Маңызды

Бұл күндері еліміздің экономикалық қуаты, тұрмыс-тіршілігі, халықтың әл-ауқатының артуы ауыл шаруашылығындағы жүргізілген жұмыстарының нәтижесіне тікелей байланысты. Әр аудан, әр аумақ осы игілікті мақсат жолында үлкен міндет пен игілікті мақсат жолында нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізу үшін бар тірліктерін саралай отырып іс атқаруда.
Солардың қатарында Ордабасы ауданының қауымы да бар. Аумақ экономикасының басты драйвері – ауыл шаруашылық саласының өнім көлемі 24 млрд. 277 млн. теңгені құрап, өткен жылдың кезеңімен салыстырғанда 2 млрд. 325 мың теңгеге артты. Жалпы өңірлік өнімнің 53,2 пайызын құрап отыр. Облыс бойынша алып қарағандағы үлесі 7,2 пайыз. Енді салалық және жекелеген ұжымдар бойынша алып қарар болсақ егістік жердің игерілуі жоспарлы 65400 гектар орнына 65777 гектарға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 400 гектарға молайған.
Ауданда жаңадан 710 гектар жер айналымға қосылды. Ол негізінен жерді бір санаттан екінші санатқа, яғни жайылым жерлерді суармалы жерге айналдыру және тәлімі жерлерге бау, жылыжай шаруашылықтарын орнықтыру есебінен орындалды. Уақыт өткен сайын аумақта жылыжай салуға деген ниет білдірушілердің, тікелей құрылыс жүргізіп жатқан тұрғындардың, кәсіпкерлердің саны артып келеді. Оның көлемі қазір 83 гектарға жетті. Саралап көрсек осы алқаптың 21 гектары өндірістік, қалған 62 гектары фермерлік жылыжайлар. Бұл бақшалық орыннан 4708 тонна өнім, оның ішінде 3621,5 тонна қияр, 1086,5 тонна қызанақ, көкөніс өнімдері алында. Бадам ауыл округіндегі «АдельЯ» шаруа қожалығы Ресей еліне өздері өндірген өнімнен 104,5 тонна қиярды экспортқа шығарды. Шұбарсу ауыл округінен халықты тұрақты жұмыспен қамту мақсатында «Шұбарсу жылыжай аймағын құру жобасы» қолға алынып, 15 гектар жер телімі бөлінді.
Инвестиция тарту біртіндеп ілгерілеп келеді. Өткен сегіз айда ауыл шаруашылық саласына 4 млрд. 644 млн. Инвестиция тартылып, көрсеткіш өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда екі есеге артты. Тамшылатып суару әдісі 611 гектар жерге енгізіліп, белгіленген тапсырма 101,8 пайызға асыра орындалды. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруге жеңілдетілген бағамен 6110 тонна жанар майдың бөлінуі жұмыстың жүйеленуіне пайдасын берді. Оған қосымша топырақ құнарлылығын арттыру, дақылдардың өнімі мен сапасын арттыруға қол жеткізу мақсатында шаруалар 4200 тонна минералды тыңайтқыштар иемденді.
Жаңа инновацияны қолдану арқылы Қажымұқан ауыл округінен 60 гектар тәлімі жерге «BS-Aqro Product» ЖШС суарусыз әдіс арқылы жаңа қарбыз көшетін отырғызып, алынған 6,6 тонна көшеттік дәннің килограмын Израйль еліне экспорттауды жоспарлап отыр.
Өнім сақтайтын қоймалар жұмысын жолға қоюда да біршама жұмыс ауданда қолға алынуда. Жалпы алып қарағанда сиымдылығы 38,050 тоннаны құрайтын 16 бірлік қоймалар бар. 7 қойма сыйымдылығы 8950 тонна көкөністі сақтаса, қалған 9 қойма 29100 тонна астық өнімдеріне арналған. Бірақ олардың өзі де қажеттілікті толық қамтасыз ете алмайды. Сондықтан да қазір Бадам ауыл округінде «Александровский сад» ЖШС-да жеміс-жидек өнімдерін бастапқы өңдеумен айналысатын сыйымдылығы 1670 тонна, инвестициялық құны 815 млн. теңгені құрайтын заманауи қойманы іске қосуға деген дайындық жұмыстары жүргізілуде. Халықты жеміс-жидекпен толық қамтамасыз ету мақсатымен жалпы көлемі 319 гектар жерге көпжылдық қарқынды екпелер орналастырған. Жыл басынан бері оның 109 гектарына тиісті екпелер орналасты, жоспар 109 пайызға орындалды.
Сондай-ақ егістік жерлерді тиімді пайдалану мақсатында бір жерден екі өнім алу жұмысы ауданда жаңаша бағыт алып, біраз жұмыстар жолға қойылу үстінде.
Ауыл шаруашылыған дамытуда мал шаруашылығының қосар үлесі аз емес. «Сыбаға», «Алтын асық» бағдарламалар бойынша жүріп жатқан жұмыстар оң қайтарымын беруде. Әсіресе, мал бордақылауға деген ұсыныс пен талпыныс қарқынды өтуде. Тек осы жылдың өзінде ғана ауданда 76 бірлік мал бордақылау алаңдары ашылды. Сүт фермалары мен құс фермаларының жұмыстары да жоғары қарқынды. Мал басын арттыру, бордақылауды жүйелеу, жұмыртқа өндіруді ұлғайту салаларының жақсаруы да көңілге көп үміт ұялатады. Ауданда ет-сүт өнімдерін өңдеу, шұжық цехтарын көбейту салаларында да біршама игілікті тірлік одан ары жалғастырылуда.
Ордабасы ауданында 85 канал бар. Оларға жөндеу жұмыстарының жүргізілмеуінен егістік жерлерді сумен қамтамасыз ету көрсеткіші елеулі төмендеген. Қазір 43 каналға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Олардың жалпы ұзындығы 380,9 км. Механикалық тазалауды қажет ететін 214,6 км. канал арнасын тазалау нәтижесінде 15.249 гектар сумен қамтасыз етілуі жақсарса, су жетпеу қаупі біршама шешілді. Ендігі сәтте Қараспан ауыл округінде шешімі қиын болып тұрған мәселені орнықты етуге байланысты жұмыстар ауданда жүргізілуде. Онда жаңадан ұзындығы 4,2 км. канал қазылып, Бадам өзенінен бөгет арқылы су алынып, 2664 га жерге судың жетуіне мүмкіндік тумақ. Әрі бұл бір жағынан Бейсен, Жаңатұрмыс; Ақжол, Мақташы, Сарыарық, Жұлдыз; Ынтымақ, Мәдениет, Семхоз елдімекендерінің егістіктерін сумен қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін көбейтетін болады. Жалпы Ордабасы ауданы өңірінде осындай біршама атқарылып жатқан жақсы жұмыстар келешекте мол қайтарымға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

С. ДАЙЫР.

Шымкентте аудан әкімдері тұрғындарды онлайн форматта қабылдап, мәселелерін тыңдауда. Онлайн жүйеде айтылған шағымдар шешімін тауып келеді.
Таяуда Абай ауданына қарасты Яссауи көшесінің тұрғындары асфальт төсеу, ирригациялық жүйе және жалға берілетін пәтерлер мәселесі бойынша талап-тілектерін жеткізген болатын. Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов инфрақұрылым мәселелері бойынша тұрғындармен арнайы кездесіп, мұқтаждықтарын тыңдады.
Бұқарбай Рысқұлұлы көтерілген мәселелердің шешілуі бойынша қолға алынған жұмыстардан хабардар етті. Сондай-ақ, оның уақытылы орындалуын тиісті бөлімдерге тапсырды.

Түркия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи, Түркияның Алматы қаласындағы бас консулы Али Рыза Акынджы және қала әкімі Мұрат Әйтенов құрметті консулдықтың ғимаратын аралап, алдағы жұмысымен танысты. Сондай-ақ, бұл шараға «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, құрметті консул Латипша Асанов, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Шымкент филиалының өкілдері мен түркиялық бизнесмендер де қатысты.

Түбі бір қаны аралас, діні мен ділі ортақ, туыстас екі ел өкілдері дидарласқан осы бас қосу кезінде қала әкімі Мұрат Әйтенов пен түркиялық делегация мүшелері консулдықтың алдағы уақытта атқаратын жұмысы жайлы мағлұмат алды.
Жаңадан ашылғалы отырған консулдықтың мақсаты – қос мемлекет туризмінің дамуына ықпал ету, кәсіпкерлерге құқықтық кеңес беру, болашақ инвесторларды қаладағы индустриалды аймақтардың мүмкіндіктерімен таныстыру және оларға өнеркәсіп салаларына қатысты толыққанды ақпарат беру.
Орталықта өткен кездесуде тараптар екіжақты сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
– Миллионнан астам халқы бар Шымкенттің дамуында шетелдік инвесторларды тарту айрықша маңызға ие. Осы орайда түркиялық кәсіпкерлер қаламызда құрылыс, медицина, тоқыма өнеркәсібі сияқты салаларда инвестициялық жобаларды табысты жүзеге асыруда. Біз осы байланыстарды одан әрі нығайта түсуге мүдделіміз, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Өз кезегінде Уфук Экиджи халқы тығыз орналасқан, аумағы кең, климаты жайлы Шымкент бизнес-жобаларды жүзеге асыруға таптырмас қала екенін айта келіп:
– Қазақстан мен Түркия – ортақ тарихы мен мәдениеті бар мемлекеттер. Қазақстан қоғамдық келісім мен ынтымақ, бірлікті сақтай білді. Бұған барлық азаматтар мен этностардың теңдігін қамтамасыз ету арқылы қол жеткізді. Екі ел арасында ерекше достық, бауырластық қарым-қатынас қалыптасқан. Біздің Шымкент шаhарына келуіміздің негізгі себебі – екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайту, – деді.
Кездесудің соңында қала әкімі шымкенттіктер жыл сайын Наурызды алғашқы болып қарсы алатынын айтып, мәртебелі меймандарды келер жылы Ұлыстың Ұлы күнін елдің мегаполис үшінші шаһарында қарсы алуға шақырды.

Оны кім қалыпқа келтірмек?

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Шымкент қаласы филиалының жоспарында осы аптада «Шымқаланың сәулеті, тазалығы баршаға ортақ» тақырыбында жауапты билік басшылары, құқық қорғау органдары, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар және БАҚ өкілдерінің қатысуымен үлкен жиын өткізілуі тиіс болатын.

Қала сәулетіне байланысты Партиямыз қозғағалы отырған «қызыл сызық» мәселесін қала әкімінің орынбасары Айманбетов Маулен Зарлықұлының осы сұраққа арнайы көңіл бөліп, оның заңсыз жақтарын көрсетіп, шешу жолына білек сыбанып кіріскені қала жұртшылығының көңілінен шығып отыр. Бұған дейінгі жауапты атқа мінерлер талай жылдан бері бұл күрделі мәселенің күрмеуін шеше алмай келе жатқаны қашан?
«Қызыл сызықтың» дәлізі үстінен немесе жанынан заңсыз жер бөліп беру, заң бұзушылықпен қатар халықты ажал қақпасына айдап апарумен пара-пар. Оған әртүрлі құрылыс нысандарын салуға көз жұмып қарау осы салаға жауапты болған мемлекеттік мекемелердің жақша ішіндегі рұқсатын қалай алды деген үлкен сұрақ еріксіз туындайды.
Осындай заңсыздықтарға барып отырған кейбір кіші бизнестің өкілдері, Президенттің кіші және орта бизнес құрылымдарын тексеруге үш жылға дейін мораторий жариялағанын алға тартып, қала тұрғындарының өмірін тәуекелге тігіп отырғандығын айта кету керек. Егер ол бизнес субъектілері заңды бұзбай жұмыстарын атқарып отырса, сөз жоқ. Ал, олар заңды өрескел бұзып, мемлекет басшысының бұйрығынан қалқан жасап, заңсыз әрекеттерге барса, ол дәлелденсе заң алдында жауап беру керек.
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Әбдікерімұлы Бектаевтың тікелей басшылығымен жыл сайын өткізетін «Өз ағашыңды ек» акциясы бүкіл Қазақстан бойынша іске асып отырған өнегелі іс.
Партияның Шымкент қаласының филиалы осы акцияның аясында жыл сайын қаламыздың көшелеріне көптеген ағаш отырғызып келеді.
«Қызыл сызықтағы» құрылыс нысандары алынып тасталса, сол орындар қаланың құзіретті мекемелерімен бірігіп «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы экологиялық ахуалды жақсарту үшін өз үлесін қосар еді.
Сонымен қатар, бізді алаңдатып отырған тағы екі мәселе бар.
Біріншіден, қаланың көптеген көшелерінде рұқсатсыз бейберекет қолдан құйылып жасалған арнайы белгісі жоқ жол кедергілері. Қолданыста оны «лежащая полиция» деп атайды. Оның кейбір көшелерде жиілігі сондай, жиырма метр сайын салынған. Бұған тиісті орган тарапынан бақылаудың жоқтығы ма? Әлде сол көшенің тұрғындарына заң әлсіздік таныта ма деген ойда қаласың.
Екіншіден, сауда орталықтарының, базарлардың төңірегінде заңсыз ұйымдастырылған автотұрақтар мәлесі. Келген автокөліктерден қолма – қол ақша жинайтынын баршаңыз білесіздер. Олар неге мемлекеттің қарамағындағы жерге қожалық жасайды? Оның артында тұрған кімдер? Түскен қаражат қайда кетеді? Салық мекемелері оны біле ме деген жауапсыз сұрақтар көп.
Халықтың көкейінде жүрген осы түйткілді мәселелер төңірегінде жауапты атқарушы билік өкілдерінен нақты жауаптар күтеміз.
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы қала тұрғындарының осындай уәждемесін қанағаттандыру мақсатында, жоғарыда айтылған мәселелердің атқарушы билік тарапынан орындалуын өз бақылауында ұстайтын болады.

Қ. Б. ДОСАЛИЕВ,
«Ауыл» ХДПП Шымкент қаласы бойынша өңірлік филиал
төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі еліміздің аумағында бүкіл дүниені тітіренткен жұқпалы дерт ахуалының тұрақталғанын айтып ақталғанмен, пневмонияға байланысты арнайы статистикалық мәліметтерге қарағанда апат әлі асқынып тұрған секілді. Әсіресе коронавирус инфекциясынан шығын болғандардың қатары азаю орнына артып отыр.
Тамыздың алғашқы күніннен кешеге дейін 32 мыңдай адам коронавирус пневмониясын жұқтырып, 27 мыңдайы жазылып шығып, 347-і қайтыс болған. Ал содан сәл бұрынырақ уақытта яғни, наурыздан бергі уақытта коронавирустан көз жұмғандардың санына көз салсақ олардың қатарының 1715-ке жеткені талайлардың орны толмас өкінішке ұрындырды. Дәл қазіргі таңда елімізде арнайы жабдықталған жұқпалы ауруханаларда ем қабылдап жатқан науқастардың жалпы есебі 3515 болса, оның 40-ы жас балалар. Осы ауыр дертке шалдыққандардың 98-інің жағдайы ауыр, 13-і өте ауыр, ал 22-сі тыныс алу аппараттарына таңылған. Тек кеше ғана дертке шалдыққандардың қатарына тағы да 230-дан астам адам қосылған.
Әсіресе, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарында дертті жұқтырғандар азаймай отыр. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек кешегі тәулікте бұрын құрбан болған 1700-ден астам адамның қатарын тағы да төрт адам одан әрі ұлғайтқан.

Шымкентте бірқатар көшелерде жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Жалпы құрылыс жұмыстарын қыркүйек-қазан айларында аяқтау жоспарланған болатын.

Атап айтқанда, Қазығұрт шағынауданындағы «Құрылыс» көшесінде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Көшенің ұзындығы – 700 метр, ені 4 метр. Тұрлан шағынауданындағы Әйтеке би көшесіне орташа жөндеу және аяқ жол салу жұмыстары толығымен орындалды. Жауапты мердігер мекеме «Оңтүстік Ғимарат Құрылыс» ЖШС-і екі көшені де өз мерзімінде тапсырды.
Сондай-ақ, Әл-Фараби ауданында «ӘлемТрансЖол» ЖШС-і жүргізген бірқатар көшелерде орташа жөндеу жұмыстары атқарылып, пайдалануға берілді. Метрологический, Шевченко көшесінде (көшенің ұзындығы 930 метр, ені 5 метр), Аманжолов өткелінде абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Қазір бүкіл елімізде түрлі деңгейдегі мәслихат пен мәжіліске депутат болуға талаптанған азаматтар үлкен сын алдында өздерінің келешектегі ойларын сайлаушыларымен бөлісуде. Кандидаттарды саяси ұйымдар ұсынса, көптеген үміткерлер өздерін өздері сынақ бағына қарай жіберуде. Міне, сондай кандидаттардың бірі Диана Мұратханқызы Қараманова 1975 жылы Алматы облысы, Үшарал қаласында дүниеге келген.

Ол кісі қазір қағидасы қалыптасқан, тәжірибесі барынша мол, талай білікті істерді жүзеге асыруға қол жеткізген азаматшылардың қатарына келеді. Қазақ мемлекеттік басқару академиясында, Орталық Азия және Шымкент университеттерінде экономикалық, заңгерлік және педагогикалық білім алған. Еңбек жолын есепші-кассир болып бастап, алдына үлкен мақсат қоя отырып, табандылығы мен кәсіби шеберлігінің арқасында Алматы облыстық қаржы басқармасында, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ мекемелерінде бас маман болып қызмет атқарып, 2006 жылдан негізінен кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Атқарылған жұмыстарды екшеп қарайтын болсақ көп істің жүзеге асқанын, ауқымды міндеттердің одан әрі жақсы жағынан жалғасын тауып жатқанына еркін түрде көз жеткізуге болады. Алғаш рет Астана қаласында осыдан он бес жылдай бұрын «Керемет» атты жекеменшік бала-бақшасын ашып, өз бизнесіне тұрақты негіз қалады. Қандай да бір елге пайдасын берер, көптің өтеуіне лайық игілікті іс жасау айтуға оңай болғанмен, тікелей жүзеге асыруда көп міндет, көп қаржы және біліктілікті бірінші кезеңде талап ететіні сөзсіз.

Міне, Диана Мұратханқызы сондай сүрлеуден сүрінбей өткен, еңбегі жанған жандардың бірі десек, ол орынды баға болып саналар еді. 2010 жылы Шымкент қаласына қоныс аударуына байланысты ел астанасындағы өзінің алғашқы игі бастамасын жалғастырып, қаладан «Керемет-Оңтүстік» атты ірі жекеменшік бала-бақшаны ашып, мемлекеттің білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған басты бағдарламасына сәйкес көп істі жүзеге асыра алды. Ендігі басты бағыттардың бірі 2020-2025 жылдарға арналған білім мен ғылымды дамыту бағдарламасына лайықты жаңа міндеттерді іске асыруға нақтылы негіз қалау үстінде.
Кез-келген стратегия билік пен қоғам арасында келісімге негізделетіндігін басты бағдар ете білген Диана Қараманова «Nur Otan» партиясының мүшелерінің үлкен сеніміне ие болуы үшін депутаттыққа өз кандидатурасын ұсынған кәсіпкер азаматша қазір сайлау алдындағы өзінің әдістері, міндеттері және сайлана қалған жағдайда атқаратын негізгі жұмыстарымен өз сайлаушыларын тереңінен таныстыруда. 2016 жылы қоғамдық негізде құрылған Шымкент қаласы аумағындағы «Қазақстан үздіксіз білім беру қауымдастығы (КАНО)» филиалының директоры болып сайлануы Диана Мұратханқызының біліміне, білгірлігіне, белсенділігі мен іскерлігіне қарай үлкен сенімге ие болғандығын ерекше атап өткеніміз орынды. Содан бергі жылдар ішінде филиал Шымкент қаласы әкімдігімен, мәслихатымен, «Nur Otan» партиясының қалалық филиалымен, «Атамекен» өңірлік Кәсіпкерлер палатасымен, Шымкент қалалық білім беру басқармасымен тұрақты түрде ынтымақтаса отырып, талай толымды мәселелердің шешілуіне атсалысты. Олардың қатарында әлеуметтік сала ұйымдары үшін коммуналды қызметтерде тарифтерді төмендету, өсіп жетілуінде ерекшеліктері бар мектепке дейінгі ұйымдардың балаларының өміріне инсклюзивті оқыту мен тәрбиелеуді енгізу, бір жастан бастап балаларды бала-бақшаға қабылдауды автоматтандыру бойынша Републикалық пилоттық жобаны іске асыру, салалық бизнесте дамытуға ықпал ететін жеке басшыларға арналған санитарлық ережелер мен нормаларға өзгерістер енгізу жолында талай-талай толымды мәселелерді көтеріп, оның жүзеге асырылуына, дер кезінде шешілуіне қосқан үлесі аз болған жоқ. Мына бір мәселені іске асырудаға Диана Мұратханқының мектепке дейінгі білім беру саласында істейтін Шымкент қаласы кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау шеңберінде 2019 жылы КАНО мен Кәсіпкерлер палатасы жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруды 01.01.2020 жылдан бастап 26 пайызға ұлғайтуға қол жеткізді. Нәтижесінде кәсіпкерлер 294 млн. теңге көлеміндегі болашақ шығындардың алдын алды. Диана Қараманова басқаратын қауымдастық филиалы жыл сайын Шымкент қаласындағы жетім балаларға материалдық көмек көрсету жөніндегі акцияларына, Арыс қаласының тұрғындарына қайырымдық жәрдем беру ісіне де белсене арласып келеді. Қауымдастық өз есебімен биылғы жаз айында Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына 840 мың теңгенің дәрі-дәрмектерін сатып әперді. Еңбекші ауданы әкімдігі деңгейінде Майлы Қожа, Челюскинцев көшелеріне кәріз жүргізу мәселесін аумақ тұрғыны ретінде көтеріп, ол оң шешімін тапты. Қазіргі таңда дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Еңбек және қоғамдық қызметтегі мол тәжірибесіне қарамастан Диана ханым алғаш рет сайлауға үміткер ретінде қатысып отыр. Депутаттыққа партия ішіндегі кандидат ретінде қадам жасаған Қараманова «Nur Otan» партиясы мүшелерінің өзіне деген сенімін жоғары бағалайтындығын өз сөзінде ерекше атап көрсетті. Үміткер көптің қолдауына ие болу үшін алдына кең көлемде міндеттер белгілейді. Диана Қараманова сондай депутаттық жұмыстың басымдықтарын өз сайлаушыларының алдында, кездесу барысында барынша байыпты түрде таныстыруда. Осы басымдықтар қатарында Еңбекші ауданында ұзақ мерзімді даму стратегиясын қалыптастыру, қала бюджетін орнықтыруға қатысу, оның орынды жұмсалуын бақылау, сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу, өмір сүру сапасының жақсаруы мен әлеуметтік жағынан қорғалуын арттыру, білім беру саласының дамуына, онда жұмыс атқаратын қызметкерлердің мәртебесін көтеруге жәрдемдесу, шағын және орта бизнесті дамытуды қолдау, аудандық қауымдастық пен ынтымақтастық орнату секілді негізгі бағдарлардың бар екендігі үміткерге деген сенімділікті орнықтыруда.
Еңбекші ауданында қордаланған мәселелерді шешуде мәслихат депутаттығынан үміткер Диана Қараманованың белгілеген өзіндік бағдары бар екен. Бизнестік құрылымдары бастамаларын қолдай отырып, «үй жанында» жұмыс орындарын құруға жәрдемдесу, ол үшін зейнет жасқа жақындаған адамдар мен мүгедек жандар үшін үлкен мүмкіндік болатындығын осы бағдарда айрықша атап көрсетеді. Сол секілді білім беру саласы бойынша меншік нысанына қарамастан инфляцияны ескере отырып істі қалыптастыру, кадр тапшылығы, шығындарды толық қаржыландырудағы өзекті мәселелерді батыл және тиімді шешу, алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100 пайыз деңгейінде қамту, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту және қалалық бюджеттен жеке мектеп салуға қаражат бөлінуіне ықпал ету, қиындыққа тап болған жандарды әлеуметтік жағынан қорғау, жергілікті қоғамдастық, ұлтаралық келісім мен толеранттылық тұжырымдамасын іске асыруды жандандыру, ҰОС ардагерлерінің, тыл еңбеккерлерінің, «Nur Otan» партиясының жасы үлкен мүшелерінің мәртебесін арттыру, оларды «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға тарту және жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге ерекше назар аудару үміткердің қаперінен шықпайтын басты мәселелердің санатында екен.
Диана Мұратқанхызы тарапынан алғы күндерге деген мұнан басқа да көптеген істерді жүзеге асыру бағыты бар екендігіне біз жүздесу барысында көз жеткіздік. Өз сайлаушылары ол кісіге толықтай сенім білдіретіндігіне шүбәміз болмады.

С. НҰРАЙ.

Шымкенттіктердің арасында біраздан бері Бәйдібек даңғылындағы ипподром-атшабар жайында нанымды, нанымсыз талай әңгімелер айтылып келеді. Осыдан қырық жыл бұрын облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған марқұм Асанбай Асқаровтың дәуірінде іргесі қаланған, сол кездегі бағалау бойынша қазіргі ипподром ірі құрылыстардың бірегейі ретінде пайдалануға берілген екен.

Көне көздердің айтуы бойынша атшабатын арнайы алаң құрылысы өз дәуіріндегі жаңа құрылыстардың қатарында болған. Негізінен ипподром қаланың шетінде, ашық алаңда орналасқан болатын. Бір кездегі шағындау болған Шымқала қазір адам танымастай ауқымға жетті. Жаңа құрылыстар бой көтерді, отыздай шағын аудандар өмірге келді, халқының саны миллионнан асты.
Ел аузындағы асылықтау әңгіме біраз жылдан бері әр түрлі ұзынды-қысқалы өсектермен өрбіп келеді. Ұзақ қала ипподромына басшылық жасаған, Шымкент қалалық мәслихатының депутатаы Ғани Ахметбаевтің айтқан уәжіне, берген мәліметіне құлақ түрсек қазіргі таңда жаңа бір жоспарлар жүзеге асырылу үстінде екен. Ипподромның бүгінде еңсесі мүлдем төмен түскен, жан-жағынан алып талай үйлер бой көтеріп, ол бейне бір шұңқырда, барынша пәс жерде, еңсесі езіліп, көзге қораш көрініп тұр. Аумағы баяғыда ат шаптырымдай болып үлкен алаң санатындағы ипподромның қазіргі ат шабатын алаңының ұзындығы шақырымға да жетпей, тұлпарлардың тынысын тұншықтыратын орынға айналып кеткен. Қайбір жылдары Асанбай Асқаровты еске алуға байланысты үш күндік бәсеке кезінде толық тыныстай алмаған үш ат опат болған. Жабырқаулық туғызатын жайсыздау әңгімеге өзек болған «Ипподромды жауып, орнына тұғыры биік тұрғын үйлер салынады» деген сан-тарау хабарлар қаланы шарлап кетті.
Тиісті басшылар мен мамандардың бүгіндері айтқан мәліметтеріне қарағанда үшінші мегаполис қалада жаңа ипподром бой көтергелі жатыр. Бозарық шағын ауданынан қала әкімдігі 24 гектар алқап бөліп, сол жерде заманауи жаңа талапқа сай, ен атырапты алатын жаңа ипподромның жобасы жасалынуда. Ол тек бір ат шабатын алаңмен тоқтап қалмайды, онда жаттығатын орындар, ветеринарлық қызмет көрсететін комплекс, қоймалар секілді күнделікті қажетті көптеген қосымша құрылыстар бой көтермекші. 2012 жылы сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың алдында ауызға алынған келелі мәселе жақын мерзімдерде орындалатындығына ешқандай шүбә қалмайтындығына үлкен сеніммен қарауға болатын секілді.
Биік алаңға орналасатын жаңа атшабар шабысқа түсетін аттар үшін де аса қолайлы болмақ. 3-4 шақырымдық тұлпарлар жарысқа түсетін орын барлық жағынан уақыт талабына толық жауап бермек. Ипподром құрылысына демеушілік жасап, мол қаржы құятын жанашыр азаматтар жөнінде де жақсы сөздердің тарап жатқандығы көңілге кәдімгідей жұбаныш пен қуаныш ұялатады. Ал, ескі ипподромның орнында қандай құрылыстар болатындығы уақыт пен биліктің еншісінде болмақ.
Жекелеген қала тұрғындарының дәл осы ипподромды жаңа жайға көшіру жөніндегі айтқан пікірлері мен ұсыныстары еріксіз елең еткізеді. Олардың айтуы бойынша Шымкенттің ішінде халық демалатын, қызық көретін ипподромның қазіргі жайын басқа жаққа аудару аса қажет емес деген толғақты ой бар. Базбіреулері «бүтін тұрған дүниені бүлдіргеннен ешбір басшы жақсылық көрмейді. Жетпеген жерлерін қайтадан жасау кімге соншама қажет болып отыр? Атшабар алаңын алысқа алып қашқаннан кімге қандай пайда болмақ?» деген ауыздан шыққан сөздер аз болмай тұр. Кей сәті көбірек ойландыратын бағалалар да, көптің көңіліндегі қарсылықты аңғартып жатқан секілді. Қайбір азаматтар мен азаматшалар «тұрғын үй салуға ипподромнан басқа жер табылмай қалды ма? Қазақтың жері аз емес қой» дегендері де көңілде қағажу барлығын аңғартқандай. Алуан ой, сан түрлі пікірлер әзірге осылайша толастамай тұр.
Шымкент әкімдігінің бізге жеткен сенімді дерек көздеріне сүйенсек, BI Group компаниясы 135 миллиард теңге көмемінде инвестиция тартып, қазіргі тұрған ипподромның орнына тұрғын үй комплексін салуды жоспарлауда. Бұған қосымша жаңадан салынатын заманауи атшабардың мемлекеттің қаражатынсыз, өз есептерінен атқаруға бекем бел байлап отыр екен. Сонымен қатар «Тұлпар» көлінің маңын абаттандыру жұмысы да осы компанияның есебінен жүргізілетіндігі көңілге қанағат ұялатады. Егер осы көзделген міндет іске асатын болса, оған басшылық жасап отырған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы тұрғын үй жөніндегі күрделі мәселелерді түбегейлі шешіп, жаңа ипподром жақсы кейіпте халыққа қызмет көрсетеді. Сол кезде әкімге орынды-орынсыз айтылып жатқан бағалаулардың да, пайымдаулардың да барлығына нүкте қойылады.

Қ. АЙДАРОВ.

Шымкентте барлығы 172 мектеп бар. Ондағы оқушылар саны 211 796-ны құрайды. Оның 147-сі мемлекеттік мектеп болса (оқушылар саны 202 492), 25-і жекеменшік болып табылады. Олардың барлығы оқушыларды қашықтан оқытуға толық дайын.

Қаладағы 147 мектептің 145-і (2-уі түрме жанындағы кешкі мектеп) кең жолақты интернет желісіне қосылған.

Бұл туралы Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева педагогика саласы қызметкерлерінің Тамыз конференциясында мәлімдеді. Онлайн түрде өткізілген шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов, қалалық мәслихаттың хатшысы Ғани Ташқараев, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов, аудан әкімдері, ардагер ұстаздар және білім басқармасының, білім беру ұйымдарының басшылары қатысты. Жылдағыдай емес, биыл пандемияға байланысты онлайн түрде өткізілген кеңесте аталған саладағы өзекті мәселелер, қол жеткізген жетістіктер, жаңа оқу жылына қарсы айқындалған міндеттер сөз етілді.

 Ғаламторға қосуға 235 млн. теңге қаржы қаралған

Жаңа оқу жылын оқушылар қашықтан оқитыны белгілі. Бірақ ата-аналардың өтініші негізінде бастауыш кластар үшін кезекші сыныптар ашылатыны алдын ала ескертілген болатын. Осыған байланысты жаңа оқу жылы қарсаңында 14490 бастауыш сынып оқушысы үшін ата-аналардың өтініші негізінде қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, 996 кезекші сынып ашылды. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты кезекші сыныптардағы балалар саны 15 оқушыдан аспайтын болады. Және әлеуметтік алшақтық ережесі қатаң сақталуы үшін үзілістер әр класс үшін әртүрлі уақытта белгіленетін болады.

Сонымен қатар барлық білім ұялары «Bilim Iand — Onlinemektep.orq» интернет платформасында қашықтан оқытуға толығымен дайын. Бүгінде білім мекемелері толығымен интернет желісіне қосылған. Бұл бағытта 235,9 млн. теңге қаржы қаралған.

Сондай-ақ, «Қазақтелеком» АҚ арқылы шалғайдағы елді мекендердің, білім ұйымдарының интернет желісінің жылдамдығын секундына 8 Мб-тан 12-ге дейін ұлғайту жұмыстары жолға қойылуда. Және де интернетке мұқтаж 24 109 отбасының (42 368 бала) 17 706-на интернетке қосылған «әмбебап-нөмірлер», 6 403-не кабельді интернет желісі тартылуда.

Жылу маусымына дайындық өз деңгейінде

Тамыз кеңесінде білім мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындық барысы да сөз етілді. Шымкент қалалық білім басқармасы Жанат Арысбекқызы білім мекемелерінің жылыту жүйелерін жөндеу, қысымдау жұмыстары толық аяқталғанын айтты. Қазіргі таңда Шымкентте жеке қазандықпен жылытылатын 25 мекемеге 4793 тонна қатты және 190 тонна сұйық отын жеткізілген. Жалпы жылыту маусымына жоспарланған бұл шикізаттар арнайы зертханадан өткізіліп, тиісті сертификат алынған.

 

Оқушылар қашықтан оқу құрылғысымен толық қамтылды ма?

Қазіргі таңда Шымкенттегі білім мекемелеріндегі компьютер саны 20 201-ді құрап отыр. Оның ішінде 10 975 дана компьютер ағымдағы жылдың шілде айында сатып алынды. Бұдан бөлек, ҚР Үкімет қоры және жергілікті бюджет есебінен 36 355 (7438 — компьютер, 24 716 — ноутбук, 4 201 — планшет) компьютерлік құрылғылар алу жұмыстары басталды.

Қашықтан білім беру жағдайында, 222 050 оқушының 35% (77 698 оқушы) 41 900 компьютерге мұқтаж екені анықталды. Оның ішінде 35 798 оқушы әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасының балалары болып табылады. Бұл мәселені шешу үшін әлеуметтік көмекті қажет ететін 24 955 отбасының 35 798 баласына білім ұйымдарындағы компьютерлер уақытша берілді.

Алдағы уақытта сатып алынатын компьютерлік құрылғылар есебінен 41 900 оқушының құрылғыға деген қажеттілігі толық қанағаттандырылатын болады.

 

Жаңа бастаманың жемісі қандай?

Шымкентте жаңа оқу жылы қарсаңында «Дарынды балаларға арналған мамандандырылған IT лицей-интернаты» жұмысын бастайды. Мектеп «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ашылған. Сондай-ақ, 5 «IT мектеп-лицейі» қайта құру арқылы жаңа бағытта жұмыс істейді. Осыған байланысты 12 STEM лабораториясын ашу да жоспарлануда. Өз кезегінде STEM білім беру дегеніміз инженерлік шығармашылық пен математика, жаратылыстану ғылымдары мен технологиялардың кіріктірілуі негізінде жоба және пәнаралық амалдарды байланыстыратын жаңаша ойлау және жаңа технологияларға бағытталған ғылымдардың бірігуі. STEM лабораториясын ашу арқылы сыни тұрғыдан ойлай алатын, ғылыми-техникалық білімді күнделікті өмірде пайдалана білетін, белсенді қарым-қатынас құру және командамен жұмыс жасаудың тетігін меңгерген, техникалық пәндерге қызығушылығы жоғары, жобаларға креативті және жаңашыл көзқарас білдіре алатын жас ұрпақ қалыптасады. Сонымен қатар осы жылғы оқу жылында «Оқушылар сарайы» базасында заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген «IT-орталығы» қосымша білім беретін болады. Сондай-ақ, жаңа оқу жылынан бастап Шымқалада халқымыздың ұлы перзенті Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «А. Құнанбаев атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназия мектебі» жұмысын бастайды. Дарынды балаларға арналған мектеп қалада орта білім беру саласын дамыту, білім сапасын жоғарылату мақсатында ашылған.

 

А. САТЫБАЛДЫ.

 

 

Қазақстанның Бас прокуратурасы Қытай билігімен осы елде өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесілген Ақжарқын Тұрлыбайды өз Отанына қайтару жөнінде келіссөздер жүргізеді. Бұл туралы «ҚазТАГ» жаңалықтар ресурсы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бірақ еліміздің Бас прокуратурасының Аспан асты елінің уәкілетті органымен нақты қай күні келіссөздер жүргізетіні белгіленбеген. Алайда Қазақстан СІМ Ақжарқынның елге оралу мүмкіндігінің тезірек болуына мүдделі. Сонымен қатар аталған ведомства Ақжарқын Тұрлыбай ісі министрліктің тұрақты бақылауында екенін ескерте кетеді.
Естеріңізге сала кетсек, Ақжарқын Тұрлыбай шекарадан есірткіні алып өтпек болғаны үшін 2015 жылы Қытай сотында өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілген болатын. 2016 жылы сот шешімі жойылып, іс қайта қарауға жіберілген еді. Бірақ былтыр желтоқсанда Қытай соты Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы үкімді өзгеріссіз қалдырғанын ресми хабарлаған болатын.
Қазір ол Қытай түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатыр.

М. ӘБДІРАЙЫМ.