Маңызды

Ел арасында иттің, борсықтың майы, адыраспан, зімбір, ақжелкек сынды түрлі өсімдіктердің емдік қасиетінің коронавирус инфекциясымен байланысты ақпараттың тарауына не себеп?
Соңғы кездері «коронавирустан емдейді» деген сөзді жиі еститін болдық. Әрине, әңгіме жаппай вакцина турасында емес. Оның үстіне Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері COVID-19 инфекциясына қарсы вакцинаға адамдар тек 2021 жылдың бірінші жартысынан кейін ғана қол жеткізе бастайтынын айтқан болатын. Алайда, пандемия басталғалы бері ел арасында иттің, борсықтың майы, адыраспан, зімбір, ақжелкек сынды түрлі өсімдіктердің емдік қасиетінің коронавирус инфекциясымен байланысты ақпараттың тарауына не себеп? Саралап көрсек.

Әлемнің бірқатар елін шарпып үлгерген коронавирус індеті Қазақстанда енді-енді анықтала бастаған кезде, халық инфекция жұқтырып алмас үшін жаппай сарымсақ пен пияз тұтына бастаған еді. Бұл табиғи антисептиктің микробқа қарсы қасиеттеріне қарамастан, коронавируспен күресте оның тиімділігі дәлелденбеген. Сарымсақ тұндырмасын тіпті сау адамның өзі күнделікті қабылдаса, гипертония немесе гипотензия (қан қысымының жоғарылауы/төмендеуі), жүрек тұсындағы ауырсыну, бас ауруын тудыруы мүмкін.
Кейін зімбірдің де вирусты жеңе алатын қасиеті барын естіген жұрт дүкендегі бар тамырды жапатармағай алуға көшті. Нәтижесінде зімбір тамырының саудасы қызып, бағасы он есеге артты. Кезінде келісі 1000-2000 теңгенің айналасында болған тамыр бағасы пандемия кезінде тараған қауесет салдарынан еліміздің кейбір өңірінде 20 000 теңгеге жеткен. Мамандар зімбір тамырының құрамындағы эфир майлары мен амин қышқылдары иммунитетті нығайтатыны рас екенін айтады. Бірақ, бұл өсімдіктің қауіпті індетке қарсы тұруға еш қауқары жоқ.
Қазақстанда коронавирус инфекциясын емдейді деген желеумен сұранысы күрт артқан тағы бір «ғажайып» өсімдік – ақжелкек (хрен). Ақжелкек – ащы дәмдеуіш ретінде жиі қолданылатын өсімдік. Оның құрамында белсенді компоненттер, антисептикалық қасиеті бар эфир майлары және кейбір дәрумендері көп болғандықтан халық еміне жиі қолданылатыны да рас. Алайда, Нұр-Сұлтан қаласы Дерматология орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы Жұлдыз Данбаева ақжелкекті «нақты коронавирусты емдейді деу ешбір негізсіз» екенін айтады.
Дертіне шипа іздеген халық індетті жеңудің түрлі амалын қарастырып әлек. Соның тағы бірі – қойдың майы. Пандемия кезінде құйрық майға деген сұраныс артқан. Алматы тұрғындары вирусты емдеуде халықтық емге жүгініп, шипаны осы әдістен іздеуге көшкен. Бұрын нарықта 1000-1500 теңгеге сатылған қазақы қойдың құйрығы бүгінде 2 000 теңгеден асып жығылады. Қойдың да бағасы қымбаттаған. Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында қойдың майының пайдасымен қатар зияны да бар екенін айтқан болатын.
Суық тиіп ауырған кезде, әрине, оның пайдасы бар. Тек белгілі бір мөлшерде пайдаланған кезде ғана. Ал қазір құйрық пайдалы дегенді естіп алады да, апырып-жапырып жей береді. Оның құрамында қауіпті заттар көп. Витаминдер бар. Онымен қоса, зиянды жақтары да аз емес. Мәселен, холестерин көп. Ескеретін жайт, емдік қасиеті мол қуатты азықты пайдаланған соң соншалықты энергия жұмсау керек, — дейді академик.
Майдың айналасындағы әңгіме әлі аяқталған жоқ. Себебі, ғаламторда аты жаман ауруды емдеуге көмектеседі деген ақпараттардың арасында ит пен борсықтың майын сатып алушылардың да қатары көбейгенін байқауға болады.
Маймен емдеу тәсілінің қаншалықты тиімсіз әрі қауіпті екенін Ресейдің Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Олег Гриднев те қазақстандық баспасөзге берген сұхбатында мәлімдеген еді.
Майды ас ретінде қолдануға болады. Бірақ ол еш нәрсені емдемейді. Ал коронавирус кезінде тіпті зиян келтіруі мүмкін. Себебі ол холестеринді көтеріп, қанның басқа компоненттерін арттырады. Майлы тағамдар қанның қоюлануына әсер етеді, — деді ол.
Whatsapp мессенджері арқылы кең тараған тағы бір «ем» түрі – ас содасымен жасалатын ингаляция. Бұл әдістің еш пайдасы жоқ. Егер сіз аузыңыздың шырышты қабатын күйдіріп, жағдайды ушықтырғыңыз келмесе, бұл тәсілге жүгінбеңіз. Дәрігерлер содамен жасалатын «ыстық монша» арқылы дем алу әдісін ұсынбайды. COVID-19 және пневмонияны емдеуде бу терапиясының тиімділігі туралы ешқандай ғылыми дәлелденген дерек жоқ.
Сол сияқты, алкоголь буымен терең дем алудан да келер пайда шамалы. Медициналық спирт өкпенің ісінуі кезінде көбік сөндіргіш ретінде қолданылады, бірақ дәрігердің нұсқауымен қауіпсіз дозада ғана. Алкоголь буын терең дем алу арқылы вирустың липидті қабығын жоюға мүмкіндік беретін концентрация өкпенің төменгі бөлімдеріне түсіп үлгерген инфекцияны жоюға қауқарсыз. Алкоголь қабылдау тек иммундық жүйені тежейді және вирусты жұқтырып алу қаупін арттырады. Ал жүрек-қан тамырлары аурулары мен бауыр проблемалары асқыну қаупін тудырып, емдеуді қиындатады.
Кейбір қазақстандықтардың коронавирусты «емдейді» деп тапқан тағы бір халықтық әдісі — белгісіз шөп түтінін жұту. Болжам бойынша, бұл ежелгі кыст әл хинди өсімдігі. Әлеуметтік желілерде шөпті ерекше жолмен пайдалануға қатысты түрлі бейнежазбалар да пайда болды. Ол үшін екі пластикалық бөтелке, су, фольга және от керек. Оттықтың көмегімен фольгада орналасқан шөпті тұтатқан кезде кішкентай бөтелке көтеріліп, ішіне түтін кіреді. Адам сонымен дем алады.
Профессор, химия ғылымдарынң докторы Дияс Мырзақожа бұл шөптің адыраспанмен қатар кең таралғанын айтады.
Кыст әл хинди кейде спиральді имбир деп аталады. Ол тиімді антисептикалық, антибактериалды құрал ретінде қолданылады. Шөп кеңістікті залалсыздандырады, сондықтан адыраспанмен қатар кең таралған. Бірақ, кез келген препарат сияқты, кыст әл хинди де зиянды болуы мүмкін. Сондай-ақ, коронавирустың алдын алуға қатысты бұл шөптің пайдасы дәлелденбеген, — деді ол.
Әлемді жайлаған жұқпалы дерттен жүрексінгендер ырым-сенімге бой ұруда. COVID-19 індетін жоюға қатысты әлеуметтік желіде желдей ескен ақпарат – адыраспанмен аластау. Халық адыраспанды көптеп сатып ала бастаған соң қасиетті шөптің бағасы да шарықтап шыға келді. Бұл шөпті қазақ киелі санайды. Сондықтан халық арасында «адыраспан бәле-жаладан сақтайды» деген сенім бар. Үйдің ішіндегі көрнекілеу жерге, кереге басына іліп қояды. Ал жаңа үйге кірерде босағаны адыраспанмен аластап отырған. Елді індет жайлаған кезде адыраспанға деген сұраныстың артуы осыған байланысты болса керек. Алайда дәрігерлер бұл ем түрімен келіспейді. Керісінше, ащы түтін қолқаны қауып, тыныс жолдарын зақымдайды екен. Ол кезегінде аллергиялық ауруларды қоздырады.
Айта кету керек, жуырда Ақтауда қала тұрғындарының от жағып, көшелерді адыраспанмен аластап жатқан видеосы тарады. Әлеуметтік желіде тараған видеодан ақтаулық әжейлердің отқа құйрық май тастағынын да көруге болады.
Соңғы бірер күнде тараған тағы бір дүние — COVID-19 ауруына қарсы «дәрі» ретінде Ақмола облысында орналасқан Көбейтұз көліндегі тұздың келісі әлеуметтік желіде 5 мың теңгеден сатылып жатыр деген ақпарат. Алматы қаласының инфекционист дәрігері Тамара Утағанова «коронавирус тұзды суда өледі деген қауесет инфекция төңірегінде тараған аңыздардың бірі» екенін айтады.
Жоғарыдағы коронавирусқа қарсы «емдік қасиеті бар» деген желеумен саудасы қызып, сұранысы артып жатқан майлар мен түрлі шөпке қатысты «Семей медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, ректор Ерсін Жүнісовтің пікірін білген едік.
Небір инфекциялық ауруларға қатысты ерте заманнан келе жатқан халықтық ем түрлері бар. Оны жоққа шығаруға болмайды. Соңғы кездері коронавирусқа қарсы тұрады деген түрлі ақпарат тарап жатыр. Иттің, борсықтың майы, қойдың құйрық майы, түрлі шөптер. Борсық майы созылмалы бронхит кезінде тиісті мөлшермен қолданылатыны рас. Бірақ, иттің майын ішіп, етін жеу, түрлі шөп шегу (кыст әл хинди) деген сияқты дүниелерден аулақ болған жөн. Біздің ата-бабамыздан келе жатқан денсаулықты нығайтатын, халықтық емде қолданылатын ұлттық сусын, тағамдарымыз жеткілікті. Осыдан бірер ай бұрын Қазақстанға келген қытайлық дәрігерлер халықтық емді де қолданып жатқанын мәлімдеген еді. Қазақта да иммунитетті көтеруге бағытталған тиімді халық ем түрі көп. Мысалы, адамға күш-қуат беретін ұлттық тағамдарымыздың бірі – қымыз. Бұл сусынның небір дертке шипа екені ғылыми тұрғыда да дәлелденген. Жылқының етін де диетолог мамандар сіңімді, ағзаға беретін құнды минералдары көп екенін айтады. Бірақ, әркімнің ағзасы әртүрлі қабылдайтынын ескеру керек. Ағза өзіне керегінше алады. Одан артық қанша нығыздасаңыз да организм өзіне артық мөлшерді қабылдамайды. Дәрігер ретінде иммунитетті көтеру мақсатында өзімізді ұлттық тағамдарымызды тұтынып, таза ауада жиі серуендеуге кеңес беремін, — дейді ол.
Медицина мамандары кез келген ем түрін қабылдамас бұрын дәрігермен ақылдасып алу керегін ескертеді. Ал коронавирус инфекциясын емдеу шаралары еліміздің клиникалық хаттамасы негізінде жасалатынын еске саламыз.

baq.kz.

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының 21 жастағы тұрғыны коронавирус инфекциясының симптомсыз түрімен дәрігерлер бақылауында болған. Жетісай аудандық орталық ауруханаға жүктілігіне қарай жағдайы күрт нашарлап жеткізілген. Дәрігерлер ана мен бала өміріне де қауіп төнгенін айтады. Дер кезінде жасалған шұғыл медициналық көмектің арқасында жүкті әйел салмағы 3,2 келі дені сау ұл баланы дүниеге әкелді.
«Келіншектің бұл тұңғыш сәбиі. Есепке алынып, үй жағдайында бақылауда тұратын келіншектің жағдайына қарай әрекет жасап, аман-есен босандырып алдық. Қазірде сәбидің де, анасының да жағдайы қанағаттанарлық»,-дейді «Жетісай» аудандық ауруханасы перзентхана бөлімінің меңгерушісі Айнагүл Әміреева.
Әлемдік деңгейде қауіп төндіріп, адамзат баласының алдын ораған ауруға байланысты жарияланған төтенше жағдай мен карантиндік режимге қарамастан дәрігерлердің кәсібилігінің нәтижесінде жыл басынан бері Жетісай аудандық перзентханасында 2800 сәби дүниеге келген. Олардың 50-і егіз болса, 400-ге жуығы ота арқылы туылған. Бүгінде барлығының денсаулығы жақсы.

Түркістан облысы әкімінің
баспасөз қызметі.

Үшінші мегаполистің үшінші әкімі Мұрат Әйтеновтың қала тұтқасын ұстағанына алты айдан асты. Ол қызметке келген бойда-ақ қаланың дамуына қатысты алға қойған мақсаттардың барлығы қолынан келетін іс екенін айтты. Тыңнан жол саламын деп әсіре сілтемеді. Қаланың кешенді даму жоспарында асты сызылып көрсетілген міндеттерге, атап айтқанда өнеркәсіптің өрісін кеңейту, ауыл шаруашылық саласын алшаң бастыру, шағын және орта бизнесті шарықтатып, коммуналдық сала қызметін жақсартуға білек түріп кірісетінін жеткізді. Осы бағытта Мұрат Дүйсенбекұлының шешімтал әрекеттері қандай болды? Ал шешімін күтіп отырған мәселелерге әкімнің айтары не? Демімізді ішке тартқызған жұқпалы коронавирус дертімен күрес жұмыстарының нәтижесі қандай? Әкіммен болған сұхбатта осы сұрақтардың жауабы қамтылды.

 

– Мұрат Дүйсенбекұлы, уақытыңыздың тығыздығына қарамастан көкейдегі сұрақтарымызға жауап беруге келісім бергеніңізге рахмет.

Шымкентке әкім болып тағайындалғаныңызға алты ай уақыт өте шығыпты. Ең алғаш Сіз осы қызметке тағайындалған кезіңізде былайғы жұрт алғаш рет әкім болып отырғаныңызды тілге тиек еткен. Ешкім әкім болып туылмайды. Десе де, әкім ретіндегі тәжірибеңіздің жоқтығы туралы сөздерді Сіз қалай қабылдадыңыз?

 

– «Жыл деген ат басын бұрғанша, ай деген аунап тұрғанша» деген рас екен. Алты айдың өте шыққанын өзім де байқамаппын…

Сұрағыңыздың астарын түсініп тұрмын. Шынымен де маған осы қызмет берілгенде шамалы тосылып қалдым. Оның себебін өзіңіз бағып отырған боларсыз.

Иә, мен Сіз айтқандай «алғаш рет әкім болып отыр» деген пікірлерді естіп, оқып қалдым. Бірақ оған бола жасып қалмадым. Жасырмаймын. Толқыдым. Алдағы күнге алаңдадым. Жалпы бұл қалыпты күй. Бірақ артылған сенім, жүктелген жауапкершілік белімді бекем буғызды. Сіздердің салаларыңызға қатысты бір афоризмді айта кетейін, «Шабыт үшін тамаша жағдайдың жасалуын күтіп отырған жазушы бірде бір сөзді де жаза алмай өледі» деген. Сол сынды әкім болмаған екенмін, әлі уақыт сәті келмеді деп жүре беру жоқ болып кетумен тең. Мыңдаған шақырымдық саяхат алғашқы қадамнан басталады деген ғой. Мүмкін менің әкім ретінде халыққа қызмет көрсетудегі еңбек жолым осы тағайындаудан басталып отырған шығар… Осы қызметке келгелі бері менің тікелей жауапкершілігіме қатысты сындар айтылды. Негізінде сын мені сындырмайды, керісінше шыңдайды.

 

– Жуырда пандемияға байланысты енгізілген карантиндік шектеулерге қарамастан қалалық бюджеттің кірісі төмендемегені мәлімделді. Соған сәйкес қалалық бюджеттің өзіндік кірістері 21,8 млн. теңгеге ұлғайып, 133 млрд. теңгеге жеткен. Қазіргі таңда қаланың әлеуметтік-экономикалық өсімі қандай?

 

– 2018 жылдың 19-маусымында сол кездегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкентке дербес қала мәртебесін беру туралы Жарлыққа қол қойды. Сол сәт тарих қойнауына өшпестей алтын әріппен жазылып енді. Көп қауым асыға күткен сол сәтте Елбасы «Шымкент инвестициялар, технологиялар және интеллектуалдық ресурстарды біздің елде ғана емес, тұтас Орталық Азия аймағына тартатын жаңа орталық болады. Бұған қажет барлық шарттар мен әлеует бар», — деген болатын. Бұл белеске жету жолында Шымкентте біраз жұмыстар жүзеге асуда. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша көптеген салаларда өсім динамикасы байқалып отырғаны сол сөзімізге арқау. Түйіп айтсақ, есепті кезеңде өнеркәсіп өнімінің көлемі 304,1 млрд. теңгені құрады. Бұл көрсеткіш кен өндірісінің 71,7 пайызға, энергетика саласының 8,1, негізгі фармацевтикалық өнімдердің 14,8, тамақ өнімдерін өндірудің 8,4, ағаш және жиһаз өндірісінің 3,9, құрылыс материалдары, цемент, бетон сынды металл емес бұйымдарды өндіру өндірісінің 4,5, металлургия өндірісінің 24,8 пайызға өсуі есебінен қалыптасты. Алайда өңдеу өнеркәсібі саласындағы еңбек өнімділігі 0,4 пайызға төмендеп, межеленген жоспардың 99,6 пайызын ғана орындалды.

Сонымен қатар ауыл шаруашылық өнімінің көлемі 14,0 млрд. теңгені құрап, нақты міндетті ойдағыдай жүзеге асырды.

Бұдан бөлек, осы жылы қалаға 250 млрд. теңге инвестиция тартылу көзделген. Алты айдың ішінде қалаға 108,8 млрд. теңге инвестиция тартылған.

 

– Шымкентте маусым айында эпидахуал алаңдатарлық күйге түсті. Коронавирус күрт көбейіп, өкпе қабынуы өршіді. Бұл уақытта тынысы тарылып, өкпесі қабынған науқастарға ем-дом жасауда ақсаған жәйттер көп болды. Сіздердің коронавируспен күрес бойынша іс-әрекеттер алгоритмдеріңіз қалай өрбіді?

 

– «Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» дегендей, шынымен де мына індет көп мемлекетті қолайсыз күйге түсірді. Қаншама тірлік төтеннен келген осы кеселден қожырады. Індетпен күресу барлық өңірде өткір мәселеге айналды. Қазақстанды айналып өтпеген вирус Шымкент жұртын да әлекке түсірді.

Аурудың өршуі маусым айында белең алғаны бәріне мәлім. Маусымда өкпесі қабынған науқас саны күрт өсті. Жедел жәрдем қызметінің жүктемесі артып, қоңырау шалатындар саны бірнеше есеге өсті. Сол уақытта жедел жәрдем қызметіне келіп түскен қоңырау саны бір тәулікте 1800-2000-ға дейін жетті. ЖРВИ жұқтырғандар саны да екі есеге, пневманиямен ауырғандар саны 6 есеге көбейді. Сөзім құрғақ болмас үшін мына статистиканы айта кетейін. Мәселен, маусым айының алғашқы күнінен бастап 7-шілдеге дейін пневманиямен 6340, тұмаумен 12 мыңға жуық, коронавируспен 2729 адам ауырды. Сол кезде қалада 26 провизорлық орталықтың жұмыс істеуі жолға қойылды. Ол жерлерде 3010 төсек-орын ұйымдастырылды. Ал жұқпалы ауруханалардағы төсек-орны 650 орынға жеткізілді. Шілденің ортасын ала эпидахуал тұрақтала бастады. Қазіргі таңда қалада коронавирус жұқтырғандар саны 5070 адам (7-тамыз). Оның 75,5 пайызы немесе 3831 адам емделген. Ағымдағы жылдың 5-шілдесіндегі жағдай бойынша емдеу орындары 78,7 пайызға толып тұрған болса, бүгінде бұл көрсеткіш бірнеше есеге төмендеп, 23 пайызды құрап отыр. Соған сәйкес, бірнеше провизорлы орталықтардың жұмысы уақытша тоқтатылды. Қазіргі таңда қалада 10 провизорлы стационар және 2 инфекциялық аурухана бойынша 1420 төсек-орын бар екенін айта кетейін. Оның ішінде реанимациялық төсек-орын саны 213-ті құрайды. Айтқан жерден аулақ, егер жағдай өзгеріп, вирус жұқтыру мен пневмания қайта өршитін болса, біз төсек-орын санын 4996-ға дейін жеткізетін боламыз. Оның ішінде реанимациялық төсек орын саны 750 болады. Осы бағытта тиісті дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Жедел-жәрдем қызметіне келіп түсетін қоңыраулар да 1200-ге дейін қысқарды. Бұл өткен жылдың осы кезіндегі көрсеткішке жақын.

Науқастардың үйіне барып, медициналық қызмет көрсету бағытында 211 мобильді топ құрылғаны белгілі. Осы күнге дейін олар 17820 адамға тиісті ем-дом көрсетті. Сондай-ақ, 53182 адам дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Оның ішінде тегін берілетін дәрілік заттарды медицина қызметкерлері тұрғындардың үйлеріне жеткізіп берді. Карантин жағдайында халыққа қажетті ем-домдардың дер уақытында көрсетілуі үшін 1430.kz порталы іске қосылды. Барлығы 720 дәрігер тіркелген онлайн платформада тұрғындар тиісті маманнан қажетті кеңестер ала алады.

Бірақ мына нәрсені баса айтқым келеді. Таразының тілі қалыпты өмірге келтіретін тұрақтылыққа ауып бара жатқанда қолайсыз ахуал күшіне мініп кетуін де ұмытпаған абзал. Ондай жағдайдың болмауы қала тұрғындарының санитарлық ережені, тазалықты сақтаудағы тәртібіне байланысты. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Өкінішке орай, арамызда бетперделік режимге жүре қарайтын, қолғап киіп қорғануға күле қарайтын, алшақтықты сақтаңыз десең қасын керіп таңырқайтындар жетерлік. Маусымдағы мазасыздыққа сондай сақтық шараларының сақталмауы көп әсерін тигізді. Сондықтан да мен қала тұрғындарынан індеттің таралуы тізгінделгенше сақтық шараларын барынша сақтауды сұранамын.

 

 – Карантин кезінде көптеген салалар тұралап қалды. Бірақ құрылыс қарқын алды. Соның ішінде бірқатар ауруханаларда құрылыс жұмыстарын жүргізу қолға алынды. Қалада коронавирус пен пневмания өршіген кезде дәл осы ауруханаларда күрделі жөндеу жұмыстарының жүріп жатқанын сын тезіне алушылар көп болды. Сіз бұған не айтасыз?

 

– Биыл қала бойынша 7 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар енді қолға алынған кезде қалада эпидемиологиялық жағдай тұрақты болды. Бірақ індеттің іргесі кеңейіп, ойламаған жерден бұрқ ете қалды. Сол кезде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан нысандардың ішінде №2 қалалық аурухана мен қалалық перзентхана сынды тіректі, яғни маңызды нысандарда болды. Сіз айтып отырған реніш-рәуіштер дәл осы нысандарға қатысты айтылғанын мен жақсы білемін. Алайда ол кезде басталған жұмысты жиып тастауға болмайтын еді. Ондағы жөндеу жұмыстары осы жылдың желтоқсан айында аяқталады.

 

– Қазіргі таңда Шымкентте жол құрылысының жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бірақ жұрт арасында «билік орталықтан басқа көшелерді көрмей ме?» деген сын-пікірлер де көп…

 

– Шымкенттің жолдарын жөндеу үшін бюджеттен 27 миллиард теңге бөлінді. Жол инфрақұрылымын жақсартуға бұрын-соңды осындай көлемде қаржы қаралмаған. Бағытталған қаржыға атқарылатын шаруаның ауқымы кең. Ұзын-ырғасы 414 шақырым жолға орташа, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде 313 шақырымы осы жылы аяқталады. Салыстырмалы түрде айта кетейін, 2017 жылы қалада 73, 2018 жылы 78, 2019 жылы 161 шақырым жол жөнделген.

Енді қараңыз жөнделіп, жаңаратын 414 шақырым жолдың ішінде шағынаудандар мен елді мекендердегі жалпы ұзындығы 50 шақырым болатын 69 көше бар. Сонымен қатар, орташа жөндеуден өтетін 290 шақырымды құрайтын 207 көше бар. Тек 21 орталық магистрал көше жөндеуден өтеді. Қалаішілік жолдар соңғы рет 2008 жылы жөнделген. Биыл межеленген жұмыстар түйінделсе, қаладағы техникалық жағдайы жақсы жолдардың үлесі 60 пайызға жететін болады. Бұл көрсеткіш 100 пайызға жетпейінше жолға қатысты мәселе күн тәртібінен түспейтіні, оған қатысты сын түгесілмейтіні белгілі.

 

 – «Келер жылы Шымкентте топырақ жол мәселесі түбегейлі шешіледі». Дәл осындай мәлімдемені өткен және одан алдыңғы жылдары қала тұтқасын ұстаған әкімдер айтқан. Бұл орындала ма?

 

– Мұндай мәлімдемені өзім де айттым. Топырақ жолдың азабын ауылда өскен мен жақсы білемін. Жазда шаң жұтқызады. Қыста лай-батпаққа батырғызады. Жалпы топырақ жолмен жүрсеңіз «бір жол бар жақын, жақын да болса алыс» деген сөз санаңызға еріксіз оралады. Қазіргі таңда Шымкентте 112 шақырымды құрайтын топырақ жолдар бар. Мәселені түпкілікті шешу үшін, биыл сол жолдардың барлығына шағал тас төселеді.

 

– Мұрат Дүйсенбекұлы, алда жаңа оқу жылы басталғалы отыр. Осыдан біраз бұрын Сіз жауапты мекемелерге қаланы 100 пайыз сапалы интернетпен қамтамасыз етуді тапсырдыңыз. Бұл тапсырмаңыз орындалатынына Сіз сенесіз бе?

 

– Қазіргі таңда бұл бағытта шешімін күтіп отырған мәселе көп. Оған төтенше тоқсанда оқушылардың қашықтан білім алуы кезінде анық көз жеткіздік. Ғаламтор сигналының әлсіздігі оқушылардың дәрісті ден қойып оқуына көп кедергісін тигізді. Осыған орай интернет сапасын жақсарту бағытында тиісті мамандармен бірге бүгінге дейін екі рет жиналыс өткіздім. Нақты тапсырма бердім. Нәтижесінде қалада 11 байланыс станциясын салу мәселесі күн тәртібіне енгізілді. Қазіргі таңда осы бойынша Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасымен бірлесіп, қала аумағынан станциялар орнатылатын 11 жер телімі анықталды. Енді Google maps картасында тиісті базалық станция орнатылатын жерлер белгіленіп отыр.

Бұдан бөлек, жуырда еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қаламызда сапалы интернетті жақсарту үшін 43 жерге антенналы құрылғы орнату қажеттігін алға тартты. Басталған іс жыл соңына дейін шешімін табатын болады.

Ал алдағы оқу жылында интернет жылдамдығы төмен елді мекендердегі оқушыларға интернет тарататын «Әмбебап нөмірлер» беріледі.

 

– Осыдан бірнеше ай бұрын Шымкентте жылдар бойы шешімін таппай отырған Мангельдин көшесі мен Темірлан тас жолының қиылысындағы жер үсті өткелі пайдалануға берілді. Жалпы Сіз әкім болған жарты жыл ішінде Шымкентте жылдар бойы шешілмей жатқан қандай мәселелерге нүкте қоя алдыңыз…

– Жөпелдемеде мына жұмыстарға нүкте қойдым деп айту да қиын екен. Осы сұрақтың өңін өзгертіп «Қандай негізгі мәселелердің шешімін табуға назар аударып отырсыз?» деп сұраған дұрыс сияқты. Басты міндет – пандемия әкелген сынақтан сүрінбей өту жолында лайықты жұмыс істеу. Одан соң құрылыс жұмыстарында тиянақтың болуын бақылау. Құрылыс нысандарының өзіңіз тілге тиек еткен жерүсті өткелінің керін киіп, кестеден қалып, сақалды құрылысқа айналып кетпеуін қадағалау. Жоғарыда айтып өткен топырақ жолдар мәселесін түпкілікті шешу. Жыл басында уәде етілгендей қалаға 590 автобустың келуін жолға қою. Қазіргі таңда ол автобустардың 70-і қалаға жеткізілгенін айта кетейін.

 

– Алға қойған межені орындау үшін мықты команда керек. Ал Сіз айналаңыздағы қызметкерлеріңіздің кәсіби қабілетіне қандай баға бересіз? Жуырда екі бірдей орынбасарыңыз жаңарды. Олар жөнінде не айтасыз?

 

– Жалпы мен «барлық адамға сенбеу және барлық нәрседен күмәндану жақсы емес» деген принципке табан тіреймін. Сондықтан да қол астымдағы қызметкерлерімнің кәсібилігі туралы бағамды бір сөзбен ғана айшықтағым келмейді. Олардың арасында өзіне қатысты саланың ой-қырын жетік білетіні де, кәнігі маман болмаса да талабы күшті, жігері мықты жас мамандар да бар. Істің тетігін көрсетіп берсең ары қарай алып кететін алғыр қыз-жігіттер де жетерлік. Кәсіби қырына көңілім толмаған кадрлар да болды. Солай екен деп асығыс шешім қабылдамадым. Барлық қызметкердің өз жұмысын істеуіне, өздерін көрсетуге мүмкіндік беріп, жақсы ауан қалыптастыруға барымды салдым. Одан нақты нәтиже шығарғандар болды. Жалпы мен командалық рухтың болуына баса мән беремін. Бұл үлкен істі тындыруға жеткізетін ең басты құндылық.

Ал жаңа тағайындалған орынбасарларыма келсем, бірінші орынбасарым Шыңғыс Мұқан есімді азамат. Ол бұған дейін Атырау облысы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген. Тәжірибесі толысқан. Оқығаны көп. АҚШ-та екі жыл білім алған. Осы өңірдің тумасы. Көргені, көңілге түйгені мол жан-жақты азамат. Шыңғыс Жұмабекұлы қаланың дамуы жолында тыңнан жол салар жаңа ойлар қосып, игі істің ұйытқысы болады деп сенемін.

Ал екінші орынбасарым, Айбек Сәттібаев. Қазіргі таңда біздің қаланың экономикалық жағдайының тынысын кеңейту үшін инвестицияның тартылуы ең басты мәселе. Бұл ретте Айбектің тәжірибесі мол. Ол инвесторлармен көп жұмыс істеген. Президенттің кадрлық резервінде болған. Дәл осы инвестиция тарту, инвесторлармен жұмыс істеудің түрлі әдіс-тәсілін меңгеру үшін Сингапурде білім алған. Оқыған-тоқығанын көп жұмыстары арқылы дәлелдей алған. Оның басты бағыты қаламызға инвестиция тарту. Бұл азаматтар қаламызға жақсылық алып келеді деп санаймын. Сондықтан да қолға алған істеріне қолдау танытайық.

 

– Шымкенттегі жаңадан салынған госпитальдың материалдық техникалық базасы қандай? Нысанда өкпесі қабынғандарға жедел көмек беретін ИВЛ аппараттары жеткілікті ме? Жансақтау бөлімдері қажетті құрылғымен толық қамтамасыз етілген бе?

– Қаламызда орналасқан инфекциялық госпиталь 200 орынға арналған. Нысанда 214 медициналық арнайы төсек-орын бар. Ауруханадағы Бобров аппаратының саны 200-ді құрайды. Жансақтау бөлімінде 30 койкаға арналған 14 ИВЛ аппараты орнатылған.

Сондай-ақ,  қажеттілігіне байланысты қосымша жабдықтарды жеткізу   бағытындағы  жұмыстарымыз белсенді әрі халықтың талабына сай ретімен жүріп жатыр.

 

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан:

Талғат БАЛТАБАЕВ.

 

10 тамызда ұлтымыздың ұлы ақыны, ойшыл тұлғасы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толды. Бұдан ширек ғасыр уақыт бұрын Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Абайдың 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде өткізілген еді. Бұл торқалы той – сол тамаша дәстүрдің жалғасы.

Биылғы мерейтойға орай бірқатар іс-шара жоспарланған болатын. Бірақ әлемді жайлаған індетке байланысты соның көпшілігін онлайн форматқа ауыстырдық. Әрине сан сынақтан сүрінбеген халқымыз бұл дертті де жеңеді. Қиындық өтпелі, ал Абай мұрасы мәңгілік. Менің тапсырмам бойынша Үкімет оныншы тамызды «Абай күні» деп белгілеп, мерекелер тізбесіне енгізді (бірақ жұмыс күні болып қала береді). Ұлы ақынның мұрасын ұлықтауға арналған іс-шаралар жыл сайын өткізіліп тұратын болады. Мәселе мерейтойда емес – тұғырлы тұлғаның туындыларынан терең тәлім алуда. Абайдың рухына тағзым ету – оның қағидатын ұстану, аманатына адал болу.

Сонда ғана жас ұрпақтың санасына қастерлі құндылықтарды сіңіреміз. Біз ұлы ойшылдың өнегелі өмірі мен тағылымы туралы айтудан жалықпаймыз. Әсіресе қазіргі Қазақстан қоғамын Абайдың рухани ұстанымына сай дамыту аса маңызды. Мен бұл жөнінде «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаламда кеңінен айттым. Биылғы жыл халықаралық «Абай жылына» айналды. Әлемнің көптеген елдері оның шығармашылығына назар аударуда. Қазақстанның бастамасымен және ЮНЕСКО-ның қолдауымен ұлы ақынымыздың 175 жылдық мерейтойы жаһандық деңгейде аталып өтуде. Ақынның баға жетпес мұрасын ұғындыру және дәріптеу – азаматтық парызымыз. Өйткені Абай – әлемдік дең-гейдегі кемеңгер тұлға. Абайтанудың тұғырнамалық негізі де осы болуға тиіс. Қазір ақынның еңбектерін халықаралық ғылыми айналымға енгізу үшін нақты және мақсатты жұмыстар қолға алынуда. Оның шығармалары әлемнің он тіліне аударылып, баспаға әзірленді. Бұл кітаптар жүзден астам елдің кітапханалары мен мәдени орталықтарына жіберіледі. Бірқатар шетелдік аудармашыларға, Абайдың шығармашылық мұрасын зерттеушілер мен насихаттаушыларға менің Жарлығыммен мемлекеттік награда берілді. Абай рухын ұлықтау шаралары жалғасуда. Шетелдегі елшіліктеріміздің жанынан Абай орталықтары ашыла бастады. Ақынның шығармашылығын жүйелі зерттеу үшін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан Абай академиясы құрылды. Біз бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін Абай мұрасын естен шығармауымыз керек. Себебі ұлт ретіндегі жаңару идеясы да оның көзқарасымен үндесіп жатқаны анық. Келесі жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Бірақ кезінде ұлы ойшылды қатты толғандырған кейбір келеңсіздіктер қоғамда әлі де кездеседі. Өкінішке қарай Абай айтқан «бес дұшпаннан» толық арылып болған жоқпыз. Азаматтарымыздың арасында жалқаулық пен сөзуарлық жиі кездесетіні қынжылтады. Бұлар бұрынғыша тойқұмарлықтан тартынбай, күнделікті тынымсыз тірлікті дәріптеудің орнына, әрбір қоғамдық оқиғадан саяси астар іздейді де отырады. Абай халықты той тойлауға емес, еңбек етуге, рухани кемелденуге шақырды. Абайдың ұлағаты әлі күнге дейін маңызын да, құндылығын да жоғалтқан жоқ. Сондықтан біз оның терең ойларына, келешектің келбетіне үңілген көрегендігіне таңырқаудан жалыққан емеспіз. Абай ілімі бүгінгі бірқатар бағыттарға орайлас келеді. Ең алдымен, білім игеру. Біз бүкіл әлемді ақыл-ой мен парасатты пайым арқылы ғана мойындата аламыз. Заман талабына сай білім алу интеллектуалды ұлт қалыптастыруға жол ашады. Екінші, тәрбие мәселесі. Сон-дықтан, өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт берген жөн. Ақынның «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өсиетін әрдайым санаға сіңіру қажет. Үшінші, жаңа кәсіп игеру. Ақын әр қазақ өз ісінің шебері болса деп армандады. Әсіресе бәсекелестікке толы алмағайып заманда мұның мәні зор. Абай: «Мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» дейді. Біз еңбекке, жаңа өнер игеруге деген көзқарасымызды түбегейлі өзгертуге тиіспіз. Байлықтың да, бақыттың да кілті – өзің сүйген кәсіпте. Төртінші, ынтымақ мәселесі. Абай әрдайым қоғамның береке-бірлігін арттыруға ден қойды. Ол «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің – бәрі бос» деп, елді татулыққа шақырды. Біз аса күрделі кезеңді бастан өткерудеміз. Осындай сәтте бір-бірімізге қол ұшын беріп, өзара мәміле мен ынтымағымызды арттыра түсу аса маңызды. Кемеңгердің де жан-жүрегімен тілегені жұртының амандығы мен ұлтының тұтастығы еді. Сондықтан бүгінгідей қиын шақта Абай мұрасына жүгіну өте өзекті болып отыр. Абай өнегесінің құны дәуір алмасқан сайын артпаса, кемімейді. Ол баршаға түсінікті әрі күллі адамзатқа ортақ. Оның қара өлең болып өрілген және қара сөз болып төгілген оралымды ойлары әлі күнге дейін өмірлік бағдар болып келеді. Ұлтының болашағы үшін қам жеген ұлы ойшыл күллі жұртшылықты да махаббат пен мейірімге үндеді. Ақынның осындай адамгершілік қағидаттары еліміздің бүгінгі ұрпақтары үшін де аса қажет. Мемлекет тәуелсіздік жағдайында ұлттық сананы қайта жаңғыртуға және жаһандану өзгерістеріне бейімдеуге жалпыұлттық тұрғыдан басымдық беріп отыр. Ұлы данышпан елдік мүддені әрдайым жоғары қоюға, алған білім мен тәжірибені халық игілігіне жұмсауға шақырды. Бүкіл адамзат үшін даму үрдісін осындай ұстаным арқылы ұғыну әрдайым маңызды болмақ. Абай – біздің ұлтымыз бен жұртымызды танудың төте жолы. Ұлы ақын бізге мазмұндық тұрғыдан өлшеусіз, халықтың рухани азығына айналған мұра қалдырды. ХХІ ғасырға қадам бассақ та, Абайдың көзқарасы заманауи ізгілік қағидаттарына және Қазақстан қоғамының басты құндылықтарына, оның бірлігі мен берекесіне толықтай сай келетіндігіне тағы да бір мәрте көз жеткіземіз. Ұлы данышпан ұлттың рухани мәдени, адами бет-бейнесін асқан көрегендікпен сипаттаған. Оның ұлылығы да осында. Абайдың даналық сөздері қазақ халқының алтын тұғыры, түп негізімізге үңіліп, ұлттық ұстынымызды іздеген көптеген ұрпақтың басын біріктіретін мәңгілік рухани тірек болып қала бермек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары» деген болатын. Бұл тұжырым бізді ақын әлеміне терең бойлауға, жаңаша ойлауға міндеттейді. Қазір елімізде абайтанумен айналысатын бірнеше ғылыми-зерттеу орталығы бар. Осылардың жұмысын жүйелеп, елордамыздағы Абай академиясының төңірегіне топтастырған жөн. Академия барлық зерттеу мекемелерінің жұмысын ғылыми тұрғыдан үйлестіруші міндетін атқара алады. Алдағы уақытта гуманитарлық пәндердің бөлінбес бөлшегі ретінде «Абайтану» курсын оқыту мәселесін қолға алу керек. Жаңа философиялық және саяси ұстаным тұрғысынан «Абайтану» оқулығы мен хрестоматиясын әзірлеу қажет. Сондай-ақ Абайдың «толық адам» ілімі жан-жақты әрі терең зерттелуге тиіс. Біз Абайды ХІХ ғасырда өмір сүріп, ХХІ ғасырдың сөзін сөйлеген данышпан ретінде әлемге танытуымыз керек. Сонымен қатар оны ұлттық сананы жаңғыртуға зор ықпал еткен рухани реформатор ретінде дәріптеуге міндеттіміз. Түптеп келгенде, әрбір қазақ Абаймен мақтануға тиіс! Халқымыздың ұлы перзентінің торқалы тойы құтты болсын!

«Егемен Қазақстан».

Елдегі медицина саласының сиқы қандай?

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 100 мың адамға жуықтады. Оның ішінде 72523 адам емделіп шыққан. Өкінішке орай 1058 адам қайтыс болған. Елімізде КВИ жұқтырған науқастармен қатар, вирустық пневманиямен ауырып жатқан адамдардың да саны артқаны белгілі. Осы жылдың қаңтар айынан бастап 2-тамызға дейін 256 мың адам пневманиямен ауырған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,3 есе көп. Өкпесінің қабынуынан көз жұмғандар төрт мыңнан асқан.
Былтыр бұл көрсеткіш 2,3 мың болған. Ал 2-тамыздан бері қарай пневманиямен 13280 адам тіркеліп, 164 адам қайтыс болған. Еліміздің денсаулық сақтау министрлігі өкпесі қабынған науқастардың қаншасы ауру құрсауынан босап шыққанын ашық жарияламайды.
Жұқпалы дертті жұқтыру дерегінің күрт өсуі маусым мен шілде айының басында болғаны белгілі. Сол кездегі елдегі эпидахуал денсаулық сақтау министрлігінің сөзі мен айтқан ісінің мүлдем қабыспайтынын анық көрсетіп берді.
Сарапшылар мен қоғам белсенділері елдегі эпидахуалдың дәл осындай күйге түсуіне салада бірізділіктің болмауы әрі мәліметтерді бүкпелеу факторы себеп екенін ашық айтады. Оның соңы неге апаратыны әлі белгісіз. Бірақ медицина саласы бойынша биліктегілердің сөзі мен ісінің мүлдем қабыспауы тоқтайтын емес. Оған негіз болар мысалдар жетерлік.
Еліміздің денсаулық сақтау саласында дегбірді қашыратын жағдайлар көбейіп кетті. Қазақстанға коронавирус келгелі бері аталған саланың жұмысына қатысты жұрттың наразылығы күрт өсті. Соның бірі медициналық маска мәселесі.
Өткен жылдың желтоқсан айында көрші Қытай елінен тараған жұқпалы ауру екі жарым ай уақыттың ішінде Қазақстанға да келіп жеткені белгілі. Ауру келген бойда-ақ дәріханаларда 10-15 теңгеге сатылып келген медициналық бетперде бірден дефицит өнімге айналып шыға келді.

Біршама уақыттан соң оның құны бұрынғыдан бірнеше есеге көбейіп 150 теңгеден босатыла бастады. Содан соң халықтың басым көпшілігі 150 теңгелік бір реттік масканы емес, бағасы сомен пара-пар көп реттік қолданылатын мата маскаларды тағуға көшті. Сол аралықта құзырлы орган өкілдерінің елімізде миллиондаған маскаларды заңсыз айналымнан шығарғаны туралы ақпараттар үстін-үстін жарияланды. Кешегі аптада еліміздің Қаржы министрлігі жүргізілген тексерудің нәтижесінде бүгінге дейін 9,6 млн-нан астам маска заңсыз айналымнан алынғанын айтты.
Алайда заңсыздықтардың жолы кесілгенмен маскалардың құны бұрынғыдай бағаға түспеді. Наурыз айында күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің біріне айналған бұл жәйтке қатысты жағдайды кешегі аптада денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бұйрабекова араға төрт ай салып түсіндіріп берді.
Өз кезегінде ол ақпанда көптеген елдер медициналық қорғаныс құралдарын экспорттауды кілт тоқтатқанын, Қазақстан Қытайдан әкелінетін шикізатқа тәуелді болғандықтан сол кезде шикізат қолжетімсіз болғанын, бұл бетпердеге тапшылық жағдайын туғызғанын айтты. Сонымен қатар ол, мемлекет бетперде бағасын реттемейтінін, төтенше жағдай режимінде мемлекеттік комиссия нарықтағы бағаны тұрақтандыру үшін ғана өнімге шекті баға белгілегенін, соған сәйкес масканың бағасын 118 теңге ету шешімі қабылданғанын мәлімдеді. Қабылданған шараларға қарамастан алып-сатарлардың болғанын ведомства өкілі ашық мойындады. Сонымен қатар ол, қазіргі таңда министрліктің масканы өндірушілермен оның бағасын 60 теңгеге дейін төмендету туралы келіссөздер жүргізіліп жатқанын сүйіншілей жеткізді. Бұл нақты сөз немесе көпірме сөз екенін тап басып білетін күн де белгісіз. Себебі, ведомства келіссөздердің нәтижесіне халық нақты қай күні куә болатынын дөп басып, дәл айтқан жоқ. Алайда келіссөздер сәтті жүргізілгенмен, 60 теңгеге дейін арзандатылған маска дәріханаларда тағы да табылмай, делдалдардың «қара базарында» сатылмасына кім кепіл береді?
Масканы қойшы… Әйтеуір қалың ел бір реттік қолданылатын сол бетперделердің бағасы аспандап бара жатқанда көп рет қолданылатын мата маскаға көшіп, тығырықтан шығар жол тауып шықты. Сөйтіп елдің ашуын тудырған сол жағдай енді ұмытылып бара жатқанда дәрі тапшылығы дертті мәселеге айналып шыға келді. Алғашында билікте отырған ақ жағалылар дәрі қоры жеткілікті деп міз бақпады. Бірақ дәріханада жұрт іздеген препараттардың не үшін жоқ екенін түсіндіре алмады. Тек мемлекет басшысы бұл сорақылыққа қатысты нақты тапсырма берген соң ғана құзырлы органдағылар қорап-қорап дәрі, бума-бума қорғаныс құралдарының заңсыз саудаға шығып кеткенін анықтады. Жөпелдеме дәрілердің жоқ болып кету жұмбағының дәл бұлай ашылуының арғы жағында билік бишігін ұстағандардың да қатысы бар екені айдан анық.
Естеріңізде болса, 10-шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент елде дәрі тапшылығы мен ауруханалардағы төсек-орындардың жетімсіздігі, жәдел жәрдем қызметінің адамдарға жедел жетпеуі сынды көп проблемаға қатысты «туындаған қиындыққа кінәлілердің бәріне қатысты тергеу жүргізу керек. Жауапкершілікке тартқан дұрыс. МӘМС пен «СК Фармация» басшылары жұмыстан шығарылсын. Керек болса, тергеу жүргізген жөн», — деген. Биліктің барлық тармағында не болып жатқанынан жақсы хабардар Президенттің бұлай деуі тегін емес еді. Президент тапсырмасынан соң «СК-Фармация» компаниясының төрағасы Берік Шәріп пен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов қызметтерінен алынғанын айта кетейік.
Бірақ мемлекет басшысы айтқан тапсырмасының орындалу барысы туралы тарқатылған нақты мәлімет таратылмай отыр.
Мәлімет демекші өткен айдың 17-шілдесінде Үкімет көп ойланып, мың толғанып коронавирус пен пневмания статистикасы біріктіріліп берілетінін хабарлаған. Дәл сол күні көрші Қырғыз Республикасы ортақ есеп жүргізуді бастап кеткен еді. Олар вирустық пневмания мен КВИ-дің статистикасын біріктіру туралы шешімді бір күн алдын яғни, 16-шілде де шығарған. Ал Қазақстан мұндай едел-жедел әрекетке бармады. Оперативтілік таныту былай тұрсын министрлік айтқан уақытында яғни, дәл 1-тамызда біріктірілген статистиканы жарияламады. Тек келесі күні яғни, 2-тамызда жариялады. Ведомстваның екі апталық дайындық жұмыстарынан соң жарияланған статистикасы біраз адамның көңілінен шықпады. Өйткені 2-тамыздан бастап тиісті ведомстваның Coronavirus2020.kz сайтына шығарылатын негізгі статистикада пневманиямен қаңтар айынан бастап, 2-тамызға дейін сырқаттанған 256 мың адам енгізілмеді. Тек тамыз айынан бастап вирустық пневманияға шалдыққандардың статистикасын жариялады. Пневманиямен тіркелген және қайтыс болған науқастар саны коронавирус статистикасынан бөлек көрсетіліп, негізгі дерекке біріктірілмеді. Пневмания мен коронавирус дерегінің қатар жариялануы біріктірілген статистика болып табылмайтыны туралы сан пікірлерге денсаулық сақтау министрілігі мардымды мәлімет бермеді.
Мардымды деген сөзден тағы бір ой шығады. Шілдеде ауру жұқтыру көрсеткіші күрт өскен кезде ауруханада орынның жоқтығынан көп адамдар қарқынды емнен қағылғаны белгілі. Бұл оралымсыздықтың орнын толтыру үшін Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жаңадан тағайындалған төрағасы Болат Төкежанов оңалту шаралары өткізілетінін мәлімдеді. Оңалту шаралары кезінде адамның жалпы ахуалына емханадағы күндізгі стационарларда ем-дом көрсету қолға алынатынын, қажет болса курорттарға жолдама берілетінін жеткізді. Содан бері екі аптаға жуық уақыт өтті. Бірақ бірде бір адамның осындай жақсылықтың шарапатын көргені айтылмады.
Айқайлап айтқан көп сөзі іске аспайды, жауабы бітеу сөзбен тұйықталады. Қазір елдегі денсаулық сақтау саласының сиқы осындай.

А. САТЫБАЛДЫ.

Маусым айының басында «С-ИНФОРМ» газетінің редакциясына Түркістан облысы, Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майриховтың қолындағы қызметін, отырған орынтағын пайдаланып 1000 АҚШ доллар көлемінде пара алды деген ақпарат келіп түседі. Бұл ақпаратты газет редакторы, қоғам белсендісі, журналист Амангелды Батырбеков ақ-қарасын ажырату үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне хабарлаған.
Бұл туралы ол жуырда өзінің фейсбук парақшасында мәлімдеген.
Өз кезегінде Амангелды Батырбеков содан бері екі ай уақыт өтсе де коррупцияға қарсы қызмет тарапынан оның нәтижесі туралы ақпарат айтылмағанын айта келе, Бауыржан Майриховке мұндай жауапты қызметті тапсыру былай тұрсын, оның маңайына да жолатпау қажеттігін бірнеше негіздерге сүйеніп айтқан.

Тарқатып айтсақ, Бауыржан Майрихов 2017 жылдан бері «С-ИНФОРМ» газетінде негізді деректерге сүйене жазылған бірнеше сыни мақалаларға арқау болған. Газетте жарияланған материалдарға негіз болатын мәліметтер құзырлы орган өкілдерінің назарына іліккен. Бірақ одан Майриховтың мұрты да қисаймаған. Ең сорақысы 2018 жылы Абай ауданында зорланған 7 жасар бала оқиғасынан кейін біраз басшыларға шара көріліп, жұмыстан шығарылғаны, ал оның орнында қалғаны болды. Жұрттың жағасын ұстатқан бұл сорақылық елге енді таралып, іс май шаммен қаралып жатқанда дәл осы Бауыржан Майрихов «Егер 7 жасар баланың зорланғаны расталса, мен өз еркіммен отставкаға кетуге дайынмын» деген. Бірақ оның бұл сөзі құр шөппен ауыз сүрту болғанын төреші уақыт өзі көрсетті.

Былтыр жазда Бауыржан Майриховтың қол астындағы екі бірдей қызметкері парамен ұсталған. Осы жылы көктемде солардың біреуіне қатысты сот үкімі заңды күшіне енген.

Өз кезегінде Амангелды Батырбеков былтыр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «мемлекеттік орган басшыларының қол астындағы қызметкерлері жемқорлық бойынша кінәлі деп танылса отставкаға кетуі керек» деген пәрменінен Бауыржан Майрихов тарапынан да құзырлы орган өкілдері жағынан да ешқандай әрекеттің болмағанын сын тезіне алады.

Таяуда ғана біз газетімізде Амангелды Батырбековтың Келес ауданында орын алған сыбайлас жемқорлық туралы мақаласында сол ауданның білім бөлімінің басшысы Бахтияр Әбдиевтің жұмысындағы шикілігіне басымызды шайқаған едік. Енді сол ауданмен қойы қоралас болып отырған Сарыағаштың да бас мұғалімі туралы маза кетірер мәлімет алып отырмыз.

Сонда бұл кісілердің суда жүзген жайындай еркін жүруінің сыры неде?

 

Қ. ҚАЛИЕВ.

(Сурет ғаламтордан алынды).

Ағымдағы жылдың маусым айында Түркістандағы көпқабатты тұрғын үйлерге жылу жеткізетін «Жылу» мекемесін газға көшіру жұмыстары басталған еді. Сол кезде қала әкімі Рашид Аюпов «Жылу» мекемесіне арнайы барып, жылуды жеткізуде көмірден газға көшіру жұмыстары бақылауында болатынын баса айтқан. Сөйтіп мекеме басшысына осы бағыттағы құрылыс жұмыстарының барлығы 1-қазанға дейін аяқталу қажеттігін тапсырған.
Содан бері екі ай өтті. Бірақ айтылған тапсырманың орындалуы сылбыр жүруде. Осыған байланысты қала басшысы Рашид Абатұлы мекемедегі жұмысшылардың жайбарақат жұмысын сын тезіне алып, оның басшысына ескерту жасады. Өз кезегінде ол қала биыл көмірді тұтынудан бас тартып, көгілдір отынға көшу қажеттігін, сондықтан да істі ширатуды тапсырды.
Әкімнің тапсырмасы дәл уақытында орындалатынын не орындалмайтынын қазан айы көрсетіп береді.

Өткен айда Түркістан облысына National Geographic және New York Times журналдарының танымал фотографы Джордж Штейнмец келгені белгілі. Құрметті қонақ өңірдің туристік орындарына фототүсірілім жасау үшін шақыртылған болатын. Атақты фотограф Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне құс үшатын биіктікпен фототүсірілім жасаған. Көп ұзамай сәтті шыққан кадрлары бір миллионнан аса оқырманы бар инстаграм парақшасына жүктелген. Фотографтың объективіне ілінген көне кесене аз күннің ішінде мыңдаған лүпіл жинаған.
Кешегі аптада кәсіби маман Джордж Штейнмецтің Қ. А. Ясауи кесенесі жайлы жазбамен жарияланған бұл фотасын «National Geographic» журналы да өз парақшасында жариялады. Барлығы 142 миллионнан астам оқырманы бар парақшадағы кесене жарияланған жазбаға 350 мыңға жуық адам лүпіл басқан. Жазбаның астына кесененің тарихы, орналасқан жері жайлы сұрақтар қойып, әлемдегі жағдай тұрақталған бойда келуге қызығушылық танытып жазылған пікірлер де мыңнан асып жығылған.

Ауа қабатының тұнық, орман-тоғайларымыздың нулы, арық-жылғалар арнасының таза болуы аса маңызды. Қоршаған ортаның осы компоненттерін қорғамауды қаперден шығарған қаншама ел оның зардабын тартуда. Мұндай түйінді проблеманың негізіне экологиялық мәдениеттің қалыптаспауы да көп зиянын тигізуде. Бұл тұрғыда біз ешбір елге сырт көздің сырттаны ретінде сын айта алмаймыз. Себебі, еліміздің көп өңірінде адамдардың қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті сақтау жағы ақсап тұр. Бұл мәселе Түркістан облысын айналып өтпейді. Эколог мамандар мен биологтар ауа бассейнінің ластануын болдыратын адами факторларды тоқтатудың бір жолы жұртшылықпен ашық сөйлесу қажеттігін алға тартып келеді. Осы бағытта жуырда Түркістан облысы бойынша Экология департаментінің ұйымдастыруымен Арыс, Қарашық, Қарасу, Ақсу өзендері жағасында рейдтік жұмыстар жүргізілді. Шараның мақсаты – шомылуға жиналған адамдарға табиғат аясында жүріп-тұру ережесін түсіндіру. Себебі, қазіргі таңда су көздерінің тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтармен ластануы күн тәртібіндегі негізгі мәселенің біріне айналып отыр. Өз кезегінде біз өңірдегі өзге де экологиялық мәселелер мен оның шешілу жолдары жөнінде білмек үшін облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары Қанат Қалмаханмен тілдескен едік.

 

– Қанат Қалмаханұлы, Сіз жуырда Түркістан облысы аумағында ластаушы заттар төгінділерінің массасы көбейіп бара жатқанын ашық айттыңыз. Мұны Сіз өңірдегі түрлі зауыттар мен бірінші санаттағы өндіріс орындарының құлашын кеңге жайып келе жатқанымен байланыстырдыңыз. Бұл мәселе облыстың қай аудан қалаларында өзекті болып тұр?

– Өкінішке орай атмосфера қабатының ластану проблемасы облыстың барлық аудан, қалаларына тән. Мысалы, облыс орталығын алайық. Жылыту маусымы басталған шақтан бастап қала көк түтінге тұншығады. Неге? Себебі, көпқабатты үйлерді жылытатын мекеме қатты отынды пайдаланады. Салдарынан ауа сапасы нашарлайды. Бұдан бөлек, облыс бойынша бей- берекет жатқан 265 қоқыс нүктесі бар болса, соның 67-сі осы қала аумағында анықталып отыр.

Түркістанның түтінге тұмшалануын жою үшін қаланы газдандыру керек. Жылыту маусымы басталған шақтан қаладағы жекеменшік үйлер, кәсіпкерлік нысандар көмір жағады. Көпқабатты үйлерге жылу тарататын «Жылу» орталығы да қатты отынды пайдаланады. Бұл мәселеге нүкте ұоюл мәселеге нүкте үшін, алдағы уақыттан бастап аталған мекеме жылуды көмір жағу арқылы емес, көгілдір отынмен жеткізетіні айтылып жатыр. Сондай-ақ, қаланы жаппай газдандыру жұмыстары да қарқын алуда.

Ауасы тынық әрі тұнық, қоңыр салқын малға жай Төлеби ауданында қатты тұрмыстық қалдықтардың тасталуынан су көздеріне зиян келіп жатқанын жасыруға болмайды. Ордабасыда өндіріс өркен жайғанмен, ауаға төгілетін ластаушы заттар массасы өсуде.

Жабайы қоқыс алаңы Мақтарал, Жетісай, Сарыағаш, Келес аудандарында да өзекті. Олармен күрес жұмыстары бойынша бізде шағымдардан бөлек, жоспарлы іс-шаралар болады. Соған байланысты жергілікті әкімдікпен, полиция қызметімен бірлесіп жұмыс жасаймыз.

 

– Осы жылы атмосфералық ауаға рұқсат етілген ластаушы төгінділердің массасы былтырмен салыстырғанда бірнеше есеге көп. Мұның себебі неде?

– Биыл рұқсат етілген ластаушы заттардың массасы 19117 тоннаны құрап отыр. Бұл былтырмен салыстырғанда 6117 тоннаға көп. Оның көлемін төмендету бағытында тиісті жобалар жасалуда. Ауаға таралатын ластаушы заттар массасының жыл сайын көбеюі құрылыстың дамуының ұлғаюымен тікелей байланысты. Атап айтқанда, өңірде асфальт бетон зауыттары артты. Тас уату қондырғылары көбейді. Міне осындай өндіріс орындарының өсуінен ауаға бөлінетін зиянды қалдықтар артып отыр.

 

 – Ауа сапасын жақсарту үшін Сіз қоғамдық көліктердің жаппай газға көшірілуін жолға қою қажеттігі туралы айттыңыз. Бұл тұрғыдағы ұсыныс-пікірлеріңіз орындалып жатыр ма?

– Ауа тасталатын зиянды қалдықтардың көп бөлігін өндіріс орындарынан шығарылатын қалдықтар түзіп отырғанын айттық. Екінші себебі ол автокөлік санының күрт өсуі болып отыр. Осыған байланысты бізде «Жол картасы» әзірленуде. Аталған бағдарламаға сәйкес қоғамдық көліктерді кезең кезеңімен газға көшіру жолға қойылады. Оның жүзеге асуы 2020-2022 жылды қамтиды. Бұл жұмыстар облыс орталығы Түркістан қаласынан басталады. Қазіргі таңда қалада жолаушылар тасымалдайтын 300-ге жуық қоғамдық көлік бар.

 

– Жыл басынан бері жер қойнауын заңсыз пайдалану облыстың қай аудан, қалаларында жиі тіркелді. Оларға салынған айыппұл мөлшері қандай?

– Жыл басынан бері жер қойнауын заңсыз пайдалану деректері Келес, Сарыағаш, Қазығұрт, Шардара аудандары және Кентау қаласында жиі кездесіп отыр. Бүгінгі таңда 15 жеке тұлғаға 1 243 750 теңге айыппұл салынған. Жер қойнауын заңсыз пайдаланудың алдын алу, анықтау жұмыстарын жандандыру мақсатында облыстық полиция департаментімен «Жол картасы» бекітілген.

 

– Осы жылдың алты айында экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету бағытында жүргізілген тексеру жұмыстары жөнінде нақты мәліметтерді келтіре кетсеңіз…

– Түркістан облысы бойынша экология департаменті 2020 жылдың бірінші жарты жылдығында 11 бірінші санаттағы ірі және орта кәсіпорындарға профилактикалық бақылау жұмыстарын және 3 кәсіпорынға келіп түскен арыз-шағымға байланысты жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізді. Елімізде болып жатқан жағдаймен және Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 26-желтоқсандағы «Қазақстан Республикасы тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы» Жарлығына байланысты тексеру жұмыстары азайып отыр.

 

– Елімізде қатты тұрмыстық қалдықтардың көп бөлігі қайта өңделмейді. Қоқыс полигондарында қордаланып тұрады. Жалпы қазіргі таңда облыста қанша қоқыс полигоны бар? Және олардың қанша пайызы экологияық және санитарлық талаптарға сай келеді? Бұдан бөлек облыста заңсыз қоқыс жинау нысандары анықталған ба?

– Мемлекет 2030 жылға қарай Қазақстандағы қатты тұрмыстық қалдықтардың өңдеу үлесі 40 пайызға, 2050 жылға қарай 50 пайызға дейін жеткізуді мақсат етіп отыр. Бірақ оған жетудегі қазіргі көрсеткіш көңіл тоғайтпайды. Бүгінде елімізде қатты тұрмыстық қалдықтардың 10-11 пайызы ғана қайта өңделуге кетсе, қалған бөлігі өңделмеуде.

Облыс бойынша 167 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар. Оның ішінде 34 полигон экологиялық талапқа сәйкестендірілген. Яғни, ол полигондарда сұрыптау қондырғылары орнатылған. Ал 116 полигон талапқа сай келмейді. Ол барлық аудандарда болады. Сондай-ақ, 11 полигонның жер телімі аудан әкімдерінің қаулысымен қайтарылса, 4 полигон сот шешімімен тоқтатылған, 2 полигон толуына байланысты қалдықтар қабылдамайды.

Қазіргі таңда облыс көлемінде 265 бей-берекет жатқан қоқыс нүктелері анықталып отыр. Жалпы заңсыз қоқыс нүктелері облыстың барлық аудан, қаласында бар. Бірақ оның ең көбі Түркістан қаласында анықталғанын сөз басында айтып өттім. Жабайы қоқыс алаңы мәселесі Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш, Келес аудандарында өзекті. Осы тамыз айында олардың барлығы жойылуы қажет. Былтыр заңсыз қоқыс нүктелері 180 болатын. Жыл сайын көбейіп жатыр. Бұл халықтың айналаны таза ұстау қағидатына бей-жай қарауынан болып отырған жағдай. Оның үстіне осы мәселеге жауапты жергілікті биліктің де бейғамдығы жағдайды ушықтырып тұр.

Кейде таң қаламын, адамдардың өздерін көтеріп жүрген Жер-Ананың жағдайына жанашырлық танытпайтынын. Көмейі қоқысқа толған арықты көрсе де міз бақпайды. Керісінше оның қасынан өтіп бара жатып, қолындағы құтысын тырс етіп тастай салады. Орманның өртенуіне сіріңкенің бір басы жететінін жақсы білсе де темекісін тартып, тұқылын тастап талтаңдап жүре беретіндер көп. Тұрғындар су жағасына барып демалады. Бірақ өзінен қалған қалдықтарын жиып-теріп әкетуді қаперіне де алмайды. Үлкен проблемалар осындай ұсақ-түйек әрекеттерден басталады. «Тасын ала берсең, тау да таусылады» деген. Қоқыс тастау мәдениеті қалыптаспаса экологиялық мәселенің өзегі ешқашан тарқатылмайды.

РЕДАКЦИЯДАН: Департамент өкілінің өз сөзін осындай көңілсіз нотамен аяқтауының жөні де бар.

Әңгімеміздің әлқиссасында департаменттің ұйымдастыруымен жұрт көп шомылып, демалатын су жағаларында рейд жұмыстары жүргізілуде екенін айтып өттік. Соған сәйкес Қарашық өзені жағасында жүргізілген рейдке бізде қатысқан едік. Әдетте жұрт бұл өзеннің Кентау қаласына қарасты Оранғай ауылдық округі ауылынан ағып өтетін аумағында көп жиналады. Құрамында экология департаментінің маманы Дастан Тойметов, Кентау қаласы полиция бөлімі мен қалалық төтенше жағдай қызметінің мамандары жүрген тексеру шарасында суға шомылып жүрген сан жұртқа жағаға тұрмыстық қалдықтарды қалдырмауды, су көздерін ластамауды, оған қоқыс тастамауды түсіндірді. Ал тәртіп сақшылары болса тұрғындарға Кентау су қоймасынан жіберілетін бұл суда шомылу мүлдем болмайтынын айтты. Бұл ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 364-бабындағы Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу болып табылатынын ескертті. Ескерту алған азаматтар бір жыл ішінде бұл әрекеттерін қайта жасайтын болса айыппұл төлейтіні қаперіне салынды. Және бұл жер шомылу үшін емес, ортақ пайдалануға ағып жатқан су екенін шегеледі.

Заңда жазылып, шегеленгенмен жаз айларында бұл су жағасы шомылуға келген кісіге лық толы болады. Кентау қалалық полиция бөлімі басшысының орынбасары Нұралы Көбеев азаматтарға бұл заңға қайшы екені жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілсе де, нәтиже болмайтынын ашық айтты. Сонда орындалмайтын жетім заң не үшін керек?

Ал Қарашық өзенінің жағасы мен сағасының қоқыстан көз ашпай тұруына (суретте) Кентау қаласы әкімдігі қашанғы көз жұма қарап жүре беретіні бір тақырыпқа жүк боларлық мәселе.

 

С. НҰРАЙ.

«Nur Otan» партиясы Созақ аудандық филиалы партиялық бақылау комиссиясы мүшелері мен арнайы мониторингтік топ аудан аумағындағы орналасқан бірнеше дәріханаларда болып, халық сұранысындағы дәрі-дәрмектердің қолжетімділігі мен бағасының тұрақтылығына зерделеу жұмыстарын жүргізді. Дәріханалардың жұмысы бірқалыпты тұрақталған. Қазіргі таңда дәріханаларға келушілер саны төмендеген. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.

Мақсат Қарғабай.