Маңызды

Түркістан облысында барлығы 838 елді мекен бар болса, соның 131-де ғаламтор желісі жоқ. Бұл мәселені оңтайлы шешу үшін еліміздің цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұялы байланыс операторлары және «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп екі жылдық бағдарлама кешенін әзірлеуде.
Аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінде онлайн режимде өткен брифингте осылай деді.
Жаңа оқу жылы қарсаңындағы дайындық жұмыстарын пысықтауға бағытталған брифингте Өмірзақ Естайұлы 1-қыркүйектен бастап өңірдегі оқушылардың 92% қашықтан оқыту форматында білім алатынын жеткізді. Бұл өңірдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтылығын сақтау мақсатында қолға алынып отырған шара. Сонымен қатар ол, облыстың бас санитариялық дәрігері тарапынан рұқсат берілсе балалар саны 180-нен аспайтын шалғайдағы шағын жинақы мектептерде оқушыларға дәріс беру дәстүрлі түрде болатынын айтты. Қазіргі таңда күнгейде шағын жинақы мектептерде білім алатын оқушылардың саны 12 мыңнан асады.
Бұдан бөлек аймақ басшысы жергілікті аудан, қала әкімдері мен білім басқармасы бірлесіп шалғайдағы шағын мектептерде барлық тиісті қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету шарасын бақылауға алуы қажеттігін шегеледі. Мектептерде медициналық қызметкер күні бойы оқушыларды бақылауы қажеттігін ескертті.
«Санитайзерлер орнатылып, әр партаға тек бір оқушыдан отыруы тиіс», деген облыс басшысы аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына компьютер беру, оқушыларды кітаппен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды.
«Бүгінгі таңда аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан оқушылардың компьютерлік техникасы жоқ. Ол үшін Үкімет тарапынан 57 мыңнан астам компьютер әперу процесі жүруде. Аталған техникалық жабдықтар I- тоқсанның аяғына дейін жеткізіледі.
Компьютерлік техника аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан білім алушыларға және ұстаздарға қашықтан оқыту кезінде пайдалану үшін уақытша берілетін болады», — деп атап өтті облыс әкімі.
Бүгінде жаңа оқу жылына дайындық барысында облыстағы барлық білім беру мекемелеріне қажетті оқулықтардың жүз пайыз қаржысы төленіп, тасымалдау жұмыстары ұйымдастырылуда. Сәтін салса 25-тамызға дейін барлық оқушыларға қажетті оқулықтар жеткізілетін болады.

Нұр-Сұлтан қаласында Абай күніне байланысты кубик-рубикпен Абай атасының бейнесін сомдаған созақтық жас өрен жайлы қазақстандық телеарналар жарыса жариялап жатты. Бұл туралы әлеуметтік желілерде де шулап кетті. Шындығында да керемет туындының куәсі болдық. Ал сол шедеврді дүниеге әкелген қасиетті теріскей жерінің тумасы, Бөпіштай қарияның немересі Тынысбек деген азамат екенін біреу білсе,біреу білмес.


Тынысбек 1999 жылы Созақ ауданы, Қозмолдақ ауылында дүниеге келіп 7-сыныпқа дейін Ғани Мұратбаев атындағы жалпы орта мектебінде оқыды. Отбасымен Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аударып Елордадағы дарынды балаларға арналған №9 мектепті үздік бітіріп шықты. Қазіргі таңда Л.Гумилев атындағы Ұлттық Университетінің 4-ші курс студенті. Мемлекеттік грант иегері.
Мектеп қабырғасында жүрген кезде оның кубик-рубикке деген қызығушылығы ояныпты. Сол кездің өзінде 10 секундта кез-келген қиын түрлерін жинайтындай дәрежеге жеткен екен. Тек жинаумен ғана шектелмей зерттеп, қәзір шаршылармен адам бейнесін салумен айналысып жүрген жайы бар. Оның ең алғаш туындысы өзінің дос қызының бейнесі екен. Одан кейін марқұм, олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың суреті мен өздеріңіз куә болған Абай Құнанбаевтың портреті. Өткен аптада ғана Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне арналған «Қазақстан » телеарнасының «Таңшолпан «бағдарламасына қонақ ретінде барып келді. Аталмыш бағдарламада Шәмші атасының портретін көпшілікке көрсетті. Тынысбек журналистікке баулитын «Болашақ» мектебінің де түлегі. Ауылдағы мектепте оқып жүрген кезде өз сыныбындағы түрлі шараларда жүргізуші болып жүретін. Сол кездің өзінде өнерге деген ықыласы ерекше болатын.
Тынысбектің әпкесі Дәнебаева Ғазиза «Қазспорт» телеарнасында спорт коментаторы болып қызмет атқарады. Теріскей жерінен шыққан тұңғыш коментатор қызымыз десек қателеспейміз.
Осындай өнер киесі дарыған отбасына жақсылықтар тілейміз.

Мақсат Жеңісұлы.

Бұл қалада түйінді мәселенің тым көптігін көрсетеді ме?

2020 жылдың қаңтар-шілде айында Шымкент қаласы әкімдігіне 8 711 арыз-шағым келіп түскен. Келіп түскен өтініштердің 8491-не жазбаша түсіндірме берілді. Ал 950 өтініш иесенің мәселесі қанағаттандырылған.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Қалалық әкімдікке жолданған өтініштерің 3986-сы жер қатынастары саласына қатысты болған. Ал 839 өтініш карантин кезінде қалада жүріп тұруға рұқсат алу сипатында жазылған. Сонымен қатар 314 өтініш энергетика және коммуналдық шаруашылық, 302 өтініш баспана мәселесі, 300 өтініш әлеуметтік және жұмысқа орналастыру, 198 өтініш жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, 161 өтініш құрылыс саласы бойынша, 142 өтініш білім саласы, 135 өтініш денсаулық сақтау, 2 134 өтініш басқа да мәселелер жөнінде жазылған. Есепті уақыт ішінде қала әкімдігіне екінші деңгейдегі банктерден алған несие сомасын өтеу туралы 78 өтініш жолданған.
Сондай-ақ, әкімдіктің ресми сайтындағы «Ашық диалог», «Сұрақ-жауап» блогтарына 375 арыз-шағым түсіп, оған 100 пайыз жауап берілген.
Сонымен қатар, биліктің бұқараға барынша жақын болуы мақсатында қала әкімі Мұрат Әйтенов карантин кезеңіне дейін, яғни қаңтар-наурыз аралығында халықпен 7 рет жүздесіп, 186 тұрғынды қабылдаған. Әкімнің қабылдауына келген 108 азаматтың мәселесіне түсіндірме жауаптар берілсе, 75 азаматтың толғандырған жәйт өз шешімін тапқан. Ал 2 азаматтың мәселесін шешу ұзақ мерзімдік бақылауға қойылған.
Әкім қабылдауында болған 16 азаматқа медициналық құрал жабдықтар (қоларба, ортопедиялық аяқ киім, көзілдірік), дәрі-дәрмек, ота жасатуға ақшалай көмек берілді. Бұл қайырымдылық қаланың жомарт азаматтарының арқасында жүзеге асқан. Сондай-ақ, құжаттарын рәсімдей алмай жүрген 15 азаматтың мәселесі шешіліп, заңгер көмегі берілген.
Қала басшысы Мұрат Әйтенов енгізілген карантиндік шараларға сәйкес азаматтарды онлайн байланыс арқылы қабылдап, тікелей эфирге шығу жолын қолға алды. Аптаның әр жұмасында өтіп жатқан онлайн қабылдауында 26 азаматтың өтінішін тыңдап, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктелген.
Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасарлары жыл басынан 266 азаматты қабылдап, олардың өтініштері негізінде тиісті жұмыстар атқаруда.
Жыл басынан бергі әкімдікке жолданған өтініштердің 9 мыңға жуықтағаны қалада түйінді мәселенің тым көптігін көрсететін сияқты.

Ағымдағы жылдың наурыз айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрген мамандардың еңбекақысы миллионға жететінін мәлімдеген болатын. Соған сәйкес індетпен күресте қауіптілігі жағынан бірінші санатқа жатқызылатын дәрігерлердің еңбекақысына ай сайын 850 мың теңге, екінші топтағыларға 425 мың теңге, үшінші топтағыларға 212 мың теңге үстемеақы қосу туралы шешім шығарылған.

Бұдан бөлек, медицина қызметкері коронавирус жұқтырған жағдайда оған 2 млн. теңге, ал аурудан көз жұмған жағдайда 10 миллион теңге өтемақы төлеу қарастырылатыны да шегеленген.
Кешегі аптада елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еліміздің бас дәрігері Айжан Есмағамбетова коронавирусты жұқтырған дәрігерлерге ақшалай өтемақы төлеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады.
Оның сөзінше бүгінге дейін республикада аурумен күрес жұмыстары кезінде COVID-19 жұқтырған 500-ден астам медицина қызметкеріне 2 миллион теңге өтемақы берілген екен. Өз кезегінде ол Денсаулық сақтау және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлерінің бірлескен бұйрығына сәйкес өтемақы төлеу коронавируспен қатар, вирустық пневманияны жұқтырған дәрігерлерге де берілетінін еске сала кетті.
Бас санитар дәрігер өтемақы берудің механизмін де түсіндіре кетті. Дәрігерге өтемақы төленуі үшін өңірлік комиссиялар төлемге үміткер әр медицина қызметкерінің құжаттарын денсаулық сақтау министрлігіне ұсынады. Мамандандырылған ведомствода тексеруден өткеннен кейін құжаттар еңбек және халықты әлеуметтік министрлігіне жолданады. Өз кезегінде аталған ведомство мамандары төлем жөнінде шешім қабылдайды.
Сондай-ақ Айжан Есмағамбетова дәрігерлерге өтемақы беру туралы комиссияның жұмысы жалғасуда екенін айтты.

Еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірінші жартыжылдықтағы ғарыштық мониторинг қорытындыларын жариялады.
Ғарыштық мониторинг ел территориясында 1114 жабайы қоқыс алаңы бар екенін анықтап берді. Стихиялық қоқыс үйінділерінен бөлек, ғарыштық мониторинг арқылы бүгінде жалпы ауданы 350 мың шаршы шақырымнан астам ауыл шаруашылығы алқаптарының пішіні өзектендіріліп, шамамен 19 млн. гектар дәнді дақылға арналған егістік алаңы анықталды. Бұдан бөлек ғарыштан түсірілген суреттер арқылы орман ағашын кесудің 1104 полигоны қаншалықты заңға сай жұмыс істеп жатқанына талдау жасалды. Ғарыштық мониторинг кезінде 87 мыңнан астам термальді нүкте белгілі болды және 1073 өрт оқиғасы тіркелді. Өртенген аумақтың ауданы 650 мың гектардан асады.
Ведомства ғарыштық мониторинг кезінде түсірілген фотолардың барынша сапалы болуын қамтамасыз етуге де екпін берілгенін мәлімдеді. Соған сәйкес жыл басынан бері 12 геосервис жұмысы өзекті етілді. Сөйтіп 3,5 мың бірлік немесе 1,5 млн. шаршы шақырым тұнықтығы жоғары ғарыш түсірілімдері ұсынылды. Сондай-ақ, орташа ажыратымдылықтағы суреттер саны 75 бірлікті немесе 440 мың шаршы шақырымнан асты.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіның ғарыштық мониторинг жұмыстарының нәтижелері мемлекеттік органдардың өз жұмысында қолдануы үшін мамандандырылған геосервистерге жүктеледі. Бұдан басқа, деректерді қалпына келтіріп, толықтыру үшін жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелерімен салыстыру тұрақты жүргізіледі.

Естір құлақ болса, еңбек етемін деген адамға ұсыныс көп. Ұтырлы ұсынысты қабылдап, ұпайы кемімеген жанның бірі төлебилік Ержан Утеулиев есімді азамат.

Өз кезегінде ол нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында ілкімді істі қолға алып, ілгері басты.
Түркістан облысы Төлеби ауданының тұрғыны Ержан Утеулиев мемлекеттік көмекті пайдалана отырып автокөлік жөндейтін станция ашып алды. Бұған дейін жұмыссыз жүрген үш баланың әкесі Үкіметтен берілетін 555 600 теңге мемлекеттік грантқа ие болды. Грантты алған бойда оны қозғамастан үстіне тағы аз-маз ақша қосып, барлығы 600 мың теңгеге автокөліктің дөңгелектерін туралауға арналған құрылғы сатып алды. Сөйтіп осындай қызметке жүгінетін көптеген көлік жүргізушілерінен тапсырыс алып, тұрақты табыс тауып отыр. Осылайша ол ептілігінің арқасында жұмыссыз күндерін артта қалдырды.
Биыл Төлеби ауданы бойынша бизнес идеяларды іске асыру үшін берілетін мұндай мемлекеттік грантты 150 азаматқа беру жоспарланған. Бүгінге дейін аталған көмекті 60 азамат алып үлгерген.
Айта кетейік, аудан көлемінде нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында оңды істер атқарылуда. Өткен жылы аталған бағдарламаның көмегімен 460 азамат жаңа бизнес идеяларын жүзеге асырған. Олардың қатарында мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен көп балалы, аз қамтылған отбасы мүшелері мен жастар бар.

Ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларында елімізде 61 түрлі жұқпалы аурулардың көрсеткіші айтарлықтай төмендеді. Еліміздің санитарлық-эпидемиологиялық қызметі 97 жұқпалы аурулар бойынша жүргізілген мониторингтік жұмыстарды саралау кезінде елімізде сірлі менингиттің 14,6 есе, іріңді менингиттің 4,8, сальмонеллездің 2,5, қызылшаның 3,2 есеге төмендегенін анықтаған. Сонымен қатар, ауыздағы вирусты энтерит 38,2%, бруцеллез 46,1, көкжөтел 26, менингокты инфекция 26,8, туберкулез 27,3 пайызға төмендеген.
Бұл туралы мәліметті еліміздегі COVID-19 вирусын таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссия мәлімдеді.
Комиссия таратқан ақпаратқа сүйенсек, жыл басынан бері елімізде обамен, тырысқақпен, іш сүзегімен, құтырумен, туляремиямен, дифтериямен, сіреспемен, қызамықпен және басқа да жұқпалы ауру түрлерімен ауырғандар тіркелмеген. Дегенмен де обамен, Конго-Қырым гаморрагиялық қызбасымен және басқа да табиғи-ошақтық жұқпалы аурулармен ауырмау үшін санитарлық-эпидемиологиялық қызмет нүктелі профилактикалық шаралар жүргізілуде.

Өткен аптада Ресей Президенті Владимир Путин ақжолтай жаңалық айтты. Көрші елдің басшысы Ресейде коронавирусқа қарсы әлемдегі бірінші вакцинаның тіркелгенін мәлімдеді. Ол COVID-19 екпесі Мәскеудің Гамалея институтында дайындалғанын айта келе, вакцина толығымен қауіпсіз екенін және оны қыздарының бірі қабылдағанын айтты.
Еліміздің мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 12-тамызда Ресей Президенті Владимир Путинге Сovid-19 коронавирустық инфекциясына қарсы әлемдегі алғашқы вакцинаның тіркелуіне байланысты құттықтау жеделхатын жолдады. Құттықтау жеделхатында «Бұл оқиға Ресей ғылымының жоғары әлеуеті мен беделін нақтылай түсті. Сондай-ақ, Ресейдің осы жаһандық қауіп-қатерге қарсы күрестегі жетекші рөл атқаратынын көрсетті. Әлемде қалыптасқан осынау қиын-қыстау кезеңде Қазақстанға үнемі қолдау көрсетіп, оның ішінде, гуманитарлық көмек беріп және еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруына үлкен үлес қосқан дәрігерлер жібергеніңіз үшін Сізге ризашылық білдіреміз», — делінген. Сонымен қатар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы тамыз айының екінші жартысында үкіметтік делегация Мәскеуге барып, вакцинаны сатып алу мәселесін талқылайтынын ескертті.
Сол күні яғни, 12-тамызда еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов Қазақстан ресейлік екпені әзірге сатып алмайтынын мәлімдеді. Мұны ол екпенің клиникалық зерттеулерден әлі өтпегенімен байланыстыра келе, «Қазіргі уақытта жер жүзінде бір де бір лаборатория халықаралық шарттарға сәйкес келетін вакцинаны әлі ойлап таппады. Ең алдыңғы қатардағы лабораториялар қазіргі уақытта үш клиникалық фазасынан енді өтіп жатыр. Төрт фазасы бар. Соңғы фазадан өткеннен кейін ғана ол вакцина халықаралық сертификациядан өтуге жетеді. Одан кейін ғана оларды елдерге тарату мүмкін»,-деді. Өз кезегінде Бағдат Қожахметов вакцина алу туралы әңгімені қозғау әлі ерте екенін айтты.
Содан бірер күн өткен соң, атап айтқанда 14-тамызда еліміздің бас санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетова денсаулық сақтау министрлігінің басшылығы COVID-19 екпесінің клиникалық сынағына қатыспайтынын хабарлады. Бас санитар екпені сынауға қатысу ерікті түрде жүретінін жеткізді.

Ағымдағы жылдың 1-шілдесіндегі жағдай бойынша елімізде тіркелген жеңіл автокөліктердің саны 3888,9 мыңға жеткен. Олардың ішінде 322402 жеңіл автомобиль осы жылдың қаңтар-маусым айында тіркелген.

Бұл туралы еліміздің ҰЭМ Статистика комитеті хабарлайды.
Комитет таратқан деректерге сүйенсек, осы жылдың алты айында тіркелген жеңіл көліктер саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 35,8 пайызға аз. Осы жылдың алты айында тіркелген көліктердің басым көпшілігі немесе 198 мыңнан астамының шыққан жылы он жылдан асқан.
Сонымен қатар, ағымдағы жылғы қаңтар-маусымда 5260 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 7660 адам зардап шеккен. Өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда апаттылық 25,8%-ға кеміген. Бұдан бөлек 2020 жылғы 1- шілдедегі жағдай бойынша көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру ұйымдары 13,9 млрд. теңге сомасында 34543 сақтандыру төлемін жүзеге асырған.

Беларусьте 9-тамызда өткен президент сайлауынан кейінгі наразылық акциялары әлі де жалғасып жатыр. Бір жетіден асқан қарсылық акциясында халық елді 26 жылдан бері басқарып отырған Александр Лукашенконың алтыншы рет таққа отыруын қолдамайтынын ашық айтып, оның орнын босатуын талап етуде. Осы жылдың 9-тамызында өткен сайлауда Александр Лукашенко халықтың 80,01 пайыздан астам дауысын жинап жеңіске жеткен. Ал оның қарсыласы Светлана Тихановская небары 10,09 пайыз ғана дауыс жинаған.

Сайлау қорытындысына сенбеген халық жаппай көшеге шықты. Көшеге шыққан көптеген адамдар полиция мен арнайы жасақтың қатыгездігіне тап болды. Биліктің бұл әрекеті елдегі қарсылық акцияларының ушыға түсуіне себепкер болды.
Күштік құрылымдардың бейбіт халыққа күш көрсетуін халықтың белортасында жүрген журналистердің де ашуын тудырды. Мұндай қатыгездікке құр қарап отыруға шыдамаған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қызметінен бас тартып, мемлекеттік телеарналардан кетіп жатыр.
Олардың қатарында белоруссиялық СТВ (Столичное телевидение) жүргізушісі Татьяна Бородкина, Белорусь радиосының Бірінші арнасы қызметкерлері Александр Шустер мен Татьяна Филипченко, Беларусь телевизия жаңалықтары агенттігінің жүргізушісі Сергей Козлович бар. Арызын жазып жұмыстан кеткендердің қатарында «Беларусь 1» телеарнасындағы «Доброе утро, Беларусь!» телешоуының жүргізушісі Вера Каретникова, ОНТ (Общенациональное телевидение) телеарнасының жүргізушілері Евгений Перлин мен Ольга Богатыревич кетіп қалды.
Жұмыстан шыққан тағы бір журналист Владимир Бурко болып табылады. Ол елдегі рейтингі жоғары «Арсенал» әскери телебағдарламасын тізгіндейтін.
Осындай наразылық акцияларына қарамастан ел басшысы Александр Лукашенко әзірге міз бағар емес. Дей тұрғанмен, Орталық сайлау комиссиясының сиясы кеппеген нәтижелері бойынша Лукашенко жеңісінің баянды болары күмән тудырып отыр.