма қарап, шыдам танытудан басқа шарасы жоқ…

 

«Уақыт».

Ағымдағы жылдың 12-қазанында Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдау кезінде «Birgemiz» қорынан 50 мың теңгелік бір реттік қаржылай көмекті тағы да ұйымдастыруды тапсырды.

 

Өз кезегінде Нұрсұлтан Әбішұлы бір реттік қаржылай көмекпен 100 мың адамды қамту керектігін де айтқан. Соған сәйкес «Біргеміз» қорының басшылығы тиісті қаражаттарды аймақтарға аударуды қолға алды.

Партияның жіті бақылауымен жергілікті жердегі әкімдіктер қаражатты алушылардың тізімдерін жасады.

Қор атынан берілетін 50 мың теңге төлемдер мұқтаж жандардың банктік карталарына автоматты түрде түсетінін айта кетейік. Қаржының азаматтардың жеке есепшоттарына аудару операциясының нәтижесі бойынша банк соманың есептелгендігі туралы SMS хабарлама жібереді. Партия ұйымдастырған материалдық көмек белгілі бір санатағы азаматтарға ғана төленеді. Атап айтқанда, аз қамтылған көпбалалы отбасылар, мұқтаж мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар, зейнеткерлер, ең төменгі зейнетақы алатындар және халықтың әлеуметтік осал топтарының тізіміне енетіндер, жетім балалар (жетім балалар және асыраушысының бірін жоғалтқан балалар), Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілген мүгедектер, сондай-ақ тыл еңбеккерлері. Естеріңізе сала кетсек, «Birgemiz» қорынан берілетін бір реттік төлемді берудің бірінші толқынында (сәуір айының ортасында) көмекке 152 мыңнан астам отбасы ілінсе, екінші толқында (мамыр айында ) 210 мың, ал үшінші толқында (маусым айында) 110 мың, ал төртінші толқында 80 мың отбасыға жәрдем берілген.

 

Қ. ҚАЛИЕВ.

Шымкентте тұрғындарды дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тапты. Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов онлайн форматта өткен Үкімет отырысында дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстардан хабардар етті.

Бүгінде жалпы сомасы 7,21 млрд. теңгені құрайтын дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды жеткізуге келісімшарттар жасалған. Бірыңғай дистрибьютормен 6,2 млрд. теңге көлемінде дәрі-дәрмектер және медициналық мақсаттағы бұйымдар жеткізілді.

Бүгінгі таңда медициналық ұйымдарда COVID-19 індетіне қарсы екі айлық дәрілік заттар және медициналық бұйымдар қоры қалыптасты. Атап айтқанда, 2,1 млрд. теңгеге дәрілік заттар; 90 645 жеке қорғану құралдары жиынтығы; 3 219 121 дана медициналық бетперде және 864 499 дана медициналық қолғап алынды.

Қаладағы дәріханалар, дәрі-дәрмектер қоры мен бөлшек сауда бағаларына сәйкестігіне қарай мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда қала дәріханаларында 1,7 млрд.теңге көлемінде COVID-19 індетін емдеуге арналған дәрі-дәрмек қоры бар. Одан бөлек, 6,3 млн. медициналық бетперде қоры құрылған. Қалада орналасқан 2 өндірушінің өндірістік қуаты тәулігіне – 200 000 бетперде.

Материалдық-техникалық жабдықтау бойынша қалаға қосымша 282 ИВЛ алынып, ИВЛ саны 612 бірлікке жетті (156 – ДМ, 126 – ЖБ, 20 – демеушілер). Жаңадан 121 жедел жәрдем автокөлігі жеткізілді.

Қорыта айтсақ, қалада медицина мекемелері дәрі-дәрмек құралдарымен және медициналық бұйымдармен толық қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар, қала тұрғындарына Covid19shymkent.kz сайты іске қосылды. Онда әр тұрғын қала дәріханаларында дәрі-дәрмектердің қол жетімділігі туралы ақпарат алу мүмкіндігі бар.

 

Шымкент қаласының

Ақпараттық-коммуникациялық орталығы.

 

Журналистика саласындағы еңбегі ерекше азамат Бекжігіт Сердәлі алпысқа толып отыр. Асқаралы жасқа келген бұл кісінің өмір жолы өнегеге толы. Бала күннен арман еткен журналистика мамандығын меңгерген соң, өз ісінің нағыз шебері ретінде талай мойындалған қарымды қалам иесінің өз кәсібінде қол жеткізген жетістіктері бір төбе болса, бойындағы сазгерлік қыры туралы әңгіме де бір кітапқа жүк боларлық. «Жұбайлар жыры», «Ризамын», «Неге, Неге?», «Түркістаным – Тұраным» және т.б  жүрекке жылы тиетін әндердің авторы болып табылатын ағаның туындылары бүгінде елге кеңінен танымал. 

Қоғам тынысынан да тыс қалмай, өзекті мәселелерге өзінің азаматтық үнін қоса жүретін арынды да дарынды журналист, сазгер, Түркістан төріндегі Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің Журналистика кафедрасының профессоры Бекжігіт Сердәлі ағаны мерейлі мерейтойымен құттықтай отырып, сұхбат құрған едік.

 

– Бекжігіт аға, жуырда 60 жасқа толдыңыз. Бұл да бір белес. Өткен өміріңізге саяхат жасаған шығарсыз… Не түйдіңіз? Осы күнге дейін кеудеңізді қуанышқа толтырған өміріңіздің ұмытылмас жетістіктері  қандай?

– Өмірде түйген дүнием көп. Ол туралы сөз қозғасақ, әңгімеміз біразға дейін түгесілмеуі мүмкін. Сондықтан да сөз басын басты жетістіктерімнен бастайын. Өз басым журналистиканы таңдағаным үшін өте бақыттымын. Себебі,  маған жазу ұнайды. Үстелдің басына жайғасып, қаламды алып, ақ қағазға түйдек-түйдек ойлар түсіріп, оны оқырманға жеткізу ұнайды. Осы  кәсібім арқылы талай биіктерге жеттім. Өзімді таныттым. Құрметке кенелдім. Марапаттар алдым. Сондықтан да журналистика мен үшін өмір баспалдағы болды.

Бүгінге дейін өзімді тәрбиелеп, өмір жолына  икемделуге қызмет етіп келсем, енді басқа сатыдамын. Білген-түйгенімді шәкірттерге үйретуге қызмет етіп келемін. Қаншама шәкірттерім бар. Алды Америкада оқуда. Бірі сол елде қызмет етуде. Түркия, Өзбекстанда, Қырғызстанда қызмет етіп жүрген шәкірттерім де жетерлік. Ел аумағындағы белді-белді ақпарат құралдарында көптеген шәкірттеріміз абыройлы еңбек етіп келеді.  Халық аузында жүрген бұқаралық ақпарат құралдарының басым көпшілігінде біз дайындаған мамандар жұмыс істейді. Қала берді министрліктер, облыс, қала әкімдігінде де қызмет етіп, өзінің жан-жақты екенін көрсетіп жүрген түлектеріміз бар. Мұның барлығы – журналистиканың қазанында қайнап, содан алған тәліміміздің жемісі.

Бірақ, біз арман еткен, біз таңдап алған, біздің өмірлік кредомызға айналған осы журналистика мамандығының қазанына кей тұста блогерсымақтардың не болмаса журналистикадан хабары жоқ кейбір адамдардың шөмішін салып жатқаны қынжылтады. «Журналистиканы төрт жыл оқудың қажеті жоқ екен ғой. Оны оқымасам да әлеуметтік желінің гүлімін. Үш сөйлеммен-ақ жұртты шулатып, көптің назарына ілінемін» дейтін блогерсымақтар қаптап кетті. Мұның барлығы журналистиканың құнын төмендетеді. Киелі кәсіптің теориясын білмей, практикасында қайнамай, кеуде қағатындар қынжылтады.

 

– Қалың қауым сіздің 90-шы жылдардағы танымал әндер – «Жұбайлар жыры», «Неге, неге?», «Ризамын» сынды әндердің әуенін жазған сазгер екеніңізді жақсы біледі. Бір сұхбатыңызда тыңдармандардың ықыласына бөленген бұл әндердің хит болуының сырын алғашында-ақ дастархан басында жылы қабылданғанымен түсіндіріпсіз. Ал қоржыныңыздағы өзге әндерді «ән емес, жәй ғана шимай» дейсіз. Қоржыныңызда осындай қанша «ән емес» әндер жатыр?

– Иә, олай айтатыным рас. Ән деген не өзі? Ән – әйтеуір көмейден шыққан ыңыл, қыңқыл-сыңқылды елдің құлағына апарып жанай беру емес. Тыңдаушыны жақсы бір көңіл-күйге жетелеп, сағынышын басып, елге деген құрметін, айналасындағыларға деген ілтипатын білдіріп, құлағының құрышын қандырып, кеудедегі түрлі иірімдер толқынысын жеткізе алса, сол ән болуы керек. Қазір абырой-атақ үшін телеарнаға шығып, бір-екі клип түсіріп, жұрттың алдында пәленше деген әншімін деп қол шапалақтатып айтылатын әннің ғұмыры қысқа болады. Ол ән емес. Ән деген адам жанының азығы. Күпті көңілінің жұбанышы, асқақ жүрегінің сағынышы болуы керек. Сондықтан, қоржынымдағы туындыларды ел айтпайтын болса, ел тыңдағысы келмесе, не үшін мен ән деп айтуым керек? Ән жазғанда осындай принципті ұстанамын. Мен ғана емес, әнді құрметтейтін сазгердің бәрі осылай істейді.

Бәрін ән емес дегенім дұрыс емес те шығар. Мүмкін олар әншісін таппай жатқан болар. Әннің ақынын табу да оңай шаруа емес.

 

– Сіз өз әндеріңіз үшін ешқандай ақы алмайды екенсіз. Дегенмен де арамызда кесек талант иесіне өлмес дүние қалдырған еңбегін лайықты бағалап, құрмет көрсетіп жататын кең пейіл азаматтар жетерлік қой.  Сондай азаматтардың құрметіне бөлену Сізге бұйырды ма?

– Мынадай нарық заманында еңбегіңнің материалдық тұрғыдан бағаланғанын қалайтының рас. Бірақ, ондай жағдай өте сирек. Иә, саған шапалақ соғуы мүмкін. Арқаңнан қағуы мүмкін. Дастархан басында «әніңіз жақсы екен» деп мақтауы мүмкін. Ал материалдық жағынан құрмет көрсететін адамдар жоқ. Өнерпазға деген ондай құрмет өте сирек. Шымкентте Шәмші аллеясы бар екенің жақсы білесің. Қайбір жылдары сол аллеяға оңтүстік өңірінен шыққан сазгерлер мен әншілердің есімдері тасқа басылды. Сол кезде әкім-қаралардың маңайында жүрген өнерпаздар сол тізімге ілінді. Біз сияқты ауылдағы азаматтарға ондай құрмет жасалмады. Бірде-бір әнін ешкім айтпайтын адамдар сол жерде жұлдыз болып тұр.  Бүкіл халық әндерін айтатын Мұхтар Шахановтың, Исрайыл Сапарбайдың құрметіне аттары жазылған тұғыр тас қойылмады. Не үшін? Себебі, олар жағымпаз емес. Енді аттары тасқа қашалып жазылғандардың барлығын жағымпаз дегенім әбестік болар.  Арасында  құрметке лайық нағыз өнер азаматтары бар. Көріп, қуанып, марқаямыз.

 

–  Сіз күні кешеге дейін бірде бір әншіге өз әндеріңізді ұсынбағаныңызды айтып келдіңіз. Бірақ осыдан бірнеше ай бұрын отандық БАҚ-тың біріне  берген сұхбатыңызда «тәуекел түбі – жел қайық» дегенді темірқазық етіп, бір әншіге өз әніңізді ұсынғаныңызды айтыпсыз. Одан әрі не болғанын өзіңізден естісек… 

– Әншілерді қуалап жүріп ән ұсынбағаным айдан анық. Өйткені, ол әніңді ұнатпауы мүмкін. Не болмаса «мынауың кім?» деп жаман ойлауы мүмкін. Бірақ, кейде пендешілікпен «шіркін, мына бір әнім осы әншінің даусына келеді-ау» деп қиялдайсың. Бір күні сондай ойдың жетегімен сол әншінің қаладағы концертінде сахнаның сыртына барып, танысып, «Қарағым, өнерің жақсы екен. Менде  бір ән бар еді… Көресің бе?» деп айтқан сәттерім болды. Одан кейін ол «Жарайды» деп дискетімді алып қалды. Бірер күннен кейін сол сахнаның сыртындағы бет әрлеу бөлмесіне барғанымда, әлгі әншіге берген баяғы дискетімнің үстел үстінде жатқанын көрдім. Яғни, тіпті қарап, тыңдауға да уақытын қимаған. Сондай жағдайды көргеннен кейін өзіңнің төл перзентіңдей әніңді тықпалап қайтесің?

 

– Сіздің негізгі мамандығыңыз – журналист. Бойыңызда бұғып жатқан сазгерлік қырыңыздың ашылуын өзіңіз осы мамандықпен тікелей байланыстырасыз.  Жалпы, журналистика Сізге не берді?

– Журналистика шығармашылық синкреттік өнер ғой. Журналистика, актерлік өнер, музыкалық білім, жалпы, шығармашылық мамандықтар сабақтас, салалас, бірін бірі толықтырып отырады. Оқуға түскен кезде көптеген курстастарым ән жазып, өлең шығаратынын білдім. Бұл кездейсоқтық емес. Яғни, журналистикаға жәй адам келмейді. Тек өнерлі адамдар барады. Біраз курстастарым – өнерпаз жандар. Сондықтан да журналистика мен өнер егіз деп айтуға болады.

 

– Жиырма үш жылдан бері Түркістан қаласының мақтанышы – Қ.А Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің журналистика кафедрасының құрметті ұстазы болып келесіз. Білікті оқытушы ретінде профессор атағын алдыңыз. Студенттермен жұмыс істеген өте қызық екенін жүрген жеріңізде айтудан талмайсыз. Арагідік қазіргі жастардың жұмыстың қадірін жетік білмейтінін айтып та қаласыз.  Бұл жөніндегі ойыңызды ашып айтыңызшы…

– Қазір көп жастар «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүргісі келеді. Барлығы емес, әрине. Білімі жоғары, белсенділері де жетерлік. Дегенмен қазір тамағы тоқ, көйлегі көк екеніне мәз, қолындағы қымбат смартфонына марқаятын жастар көбейіп кетті. Әлеужелінің әлегіне түсіп кеткен бе дерсің… Олардың не ойлағаны бар екені маған қызық. Не кітапханаға кірмейді, не газет оқымайды, не кітапқа көз тоқтатпайды.  Үлкенді сыйлаудан құр қалған жастарды да көріп жүрмін. Дөрекі жастарды көргенде іштей қынжыласың. Содан соң қазір түнгі уақыттарда қыз балалардың көшеде бейсауат жүретінін көп байқаймын. Сөйлеген сөздерінен, өз-өзін ұстауынан мінездерінің орашалақ болып бара жатқанын аңғарамын. Бұл дегеніміз – идеологиялық тәрбиенің ақсап жатқанының жарқын мысалы.

 

– Сіз бала кезіңізде әкеңіз алдыртып оқитын газеттерді ақтарып оқуға құмбыл болыпсыз. Ондағы мақалаларды оқып шабыттанып, мектеп қабырғасында жүргенде-ақ мақала жазып, өз ортаңызда таныла бастадыңыз. Сол қасиетіңіз сізді журналистикаға сүйреді. Студент жылдарыңызда жазған ең алғашқы «Жұбайлар жыры» әніңіз «Лениншіл жастағы» екі шумақ өлеңді оқынан соң дүниеге келді. Жалпы, газет Сіз жеткен жетістіктің негізгі кілті болған сияқты. Қазіргі таңда газетсүйер оқырман азайып бара жатыр дегенге не айтасыз?

–  Иә, ол рас. Әсіресе, жастар газет оқымайды. Газет түгілі қазақ классиктерінің шығармаларының бетін ашпайды. Таңнан кешке дейін  смартфонның серігіне айналған. Телефоннан көз алмай тамашалап жүргенде назарға татитын дүние болса, жақ ашпас едім. Бірақ, олай емес. Ойды бұзатын, сананы ірітетін бейнелер көріп жатқанын талай рет байқағанмын. Біз жастарды кітапханаға ерікті түрде баратын жол табуымыз керек. Кітап адамды тәрбиелейді. Оны ізгілікке шақырып, тұлғалық қасиетін қалыптастырады. Театрдың берер өнегесі зор. Жастар осыған көз жеткізбесе, мына түрімізбен ұлттық тамырымыздан айырылып қаламыз.

 

– Журналистиканы меңгеруді көздеген жастар келешекте қандай  контенттің иесі болуды мақсат етеді? Келешек төртінші билік иелерінің шеберлігін шыңдап жүрген маман ретінде бұл Сізге аян деп ойлаймын. 

– Журналистика цифрлық бағытқа қарай дамуда. Ендігі контент дата журналистикаға, конвергентті журналистикаға, сандық журналистикаға бой алдырады деп ойлаймын. Ал «газет жоғалып кетеді» деген сәуегейлік – бос болжам. Газеттің өз оқырманы сақталып қалады. Газетті іздеп жүріп оқитын оқырман жоғалмайды. Дегенмен, интернет журналистика басым бағыт алатын сияқты. Өйткені, заман цифрлану үстінде.

 

– Журналистиканы таңдаған келешек мамандар үшін қандай кеңес айтасыз?

– Бір күні өзім танитын бір талапкер: «Аға, қандай мамандық таңдасам болады?» деп хабарласты. Өзінің қандай кәсіпке қызығатынын сұрағанымда ойланбастан журналистиканы айтты. Бірақ, осы кезге дейін бірде-бір мақала жазбағанын естігенімде таң қалып: «Олай болса не үшін журналист болғың келеді? Шырағым, бұл сен ойлағандай оңай кәсіп емес. Жауапкершілігі күшті, жүгі ауыр. Өмір бойы ізденісті, еңбекті талап етеді. Төзім тағы керек», — дедім. Мұны тыңдап болған соң, «Жоқ, аға, менің сіз сияқты болғым келеді» деп құбылды. Содан соң оған: «Шырағым, жұрттың бәрі мен сияқты бола алмайды ғой. Елдің бәрі Әуезов, Шаханов, Рымбаева бола алмайтыны айдан анық. Композитордың барлығы Шәмшідей бола қоймайтыны шындық. Біреу сияқты боламын деу – әурешілік. Өз ісіңнің маманы ретінде мойындалу өзіңнің жасаған еңбегіңе байланысты. Ол үшін жоғары білім мен көп еңбек керек», — дедім.  Айтпақ болған ойым не? Журналистика біреуге ұқсау үшін  таңдайтын кәсіп емес. Оның жолы ауыр. Журналистика – елге таныламын деп емес, елге көмектесу үшін қалайтын мамандық. Өзіңнің емес, халықтың, қасыңдағы жандардың қамын ойлауды міндеттейтін мамандық.

Ал енді журналистиканы таңдаған жастар оқуға түспес алдын газет-журналдарға мақала жазып, қысқа да болса хабар шығарып, өздерін шыңдап келсе екен дейміз. Себебі, біз журналистиканы бұрынғыдай әліппеден бастап үйретпейміз. Журналист болуға дайын болмаса да, хабары болса  екен. Өкінішке орай, оқуға келген жастардың көпшілігінің жазған мәтінінен стилистикалық тұрғыдан сауатсыз, емлелік қателерді көп жіберетінін байқаймыз. Үтірді қайда қою керектігін, қаратпа сөздің не екенін білмейтін, төл сөз бен төлеу сөзді енді естіп тұрған талапкерлер бар. Бұл ережелерді мектепте оқытты ғой. Бірақ, ден қойып тыңдамаған. Мұғалімдердің айтқанын жүре тыңдаған.

 

– Сөзімізді тағы да әнге қарай бұрсақ. Сіз кез келген әннің көркемдік жетекшісі халық болу керек екенін жиі айтасыз. Яғни, белгілі бір ән хит болуы үшін оны әуелі халық жылы қабылдауы керектігін алға тартасыз. Бірақ, қазіргі таңда Сіз көркемдік кеңес деп айтып отырған халықтың талғамы төмендеп кеткен жоқ па? Мысалы, «Шымкенттің қыздары зың-зың», «Аспанға қараймын, жұлдызды санаймын», «Бізге тең келетінер жоққоооо…» деген әндердің хит болғаны осы сұрағыма негіз болатын сияқты…

– Халықтың емес, жастардың ән тыңдау талғамы осы бағытқа кетіп бара жатыр. Айтыңызшы, халық әнін тыңдап,  айтып жүрген  жас көрдіңіз бе?! Өнер факультетіне түскен талапкерлер болмаса, былай сыртта жүрген жастар халық әнін тыңдамайды да, айтпайды да. Жоғарыда жастардың неге қызығатынын дұрыс жеткізе алдым деп ойлаймын. Бұл қиын жағдай.  Бұған тосқауыл қоятын уақыт келді. Ол үшін көркемдік кеңес керек. Көркемдік кеңес жастардың қарайтын арналарына, тыңдайтын радиосына халық әндерін енгізу қажет. Таңнан кешке дейін «Гәкку», «Той Думан» арнасын қарап отыра беру үлкен мәдениетке апармайды деп ойлаймын.

 

– Алпыс жасқа толған мерейтойыңызға орай кешегі аптада шығармашылық кешіңіз өтті.  Жылы жүздесу туралы  бірер сөз айтып кетсеңіз…

– Мерейтойыма байланысты үлкен кеш өткізуді армандаған едім. Соның аясында сахнаға өзім сияқты  ел ішінде әндері белгілі, бірақ өздері белгісіз еліміздің түкпір-түкпірінде жүрген композиторларды шақырып, облыстық Мәдениет басқармасымен бірге концерт өткіземін деп жоспарлағанмын. Пандемияға байланысты атаулы күнімді ондай үлкен деңгейде атап өтудің мүмкіндігі болмады. Тәртіптен асып кете алмаймыз. Сондықтан, мерейтой 20-25 адамның қатысуымен, арақашықтықты сақтай отырып, кішігірім форматта өтті. «Оңтүстік фильм» киностудиясы мен туралы 50 минуттық фильм түсіріп берді. Облыстық мәдениет басқармасы концертімді  онлайнформатта ұйымдастырды. Облыстық қоғамдық даму басқармасы осындай кеш өткізуге мүмкіндік берді. Бұл үшін мың бір жұпар рахмет білдіремін. Жан-жақтан құттықтаулар келіп жатты. Достарымнан, шәкірттерімнен. Осының барлығы менің өнеріме, әніме, шығармашылығыма жасалып жатқан құрмет деп ойлаймын.

 

– Осы шарада тұсауы кесілген «Танымал әннің тарихы» атты туындыңызға тоқталып өтсеңіз…

– Бүкіл ел шырқайтын әндер бар. Сөзінің басын бастасаң болды, қосыла, ілесе, шырқап кететін әндер көп-ақ. Бірақ, авторларын сұрасаң, ешкім білмейді. Осындай мысалдармен бір емес, бірнеше рет бетпе-бет келдім. Бір күні «Неге осылардың авторларын халық білмейді? Неге авторларын тауып айтпаймыз осы?» деген ой санамда  сайрады. Бұл туындының өмірге келуі осылай басталды… Мысалы, «Жалын кешкен, Жаным дескен, Күндер қайда қарағым?» деген әннің авторын ешкім білмейді. Оның авторы Тараз қаласында тұрады. Ол композитор емес, күйші. Іздеп тауып, сөйлестім. Ән қалай туды? Қалай жазылды? Әннің сөзін жазған ақын марқұм болып кеткен екен. Сол ақынның қиын тағдырын күйшінің аузынан естіп, қағазға түсірдім.  Одан кейін «Әттең-ай, әттең, Жүрегім жалғыз, Бәріне бірдей бөліп берер ем» деген әнді кімнің жазғанын ешкім тап басып айта алмайды. «Көше әні шығар…» деп жатқандар да болды.  Ал оның авторы Үміт Бекенова деген бастауыш сыныпқа сабақ беретін мүғалім болып шыға келді. Сосын «Көнеміз ғой, қайтеміз көнбегенде?!» деген ән бар емес пе? Сөзі Мұқағали Мақатаевтікі екенін білеміз. Ал әні ше? Іздеп жүріп оның авторын Шымкенттен тауып алдым. Жәй ғана құрылыста қара жұмыс істейтін азаматтың дүниесі болып шықты. Тағы бір атақты әннің авторын таптым. Ол қойшы екен. Осылайша 70-ке жуық танымал әндердің авторларын іздеп тауып, 70 пайызының үйіне барып, дастархандас болдым. Білгенімді, алған әсерімді қағазға түсіріп, эссе жаздым. Сөйтіп барлығының басын құрап, кітап етіп шығардым.

 

– Оқырмандарымыз үшін сиясы кеппеген туындыдағы қызықты естеліктерден бір мысал келтіре кетсеңіз.

– Жігіттік шағымызда «Анаға хат» деген танымал ән болды. Қазір де айтылады. Авторын ешкім білмейді. Әннің:

«Ақ жаулығың қолда,

Алаң болып жолға

Қарай-қарай аңсадың ба, ана!

Келеді деп ұлым,

Таппай ешбір тыным.

Күте-күте шаршадың ба, ана?» деген жолдары бар. Авторы кім екен деп біраз ойланып жүрдім. Осы Түркістанда Саз мектебінің директоры, бұрын «Гүлдер» ансамблінде солист болып ән шырқаған Досым Шерментаев деген ағаммен жолығып, өзара пікірлесіп отыратынымыз бар еді. Бір күні ол маған: «Сенің әндерің бар, жақсы білемін. Менің де әндерім бар еді», — деді. Ойымда ештеңе жоқ. Жәй ғана сыпайылықпен: «Қандай әндер?» деп сұрай салдым. Сол сол еді, әлгі мен әнінің авторын таппай жүрген «Анаға хат» деген өлеңді шырқап кеткені… «Іздегенге – сұраған» деген. Таң қалдым. Балаша қуандым. Оны эссе етіп жазып, фейсбуктегі өзімнің парақшама жарияладым. Астынан түрлі жылы пікірлер жазылып, лүпілдер басылып жатты. Өзім мәзбін. Бірақ, бір күні Моңғолиядан Маржан есімді қыз: «Бұл әнді менің әкем жазған. Міне!» — деп, кітапқа әннің мәтіні түскен суретті көрсетіп, пікір жазыпты. Кітап 1994 жылы шығарылған. Содан кейін Досым Шерментаевқа барып, болған жайды айтып бердім. Ол: «Бекжігіт, бұл – менің әнім. Төл баламды білмей жын ұрып па?» деді де, «Дәлел керек пе, айтайын. 1978 жылғы «Социалистік Қазақстан» газетінің 8 наурыз күнгі нөмірін тапсаң, соның бірінші бетінде ән нотасымен жарияланған. Таба аласың ба? Тапсаң, Моңғолиядағы әлгі қызға суретке түсіріп жолда. Көрейік не айтатынын», — деді. Ол газетті іздегенім бір бөлек оқиға. Әйтеуір, оның тігіндісін Кентаудағы кітапханадан тауып алдым. Шынымен де Досым аға айтқан бірінші бетте «Ана сағынышы» нотасымен, сөзімен жарияланған екен. Авторы Досым Шерментаев деп тайға таңға басылған күйі тұр.

Суретке түсіріп, жазылған жайдың жаңғырығы ретінде тағы да пост жазып, фейсбукке шығардым. Моңғолиялық қыз: «Кешіріңіздер, әкем бұл әнді жақсы көріп, көп айтатындықтан, тұрғыластары «өзі шығарған» деп, кітабына төл туындысы ретінде шығарып жіберіпті», — деп кешірім сұраған жағдайы бар.

— Әсерлі әңгімеңіз үшін рахмет! Елдің өлгенін тірілтіп, өшкенін жандырып жүрген еңбегіңізге де, шығармашылық жолыңызға да табыс тілейміз!

 

Сұхбаттасқан:

Салтанат ИБРАГИМОВА.

 

Шымкентте 13 диагностикалық орталық құрылды. Аталған орталықтар коронавирус жұқтырған науқастарды қабылдайтын болады. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов мәлімдеді.

Коронавирустың ықтималды екінші толқынында атқарылатын жұмыстарды пысықтаған Бақытжан Жолдасбекұлы диагностикалық орталықтардың қауқары туралы төмендегідей ақпарат таратты.

– Диагностикалық орталықтарда 17 компьютерлік томография мен 30 рентген аппараты бар. Сонымен бірге 6 ПТР зертхана жұмыс істейді. Зертхананың екеуі жаңадан ашылған. Олар тәулігіне 2500 тест қабылдай алады.

Материалдық-техникалық жабдықтау бойынша қосымша 282 өкпені жасанды желдету (ИВЛ) аппараттары сатып алынып, олардың жалпы саны 612-ге жеткен. Одан бөлек, жаңа 3 оттегі стансасы мен 9 сұйық оттегі резервуары қондырылған. Ал жедел жәрдем бойынша жаңа байланыс орталығы іске қосылған. Ондағы шақыруды қабылдау желісі 9-дан 28-ге өсіп, операторлар саны үш есеге артқан. Сонымен қатар, медицина ұйымдарының өзара әрекет алгоритмі пысықталып, науқастарды санаттарға бөлуді үйлестіру үшін 3 рет оқу-жаттығу жиындары өткізілген.

Сонымен қатар, Бақытжан Жолдасбекұлы ЖРВИ бойынша 15 қазанға дейін 128 мыңнан астам адамға екпе салдыру жоспарланғанын, бұл бағыттағы жұмыстар өз деңгейінде орындалғанын да атап өтті.

Кешегі жұмада Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов желі арқылы тікелей эфирге шығып, тұрғындардың COVID-19 және коронавирус белгісі бар пневмония дерттеріне қатысты сұрақтарына жауап берді. Соның бірқатарын назарларыңызға ұсынамыз.

– Бірнеше күн қатарынан қызу түспесе, не істеу керек?

– Мұндай жағдайда бірінші кезекте өзіңіздің тұрғылықты жеріңіздегі емханаға хабарласуыңыз керек. Ол жақтан сізге мобильді топ жіберіледі. Немесе қашықтықтан дәрігер маман кеңесі беріледі. Болмаса «103» жедел жәрдем нөміріне қоңырау шалсаңыз да болады. Бірақ, аталған қызмет түрлері көрсетілгеннен кейін де қызуыңыз түспей, жағдайыңыз жақсармаса, емханаға барып, тиісті ем-дом алуыңызға болады. Егер науқастың жағдайы аса ауыр болмаса, оны үй жағдайында емдеуге болатын болса, біз барынша сол әдісті қолдануға тырысамыз. Бұл емханалар мен ауруханаларға түсетін жүктемені азайтады. Ауру жеңіл, асқынбаған болса, үйде емделудің жолдарын қарастырған абзал.

 

– ПТР-тесттің бағасы қанша?

– Қазіргі таңда Шымкентте ПТР-тестті 6 мекемеде тапсыра аласыз. Олар – СПИД орталығы, Ұлттық сараптама орталығының Шымкент қалалық филиалы, қалалық диагностикалық орталық, «Олимп», «Invivo» зертханалары және «Медикер» клиникасының базасы.

Кейбір клиникалар ПТР-тесттің қорытындысын үш тілде береді. Бұл шетелге ұшатындар үшін өте ыңғайлы.

Бұдан бөлек, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қаулысына сәйкес, бірқатар санатқа жатқызылатын адамдар ПТР-тестті тегін тапсырады. Сондықтан, сіз өзіңіз тіркелген емханаға барып, ауруханаға жоспарлы түрде жататын болсаңыз не сол жерде көрсетілген санатқа кіретін болсаңыз, ПТР-тестті тегін тапсыра аласыз. ПТР-тесттің бағасы – 10-13 мың теңге аралығында. Тест бағасы осы аптада арзандауы керек.

 

– Коронавирусқа қарсы антидене ағзаны қанша уақыт аурудан қорғай алады?

– Вирус немесе бактерия жұқтырғаннан кейін кез келген ағзада вирусқа қарсы антидене пайда болады. Антидене – қорғаушы иммунитет факторлары. Оны иммуноглобулин деп те атайды. Антидене бізді алты ай немесе бір жыл қорғайды деп белгілі бір уақытты тап басып айта алмаймын. Себебі, бұған қатысты ғалымдар әлі зерттеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

 

– Елімізде КВИ-дан емделіп шыққан адамның екінші рет індетті жұқтырғаны туралы дерек тіркелді ме?

– Елімізде ондай дерек әлі тіркелмеді. Бірақ, соған қарамастан, арқаны кеңге салмай, барлық сақтық шараларын сақтап жүрген абзал.

 

– Полисегментарлы пневмония диагнозы – вирусты пневмонияның белгісі екені белгілі. Бірақ ПТР-тест қорытындысында теріс нәтиже беруінің себебін қалай түсіндіресіз?

– Коронавирус адамға жоғарғы тыныс алу жүйесі, яғни, мұрын, ауыз қуыстары арқылы жұғады. Олар сілекейлі шырышты қабатта белгілі уақыт қана тұрады да, бір-екі күннен кейін төмен қарай түседі. Яғни, адам тамақ, су ішкеннен кейін жоғарғы тыныс алу жүйесі тазаланып қалады. Коронавирусты анықтау үшін мұрын немесе ауыздан сынама алған кезде ПТР-тесттің теріс нәтиже көрсетуінің себебі осы. Вирус төмен түскеннен кейін өкпені зақымдап, полисегментарлы пневмонияға алып келеді.

 

– Жазда індеттің жаппай өршуіне дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі де себеп болғаны анық. Осы олқылық тағы қайталанбайды ма?

– Қазіргі таңда ықтималды екінші толқынға дайындық толық деңгейде жүргізіліп жатыр. Қала аумағындағы барлық емханаларда, ауруханаларда және дәріханаларда екі айға жеткілікті дәрі-дәрмек қоры бар. Дәрі-дәрмек қорына біз күнделікті мониторинг жасап жатырмыз. Соның ішінде қызуды түсіретін ең керекті дәрілер, атап айтқанда, парацетамол, медициналық қолғап және маска қорын біз екі айға дайындап қойдық. Бұдан бөлек, біз осы індетке шалдыққан науқастарды емдеу кезінде дәрілерді негізгі және қосымша препараттар деп екіге бөлеміз. Сол негізгі препараттардың барлығы дәріханаларда бар. Тиісінше қосымша препараттар да ауруханалар мен емханаларда жеткілікті. Теңгерімді ұстап отырмыз.

 

– КВИ-ге қарсы вакциналау басталады ма?

– КВИ-ге қарсы вакцина қазіргі таңда Қазақстанда әлі егіліп жатқан жоқ. Әзірге Ресей мемлекетімен келіссөздер жасалып жатыр. Сол жақтан алып келген жағдайда міндетті түрде егу жұмыстарын жасаймыз.

 

– Балалардың КВИ жұқтыруы туралы не айтасыз?

– Қазіргі таңда Шымкентте оқушылар арасында КВИ жұқтыру деректері бар. Олардың барлығы – қашықтықтан оқыған балалар. Жағдайлары өте жақсы. Барлығы симптомсыз. Соған қарамастан олармен байланыста болған адамдардың барлығын СЭС-пен бірге карантиндік бақылауға алдық. Осы ауырған балалармен емхана қызметкерлері жұмыс жасауда.

 

– Коронавируспен ауырған адамдарды оңалту шаралары туралы не айтасыз?

– Жаз айларында КВИ жұқтырып, пневмонияға шалдыққан науқастар саны көп. Олар дертінен айығып шыққанымен, аурудың салдары ұзаққа созылатыны анықталып отыр. Сондықтан, оларды оңалту шараларына көбірек көңіл бөлуіміз керек. Оңалту дегеніміз – денсаулығын қалпына келтіру. Полисегментарлы немесе басқа да пневмония дертінен кейін 3-6 айға дейін оңалту курстарынан өту керек. Шымкент қаласында осындай емшаралармен айналысып жатқан арнайы емхана, ауруханалар бар. Оған қажетті аппараттардың барлығы алынған. Олардың көмегімен өкпенің фиброзын немесе басқа да асқынуларын емдеуге болады. Бұдан басқа лазерлік емдеу, массаж, физиоемдеу бар. Осындай кешенді емнің арқасында пневмониядан толық айығып кетуге болады.

 

– Біраз адамдар арақашықтық сақтауға немқұрайлы қарайды, бұған не шара қолдануға болады?

– Бізде, өкінішке орай, арақашықтық сақтау мен бетперде тақпау, антисептик қолданбау деректері өте көп. Мұндай тәртіпке бағынбаушылық деректерін анықтайтын арнайы мониторингтік топтар құрылған. Олар мекемелердің барлығын аралап, халықтың денсаулығын сақтау талаптарының орындалуын қатаң қадағалап жүр. Бұл қандай талаптар? Ең алдымен, кез келген жабық ғимаратқа не қоғамдық көлікке кіргенде міндетті түрде бетпердеңіз болуы керек. Адам көп шоғырланған жерлерден өзіңізді алшақ ұстауыңыз керек. Әлеуметтік арақашықтық сақталуы қажет. Мекемелердегі арнайы сызылған 1-1,5 метрлік қызыл сызықтың шегінен өтпеген жөн. Әрбір азаматтың осындай талаптарды сақтап, әлеуметтік жауапкершілікті сезінуі – бүкіл қоғам саулығының кепілі болмақ.

 

– Емханаға барған науқастарға медициналық бетперде беріледі ме?

– Заң бойынша бетпердені әркім өзуі алуы тиіс. Егер кездейсоқ өзіңіздікі болмай қалса, емханаларда тегін бетперде табылады деп ойлаймын. Бірақ, емхана келушілерге маска беруге міндетті емес.

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы үндеу жариялады, деп хабарлайды Ақорда. ҚазАқпарат Үндеудің толық мәтінін жариялайды.

Құрметті отандастар! Бүгін мен Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойдым. Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы тағайындалады.

Алдағы сайлау конституциялық мерзімге сәйкес, 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді. Барлық саяси партиялардың бұл сайлау науқанына қатысуға дайындалуына, сайлау алдындағы платформасын әзірлеуіне, партиялық инфрақұрылымдарды жетілдіруіне уақыты жеткілікті болды.

Орталық сайлау комиссиясы мен Бас прокуратура сайлаудың заңдылығын, ашықтығын және әділдігін сақтау үшін тұрақты бақылау жүргізіп отырады.

Жаңа сайлау науқанына дейін саяси жаңғыру, көппартиялықты дамыту және еліміздің қоғамдық-саяси өміріне азаматтардың қатысу аясын кеңейту жөнінде шаралар қабылданды.

Бірінші. «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңға және «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» заңға түзетулер енгізу арқылы парламенттік оппозиция институтын құру мәселесін қарастыратын және оның қызметін регламенттейтін өзгерістер мен толықтырулар жасалды.

Енді Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің бір төрағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция депутаттары арасынан сайланады.

Сонымен қатар, парламенттік оппозиция бір сессия кезінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізу жөнінде бастама көтеру құқығын иеленеді. Сондай-ақ бір сессия кезінде кемінде екі рет үкімет сағатының күн тәртібін айқындайтын болады.

Бұдан бөлек, саяси партиялар фракцияларының жетекшілеріне Парламент палаталарының бірлескен отырыстарында, Парламент Мәжілісінің пленарлық отырыстарында, тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тыңдауларда және басқа іс-шараларда сөз сөйлеуге кепілді құқық беріледі.

Екінші. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңда және «Саяси партиялар туралы» заңда қарастырылған ережелер бойынша парламенттік тәжірибемізде алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Бұл норма Парламентке және жергілікті өкілді органдарға әйелдер мен жастарды тартудың тиімді жолы ретінде олардың еліміздегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуына септігін тигізеді.

Үшінші. Алдағы мәслихаттар сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өтеді. Пропорционалды модель әлемдік демократиялық тәжірибеге толық сай келеді, саяси жүйені нығайтуға, демократияны дамытуға ықпал етеді, саяси партиялардың жұмысын жандандырады.

Бұл жаңа бастамалар партияларға еліміздің саяси жүйесіндегі ұстанымын нығайту үшін қосымша мүмкіндіктер береді.

Коронавирус пандемиясы салдарынан туындаған күрделі экономикалық дағдарыс көптеген елді қамтыды, сондай-ақ, бүкіл әлемдік экономикаға кері әсер етті.

Қазіргі күрделі кезеңде Қазақстанның алдында дағдарысқа қарсы тиімді шаралар қабылдау, орнықты экономикалық дамуды және азаматтарымыздың әлеуметтік игілігін қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын арттыру міндеті тұр.

Осы басымдықтар жөнінде менің Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда айтылды.

Парламенттің және жергілікті өкілді органдардың жаңартылған құрамы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық реформаларды сапалы әрі заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге баса мән береді.

Алдағы сайлау еліміздің саяси жүйесін жаңартуды қамтамасыз ететін саяси институттарды дәйекті түрде демократияландыруға және жаңғыртуға Қазақстанның аса ықыласты екенін тағы да бір дәлелдейтін болады.

Біздің ортақ миссиямыз – Қазақстанды өркендету, азаматтарымыздың игілігі үшін қызмет ету. Қазақстан халқы аса маңызды тарихи сындарлы сәттерде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білді. Халқымыз осы жолы да елімізді жан-жақты жаңғырту бағытындағы жаңа тарихи миссиясын лайықты атқарады деп сенемін. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында еліміз кемелдене түсіп, дамудың жаңа кезеңіне шығатынымыз анық.

Мемлекетіміздің барлық азаматтарын белсенді азаматтық ұстанымын танытуға, Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың алдағы сайлауына ұйымшылдықпен қатысуға шақырамын.

 

Темекінің адам денсаулығына зияны туралы аз айтылып та, жазылып та жүрген жоқ. Соған қарамастан оны тұтынушылар саны азаймай отыр. Мысалы, әлемде 1 млрд.-қа жуық адам шылым тартады екен. Соның ішінде Қазақстанда 12 жастан асқан балалардың 7,5 пайызы темекіге әуес екендігі туралы мәліметтер бар. Бесіктен белі шықпаған балалар мен жасөспірімдер бұл жағымсыз әдетке неге құмар? Мұның себебін білу үшін коуч, практик-психолог ретінде халықпен тығыз байланыс көпірін орнатып жүрген Асем АДИЛЬБЕКОВАҒА біраз сауал тастаған болатынбыз.

 

– Жалпы, балалардың темекіге әуестігі қалай туады? Оған апаратын факторлар не?

– Мына нәрсені анықтап алайықшы. Темекіні тарту никотинге тәуелділік болып есептеледі. Темекі шегушілер мұның тәуелділік екенін түсінбегендіктен, оны тастауға да қиналады. Бұл – қиындықтың басы.

Балалардың темекіге әуестігінің себебі туралы тұжырымдар көп. Ол балалардың өз айналасындағы тұрғыластарына да байланысты болып келеді. «Мен ержеттім, бойжеттім, ешкімге бағынбаймын» деген қарсылық, наразылық белгісі болуы мүмкін. Яғни, жасөспірімдер енді бой түзеп, есейе бастағанда ата-анасына өзінің ересек екенін, өз бетінше шешім қабылдай алатынын көрсетуге ұмтылады. Бұл жерде ата-анасына айтпаса да, көрсетпесе де, тығылып шеккен күннің өзінде де саналарында сондай сөз сайрап тұрады. Үйдегі отбасылық күйзелісті жағдайлардың әсері де болуы мүмкін. Мысалы, ата-анасы ажырасса не жиі керісе беретін болса, бала темекі шегу арқылы өз күйзелісін жеңуге тырысуы ықтимал. Яғни, тұрмыстық факторлар – бірінші себеп.

Екіншісі – қасындағы, мектептегі жолдастары. Өзі қаламаса да, қасындағы қатарластарынан кем болмайын, олардан алшақтап қалмайын деп соларға ілесіп шегуі ғажап емес. Бұл – психологиялық кемшілік.

Бақуат отбасыдан шыққан балалар да барын көтере алмай, еліріп кетуі мүмкін. Барлығы тәрбиеге байланысты.

Кейбіреулер «темекі шексем, барлығы жақсы болып кетеді» деп жатады. Негізінде никотинге тәуелділік – шындықтан қашудың, оған мойынсұнбаудың көрінісі. Бұл нашақорлықтан да жаман.

Бала үшін бәрі қызық. Сол сынды темекі оларға басында қызық болып көрінуі мүмкін. Ең алғаш тартылған темекі дұрыс шегілмейді. Зерттеу жұмыстары көрсеткендей, әрбір алғашқы тартылған темекі бала денсаулығына кері әсер етеді. Яғни, бала жөтеледі, құсады. Соған қарамастан, намысқа тырысып, екінші, үшінші рет көреді. Осылайша әдетке айналады. Темекі оны тартатын адамдармен араласу құралына айналады. Негізі, темекі шегетіндер далада көп әңгіме-дүкен құрады.

Жалпы, жастар мұны басында тәжірибе ретінде көреді. «Байқап көрейін, ұнамаса тастаймын» деп ойлайды. Бірақ, біржола оның құрығына қалай түскенін байқамай да қалады. Мұндай тәуелділіктен жастарды айықтыру оңай емес. Осылайша темекінің қаншама жасөспірімнің өміріне балта шапқанын ойлаудың өзі өте қорқынышты.

Ешбір ата-ана өз баласының темекі тартқанын қаламайды. Жақсы, бақуат отбасынан шыққан балалар да бір рет болсын темекіні шегіп көрген. Басында қызығушылық үшін, басқалардан қалмау үшін шегеді. Осындай жағдайда ата-ана қырағы болуы керек. Баламен жиі сөйлесіп, қайда барып, кіммен араласып жүргенін біліп отырғаны дұрыс. Қанша жұмысбасты болса да, баланың жасөспірімдік шағында оған міндетті түрде уақыт бөлуге тырысу керек. Және мұндай жаста баланы төмендетіп, кемсітуге, «сен баласың, мен үлкенмін, менің айтқанымды тыңдауға міндеттісің» деп бастырмалатуға мүлде болмайды. Мүмкіндігінше дос-құрдасындай жақын тартып, сырласу, керек жерінде ақыл-кеңесін беріп отыру керек. Бала өзінің қателіктері үшін қорықпай, ата-анасына сенім артып, мойындай алатындай болуы керек. Егер бала ата-анасының қолдау, сүйенішін сезіне алса, никотиннің психостимуляциялық қажеттілігі болмайды. Өйткені, көп бала темекіні жалғыздықтан жабыққанда, әлдебір күйзелісті жағдайдан шығар жол таппағанда, т.с.с. жағдайларда тартады. Жұбанышты содан іздейді.

Бүгінде, өкінішке орай, әсіресе қыздар арасында темекі шегетіндер көбейіп кеткен. Дене сымбатын сақтағысы келетін кейбір қыздар «Темекі шексем, қарным ашпайды» деген жаңсақ пікірге сенеді. Шын мәнінде никотинге тәуелділік артық салмақтан да қауіпті екенін сезіне бермейді. Тіпті никотин көп жағдайда есірткіге апаратын алғашқы баспалдақ сияқты. Темекінің уытына бойы үйренген жасөспірімдер одан да күшті «сергіткіштің» дәмін татуға ұмтылады. Бұл – нашақорлыққа апарар тура жол. Енді ол – бөлек тақырып.

 

– Ал ересек адамдардың темекіге деген әуестігіне қатысты не айтуға болады?

– Бәрі көбіне осы бала жастан басталады. Жылдар өте бұл әдет қанға сіңіп кететіндіктен, есейіп, ес білгеннен кейін оның зиянын біле тұрса да, оны тастау оңайға соқпайды. Бұл жерде әркімге өз өмірін өзі басқара алатындай мықты ерік-жігер, батыл шешім қабылдап, оны орындау үшін жеке жауапкершілік керек. Егер өзіне деген сенімі күшті болса, бұл тажалдан құтылуға болады. Бірақ, мұндай жігер-күш екінің бірінен табыла бермейді, сондықтан ересек адамдардың арасында темекіні серік еткендер көп. Олар өздерін өмірдің барлық қиындықтары мен күйзелістерінен осы темекі ғана құтқарып, жанына жайлылық сыйлайтындай сезінеді. Психологияда мұндай жағдайды триггер дейді. Көбіне бұған оның темекіні жақсы бір отырыста, жарқын жүздесуде, көңілді сейілде шегіп, сол қуанышты сәттерінің санасында сақталып қалуы себеп болады. Сондықтан, ашуланған немесе жабыққан кезінде сол қуанышты сәттері есіне түсіп, жаны бір жайлылықты аңсап, темекі тартуы мүмкін. Әр шеккен сайын осы көңіл-күй қайталанып отырады. Осылай ол бір мезеттік рахатқа алданады. Алданып болған соң, қайтадан күйзеліске ұшырайды. Оны жеңу үшін шегілетін темекі санын көбейте түседі. Нәтижесінде күніне бір-екі қораптан шегеді. Мұндай тәуелділікке тап болмау үшін саналылық қажет.

Оның үстіне мұндай жат әдеттің отбасында да жалғасын табуы ғажап емес. Әкесі темекі шегетін баланың темекі шекпеуі қисынсыз. Кім болса да «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Әрі өзі темекі шегетін әкенің баласына тыйым салуы да қиын. Әрине, мұндай жаман әдетке бой ұрмай, аман қалатындар да болуы мүмкін. Тек ондайлар көп емес, тек 7-8 пайыз төңірегінде ғана.

Қазір есірткіге қарсы күрес толассыз жүріп жатыр. Алайда темекінің қаупі мен зияны есірткіден бір де кем емес. Айырмашылығы, есірткі пайдаланатын адам қажетті дозасын дер кезінде қабылдамаса, ағзасы ауыр күйге түсіріп, азапқа салады. Ал никотинге тәуелділіктің ондай ауыр белгілері жоқ. Темекісі таусылған адамның да өзін қоярға жер таппай, қиналатыны белгілі. Бірақ, нашақорлар сияқты көзі қарауытып, ауыр қылмыстарға бармайды. Ақыл-есін сақтай алады. Бірақ, бұл одан құтылу оңай деген сөз емес. Темекінің қауіптілігі де сонда. Қатты зардабын тартпаған соң, шылымқорлар одан бас тартуды да қажет етпейді. «Қажет болса, тастай салу қиын емес» деп ойлайды. Алайда адам саналы түрде онымен ашық күреске шығып, денсаулығымды сақтаймын, өмірімді жеңілдетемін деп, батыл шешім қабылдамаса, бұл тажалды жеңу қиын.

Темекі шегетін адамдар көбіне жүйкесі нашар, ашуланшақ, сәл нәрсеге күдіктенгіш, секемшіл болып келеді. Жүре келе қалыптасатын бұл мінездер – денсаулықта пайда бола бастаған кінәраттардың белгісі. Мұндай адамдардың жұмыста да, отбасында да ұрыс-керіс, сәтсіздіктер жиі тап болып жатады. Сондықтан, егер осындай қиындықтардың бәрінен құтылғым келеді дейтін адам болса, ең алдымен өзін осыған жақсылап дайындауы керек. Мысалы, темекі шеккісі келіп тұрса, спортпен шұғылданғаны дұрыс. Тыныс алу жаттығуының да пайдасы зор. Мүмкіндігінше жақсы нәрселерге көңіл аудару керек.

Адамның өміріндегі ең құнды нәрсе – ол уақыт. Денсаулықты өз қолыңмен өлтіруге жұмсаған уақытыңды ешкім де қайтарып бере алмайды. Әрі оған жұмсайтын қыруар ақшаңның да есебі жоқ. Сондықтан, темекіден бас тарту экономикалық жағынан да тиімді.

Дегенмен, мұның тағы бір кері жағы бар. Шылым шегуден бас тартқан адамдардың оның орнын толтыру үшін ішімдікке әуес болып кететін жағдайлары да аз кездеспейді. Сондықтан, бір жаман әдеттен бас тарттың екен, басқасына да мойын бұрмауға өзіңе уәде беруің керек. Ол үшін темекінің орнын жоқтатпау үшін бір маңызды жұмыспен айналысып, алға қойған мақсатқа қарай ұмтылу керек. Басқа нәрсені ойлауға уақыт болмауы керек. Бұл – әрине, жоғарыда айтқанымыздай, әркімнің жігер-күшіне байланысты.

Ал жасөспірімдерді бұл жаман әдеттен арылту үшін ата-ананың көмегі ауадай қажет. Әрине, бүгінде күнкөріс, несие төлеу, тағы басқа күйкі тірлікпен баланың басқан қадамын аңдып отыруға ересектердің мұршасы да бола бермейді. Бірақ, балаңның болашағына балта шабылса, тапқан дүниеңнің құны көк тиын емес пе? Сондықтан, әркім өз перзентінің алдындағы ата-аналық парызы мен жауапкершілігін терең сезіне білгені дұрыс болар еді.

 

 – Елімізде темекі бағасы жыл сайын қымбаттап жатыр. Дүкендерде темекіні тек 21 жасқа толған азаматтарға ғана сатуға рұқсат етілген. Мұндай шаралардың елдегі темекі тұтынушылар санын азайтуға септігі тиетініне сенесіз бе?

– Жоқ. «Тыйым салынған жеміс қашанда тәтті» дегенді білесізбе? Айталық, қазір темекі қорапшаларының сыртына никотиннің салдарынан туындаған ауыр сырқаттардың суреті басылып, шығып жатыр. Бұл көріністер балаға қорқынышты көрінуі мүмкін, бірақ олар оны темекіден алшақтату орнына керісінше өзіне тарта түседі. Соңғы деректерге сүйенсек, әлемде осындай тыйым шараларына қарамастан, темекі шегушілердің пайызы артқан. Яғни, неғұрлым тыйым көбейген сайын оған құмарлық та соғұрлым арта түседі. Сондықтан, «Біз темекіге қарсымыз, біз есірткіге қарсымыз!» деп ұрандатқаннан гөрі «Біз салауатты өмір салтын жақтаймыз, біз деннің саулығын қалаймыз!» деп айту керек. Кері жарнама – ол да жарнама.

 

– Сонымен, қорыта айтқанда, темекіні тастау үшін не істеу керек?

– Қазіргі таңда қаржылық сауаттылықты арттыру төңірегінде кеңестер жиі айтылады, оған құлақ қойып тыңдайтындар да көп. Сондықтан, осындай кеңестердің арасында темекіні мысал етуге болады. Мәселен, бай болғың келсе, күніне қанша темекі тартатыныңды, оған кететін шығыныңды есепте. Былай қарап тұрсаң, көп ақша болмауы да мүмкін, шамамен айына отыз не алпыс мың теңгедей. Ал осы қаражат жылына 350-700 мың теңгеге шығады. Қарап отырсаңыз, аз ақша емес. Демек, темекі – ақшаның да, денсаулықтың да соры. Кола сусыны да сол сияқты. Коланың қанты, газы – денсаулықтың қас жауы. Оның бағасы да арзан емес. Бір айда оған да темекіге жұмсағандай ақша шығып кетуі әбден мүмкін. Ал осы екі зиянды заттан зардап шеккен денсаулығыңызды қалпына келтіруге қанша ақша кетеді? Осы жұмсалған қаражаттың бәрін есептеп көрсеңіз, әжептәуір сома шықпай ма? Неге осы ақшаға одан да пайдалы бір зат сатып алмасқа? Артылып бара жатса, басқа мұқтаж адамдарға көмектесіңіз, өмір бойы дұға жасап, тілеуіңізді тілеп өтеді. Шындап келгенде, баюдың бір жолы, міне, осы – елдің алғыс-батасын алу…

Тағы бір ерекше атап өтер жәйт бар. Әрбір жас өзінің теңін тауып, ұнатқан, сенген, сүйген адамымен отбасын құрғысы келеді. Одан соң балалы болуды армандайды. Сүп-сүйкімді, дені сау сәбидің ата-анасы болу үшін өзіңді жаман әдеттерден қазірден алшақ ұстауың қажеттігін де ұмытпаған абзал.

Шымкентте індеттің екінші толқыны белең алған кезде қандай жұмыстар атқарылады?

«Сақтанғанды Құдай да сақтайды» деген. Қазіргі таңда әлемнің көптеген елдерінде коронавирустың екінші толқыны басталып кетті. Бірінші толқынның зардабымен әлі күресіп жатқан төрткүл дүние жұрты үшін бұл жығылған үстіне жұдырық болып, құрбандар санын арттыра түсуде.

Сондықтан, осынау қарусыз майданда қамсыз жатып, қапы қалмау үшін қыр астында жасырынған тілсіз жаудың бетін қайтарудың ең тиімді тәсілі – карантиндік шектеу шаралары болып отыр. Ал бетперделік режим мен санитарлық талап ережелерін қатаң сақтау – бір адамның, бір отбасының ғана емес, бүтіндей бір елдің, тіпті бүкіл ғаламның саулығының кепіліне айналды.

Өкінішке орай, жалпыға ортақ бұл талаптарға немқұрайды қарап, ала-құла орындайтындар көп. Салдарынан біраз елдерде эпидахуал нашарлап, жағдай ушыға түсуде. Бүгінде әлем бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 40 миллионнан асты. Тіркелген ауру жұқтыру көрсеткіші жөнінен антирекорд орнатқан елдердің алғашқы ондығын Мексика түйіндейді. Ал бірінші орында – АҚШ, екінші орында – Үндістан, үшінші орында Бразилия елдері көш бастап тұр. Одан кейінгі тізімді Ресей, Аргентина, Колумбия, Испания, Перу, Франция мемлекеттері жалғастырады. Шетелдерде аурудың жұқтыру көрсеткішін тежеу үшін шектеу шаралары күшейтіліп, карантиндік талаптар қатаңдатылуда. Соған қарамастан ел тұрғындарының барлығы дерлік карантин талаптарына бағынып жатқан жоқ.

Қазақстандағы ахуал да арқаны кеңге салдырып жатқан жоқ. Өткен аптада Маңғыстау облысында карантин қайта күшейтілді. Облыстың бас мемлекеттік санитары мұндай шешімді аймақта қазан айынан бастап КВИ жұқтыру дерегінің тіркелуі өткен қыркүйектің алғашқы онкүндігімен салыстырғанда екі есе өскенімен байланыстырып отыр. Соған байланысты аймақтағы спорттық нысандар, мешіттер мен шіркеулердің жұмысы уақытша тоқтатылды. Ал мейрамханалар мен қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы екі сағатқа шегерілді. Ағымдағы жылдың 13 қазанынан басталған карантиндік шаралар екі аптаға созылып отыр.

Ауру жұқтыру көрсеткішінің өсуіне орай Атырау облысында да карантин талабы күшейтілді. Сонымен қатар, өткен аптаның сәрсенбісінде Нұр-Сұлтан қаласында шектеу шаралары қайта күшіне мінді. Осыған орай мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің кемінде 60 пайызының қашықтықтан жұмыс істеу тәртібіне өтуі қажеттігі ескертілді. Зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізу үшін қоғамдық көліктер жексенбі күні тоқтатылды. Індетті жұқтырғандардың едәуір көбейе түсуіне байланысты 15 қазаннан бастап Солтүстік Қазақстан облысында да күшейтілген карантин тәртібі орнатылды. Сөйтіп адам көп шоғырланатын орындарға баруға тыйым салынды. Бұл аймақта да демалыс күндері қоғамдық көліктердің жүруі тоқтатылып, ірі сауда орталықтары, дәмхана мен мейрамханалардың жұмысы кешкі сағат 22:00-ге дейін қысқартылды. Мемлекеттік мекемеде қызметкерлердің тең жартысы онлайн форматқа көшті. Карантин талабы күшейтілген аймақтар қатарында Ақмола облысы да бар.

Ал Шымкентте эпидахуал тұрақты. Жуырда қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов журналистермен өткізілген брифинте осылай деді. Ол эпидемиологиялық жағдай кезіндегі үйлестіру топтарының жұмысы туралы айта келіп: «Ықтималды екінші толқын кезінде үйлестіру топтары ситуациялық штабта отырып, әрқайсысы өз саласы бойынша жұмыстарын атқарады. Соған сәйкес үйлестіру топтары жедел жәрдем қызметтері, күндізгі стационарлар мен провизорлық орындардың және құрылғылардың жай-күйін, жалпы, эпидемиологиялық жағдайды бақылайды әрі оған жауап береді. Бұл жұмысымыздың сапасын арттырумен қатар, қалыптасқан ахуалды едәуір жеңілдетеді деп ойлаймыз. Осы ретте құрылғылардың жұмыс сапасын арттыру мақсатында үйлестіру тобының құрамына компьютерлік томография мен рентген аппараттарына жауап беретін техника мамандарын қосып отырмыз», — деді.

Сондай-ақ, ол ықтималды екінші толқын кезінде провизорлық және жұқпалы аурулар стационарларының жұмысын әзірлеу мақсатында арнайы 3 сценарий дайындалғанын да жеткізді. Олар – тұрақты, қолайсыз және жағдай өршіген кез болып үш жікке бөлінеді. Олардың бір-біріне ауысу сәтін «А», «В», «С» жоспары бойынша үш сағаттың ішінде жүзеге асыру көзделген.

Қазіргі таңда Шымкентте КВИ жұқтырғандар саны 5216 адамға жетіп отыр. Олардың 5129-ы емделіп шықса, 71 адам көз жұмған.