Маңызды

Түркістан қаласында игі бастама қолға алынды. Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің базасында «Bolashaq Books» яғни, «Болашақ кітаптары» сөресі ашылды. Бұл сөренің кәдуілгі кітапханадағы сөрелерден ерекшелігі өзің оқып тауысқан кітапты сөреге қойып, орнына ондағы кез келген басқа туындыны алып оқитындығыңда.

Облыс орталығында тұңғыш рет ашылып отырған «Болашақ кітаптары» кітап сөресінің ашылуына қала әкімі Рашид Аюпов қатысты. Құрметті қатысушы ретінде сөз алған шаһар басшысы «Адам мен адамды тең қылатын, ол — білім. Ал артық білім кітапта екені бәріне аян. Кітаптың рухани байлығымыз бен құндылығымызды арттыруда маңызы зор. Ендеше, барлық таныстарымды, достарымды осы жерде оқыған кітаптарын өзгелерге бөлісуге шақырамын»,-деді.
Өз кезегінде қала әкімі бұған дейін айына бір кітап оқығанын, бірақ жұмысының көптігіне орай бұл үрдісі бұзылып, тоқсанына бір туындыны әрең тауысатынын айтты. Және де ол бастапқы қалыпқа қайта түсу қажеттігін атап өтті. Ол үшін алғашқы қадамын да жасап үлгерді. Яғни ол, өзі оқып, аяқтаған кітапты «Bolashaq books» сөресіне қойып, орнына жаңа кітапты қабыл алды. Қала әкімі қолтығына қыстырған кітабын оқып болғаннан соң, міндетті түрде осында баспа-бас басқа шығармашалық дүниеге ауыстыратынын жеткізді.
Кітап оқуды насихаттаудың мұндай қадамы арқылы ол «Bolashaq Books» кітап сөресін қолданушырдың қатарын көбейтуге ниетті.
Іргелі оқу орнының қабырғасында ашылған кітап сөресіне дәл қазіргі уақытта 30 дана комикстер және 10 дана «Супер қыз» кітабы қойылған. Одан өзге, 30 шақты кітапты QR-код арқылы смартфонда қосымша арқылы оқуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дің кітапханасы тарапынан да қосымша кітап сөресі қойылған.
Республика бойынша ашылған №14 кітап сөресіне кез келген азамат кітап айырбастап оқуына болатынын айта кетейік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетімен күрес жұмыстары кезінде кәсіби қырымен белсенділік танытқан азаматтар мен еріктілер үшін «Халық алғысы» медалін тағайындаған болатын. Мұндай медалға Шымкент қаласынан 20 адам лайық деп танылды. Арнайы медальді қала әкімі Мұрат Әйтенов табыстады. Марапатқа ие болғандардың қатарында «Визит» ЖШС бас директоры — Вельким Злавдинов, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы — Әбдіманап Төлебаев, «Юг Oil pro» ЖШС бас директоры — Шыңғыс Қозбахов, Қалалық диагностикалық орталықтың бас дәрігері — Шолпан Мырзахметова, Азаматтық альянс президенті — Жұмағали Білісбеков, «Хабар 24» телеарнасының журналисі — Катерина Попкова және т.б білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және өзге де сала өкілдері мен еріктілер бар. Эпидахуалды тұрақтандыру мақсатында белсенділігімен көзге түскен мапарат иелеріне Мұрат Дүйсенбекұлы «Бұл марапат — бүкіл әлемде орын алып отырған дертпен күресте халық игілігіне қызмет етіп, қайсарлық пен мейірімділіктің нағыз үлгісін көрсеткен азаматтарымыздың орасан еңбектері мен ерліктерін бағалау болып табылады. Мұны қиын кезеңде ерлік жасап отырған сіздердің және сіздермен бірге тығыз жұмыс атқарып, аянбай еңбек етіп жатқан ұжымдарыңыздың да жетістігі деп білемін», — деп лебіз білдірді.

Байланыс саласы Созақ ауданында 1929 жылы құрылып, «Байланыс кеңсесі» /Контора почты/ аталып оның алғашқы бастығы болып Батырбеков Дүйсенбек тағайындалған болатын. Бұл кісі дүниеден өткенінше байланыс саласында 53 жыл қызмет еткен азамат. Газет-журналдар Түркістан-Ащысай арқылы түйемен Шолаққорғанға тасылып тұрған деуші еді Дүйсекең. 1936 жылы Ащысай,Серго,Түркістан бағытымен желі тартылып Шымкент қаласымен телефон байланысы орнатылған. 1958 жылы Шолаққорған ауылына МБ арқылы 74 телефон орнатылып, оның бір номері Сталин/қазіргі Аққолтық/ аулына орнатылған.

Сол жылдары ЦБ 960 қондырғысы арқылы қосымша 120 телефон орнатылып облыстық байланыс басқармасы бастығы Жақуповтың басшылығымен ауылдарға байланыс желілері тартыла бастады.1970 жылы аудан орталығында 500 номерлік аналогтік автоматты стансасы іске қосылды. Почта мен электрбайланыс қызметтері бірге болып 1993 жылға дейін Созақ аудандық байланыс торабы аталып халыққа қызмет етіп келді. Заман талабына сай, 1993 жылдың 1 тамызынан бастап аудандық байланыс торабы екі ашық акционерлік қоғамдардың бөлімшесі болып екіге бөлінді. Бірі «Созақ аудандық Қазпошта торабы» аталып, оның тұңғыш бастығы болып Нысанбаев Айдархан Әлтенұлы тағайындалды. Бірі «Созақ аудандық телекоммуникация торабы» аталып оны Нұртаев Спандияр Әзімбайұлы басқарды.
Бүгінгі күні аудандық телекоммуникация саласына қарасты 16 автоматты станциялардың бәрі санды станцияға ауыстырылды. 7 радиорелейкалық WLL CDMA EVDO станциялары арқылы шалғайда орналасқан Раң ата, Жуантөбе,Тасты, Шу ауылдарына телефон, Интернет қызметтері ұсынылуда. 2013 жылы тұрғындар көп шоғырланған Таукент елді мекеніне аудан орталығынан заманауи талапқа сай 52 шақырым ОК-24 оптикалы-талшықты кабель салынып 1000 Мбит/с ағым беріліп тұтынушыларға жоғары жылдамдық Интернет пен ID TV/телевидение/ қызметі берілуде. Бұл қызмет түрлері аудан орталығы, Созақ, Жартытөбе ауылдарында да ұсынылуда. Аудан бойынша 5319 телефон қызметін пайдаланатын абоненттер бар, оның 4491 жеке секторларда. Кең жолақты Интернет қызметін 3210 тұтынушы пайдалануда. Altel 4G, Теле-2 ұялы қызметтерін 1110 абонент пайдалануда. Білім саласының Интернет қызметінің жылдамдығын арттыру мақсатында аудан орталығындағы орта мектептерге 8 Мбит/с-10Мбит/с жылдамдық берілсе, биыл Балдысу, Сызған, Қозмолдақ, Шаға, Жаукебаев, Абай, Қарбұлақ елді мекендеріндегі мектептерге 10-30 Мбит/с жылдамдықпен Интернет қызметін беретін радиокөпір орнатылды. Биыл аудан орталығында орналасқан 6 орта мектептерге де оптикалық талшықты кабель тартылып ол мектептер 10-20 Мбит/с жылдамдықпен Интернет қызметін пайдалануға қол жеткізеді. «Цифрлы Қазақстан» Үкімет бағдарламасына сай, биыл ауданымыздың Бабата, Аққолтық, Сызған, Созақ, Қарағұр және Құмкент елді мекендеріне оптикалы-талшықты кабель салу жоспарланған, бүгінгі күні аталған елді мекендерге магистральды кабель жер асты салынып АТС тарға жеткізілді. Бабата, Аққолтық елді мекендерінде орта мектептер мен ФАП-тарға оптикалық кабель іске беріліп ол мекемелер 10-20 Мбит/с дейін жылдамдықпен Интернет қызметін ала алады. Құмкент елді мекенінде оптикалық талшықты кабель АТС-тен ауыл әкімшілігіне, мектепке және ауруханаға тартылып қазан айында іске қосылады. Созақ аулында да аурухана, Созақ лицейі мен Навои орта мектептеріне де кабель тартылып,қазан айының 10 дейін берілетін болады. Жоспарланған алты елді мекенге кабель салу жылдың соңына дейін аяқталады деп жопарлануда. Бұл жұмыстардың сапалы жүргізілуін ҚР «Құрметті байланысшысы» Нысанбаев Айдархан бастаған білікті мамандар жіті бақылауда. Тарихқа үңілсек ауданның байланыс саласының дамуына көп жыл қызмет етіп еңбектері сіңген азаматтар бар атап айтқанда: Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Байжанов Сұлтанмұрат, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері марқұм Қуанышбаев Асубай, Жанысова Шырайкүл, Сазанбекова Дәметкен, Отаров Жанайдар, Қуатбеков Айтжанғали, Мұқымбеков Жақып, Нүркеева Татьяна, Қораласбаев Жұмабек, Мұстафаев Қуандық, Атаулаев Ергешбай, Шәрібеков Нәлібек сынды көптеген ардагерлердің аттарын атап кетуіміз керек. Қазақтелеком АҚ құрылғанына 25 жыл толуына орай, осы мекемеде 25 жылдан астам жұмыс істеген «Қазақтелеком» АҚ Созақ ауданы бөлімшесінің басшысы Нысанбаев Айдархан, жетекші инженер Отаров Жанайдар, станция электромеханигі Байжанов Рашид, оператор Бименова Гүлсім, оператор Оспанова Айгүл, станция инженері Мұқымбеков Жақып, Оператор Бармағанбетова Светлана, кабель дәнекерлеуші Кемелбаев Ділдабек, монтер Тәтібаев Айтмет, электромонтер Шаймерденов Қайрат сияқты он қызметкерге мерекелік медальды мекеме басшысы А.Нысанбаев салтанатты түрде табыс етті. Бүгінгі күні Созақ ауданынан Қазақстан Республикасының «Құрметті байланысшы» атағын алған төрт азамат бар олар, Байжанов Сұлтанмұрат, марқұм Нұртаев Спандияр, Толов Абдолла және Нысанбаев Айдархан. Айтулы шара еліміздегі төтенше жағдайға байланысты күндіз,санаулы адамдармен карантин ережесін сақтай отырып шұғыл түрде өткізілді.

Мақсат ЖЕҢІСҰЛЫ.

Әлемнің көптеген елдерінде Covid-19 вирусын жұқтыру деректері күрт көбейді. Инфекцияның қайта өршуінен көптеген мемлекеттер өз аумағында карантиндік шараларды күшейтуде. Соған қарамастан ауру саны артып барады.

Қазіргі таңда әлем бойынша вирус жұқтырғандар саны 38 млн.ға жуықтады. Індет 1 млн.нан астам адамның өмірін қиды. Эпидахуалы қолайсыз күйге түскендердің елдердің көш басында АҚШ, Индия, Бразилия тұр. Көрші Ресей Федерациясында да жағдай мәз емес. Бүгінде онда коронавирусты жұқтыру деректері 1 млн. 291 мыңнан адамды құрап отыр. Қазақстанда да ахуал қанағаттанарлық емес. Ауру жұқтыру деректері Қазақстанның барлық аймақтарында тіркеліп отыр. Ағымдағы жылдың 12-қазанындағы мәлімет бойынша елімізде вирус жұқтырғандар саны 108 831 адамға жеткен. Оның ішінде 104 041 адам емделіп шыққан. Қайтыс болғандар саны 1746 адамды құраған. Мамандар сақтық шараларын барынша күшейту қажеттігін айтады.
Өз кезегінде Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының мамандары инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында сақтық шараларын қатаң ұстану қажеттігін ескертеді.
Еске сала кетейік, Шымкентте 2020 жылғы 12 қазандағы жағдай бойынша COVID-19 -дың 5203 жағдайы тіркелген. Оның ішінде — 2648 симптомдық, 2554 – симптомсыз. Қала бойынша коронавирустан емделген науқастар саны 5 108-ге жетті.
Сондай-ақ, қалада 11-қаңтардан 12-қазанға дейін пневмонияның 18 341 жағдайы тіркелген болса, оның 18 191-і ауруынан айыққан.
Бұған дейін қалада карантиндік шаралар 26-қазанға дейін ұзартылған болатын.