Маңызды

Аудан әкімі Салыхан Полатов аппаратық жиында, коронавирус індетіне қарсы күресте ерен еңбегімен көрінген бірқатар азаматтарды марапаттады. Жеке кәсіпкер Нұрланов Базарбай Нұрланұлы, Созақ аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының дәрігер-эпидемиолог Аққұлиев Қайратбек Әбдіхалықұлы, Шолаққорған ауыл округ әкімі Әділ Елібаев Камалұлына Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мейірім» медалін табыстады.
«Елімізде коронавирус індетімен күрес басты назарда. Осындай сәтте көпшілікпен бірге болып, бастарын қатерге тігіп, күрескен, халыққа көмек қолын созған сіздерге аудан халқының атынан алғысымды айтамын»,- деді аудан басшысы. Аудандық орталық ауруханаға екі ИВЛ аппаратын алып, көпке үлгі болған Базарбай Нұрланов «Бұл менің туған жер алдындағы перзенттік борышым. Барша отандастарымыз індетті жеңіп кетуіне шын ниетпен тілектеспін. Бейбіт, мамыржай өмірімізге тез оралайық»,- дейді.
Айта кету керек Құрбан айт мерекесі күні, Қазақстан халқы Ассамблеясының дәрігерлерге «Мың алғыс» акциясы аясында «Мейірім» медалі, Созақ аудандық Орталық ауруханасының Бас дәрігері Талғат Әлішерұлы Қалдыбеков пен Таукент кенті емханасының меңгерушісі Құрманбекова Алма Мейрамбекқызына да таққан болатын.

Мақсат Қарғабай.

Жыл басынан бері Түркістан облысының әкімдігі мен «Turkistan Invest» өңірлік Агенттігі инвесторлармен 22 кездесу өткізген. Оның 17-сі шетелдік компаниялардың қатысуымен болған. Соған сәйкес, шетелдік компаниялар Түркістан облысына 234 млрд. теңгеге жуық инвестиция құюға дайын екені мәлім болып отыр.
Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлімдейді.
Қазіргі таңда 94,65 млрд. теңге қаржыға 13 жоба бойынша инвестиция тарту туралы шешім қабылданды.
Соның негізінде Түркістан облысында бірқатар ірі кәсіпорындар пайда болады. Солардың бірі «Turkistan» индустриялық аймағының аумағында орналасқан «Brownfield» өндірістік алаңында ауыл шаруашылығы техникасын жасап шығару ісінің жолға қойылатыны болып отыр. Жобаның жүзеге асуы үш кезеңді қамтиды. Сомасы 12 миллион АҚШ долларын құрайтын жоба бойынша 100-ге жуық жұмыс орны құрылады.
Бұдан бөлек, аталған индустриялық аймақта тігін цехын салу бойынша құны 1 млн АҚШ доллары тұратын инвестициялық жобаны іске асыру туралы шешім шығарылды.
Жалпы биыл Түркістан облысы бойынша жалпы сомасы 375,1 млрд.теңге болатын 94 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл дегеніміз, 5845 жаңа жұмыс орны құрылады деген сөз.

Шілде айының соңын ала облыстағы бірқатар ауруханалар тынысы тарылып, жаны қысылған науқастарға аса қажетті оттегі концентраттарымен толықты. Жергілікті жердегі аурханаларға мұндай аппараттарды сол аудан, қалалардың тумалары табыстады.

Өзге аймақтарға көшіп кетсе де, туған жерін ұмытпай, қиын сәтте қамқорлық жасап жатқан азаматтар қатарында «Жігіттер» квартетінің продюсері Ерғали Әбдірайымов бар. Ол кіндігі кесіліп, кірі жуылған Түлкібас ауданына оттегі концентраторының 5 данасын тарту етті. Дәл осыншама құрылғыны өз ауданына «Nur Max» құрылыс компаниясының директоры Лесалы Абзал да табыстады.
Ал «Bi Group» құрылыс компаниясы Төлеби аудандық ауруханасына 3 дана оттегі концентраторын табыс етті. Аудандағы Ленгір қалалық ауруханасына «Бірлік 2020» қайырымдылық қоры 2, «Айдың нұры» компаниясы 1 оттегі концентратор құрылғысын жеткізіп берді. Аталған ауруханаға аудан азаматы Әли Әмірәлиев 5 дана оттегі концентраторын тарту етті. Және де «Шұғыла» қайырымдылық қоры тарапынан аудандық ауруханаға 5 дана оттегі концентраторын сыйға тартты.
Мұндай игіліктен шардаралықтар да қалыс қалмады. Шардаралық бірнеше кәсіпкерлердің бірігіп, демеушілік жасауының арқасында аудандық орталық аурухана 17 оттегі концентраторымен толықты.
Туған жерге тағзым жасау перзенттік парыз екенін қаперден шығармаған Бәйдібектегі Шаян көпсалалы лицей жалпы орта мектебінің 1999 жылғы түлектері аудандағы орталық ауруханаға 13 оттегі концентратын сыйға тартты. Түлектер оттегі балонынан әлдеқайда тиімді және өнімді бұл аппараттарды ауданға «Шұғыла» қоры арқылы жеткізіп берді. Арнайы поштамен келген 13 жасанды тыныс алу аппаратын аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев қабылдап алып, орталық аурухананың бас дәрігерінің уақытша міндетін атқарушы Батыр Айтуаровқа (суретте) табыс етті
Мұндай кәдеден Кентау қалалық орталық ауруханасы да қалыс қалмады. Мырғалымсай жерінің №1 Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің 1969 жылғы түлектерінің ұйымдастыруымен Кентау қалалық орталық ауруханасындағы емдік құралдар 9 оттегі концентраторымен толықты.

Күнгейде азық-түлік белдеуінде еңбек өнімділігін арттырып, қойманы асқа толтыратын 7 жобаға басымдық берілген. Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында қолға алынған бұл жобалар бойынша тиісті жұмыстар жасалып келеді.
Мәселен, былтыр жер көлемі 1046 гектарды құрайтын «Түркістан Агро ХХІ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 733 гектар аумағына АҚШ-тың «T-L» компаниясының 18 бірлік жаңбырлатып суару машиналары орнатылды. Биыл аталған аумақтың 161 гектарына күздік бидай, 260 гектарға жоңышқа, 312 гектар жүгері өнімі егілді. Алқаптан алынған жем-шөп қорымен итальяндық технологиямен іске қосылатын тауарлы-сүт фермасы жобасын азықпен қамтамасыз ету жоспарланған.
Бұдан бөлек аталған серіктестік «МТС құру» жобасы бойынша 26 бірлік заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын алды.
Сонымен қатар, былтыр «SPK-SAURAN» АШӨК-нің «829 гектарға жаңбырлатып суару технологиясын ендіру» жобасы бойынша «Valmont Industries» компаниясымен 3 жаңбырлатып суару машиналары сатып алынды. Олар 159 гектар аумаққа орнатылды. Жоғарыда көрсетілген 829 гектарға толықтай жаңбырлатып суару технологиясын ендіру үшін тағы 12 бірлік жаңбырлатып суару машиналарын 2020 жылдың қыркүйек айына дейін орнату бойынша келісім жасалған.
Ал, «Ынтымақ Агро XXI» ЖШС «782 гектар жерді жаңбырлатып суару технологиясын ендіру» жобасын іске асыратын болады. Қазіргі таңда, 462,8 гектарға 8 бірлік австриялық «Bauer» маркалы жаңбырлатқыш машиналарды сатып алуға келісім шарт жасалынды.
«KAZAGRO PROJECT» ЖШС жылына «20 мың тонна құс етін өндіру» жобасының алғашқы кезеңін жүзеге асыру үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-на құжаттар тапсырды. Бұл жобаның алғашқы кезеңі бойынша 5 мың тонна құс етін өндіру жоспарлануда.
Ал, «400 гектарға жерге жеміс ағашын отырғызу» жобасы бойынша алғаш болып ерте пісетін алхоры жемісін отырғызу жоспарлануда. Қазіргі таңда, жеміс дақылдарын отырғызудың технологиялық картасы мен жобасы жасалынуда. Бұл жобаны «Dala Fruit.Kz» ЖШС жүзеге асыратын болады.
Азық-түлік белдеуі аясында іске асырылып жатқан бұл жобалар бойынша 500-ден аса жаңа жұмыс орындары ашылады.

Күнгейде дәмі бал татитын алманың отаны Түлкібас ауданы екеніне ешкім талас тудырмас. Биыл ауданның бағбандары Диқан бабаның рухы қолдаса 30 мың тонна алма жинап, рекордтық көрсеткіштікке қол жеткіземіз деп жоспарлап отыр.
Қазіргі таңда шаруалар жаздық алманы жинау науқанына білек түріп кірісіп кетті. Бүгінге дейін 535 тонна өнім жинап үлгерген олар қызған жұмыс алдағы қыркүйек айында басталатынын алға тартады. Себебі, дәл осы мизам айында жаппай терім басталады.
2018 жылы ауданда 25 мың 150 тонна өнім өндіріліп, рекордтық көрсеткішке жеткен болатын. Былтыр ауа райының қолайсыздығынан өнім көлемі 20 мың тоннаны құраған. Енді міне биыл жиып алар өнімі 2018 жылмен салыстырғанда бірнеше есеге көп болғалы отыр.
Ауданның 2020-2025 жылдарға арналған даму концепциясына сәйкес Түлкібастың брендіне айналған алманың өнімділігін арттыру көзделіп отыр. Осыған байланысты алма бауды 760 гектарға ұлғайтып, жалпы көлемін 3355 гектарға жеткізу жоспарланған. Бұл бағытта аудан әкімдігінің тікелей ұйытқы болуымен жүйелі шаралар іске асуда. Мәселен, жыл соңына дейін жоспарға сай 100 гектар жерге алма көшеттері отырғызылуы керек болса, бүгінде соның 75 гектары игеріліп отыр.

Мамырда Өзбекстандағы «Сардоба» су қоймасынан асау ағып келген сел Мақтаралдағы бес ауылды су астында қалдырғаны белгілі. Қызыл су салдарынан Мақтаарал және Жетісай аудандарындағы 5,9 мың гектар егістік алқап зардап шеккен болатын.

Су астында қалған егістік алқапта 1031 тауар өндірушінің ерте көктемдегі есіл еңбегі еш кеткен. Сол кезде ауылшаруашылығы саласы мамандарының қатысуымен жасалған есепке сәйкес, апаттан келген жалпы шығын көлемі 1,142 млрд. теңгені құраған. Келтірілген шығын көлемі «Қазақ мақта шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС тарапынан ұсынылған технологиялық картасы негізінде 1 га егістің шығыны мен өткен жылы алынған өнімнің 1 кг-на нақтыланған статистикалық бағасы негізінде есептеліп, облыстық ауылшаруашылығы басқармасы тарапынан Үкіметтің қарауына ұсынылған. Сонымен қатар, шығынға ұшыраған тауарөндірушілерге 1,2 млрд.тг. қаржы өтемақы төленген.
Аумақта ветеринариялық қауіпсіздік сақтала отырып, ауыл шаруашылығы аумақтары толығымен залалсыздандырылды. Бұдан бөлек зардап шеккен егістік алқаптарын оңалту жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмысқа Өзбекстан Республикасынан қолдау ретінде 43 ауыл шаруашылығы техникалары мен 243,6 тонна тұқымдық шит жеткізілген. Нәтижесінде Мақтаарал және Жетісай аудандарында 3,4 мың га жер қайта өңделіп, мақта, бақша өнімдері мен жүгері, күріш сынды ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. «Терін төксе жеріне, жер тілеуін береді» деген осы екен ғой.

Киелі шаһар Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи кесенісінің күмбезін жаңарту жұмыстары аяқталды. Жаңарту жұмыстары үш жылдан бері атқарылып келген. Құнды күмбезге жаңарту жұмыстары жүргізілген кезде оның тарихи келбеті сақтала отырып, желдеткіш қабаттары ретке келтірілген.
Қазіргі таңда күмбез етегіндегі сегіз қырмен қосылған жерінде гидрооқшаулау жұмыстары аяқталуға жақын.
Бұдан бөлек, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі аумағындағы тарихи орындарда қайта қалпына келтіру жұмыстары, ортағасырлық Күлтөбе қалашығы, Хан ордасы мен мешіті орналасқан магистралды көше бойында археологиялық қазба жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Ал Күлтөбе қалашығындағы қазба жұмыстарының нәтижесі бойынша 2019 жылы біздің эрамызға дейінгі І ғасырда жасалған ежелгі алтын бұйымдар табылған.
Туристер мен қала қонақтарын көп қызықтыратын кесене алдында туристер демалатын, қалың бау-бақшалы селфи-аймақ жасақталады. Тарихи нысанның «Тақия қақпасы» маңында қазба жұмыстары жүргізіліп, табылған жәдігерлер туристердің көз қуанышына айналатын болады.
Кесене маңында атқарылған жұмыстардың барлығы ЮНЕСКО-мен келісе жүргізілуде.

Түркістан облысы, Төлеби ауданында «Hydrolife» деген атаумен минералды су шығарыла бастады. Алатау ауылдық округінде орналасқан «Геоминерал» ЖШС асханалық суды таудың мөлдір, таза, минералға бай жерасты суынан өндіріп отыр.
Жуырда ғана іске қосылған өндіріс орнында бүгінде тәулігіне 5 және 10 литрлік пластикалық құтымен 8 мың дана ас суы дайындалады.
Серіктестікте 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 70-80 мың теңге көлемінде. Цех мамандарының жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалған.
«Біз өндіріп отырған өнімнің сапасы кез-келген ас суымен бәсекелесе алады. Тауарға деген сұраныс та жоғары. Сұраныс артқан жағдайда біз де өнім көлемін көбейтеміз деген ойдамыз»,-деді мемеке басшысы Рустамбек Махаммедов.
Сұранысқа байланысты дайын өнімнің басым бөлігі Атырау, Ақтау қалаларына жөнелтілуде екен. Серіктестік басшысы алдағы уақытта «Hydrolife» сусынын еліміздің барлық аймақтарына таратуды жоспарлап қойғанын айтады.

Беларусь орталық сайлау комиссиясы (ОСК) 10 тамызда таңертең президент сайлауының алдын ала қорытындысын жариялады.
Ресми мәлімет бойынша, Александр Лукашенкоға сайлаушылардың 80,23 пайызы, яғни 4 652 423 адам дауыс берген. Оның басты қарсыласы Светлана Тихановскаяға сайлаушылардың 9,9 пайызы немесе 574 312 адам дауыс берген. 6,02 пайызы кандидаттардың бәріне қарсы.

– Бұл мәлімет тағы толықтырылады, бірақ айтарлықтай өзгереді деп ойламаймын, – деді ОСК төрайымы Лидия Ермошина.
ОСК мәліметінше, сайлауға сайлаушылардың 84 пайыздан астамы қатысқан.
Сайлаушылар дауысын өз бетінше есептеген оппозиция Тихановскаяның 80 пайыздан астам дауыс алғанын хабарлады. Беларусьтің түрлі қалаларынан азаматтар Телеграм, Twitter-де дауыс беру хаттамасының көшірмесін жариялаған. Ондағы сайлау учаскелерінде Тихановская көбірек дауыс жинаған.
Тихановская штабы Минскідегі кемінде 20-дан астам сайлау учаскесінде оппозиция кандидатының жеңгенін хабарлады. Шетелдегі сайлау учаскелерінде де Тихановская басымдықпен жеңген.
10 тамызға қараған түні мемлекеттік экзит-полл қазіргі президент Александр Лукашенконың 79,9 пайыз дауыс алғанын хабарлаған соң елдің түрлі қалаларында наразылық тұтанып, ел астанасы Минскіде наразылар мен арнайы жасақ қақтығысып қалған. Беларусь ақпарат құралдарының хабарлауынша, шамамен 20 мың адам көшеге шыққан. Қалаға әскери техника әкелініп, арнайы жасақ наразыларды тарату үшін көзден жас ағызатын газ, жарқылдақ граната қолданған. Құқық қорғаушылардың айтуынша, автозак қағып кеткен бір адам ауруханада қайтыс болған. Наразылық акциясы кезінде шамамен 140 адам ұсталған. Беларусь тергеу комитеті «жаппай тәртіпсіздік» және «милиция өкілдеріне күш қолдану» баптары бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Орталық Азия жаңалықтар қызметі.

АҚШ Президенті Дональд Трамп 7-тамызда 80 миллионнан астам қолданушысы бар TikTok желісі мен WeChat тіркемесі америкалық компанияларға сатылмаса 45 күннің ішінде оны жою туралы Жарлыққа қол қойды.
Ақ үй басшысы Жарлықта TikTok әлеуметтік желісін ойлап тапқан қытайлық ByteDance және WeChat тіркемесін басқаратын Tencent компаниясымен қандай да бір келісімге келу тыйым салынатыны туралы талаптың асты сызылып көрсетілді.
Өз кезегінде Дональд Трамп TikTok платформасы арқылы қытайлық ByteDance компаниясы азаматтардың жеке басына қатысты ақпараттарға қанық болып, мәліметтер мұрағатын жасап жатқанын, оның ішінде америкалық қолданушылар да бар болғандықтан бұл АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне, сыртқы саясатына және экономикасына қауіп төндіретінін айтуда. Ал WeChat тіркемесіне шүйлігуінің себебін оның да TikTok сынды қауіп туғызуы мүмкін екендігімен түсіндірді.
Бұл Жарлық шықпас алдын АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марк Помпео американдық онлайн дүкендерге екі қосымшаны да сатудан алып тастауды бұйырған. Ал 6-тамызда алпауыт елдің Сенаты мемлекеттік қызметшілердің қызметтік құрылғыларында TikTok-тың пайдалануына тыйым салу туралы заңды бірауыздан мақұлдап тастаған.

Ж. АРМАНОВА.