Маңызды

Еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорлыққа барғаны үшін соттың айыптау үкімдері заңды күшіне енген жағдайда отставкаға кету туралы өтініштерді жазуы тиіс лауазым иелерінің атын атап, түсін түстеді.
Агенттіктің мәлімдеуінше қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа барғаны үшін бірқатар шенеуніктердің үстінен іс қозғалған. Судьялар шығарған айыптау үкімдері заңды күшіне енсе Атырау облысы, Құрманғазы ауданының әкімі Нұртаев пен Алматы облысы, Текелі қаласының әкімі Өнербаев жақын күндері жылы орнын босатуы мүмкін. Себебі, қос әкімнің қарамағындағы білдей басшылар жемқорлық әрекеттері үшін істі болған. Соған сәйкес, Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасарына қатысты іс бойынша 3-шілдеде сот үкімі шыққан. Бірақ прокуратураның наразылығы бойынша отырыс 25-тамызға белгіленген. Ал Текелі қаласы әкімі аппаратының басшысы Норқұловқа қатысты іс бойынша сот үкімі 22-тамызда заңды күшіне енеді.
Пара алу және пара берумен күресетін агенттік отставкаға кету туралы өтінішті беруі тиіс лауазым иелерінің қатарында Түркістан облысы, Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаевты да көрсете кеткен.
Естеріңізге сала кетсек, газетіміздің 5-маусымдағы шығарылымында «Келес ауданының әкімі көп шындыққа көз жұма қарап жүр ме?» атты мақала жарияланған болатын. Онда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті Келес ауданы, Жамбыл ауылдық округінің әкімін 400 мың теңге пара алғаны үшін құрыққа түсіргені жазылған. Ауыл әкімі бұл параны азаматқа жер телімін беруге ықпалдық еткені үшін алғаны анықталған. Соған сәйкес оның үстінен сотқа дейінгі тергеу жүргізілген. Нәтижесінде Келес ауданындағы Жамбыл ауылдық округінің әкімі Құрманалиевке қатысты сот үкімі шығарылған.
Өз кезегінде агенттік апелляцияға өтініш берілмесе, Келес ауданы, Жамбыл ауылдық округінің әкімі Құрманалиевке қатысты үкім 15-тамызда күшіне енуі тиістігін атап өткен.
Әзірге Құрманалиевтің сот үкіміне апелляциялық шағым бергені немесе бермегені белгісіз. Өз кезегінде агенттік ұсынған хабарламада «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның 60-бабы, 2-тармағына сәйкес отставканы қабылдау немесе одан бас тарту туралы шешім бір ай мерзімде президент әкімшілігімен келісіле отырып қабылдануы тиіс», — делінген. Қайткен күнде де Құрманалиевтің тұтылуы Келес ауданының әкімі Есбаевтың есін екеу, түсін төртеу етіп тұрғаны анық…

А. САТЫБАЛДЫ.

– Бекайдар Мұсаұлы, «Nur Otan» партиясы жыл басынан бері дағдарысқа қарсы бірқатар жобаларды қолға алды. Соның бірі Елбасының бастамасымен «Біргеміз» қайырымдылық қорының құрылуы болды. Осы қор есебінен Шымкентте атқарылған ең басты жұмыстарды айтып өтсеңіз…

 

– Бүкіл әлемге етек жайған коронавирус індеті біздің елімізді де айналып өтпегені белгілі. Бұл дерт көптеген салаларға кері әсерін тигізіп, дағдарысты жағдай туғызды. Соған қарамастан халқымыз сын сағаттарда ұйымшылдығын, ынтымақ пен достығын көрсетті. «Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле» деп Төле би бабамыз айтқандай, сол ынтымақты ыдыратпауымыздың арқасы болса керек, қазіргі таңда ауру ауыздықталып, жағдай тұрақталып келеді.

Індет тіркелген алғашқы күннен бастап Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен еліміздегі мұқтаж отбасыларға көмек көрсету үшін «Birgemiz» республикалық қоғамдық қоры құрылды. Аталған қорға еліміздегі бизнес адымы ашылған кәсіпкерлер, дәулетті азаматтар, ірі компаниялар жомарттық танытып қаржы аударды.

Ізгі ниетпен, тұнық тілекпен құрылған қор есебінен соңғы 3 айда республика бойынша 550 мыңнан астам аса мұқтаж отбасыға немесе 2 миллиондай адамға қаржылай көмек берілді. Тағы 300 мыңдай отбасыға азық-түлік себеттері және қажетті тауарлар таратылды. Сондай-ақ, 100 мың отбасыға 5 миллион маска таратылды. Осынау ауқымды жұмысқа «Jas Otan» жастар қанатының 5 мыңнан астам еріктісі атсалысты.

Осы қор есебінен 19-наурыз бен бүгінгі күнге дейін Шымкент қаласы бойынша 10 мыңнан астам отбасыға жалпы сомасы 124 млн. теңгенің азық-түлік жиынтығы берілді.

«Біргеміз» акциясы аясында су тасқынынан зардап шеккен Мақтаарал ауданының тұрғындарына «Мақтаарал – Біз Біргеміз» акциясы аясында Шымкент қаласының партия белсенділері жұдырықтай жұмылып селден зардап шеккен тұрғындардың игілігі үшін қаржылай жәрдем, азық-түлік, гигиеналық заттар, аяқ киім мен төсек орындар және кілемдер берді.

 

– «Біргеміз» қайырымдылық қоры арқылы көмекке мұқтаж отбасылар үшін төрт рет 50 мың теңгеден бір реттік демеуқаржы берілді. Осы ретте қанша шымкенттік тұрғынға демеуқаржы берілді?

 

– «Birgemiz» қоғамдық қоры арқылы 50 мың теңге бір реттік көмек Шымкенттегі 41 630 азаматқа берілді. Атап айтқанда бірінші толқында 21864 азамат алса, екінші толқында 19766 адам қол жеткізді. Бұл үшін қордан 2 миллиард 800 миллион 500 мың теңге бөлінді. Ақшалай көмекті алушылар тізімін аудан әкімдіктері ұсынды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынымдарының негізінде көмек қаражатты алушылардың 7 санаты бекітілген. Әкімдіктер көмек алушылар тізімін дайындаған кезде сол санаттағы адамдарды іріктеген. Бұл көмек жеті санаттарға бөлініп, олардың ішіндегі мұқтаж азаматтарға берілді. Атап айтқанда, аз қамтылған көп балалы отбасылардың 41,8 пайызына, көмекке мұқтаж мүгедектердің 47,5, мүгедек бала күтімімен отырған адамдардың 87,2, жетім балалар және бір асыраушысынан айырылған жетім балалардың 97, ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлердің 0,4, ҰОС мүгедектері және оларға теңестірілгендердің 1,2, тыл еңбеккерлерінің 2,2 пайызына берілді.

Көмек екі толқында беріліп, қала бойынша халықтың әлеуметтік осал топтағы 107 мыңнан астам адамның 40 пайызына беріліп отыр.

«Birgemiz» қоғамдық қоры арқылы республика бойынша үшінші және төртінші толқындағы бір реттік 50 мың теңге көмек ірі қала және облыс орталықтары тұрғындарына берілмеді. Оларға іргелес шағын қалалар мен ауылдарға берілгенін сіз жақсы білесіз.

 

– Жалпы осы бір реттік көмекті беруде тұрғындардың тізімі әділетті түзілді ме? Тұрғындар тарапынан ешқандай шағым болмады ма?

 

– Шымкент қаласы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтары 100 мыңнан астам адамды құрайды. Қор арқылы жеті санатқа жатқызылған азаматтардың біз тек 40 пайызына көмек көрсетілді. Санаттарды сараптап, тізімін талдаған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Жеті санатқа енетіндердің бәрін тұтас көмек алушылар тізіміне енгізу мүмкін емес. Жиналған қаржыны жеткізу үшін аз қамтылғандардың ішінен арнаулы топ іріктелді, аудан әкімдері арнайы тізім жасады. Олар жергілікті халықтың ішінен жағдайы төмен тұрғындардың, көпбалалы әрі мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар, ішер ас, киер киімге мұқтаж жандарды, ет жақын ешкімі жоқ азаматтарды іріктеп, тізімін партияға ұсынды.

Біз сол тізім бойынша көмек көрсеттік. Бұл бизнес өкілдері, жомарт жандар, ел жанашырларымен жинақталған демеушілік көмек. Республикалық бюджетке қатысы жоқ. Сондықтан қала тұрғындарын тізімге толық енгізу, қаржымен қамту мүмкін емес.

 

 – Елбасы праймериз өткізу туралы Қаулы шығарды. Бұл депутаттыққа лайықты үміткерлерді іріктеу үшін қолға алынып отыр. Жалпы алғаш рет өткізілгелі тұрған праймериз туралы пікірлер екі жікке жарылады. Бірі «праймериз қолынан іс келетін азаматтарды ел алдына шығарады» десе, енді бірі «мұны алдын ала жасалған «бағдарлама» деп болжайды. Мұндай пікірмен Сіз келіспейтініңіз белгілі. Оған қандай уәж айтасыз?

 

– «Nur Otan» партиясының ағымдығы жылдың 17-тамызы мен 3-қазан аралығында өткізуді жоспарлап отырған праймеризі көптеген дамыған елдерде қолданылып отырған тәжірибе. Атап айтсақ, праймериз өткізу тәжірибесі Еуропа, Азия, Америка елдерінде бар.

Партияішілік іріктеу бір жағынан партияның өз ішіндегі ең мықтыларын таңдауға мүмкіндік берсе, екінші жағынан партиямен ниеттес, өзекті мәселелерді сөйлейтін, жаңашыл үзеңгілес азаматтарды партия қатарына тартудың бірден-бір құралы.

Праймериз туралы Елбасы Саяси кеңесі бюросының отырысында «Бұл партия атынан мәселелерді шешетін ең белсенді және сенімді мүшелерді анықтауға мүмкіндік беретін дұрыс шешім деп санаймын», деген болатын.

Біраз уақыттан бері праймериз өткізу тәсілі партия ішінде қызу талқыланды, халықаралық озық тәжірибелер жан-жақты қарастырылып, Саяси кеңесі мүшелерінің дауыс беруімен оны өткізудің ережесі қабылданды.

«Мықты лидерлер – мықты партия» қағидаты бойынша нақты әрі мықты лидерлерді анықтап, белсенді және бастамашыл азаматтар үшін партиялық желі бойынша «әлеуметтік саты» жасау, қоғамды, елімізді дамыту мәселелерін талқылауға тарту, жүйелі өңірлік партиялық саясатты қалыптастыру үшін өзекті әрі нақты жергілікті проблемаларды анықтау ел көсегесін көгертпесе, құлдыратпасы анық.

Праймериз арқылы біз әр азаматтың ойын еркін білдіруге ғана емес, саяси додаға қатысу мүмкіндігін пайдаланып, көптің көкейіндегі күпті мәселелерге биліктің назарын аударта алатынын көрсеткіміз келеді. Бұл шара ашық саяси бәсекелестік пен сайлаушылардың сұрау салуларын қалыптастырады.

Праймериз көздеген үш принцип – ашықтық, жариялылық және әділдік.

Жер жаһанды жайлаған пандемия жағдайында жаңа технологиялар сайлау процестерінде де орын алмақ. Алдағы праймеризде қазіргі трендтер ескеріле отырып, онлайн-дауыс беруді де тиімді пайдалану жоспарлануда.

Алда болатын сайлаудың тағы бір ерекшелігі, жуырда қабылданған жаңа заңға сәйкес сайлауға түсетін үміткерлер арасында жастар мен әйелдер квотасының сақталуын қарастыру. Бұл келешекте депутаттар арасынан заманауи креативті жастар мен әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді көтеретін әйелдердің көптеп көретіндігіміздің кепілі.

Ел сеніміне селкеу түсірмей, өз міндеттерін абыройлы атқара білетін, елдікті еселеуге, бірлікті ту етіп, ортақ мақсат үшін жұмыла білетін азаматтарды таңдау нәтижелі жүзеге асады деп сенемін.

Праймериз ережесіне сәйкес праймеризге тек партия мүшелері қатыса алады. Сондықтан біз бәсекеге қабілетті, жігерлі азаматтарды елдің дамуына септігін тигізетін, қоғамдағы өзекті әлеуметтік проблемаларды ашық көрсетіп, оның өзегін тарқатуға орнықты ой айтатын, ұтырлы ұсыныс бере алатын азаматтарды партия қатарына қосылуға шақырамыз

 

 – Праймериз ағымдағы жылдың 17-тамызы мен 3-қазан аралығында өтетіні белгілі. Сайлау алдындағы сайлауда үміткердің асығы алшысынан түсуі үшін оның бойында қандай қасиеттер көрініс табуы тиіс?

 

– «Nur Otan» партиясы – жетекші саяси ұйым. Партия 20 жылдан астам уақыт халықпен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп келеді. Ол жалпыхалықтық ұйымға, қарапайым азаматтардың арқа сүйер панасына айналған.

Біздің партия саяси партиялардың бірі ғана емес, ол миллионнан астам мүшелері және миллиондаған жақтаушыларын біріктіріп отырған күш. Біз «билік партиясы» емес, халықтың мүддесін қорғайтын партия болып, әрбір ауыл, елді мекен, аймақта халықпен тығыз байланыста жұмыс атқарып келеміз.

Бүгінгі таңда Шымкент каласы бойынша 23700 астам партия мүшесі тіркелген. Сәуір-шілде аралығында 1039 азамат партия қатарына қабылданған. Сайлау алдындағы сайлауға түскен жастардың бойында жігер, жан жақтылық, орнықты ой мен әр мәселеге қатысты өзіндік пікірі болуы тиіс. Сонымен қатар түйіткілді проблемаларды шешудің мың мысалын ұсына алатын креативтілігі де көп рөл ойнайды.

 

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан:

Мықтыбек БАҚЫТЖАНҰЛЫ.

Шымкентте 78 бағыт бойынша жолаушыларды тасымалдайтын 24 компания жұмыс істейді. Онда барлығы 1047 автобус бар. Бірақ күнделікті жолаушылар тасымалы қызметіне олардың барлығы емес, 847-сі шығарылады. Қалған автобустар резервте болады. Егер белгілі бір бағытта қызмет етіп жүрген автобустардың бірінің сайманы істен шығып, жүруге жарамай тұрған кезде сол резервтегі техникалар жолға шығады.

Жуырда Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталық алаңында өткен баспасөз жиынында қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов «Неге қоғамдық көліктердің барлығы жолаушылар тасымалдап жатқан жоқ?» деп мәселе көтерген журналистер сауалына осылай жауап берді.
Аталған жиында Мақсұт Пернебекұлы автомобиль жолдары мен жолаушылар тасымалы қызметіне қатысты жұмыстардың барысын, алдағы жоспарлары туралы бірнеше мәліметтер келтірді. Соларды қаз қалпында жеткізсек.

Автобустардың жүру бағыты
жүз пайыз сақтала бермейді

Шымкентте бір күнде 847 автобус жолаушыларды тасымалдауы қажет. Өкінішке орай кейбір бағыттарда автобустардың жүруі кестеге сай бола бермейді. Яғни, жүру кестесі 100 пайыз сақталмайды. Қазіргі таңда қалада 24 компания бар болса, соның үшеуінде ғана автобустардың жүру кестесі 80-95 пайызға дейін орындалады. Соның бірі 28 бағытта адамдар таситын «Shymkent Bus» компаниясы. Ал қалғандары бекітілген кестені толық сақтай бермейді. Тіпті бағыттар бойынша жүру кестесінің орындалуы 40 пайызға әзер жететін компаниялар бар. Әрине ережені елемеген компанияларға шаралар қолданылады. Неге санаулы компаниялар ғана кестені толық сақтап, қалғандары жұмысты ала-құла орындайды? Себебі, әлгі үш тасымалдаушы компанияға мемлекет есебінен субсидия төленеді. Егер олар бағыттар бойынша жүру кестесін бұзып, жүргізушісі тәртіпті сақтамайтын болса, субсидия бойынша берілетін ақша көлемі азая береді. Сондықтан да олар берілетін субсидияның басы бұзылмай, өздеріне толық көлемде жетуі үшін мінсіз еңбек үлгісін көрсетеді. Ал басқа компаниялар субсидия ала алмайды. Жуырда қоғамдық көліктерде жүру үшін электрондық төлем енгізіледі. Электронды төлем жүйесіне көшкенде автобустардың 90 пайыз үлесі жаңарады.

Шыққан жылы үш жылдан аспайтын ол автобустардың барлығы субсидияланатын болады. Сол кезде мұндай проблема мейлінше азая түседі.
Тасымалдаушы компанияларда мемлекеттің үлесін азайту тиімді. Бұл туралы тапсырма да бар. Мен транспорт саласында біраз жылдан бері жұмыс істеп жүрмін. Дәл осы салада мемлекеттік менеджерден гөрі, жекеменшік менеджердің болғаны он есе тиімді. Егер жолаушылар тасымалымен айналысатан компаниялар мемлекетке қарайтын болса, оның басшысы «ең бастысы еңбекақым жүріп жатыр» дейді де, жеке шаруасына, отбасының мәселесіне көп уақытын арнайды. Ал ол жекеменшік болып, техникаларды лизингпен несиеге алған болса, бірінші кезекті үйін емес, сол теникалардың жай-күйін ойлайды. Жүргізушілерден жауапкершілік талап етіп, жұмысын бақылайды. Дегенмен де, мемлекет субсидия беру керек. Бұл халықаралық тәжірибе. Барлық елдерде қоғамдық көліктер субсидияланады. Шетелде де жолаушыларға мінсіз қызмет көрсететін қоғамдық көліктердің өзі субсидияланады. Өзін өзі ақтайтын қоғамдық көлік ешбір елде жоқ. Өйткені ол әлеуметтік мәселе.
Қоғамдық көлік қызметін жақсарту бағытында кешенді жоспарымыз бар. Соның басты бағыты – қоғамдық көліктердің 90 пайызын жаңалау, электрондық төлем жүйесін енгізу, 78 бағытта қатынайтын автобустардың барлығын субсидиялау.
Жуырда қалаға 590 жаңа автобус келеді. Сол автобустардың барлығын жекеменшік компанияларға үлестіреміз. Жаңадан келетін автобустардың барлығы газ отынымен жүреді. Осы ретте тағы бір мәселенің басы қылтиып шыға келеді. Ол автобустарға автогаз құю бекетінің жетпейтіні. Шымкентте бір ғана автобустарға метан құятын бекет бар. Оның өзі күніне 250 автобусқа қызмет көрсетеді. Осыған орай қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы «ҚазТрансГаз» компаниясымен келіссөздер жүргізді. Сол келіссөздің негізінде компания әкімдік бөліп берген жер теліміне қазанның аяғына дейін екінші газ құю бекетін салып беретіні туралы уәде берді. Аталған компания келесі жылы тағы бір газ құю бекетін салатын болады. Осылайша қалада 3 бекет болса, біз жаңадан келетін 590 автобустың барлығына техникалық жағдай жасай алатын боламыз.

Электронды төлем жүйесіне көшуге не кедергі?

Біз 1-қыркүйеккке дейін қоғамдық көліктерге электронды төлем жүйесін енгізуді жоспарлаған едік. Бірақ пандемия салдарынан жоспарымыз межелі уақытында іске аспай отыр. Бұл жобаны 1-қарашаға дейін енгізуе күш салудамыз. Қоғамдық көліктерде электронды төлем жүйесін енгізу бойынша қажетті құрылғылардың барлығы «Қорғас» кеден бекетіне келіп тұр. Бірақ әлі бізге жеткен жоқ. Кедендік рәсімдеу бойынша бірқатар қиындықтар туындап жатыр. Бірақ мына нәрсені айтпай кетуге тағы болмас. Электронды төлем жүйесі енгізілген соң ол бірден толық қуатта жұмыс істеп кетпейді. Оған кемінде бір ай уақыт керек. Себебі, әрбір қала халқының өзінің ерекшеліктері бар. Мысалы, мен Алматы қаласында жұмыс істеп жүргенімде электронды төлем бойынша «Оңай» жүйесін енгізгенде үш ай уақыт бойына кейбір жерлерде интернет сигналының болмай қалуы, кейбір адамдардың құрылғыларды теуіп, сындырып тастайтыны сынды түрлі жағдайлармен бетпе бет келдік. Тіпті карточкадан ақша алынбайды деп оны қысқа толқынды пешке салып қыздыратындар да кездесті. Осындай келеңсіздіктер, күтпеген жағдайлардан біз өтуіміз керек.

P.S. Естеріңізде болса газетіміздің маусым айындағы сандарының бірінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховтың сәуір айындағы «маусымнан бастап Шымкентте қоғамдық көліктер электронды төлем жүйесіне көшеді» деген мәлімдемесі құрғақ сөз болып қалғанын уақыттың өзі көрсетіп тұрғаны сын тезіне алынып жазылған «АЙТАДЫ ДА ҚОЯДЫ… Билік сөзінің салмағы түсіп, қадірі кетіп бара ма?» атты мақала жариялаған болатынбыз. Одан соң ол бұл жүйеге шілде, кейіннен тамыз айында көшу жоспарланып жатқанын айтты. Бірақ бұл жоспар тағы да орындалмады. Бұл жолғы брифингте ол электронды төлем жүйесіне көшуді қыркүйекте іске асырамыз деп отырғанда пандемия жоспарларын күл талқан еткенін айтып ағынан жарылды. Енді қараша айында міндетті түрде жүзеге асады деп шегелеп отыр. Әйтеуір үздік-создыққа созылып жатқан бұл жоба сиырқұйымшақтанып кетпесін деп тілейік.
Айтпақшы, осы жиында Мақсұт Пернебекұлы қазіргі таңда қаладағы веложолдың ұзындығы 10 шақырым болса, жыл аяғына дейін 19,5 шақырымға дейін жететінін, ал келесі жылы 37 шақырым болатынын айтты. Сондай-ақ ол, «халықтың жаппай велосипед айдауын жолға қою үшін танымал немесе атақты адамның велосипедке отыруы жеткіліксіз. Онымен мәселе шешілмейді. Ең бастысы соған жағдай жасау керек»,- деді. Бұл ретте әкім орынбасарының кімді меңзегені айтпаса да түсінікті сияқты.

(Сурет Мақсұт Исаховтың фейсбук парақшасынан алынды.)

Кешегі сенбіден жексенбіге қараған түні Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Айсұлтан Назарбаев Лондонда қайтыс болды. Айсұлтанның орда бұзар 30 жасқа толуына он күн қалғанда қайтыс болуының нақты себебі туралы мәлімет жоқ. Бірақ алдын ала болжам бойынша Елбасының сүйікті жиені ретінде есімі мен өмірбаяны елге жақсы таныс Айсұлтанның жүрегі тоқтап қалғаны айтылуда.

Жаман хабар жерде жатады ма? Қайғылы ақпаратты жексенбі күні отандық БАҚ жариялады.
Айсұлтан Назарбаев 1990 жылы 26-тамызда дүниеге келген. Елбасының қызы Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің екінші ұлы. Ержеткен соң ол өзін отандық футбол ойынының жанашыры ретінде көрсеткен.

2006 жылы Қазақстанның жасөспірімдер құрамасының сапында болып Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне қатысқан. «Челси» және «Портсмут» жастар командалары мен қазақстандық «Астана» командасында ойнаған.
Айсұлтан «Сандхерст» британ корольдік әскери академиясының түлегі. Бұл оқу орнында Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-министрі Уинстон Черчилль, Британ патшайымының немерелері Уильям мен Гарри білім алған. 23 жасында «ҚазРомГаз» АҚ басшысы Қайрат Боранбаевтың қызына үйленіп, шаңырақ көтерген. 2016 жылдың жазында екі жастың отбасында Амели есімді қыз дүниеге келген. 2017 жылы жеті ай Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті қызметін атқарды.
Соңғы жылдары Айсұлтан Назарбаев көпшілік назарынан жылыстап кеткен-тін.
Былтыр қазан айында Ұлыбритания соты Айсұлтан Назарбаевқа полиция офицеріне жасаған шабуылы үшін шартты жаза кесіп, Лондон клиникасында есірткіге тәуелділіктен емделуге міндеттелгені туралы ақпарат таратылды.
Сол жылдың сәуір айында ол фейсбуктегі жеке парақшасында аты-жөнін Айсұлтан Рахат деп, ал отбасылық жағдайын «ажырасқан» деп өзгерткен еді.
Иә, соңғы жылдары оның өмірінде күтпеген өзгерістер орын алды. Бірақ жұрт қараңғы түннен кейін жарық күн шығады деп, Айсұлтанның болашағынан зор үміт күтетін. Оны жамандыққа қимайтын. Бірақ, ажал айтып келмейтінін, жас пен кәрі деп таңдамай, келместің кемесіне мінгізіп жіберетінін тағы да еске салды.
Дегенмен де, Айсұлтан Назарбаев жүрегі тоқтап қалатын жаста емес еді…
Дүниеден мезгілсіз өткен Айсұлтанды Алла өз мейіріміне алсын…

Естеріңізде болса өткен маусым айында Түркістан облысына Өзбекстан Республикасынан бір топ делегация келген болатын. Сол кезде көрші ел Президентінің кеңесшісі, Төтенше жағдайлар министрі Турсунхан Худайбергенов бастап келген делегация Өзбекстан Республикасы Түркістан қаласында тігін фабрикасын ашуға инвестиция салатынын мәлімдеген еді. Тек инвестиция емес, мамандарын әкеліп, тәжірибе бөлісетінін жеткізген.

Кешегі аптада Түркістан қаласындағы «Turkistan» индустриалды аймағында сол тігін фабрикасының қазығы қағылды. Бұл шараға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Өзбекстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі қатысты. Өз кезегінде аймақ басшысы Өмірзақ Естайұлы бірлескен жобаның әлеуметтік маңыздылығы мен тиімді тұстары туралы «Фабрикада әртүрлі жастағы 1000-нан астам жұмыс орны ашылады. Ол жерге аз қамтылған отбасылардан шыққан қыз-келіншектер мен мүмкіндігі шектеулі жандар жұмысқа тартылады. Өзбекстандық әріптестерімізбен бірлесе салатын бұл тігін фабрикалары өңіріміздің экономикалық көрсеткіштерінің жоғарылауына үлес қоспақ. Бүгінде өңірімізде өзбек капиталының қатысуымен 40-тан астам жоба жүзеге асуда. Бұл тігін фабрикасы кезекті сәтті жоба және екі елдің бірлескен ынтымақтастығының лайықты нәтижесі болатынына сенімдімін»,-деді.
Өндіріс орны айына 15 000 дана тоқыма өнімдерін шығаратын болады. Барлық мамандар кәсіби деңгейде оқытылады. Олар Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжінде білімін жетілдіре алады.
Түркістан қаласында бой көтеретін бұл фабрикада костюм, сырт киім мен спорт киімдері тігілетін болады.

Ұлы ойшыл Әбу-нәсір әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына орай Отырар ауданындағы «Даңқты бабалар саяжолы» жөндеуден өткізілуде.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Ғұламаның құрметіне еңселі ескерткіш орнатылған бұл нысан 2005 жылы салынған болатын. Абаттандыру жұмыстарына сұранып тұрған нысанды жаңарту үшін 71,726 млн. теңге қаржы бағытталған. Бұл қаржыға жалпы көлемі 524 шаршы метр жер көгалдандырылып, 48,3 шаршы метр болатын аркаларды травертинмен, ауқымы 101,5 шаршы метр болатын Әл-Фарабидің ескерткіштері гранитпен қапталатын болады. Сондай-ақ, аяқжолға арналған жолдар салынып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылады.

Жуырда еліміздің Ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұрбек Дайырбеков ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында ірі қара мал басы 4,5%-ға немесе 9 млн. нан асқанын, ал қой мен ешкі саны 2 пайызға яғни, 25 млн. ға жеткенін мәлімдеп, алға қойған жұмыстар жоспарға сай орындалып келе жатқанын мәлімдеген болатын.
Сонымен қатар, ведомства өкілі биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алаңы 22,5 млн. гектарды құрап, өткен жылғы деңгейден 238 мың гектарға ұлғайғанын жеткізді. Ал аймақтарда жем-шөп дақылдарының алқаптары 308,6 мың га, майлы дақылдар 142 мың га, бақша дақылдары 7,4 мың га, көкөніс дақылдары 3,9 мың га, картоп 2,5 мың га ұлғайтылған. Соған қарамастан өңірлерде кейбір азық-түлік тауарлары бағасының өсуі байқалған.
Вице-министр жылдың басынан бастап картоп бағасы- 43,3%, сәбіз — 31,4%, пияз — 20,3%, қарақұмық жармасы – 19%, сары май – 10,2%, қант — 10,7%-ға өскенін айтты. Бірақ бағаның бұлайша шарықтауы өндіріс көлемінің төмендеуімен байланысты емес. «Үйдегі көңілді базардағы нарықтың бұзуына» тиімсіз делдалдар, тұрақсыз жеткізілімдер мен карантин жағдайында күрт өсіп келе жатқан сұраныс сияқты факторлар тікелей әсер еткен.
Түркістан облысы әкімдігі осы тығырықтан алып шығатын бірқатар жобаларды қолға алды. Соның бірі Үкімет ұсынған «Егістіктен сөреге дейін» пилоттық жобасы.
Жуырда мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асқалы отырған бұл жобаның іске асыру механизмін жан жақты талқылау үшін облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы, «Түркістан» ӘКК» АҚ, «Атамекен» ҰКП, «Оңтүстік» АИО өкілдері мен жергілікті кәсіпкерлер бас қосты. «Егістіктен сөреге дейін» пилоттық жобасын талқылауға арналған бұл кездесуде жобаның негізгі мақсаты мен шарттары кеңінен талқыланды.
Бағдарламаның басты мақсаты – елдегі фермерлерге өздері өндірген өнімдерін артық шығынсыз және ешбір кедергісіз саудалауға мейлінше көмектесу. Бүгінде осыған байланысты «Түркістан» ӘКК мамандары облыстағы кәсіпкерлерге жобаның шарттарын түсіндіріп, құжаттарды жинақтау бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуде. Несиелеу ережелеріне сәйкес несиені рәсімдеудің жалпы мерзімі 10 күннен аспайды, ал жылдық пайыздық мөлшерлемесі 0,01% құрайды. Бұл ретте несие шарты өтеу, жеделдік және мақсатты пайдалану келісімімен жасалады. Сондай-ақ, тауарды сатып алу және сату барысы тізімдегі белгілі бір өнімнің түріне байланысты жүзеге асырылады.
Айта кету керек, еліміз бойынша Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамыту жағынан жетекші рөлде және аталған саланы өркендетуде ерекше әлеуетке ие. Алайда, дайын өнімді сатуға келгенде бірқатар кедергілер бар екені жасырын емес. Атап айтқанда, тауарды өткізетін тұрақты арналар жоқ, өткізу нарықтары шектеулі және импортталатын өнімдерге байланысты бәсекелестік өте жоғары. Міне, осы кедергілермен күресу мақсатында Үкімет кәсіпкерлерге қаржыландыру арқылы қолдау көрсететін «Егістіктен сөреге дейін» жобасын ұсынып отыр.
Егер жоба жүзеге асатын болса, шаруалардың және фермер қожалықтарының жұмысы жүйелене түсіп, ауыл аймақтарда тұратын халықтың әлеуметтік жағдайы жақсара түседі деп жоспарлануда.

Коронавирус деген кесел келмегенде төрткүл дүние жұрты төрт жылда бір рет өткізілетін Олимпиада ойындарының жеңімпаздарын құттықтап, дүбірді жарыстың қайталанбас қызық сәттері мен әттеген-ай деген тұстарын талқылап, таразылап отыратын еді.

Бірақ төтеннен келген жұқпалы індет сонау төрт жыл бұрын биылға межеленіп қойған бұл әлемдік шараны бір жылға ұзартып тастады. Осылайша Жапонияда өтетін сайыпқырандар сайысы 2021 жылдың жазына шегерілді. Бірақ әлем елдері кіл мықтылар жарысқа түсетін байрақты бәсекеге дайындық жұмыстарын бір сәт те тоқтатпай отыр.
Мәселен, Түркістан облысынан келер жылы өткізілетін Токио Олимпиадасына 21 ойыншы аттанатын болады. Қазіргі таңда ел намасын қорғауда зор сенім артылып отырған бұл спортшылардың дайындығы қызу жүруде.
Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы А. Бердашев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Өз кезегінде А. Бердашев өңірде спорттың дамуына серпін беретін жұмыстар жөнінде баяндады.
Қазіргі таңда Түркістан облысында халықаралық, республикалық спорттық жарыстар мен бұқаралық спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік беретін бірқатар спорт нысандары салынуда. Құрылысы жүріп жатқан бұл спорттық нысанардың қатарында 7 мың орынға лайықталған «Орталық стадион», жабық бассейні бар спорт сарайы бар. Бұл нысандардың барлығы осы жылы пайдалануға берілетін болады. Одан бөлек, қала аумағында жалпы құны 515 млн. теңгеден асатын 13 спорт нысаны бой көтеруде. Оның ішінде кіші футбол алаңдары мен теннис корттары бар. Жалпы бүгінге дейін облыс орталығындағы «Отырар» мөлтекауданындағы көпқабатты үйлер аумағында 9 ашық ойын алаңы ел игілігіне берілген. Мұндай спорттық нысандар облыс орталығынан бөлек, аудан қалаларда да салынуда. Мәселен, бүгінге дейін аймақта 63 мемлекеттік меншіктегі спорт мекемелері тіркеліп, спорт нысандарының саны 4433-ке жеткен. Бұл спорттық нысандар өңірімізден ел намысын қорғайтын спортшылардың шығуына және бұқаралық спортты дамытуға оң әсерін тигізіп келеді.
Осылай деген А. Бердашев бұл бағыттағы құрылыс жұмыстары облыстың 2024 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кешенді жоспарына сәйкес жүргізілуде екенін атап өтті.
Бүгінде Түркістан облысында спорттың 56 түрін дамытуға екпін берілген. Оның 28-і олимпиадалық ойындар бағдарламасына кіретін болса, 28-і олимпиадалық емес спорт түрлеріне жатқызылады.

Биыл қаңтар айында «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы мен облыс әкімдігінің бірлесіп үйлестіруімен «Қамқорлық» бағдарламасы құрылған болатын.

Аталған бағдарламаның мақсаты – көмекке аса мұқтаж отбасыларға мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы мен әлеуметтік көмектен бөлек жәрдем жасау болатын. Сол арқылы олардың аяқтан тұрып, өмір ағымына тез бейімделіп кетуіне ықпал ету еді. Бағдарламаны жүзеге асыру «Nur Otan» партиясының облыстағы филиалы мен аудан, қала әкімдеріне жүктелген. Жуырда аталған «Қамқорлық» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарға шолу жасалды.
Түркістан облысы әкімдігі таратқан деректерге сүйенсек, аталған бағдарлама арқылы жыл басынан бері 1643 отбасы тізімге алынып, оларға көмек көрсетілген. Бүгінге дейін 34 отбасыға тұрғын үй алып берілген. Тағы 75 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, 178 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған. Басында баспанасы жоқ азаматтарға «Қамқорлық» бағдарламасы арқылы үй алып беруге кәсіпкерлер, ел азаматтары мен мектеп түлектері белсенді атсалысқан.
Көптеген отбасыларға құт әкелген «Қамқорлық» бағдарламасы арқылы көмек көрсету жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады. Мәселен, кешегі жұмада «Қамқорлық» бағдарламасы аясында құрылған қайырымдылық қор есебінен Отырар аудандық орталық ауруханасында ем қабылдап жатқан азаматтар мен медициналық қызметкерлерге құрамы дәрумендер мен минералдарға бай тағамдар, көкөністер жеткізілді. Игі іске аудандағы мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлер атсалысты. «Nur Otan» партиясы Отырар аудандық филиалы пандемияға байланысты қалыптасқан ахуал тұрақталғанша осындай сабақ болар сауапты істер жалғасын таба беретінін айтады.
Жалпы елімізде пандемияға байланысты «Nur Otan» партиясы азаматтарға материалдық көмек беріп, қолдау көрсетуде белсенділік танытып келеді. Мысалы жетекші партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Біргеміз» қайырымдылық қоры есебінен бүгінге дейін облыстағы 34 мың адамға 50 теңге бір реттік көмек үлестірілген. Бұдан бөлек, 43 мың азаматқа азық-түлік себеті таратылған. Аталған қор есебінен 340 млн. теңгеге үйлері су астында қалған Мақтааралдағы 20 отбасыға баспана салу жұмысы қолға алынған.

Әндері барлық буынның жүрек қылын шертетін, қазақ вальсінің королі композитор Шәмші Қалдаяқовқа арналып музей құрылды. Жәдігер үйі талант иесінің кіндік қаны тамып, кірі жуылған туған жері қасиетті Отырар ауданының төрінде ашылды. Бұл шара Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойына арналып отыр.

Классикалық қазақ ән өнерінде шоқтығы биік талант иесі болып табылатын композитор құрметіне жасалған мұндай құрмет Қазақстанда алғаш рет қолға алынып отыр. Музейдің ашылуына еліміздің Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен сазгердің ұлы Мұхтар Қалдаяқов қатысты.
Тарихи сәтте министр А.Райымқұлова «Шәмші Қалдаяқов — қалың қазақтың шексіз сүйіспеншілігіне бөленген, ұлттық əн өнерінде айрықша із қалдырған сері сазгер, қазақ вальсінің королі. Дүйім жұрт мойындаған бірегей өнер иесі. Ол егемендігіміздің символы саналатын Әнұран музыкасының авторы. Сыршыл сезімге құрылған лирикалық әсем туындылар келешекте де халықпен бірге мәңгі жасай берсін»,-деді.
Өз сөзінде Өмірзақ Естайұлы талант иесінің 90 жылдығы қарсаңында оның өмір жолынан мол мағлұмат беретін музей ашу туралы бастаманың қалай қолға алынғанын былай деп жеткізді.
– Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл толып отыр. Қазақ ән өнерінің дамуына зор қолтаңба қалдыра білген азаматтың құрметіне осындай мұражай ашу туралы бастамамыз демеушілер есебінен жүзеге асты. Аз уақыттың ішінде құрылған Шәмші музейі Жидебайдағы Абай музейі секілді жас композиторлар мен жас әншілер тәу ететін зиярат орнына айналуы тиіс.
Қазақ жерінде қазақ вальсінің короліне арналып бой көтерген алғашқы музейде композитордың өзі қолданған бұйымдары, саз шығаруға сеп болған музыкалық аспабы секілді құнды жәдігерлер бар. Ұлттық музей жаңадан ашылған Шәмші музейіне композитордың бас киімін әкеліп тарту етті.
Келушілер назарына бірден түсіп, оларды Шәмші өмір сүрген шаққа тап болғандай әсер сыйлайтын бұл жәдігерлер өнердегі өкшебасарлардың өрісін кеңейтіп, қанаттандыра түсетіні анық.
Аталған нысан Шәмші Қалдаяқовтың туып-өскен үйінің үлгісінде салынды.
Музей құрылысы кезінде даңқты сазгердің көзін көрген азаматтардың естеліктері есепке алынды
Отырарда ашылған бұл мәдени нысанды күтіп-баптау үшін мекеме облыстық музейдің филиалы ретінде ашылып, арнайы штат санымен мамандар жұмыс істеп, олар келген туристер мен қонақтарға сапалы қызмет көрсететін болады.
Ән ағаның туғанына 90 жыл толуына орай өскелең ұрпаққа оның шығармашылығын насихаттап, төл өнердің тарланын құрметтеу бағытындағы шара осымен түгесілмейді. Облыс орталығындағы жаңа музыка мектебіне Шәмші Қалдаяқов есімі берілетін болады. Сонымен қатар, киелі кенттегі бір көше композитордың есімімен аталады.
Шығармалары халықтың шексіз сүйіспеншілігіне бөленген Шәмші ағаға тәуелсіздік алған жылдан бастап бірнеше қошемет пен құрмет көрсетіліп келеді. Мәселен, 1991 жылы композиторға «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы берілсе, 2006 жылы Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» шығармасы мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанның Әнұранына айналды. Ал 2010 жылы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.
Атақты сазгер 1992 жылы өмірден озған.